Шорабек Айдаров, айтыскер ақын: «Мен айтысты емес, айтыс мені тастап кетті»
Домбыраны 29 жасымда бір-ақ ұстадым
- Шорабек аға, сізді алғаш айтыс арқылы таныған едік. Бірақ кейінгі уақытта айтыстан мүлде көрмейтін болдық. Мұның себебі неде?
Домбыраны 29 жасымда бір-ақ ұстадым
- Шорабек аға, сізді алғаш айтыс арқылы таныған едік. Бірақ кейінгі уақытта айтыстан мүлде көрмейтін болдық. Мұның себебі неде?
- Мен тұрмақ, айтыстың өзі көрінбей кетіп, экранға жақында ғана оралған жоқ па? Ал «айтысты тастап кеткенсіз бе?» деп сұрасаң, «жоқ, айтыс мені тастап кетті» деп жауап берер едім. Өйткені, біріншіден, соңымыздан ерген сайыпқырандар бүгінде әбден жетілді, дамыды, ал олармен айтысу үшін темірдей жүйке керек. Екіншіден, қазір «сақалың бар-ау, жасың үлкен-ау, айтыстың ардагері едің-ау» деп, сыйлайтын жас жоқ, тіке беттен алып, төске шабады. Жас-кәрімізге қарамай жарысып айтыса-тартыса берсек, оны көріп отырған жас ұрпақ не үлгі алады? Үшіншіден, өзім де бұрынғы биігіме шыға алмай қалдым. Кезінде айтыстың жұлдызы боп жарқырағаным рас, қазір ол деңгейде емеспін, әуенім де халықты бұрынғыдай тартпайды. Сосын, амал жоқ, айтыстан шеттеуге тура келді. Тағы бір жағдай - күнкөріс мәселесі. Айтысқа күн-түні дайындаласың, барар жол-пұлыңды өзің көтересің. Бас жүлде алған ақын «темір тұлпар» мінеді, басқа жүлдегерлер сыйлықтарын алады, ал қалғаны бос қайтады. Айтыс сайын жүлде ала беру қиын, ал отбасыңды қалай асырайсың? Қызмет істегенде де бір жағыңнан айтыс қинап тұрады. Жұмысқа кіріп алып, сосын «айтысқа баратын едім, дайындалатын едім» деп сұранып тұрсаң, кім жақтырады? Сондай-сондай себептер айтыстың мені тастап кетуіне алып келді.
- Қазір қайдасыз? Не істеп жүрсіз?
- «Асыл арна» телеарнасында қызмет атқарамын. Журналистердің бағдарламаларын эфирге шығар алдында соңғы тексеруден өткіземін. Ішіндегі саяси, діни қателіктерді, ұлттық қадір-қасиетімізге нұқсан келтіретін нәрселерді жібермеуге тырысамын. Кей жағдайда, ақын болған соң, бағдарламаның көркемдік жағына да араласып кетемін. Қызметім «жауапты шығарушы редактор» деп аталады.
- Журналымызға өмірбаяндық сұхбатыңыз шықпаған екен, ол олқылықтың да орнын толтыра кетелік. Қай топырақтың тумасысыз?
- Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ойық елді мекенінің Амангелді бөлімшесінде дүниеге келгенмін. Ол ауыл туралы жұрт «Амангелдінің шөбіне дейін сөйлейді» дейді. Расында да, ауылдастарым шетінен шешен, ділмар келетін. Сол алақандай ауылдан он үш Еңбек ері, жиырма шақты ақын шығыпты. Солардың бірі Рафаэль Ниязбеков - менің немере ағам.
- Біреудің жақсы қасиетін көрсек, «тегіне тартқан екен» дейтін қазақпыз ғой. Арғы аталарыңызда ақындар болған ба?
- Жетінші атам Толыбай ауыл арасындағы дау-дамайға төрелік айтатын би, шешен кісі екен. Айдар атамның өлең шығаратын қасиеті болған. Әкем Бәтей де аз-кем өлең құрап отыратын. Соның есіме түскен біреуін айтып берейін. Ауылдағы автолавкада сатушы боп істейтін Төскебай жездеміздің бағаны сәл қосып сататынын білген әкем бір күні оған:
Төскебай, ақылы кем, жас баласың,
Табысқа күнделікті мастанасың.
Күніге әркімдерден бес тиын жеп,
Барғанда ақыретке масқарасың.
Қарындас сіздің үйде жібек баулы,
Ер жігіт күн көреді дені саулы.
