Жұма, 29 Наурыз 2024
46 - сөз 3491 0 пікір 10 Шілде, 2018 сағат 14:00

Қашанға созылар дейсіз?

Ауруханаға барып қайттым. Ол жақтан шыққанда мына төбені тесіп, миыңды қайнататындай ыстыққа "жалоб" айтпаймын деп шештім. Бола берсін ыстық! Күйдірсін мейлі! Қашанға созылар дейсіз? Бұл да өтпелі. Қырық күн шілде өткесін өкпе кең тыныс алар. Көрмей жүрген жаз ба? Білмей жүрген шілде ме? Сезінбеген ыстық па еді?

Бастысы, бас аман, ден сау болсын!

Мен ауруханадан осылай жігерімді жанып қайттым. Өйткені...

Палатада диагнозы да, халі де ауыр науқастар жатыр еді. Бірі сөйлей алмайды. Тілі күрметілген. Су сұрауға тіл жоқ, қолмен ымдайын десе қасындағы науқастар да өзі сияқты ауыр халдегі адамдар. Медбикені дауыстап шақыруға мүмкіндігі жоқ, қолы жетпейтін жердегі бос стаканнан көзін ала алмай, тілімен кезеріп кеткен ернін қайта-қайта жалап, басын шайқай береді. Орнынан тұрып су ішейін десе, бір жақ аяқ-қол істемейді...
Екінші адам аяқ-қолы ұйып, жансызданып қалған. Қапырық ыстықта терлеп, киімі мен төсегі су болып кете береді. Терлей беріп мойындары қызарып, бөртіп кетіпті. Оның қышитыны анық енді. Қасақана қастық қылғысы келгендей ащы тер тап сол бөрткен жерге қарай ағып жатыр. Оны сүртуге шама қайда, қол түгілі саусақ қозғалмайды. Жата беріп жамбас асты да жанып барады. Қозғалып, өзіне ыңғайлы етіп бір қырынан ауысу да арман. Ыстықта қозғалыссыз жата бергеннен, әрі ауа өтпей, терге малшынғаннан арқасының терісі күлдіреп кетіпті.

Жап-жас медбике қыздар күніне екі рет науқастардың киімдерін ауыстырып, өздерін душқа түсіріп тұрады. Қасықтап ас беріп, түтікшемен су ішкізеді. Оларға да таңнан кешке дейін тыным жоқ: әр палата арасында шапқылап жүр. Қозғала алмайтын, сөйлей алмайтын жандардың қалауын көзінен, ымнан түсінуге тырысады. Салмағы ауыр науқасты көтеріп коляскаға отырғызып, шомылдырып, орнына қайта жатқызғанда өздерінің де маңдайларынан тер сорғалап кетеді.

Палатада кондиционер қосу қауіпті: онсыз да терге малшынып жатқан ағзасы әлсіз қарт кісілерге үп еткен желдің өзі салқын болып тиеді. Есік-терезені ашып қоюға "сквозняк" та болмайды. Сондықтан медбикелер әлсін-әлсін жылы суға батырған дәкемен науқастардың бетін, мойнын, денесін сүртіп береді. Анда-санда желдеткішті салқыны тимесін деп теріс қарата қояды. Әйтеуір барынша амалдап жатыр. Олардың күн ыстығына шағымдануға шамасы жоқ. Науқастардың да, медбикелердің де. Бар мақсаттары - шыдау, сауығу, сауықтыру.

Осыны көргенде аяқ-қолы бүтін, дені сау, ас та ішіп, сөйлеп те, бастысы шауып жүрген біздің күн ыстығына шағымданымыз өте ұят деп шештім.
Білемін, күн ыстық. Жанып тұр. Жүйкеге тиеді. Бола берсін ыстық! Күйдірсін мейлі! Қашанға созылар дейсіз? Бұл да өтпелі. Қырық күн шілде өткесін өкпе кең тыныс алар. Көрмей жүрген жаз ба? Білмей жүрген шілде ме? Сезінбеген ыстық па еді?

Бастысы, бас аман, ден сау болсын!

Роза Бекетаеваның Facebook-тегі парақшасынан

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3551