Бейсенбі, 13 Желтоқсан 2018
Не дейді?! 1121 5 пікір 10 Шілде, 2018 сағат 13:18

Бір-ақ күнде 26 көшеге Астана атауын беріп тастадық...

Жаңадан құрылған Түркістан облысы биылғы Астана күніне елден ерек һәм қораш сыйлық жасады. Оңтүстікте бір-ақ күнде 26 көшенің атауы Астана деп өзгерітіліп шыға келгенін естіп, не күлерімізді, не жыларымызды білмей қалдық. Бұл не, жағымпаздану ма, жоқ әлде шынымен Астанаға деген махаббат па?

Рас. Астана - еліміздің ордасы. Мемлекетіміздің ту тіккен - алтын қазығы.

Бас қаламыз солтүстікке көшкенде Ақмола атауы көп адамға ұнамағаны белгілі. Сол тұста бұ қалаға лайықты атау беру де қиын болды. "Ар тарт, бері тартпен" жүріп қаланы "Астана" деп атай салдық. Мұның өзі әйтеуір бір ауысатын атау екенін қазір бар қазақ біледі.

Тіпті дүркін-дүркін "Елорданың атын Нұрсұлтан қаласы деп атайық" деген мәселе көтеріліп келеді.

Елбасы бұл бастаманы қолдамаса, тарихи Бозақ атауы қойылар. Қыпшақ хандығының астанасы болған Бозақ көне атау дейтіндер болса, "Қараөткел" деген тарихи атауы тағы бар. Тіпті, тарихи атау қалпына түсіп, баяғы біз қашқан "мола" сөзі қайта оралып, "Ақмола" атауын қайта алар.

Әйтеуір, бір ақиқат бар. Бұ қаланың атауы өте жақын мерзімде өзгереді. Сол өзгеретін қаланың атауына бір емес, екі емес, 26 көшенің атын бір-ақ күнде бере салу қаншалықты қисынды? Бұл көшелердің бұрынғы атаулары қандай еді?

Біздің қазақта дарақылық басым. Түймебаев биыл 26 көшені Астана деп атаса, одан асып түскісі келетіндер келер жылы ашық аламанға түсіп кетуі мүмкін.

Сосын он шақты жылдан кейін Қазақстандағы мыңдаған Астана көшелерінен құтыла алмай дал болуымыз әбден мүмкін.

Бұл біздің бүгінгі тарих дейтін шығармыз. Десе де кеше ғана "Ленин", "Калинин", "Коммунизм", т.б жүздеген аттан әрең-әрең құтылып келе жатқан ел ретінде сәл ойланғануға болмас па еді?

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

 

5 пікір