Мұсылман ақыретті ойлау керек,
Ақырет - мұсылманның үлкен ауылы,
- деп хат жазып жіберіпті. Хатты алған жездем: «Мұны Бәтейдің жазуы мүмкін емес, әйелі жазып берген ғой», - дейтін көрінеді. Анам Айымторы - қожаның қызы, әкемізге қарағанда еті тірі, пысықтау кісі еді.
Біз ес білгелі әкеміздің көзі көрмейтін. Бірде қолында кітабы бар бір кісі үйге келіп, «мынау қызық айтыс екен, оқып жатырмын» депті. Онысы - Біржан сал мен Сараның айтысы екен. Сосын «Бәтей, осы сенің көзің түк көрмей ме?» депті әңгіме арасында. Сонда әкем «Неге көрмейді? Қане, кітабыңды берші» деп сұрап алыпты да, судыратып «оқи» жөнеліпті. Яғни, Біржан-Сара айтысын басынан аяғына дейін жатқа айтып шыққан ғой! Ана кісі аң-таң болыпты... Нағашыларымның арасында да жазба ақындар болған, бірақ көзі ашық, көкірегі ояу сол азаматтар сонау жылдары репрессияға ұшырап кеткен.
- Айтыс сахнасындағы өміріңіз қалай басталды?
- 1980 жылдары ҚазМУ-дің журналистика факультетінде сырттай оқыдым. Менімен ақын Есенқұл Жақыпбеков те бірге түскен-ді. Екеуміз тез тіл табысып кеттік, үнемі бірге жүрдік. Оның айтысқа қатысатынын білетінмін. Есенқұл айтыстарынан үзінді айтып беріп, кейде суырып салып та отыратын. Бір күні ол суырып салып өлеңдетсе, мен де суырып салып жауап беріппін. Ол «Шорабек, саған айтысқа қатысу керек қой!» деп мақтап, арқамнан қағып қойды. Сол мақтауға алданып қалсам керек, облысыма барған соң, ұйымдастырылып жатқан айтысқа қатысып, үшінші орын алдым.
- Айтысып жатқан кезіңізде түріңізді көрмей-ақ, мақамыңызды естіп, сіз екеніңізді тани қоюшы едік. Бұл мақамды қалай тапқан едіңіз?
- Бала күнімізде көршіміздің он екі сомдық домбырасы бар еді. Ол кезде он екі сом - үлкен ақша, ал домбыра ауылда - өте сирек бұйым. Сол домбыраны інім жастардың кешіне сұрап алып кетіп, сындырып қойыпты. Амал жоқ, құнын төледік, ал сынық домбыра өзімізде қалды. Оны жөндеп алып, інім домбыра тартуды үйреніп кетті. Ал мен көрші ауылдағы интернатта жатып оқығандықтан, үйрене алмай қалдым. Содан кейін қолыма домбыраны 29 жасымда, яғни, алғаш айтысқа қатысарда ғана ұстадым. Мүлде тарта алмайтынмын, Есенқұл бірді-екілі қағысты көрсетіп, соның аз-маз үйретуімен сахнаға шыға салдым. Кейін өзімше үйренбек болып, күндіз-түні домбыраны сабалап отыратынды шығардым. Сонымен, күндердің күнінде айтысқа жарайтындай бірдеңелер шыға бастады. Енді онымен шектелмей, өзіме әуен шығарып алғым келді. Есенқұлдың, Әселханның әуендеріне қызыққаныммен, өзімнің жеке мақамым болғанын қаладым. Домбыраны үздіксіз тыңқылдатудың арқасында, «А-а-ау, ағайын!» деп басталатын, өздеріңізге жақсы таныс сол мақам пайда болды. Оның қайдан келіп, қалай қалыптасқанын өзім де түсінбей қалдым. Кей жерлері Аяз Бетбаевтың мақамына, кей тұстары Нартайдың әуеніне келетін сияқты. Созатын, екпін түсіріп айтатын, адамның көңіл-күйіне қарай құбылып тұратын жерлері бар.
- Сіздің айтысыңызды тамашалаған көрермен «Шорабек термин сөздерді шебер қолданатын, әзілге ұста еді» деседі...
- Қазір кейбір халықаралық терминдерді қазақшаға аударып, әуре боп жүрміз ғой. Ал мен соларды сол қалпында пайдалануға құмар едім. Айтыста ғана емес, күнделікті өмірде де. Бірде делегация құрамымен алыс облыстағы тойға бара жатқанбыз. Орыс шопырымыз күңкілдеп, «демалу керек еді» деп, бізге ренжіп келе жатқан. Сонда мен:
«Ей, Анатолий!
Жарияла демалысқа мораторий.
Қазақтың тойына аман жетсең,
Вот, саған болады санаторий!» - деп едім, маңайымдағылар ғана емес, орыс шопыр да күліп жіберді. Термин сөздерді қолдануымның тағы бір сыры - қарсыласымнан сөз шығару болатын. Қарсыласым «Неге таза қазақша сөйлемейсің?» дегенінде, ары қарай қазақ тілінің мәселесін айтып кететінмін.
Көкірегім кірден арылғандай күй кештім
- Аға, хақ ақиқат Исламда дейді ғой. Сол ақиқатты сіз қалай таптыңыз?
- Ақын болғаннан кейін, жалпы ақыл иесі - адам болғаннан кейін өмірдің мәні туралы жиі ойланушы едім. Оны атақтан, даңқтан, байлықтан да іздеп көрдім. Таппадым. Сол шешімін таппаған сұрақтарымның бәріне Ислам жауап берді. Мен ұзақ іздеген ақиқат - Алланың қасынан келген ілім екен. Алла тарапынан бізге Құран түсірілді, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) жіберілді. Мен көп іздеген өмірдің мәні - Аллаға құлшылық ету екен. Осыны түсіндім. Әрине, дінге бет бұруыма себеп болған адамдар да, оқиғалар да бар.
- Алғаш маңдайыңыз сәждеге тиіп, намаз оқыған күніңіз есіңізде ме?
- «Намазға жығыламыз» деп мешітке алғаш бастап барған - ақын Мұхамеджан Тазабеков бауырым. Ол кезде мешіттің бас имамының да есімі Мұхамеджан еді. Сол кісіге барып, намаз оқуға келгенімізді айттық. Ол кісі: «Сендердің намазға келгендерің өте дұрыс. Өйткені, қарапайым адам намазға өзі келеді де қояды. Ал сендер келсеңдер, арттарыңнан қаншама адам келеді», - деді. Мешітке қорқақтап кіргенім есімде. Кейін сүрелер мен дұғаларды жаттап, бес уақыт намазға үлкен дайындықпен келдім. Өз бетімше оқыған алғашқы намазда жанарымда «Мен де намазға жығылдым-ау» деген қуаныштың жасы бар еді...
- Намаз оқуға ниеті бар талай адам «арақ пен темекіден бас тарта алмай қаламыз ба?» деп қорқады. Сізде сондай жағдай болды ма?
- Арақ та іштік, темекі де шектік қой. Алдымен арақты қойдым. Сол кездегі сезім бір бөлек болды. Көкірегімдегі кірдің бәрінен арылғандай күй кештім. Темекіні кейінірек тастадым. Жаным да, тәнім де тазалықтан ғана тұрғандай өзімді пәк сезіндім. Ал намаз бастағанда тұла бойым нұрға тұнып, жан-дүнием жақсылыққа толып кеткендей болды.
- Ислам діні өміріңізге қандай өзгеріс әкелді?
- Қарап тұрсам, қаншама айтысқа қатыстым, біреуінен жүлдесіз қайтқан кезім жоқ. Қазақстанда айтысқа тігілген бірінші машинаны да мен ұтып алғанмын. Аздап асабалығым да бар-тын. Тойға шығып, ақша табатынмын. Әйтсе де, бүйірім бір томпаймай-ақ қойды. Дүние табамын, үйге әкелемін, бірақ құтаймайды. Сөйтсем, менде береке жоқ, тапқанымды берекелі қылатын намазым жоқ екен ғой. Құданың құдіреті, қалай Исламға келдім, солай ешкімге барып алақан жаймай-ақ, маған жаны ашитын адам да, көмектесетін адам да өзінен-өзі көбейді. Қазір маған сол қиын-қыстау кезеңде қол ұшын берген Сағымбек Ақшалов, Амантай Біртанов, Балтабай Бекежанов, Баттал Жаңабаев, Абдолла Бақбергенов, Аманкелді Жылымбетов, Абай Сүйінбаев секілді атымтай жомарттарды дұғамнан тастамаймын.
Егер дінге сенбесең, сенімен шайтан айналысады
- Адам сәтсіздікке ұшырап, қиыншылыққа тап болса, жәрдем тілеп балгерлерді жағалайды ғой. Сондай жағдай сіздің басыңыздан өтпеді ме?
- Діни сауатымыз жоқ кезде шариғатқа қайшы талай іс жасаппыз ғой. Бірде базардың алдынан өтіп бара жатсам, құмалағын жайып тастаған балгер әйел: «Ей, бері келші! Сен қатты қиналып жүр екенсің ғой», - деп шақырды. Мен онша сеніңкіремей, «ал айтарыңды айт!» деп жанына бардым. Әлгі әйел құмалақты шашып жіберді де, «Саған 71 түсіп тұр. Бұл - әруаққа түсетін нәрсе. Әруақты ырза қылу керек. 71 теңге бересің» деді. «Әруақ» дегесін-ақ аптығымыз басылып, жуасып қаламыз ғой. Ақшаны беріп, ары қарай не айтар екен деп тұрмын. Балгерім: «Сен дүниені көп табады екенсің. Бірақ сені көре алмайтын біреу дуалаған екен. Көршің болу керек», - деді. Бір жеңгеміз бар еді, пенделік қой, сол еске түспей ме? «Мені құртқан сол екен-ау» деп қоямын ішімнен. Сөйтіп, қалай сене бастағанымды білмей қалдым. «Енді не істеуім керек?» деп сұрадым. «Бойыңдағы дуаны алу керек. Ол үшін мына базардан ине алып кел» деді. Базарға барып, иненің бір қорабын 20 теңгеге сатып алып, түгел балгерге бердім. Ол бір инені алып, «мен қазір мұны оқимын» деп, оны кітап арасына салды да, бәріміз білетін Ықылас сүресін оқыды. Сосын инені менің алақаныма қойып, қатты жұмғызды. «Енді алақаныңда тұрған кезде оқимын. Бойыңдағы дуаны ала алсам, жаңағы ине қып-қызыл шоқтай болып алаулайды. Егер дуаны ала алмасам, ине ақ күйінде тұра береді» деді де, күбірлеп бірдемелер оқып, сосын «аш!» деді. Ашып жіберсем, жаңағы ине шынымен алаулап тұр, қып-қызыл! Бірер секундтан кейін тотығып, қарая бастады. Зәрем қалмады. Балгер: «Айттым ғой, әне! Шығар анау қалтаңдағыны!» - деп шапалақпен тартып жіберді. Ақшамның бәрі қайдағы бір балгерге бұйырды. Сосын ол «Бұл жағдайды бір айға дейін ешкімге айтпа, әйтпесе, сал болып қаласың» деді. Мен бір ай емес, бір жыл ешкімге айтпай жүрдім.
Кейін дінге келіп, бәрін түсіндік қой. Бір жиында осы әңгімені айтып, «Ине шынымен-ақ қып-қызыл болып алаулап тұрды, неден екенін түсінбедім» десем, бір жігіт «Инені марганцовкаға салып алып, қысып ұстасаңыз, қолыңыздың жылуымен біраздан кейін қып-қызыл болады, артынша тотығып қарайып кетеді» деді. Әлгі балгерсымақ сөйтіп адамдарды алдап жүр екен. Қазір де басына қиындық түскен бауырларымыз балгер-тәуіпті жағалайды. Еріккеннен емес, жанына шипа іздеп барады. Ал онда саған жаны ашымайтын, керісінше, барыңды сорып алуды әдетке айналдырған адам отырады. Бір өкініштісі, жұрт тәуіптерді, бақсы-балгерлерді дінде жүрген адамдар деп ойлайды. Адамдардың мұсылманнан жамандық күтпейтінін білетін олар діндар болып көрінгісі келеді. Басына сәлде орап, орамал тартып, Алласын айтып қояды. Қарапайым жұрт солай алданып қалады. Сондықтан, бауырларымызды балгер-тәуіптерге бармауға үгіттеуіміз керек.
- Көпшілік ішінде иманды деген кей адамдар халықтың қалыптасқан салт-санасына қарсы шығып, ел наразылығын тудырып жүр ғой?
- Дініміз дәстүрді қолдайды, бірақ ол шариғатқа қайшы келмеуі керек. Сондықтан, дін мен дәстүрді бір-біріне қарсы қоймаған жөн. Кей жастар қазіргі қалыптасып қалған жағдайлар мен салт-дәстүрлерді елемей, дінді қатаң ұстанып алады да, «Мұны істесең де істейсің, істемесең де істейсің. Әйтпесе мұсылман емессің!» деген жағдайға дейін барады. Содан да көп адам діннен жерініп, балаларын мешітке жібергісі келмей жүр. Ислам құндылықтарын халыққа дұрыс түсіндірмегендіктен ел ішінде түрлі оқиғалар орын алып отыр. Қазір мектеп жасындағы балалардың өзін-өзі өлтіруі көбейіп кетті. Олар ондай жағдайға неге барады? Басына қиындық түскеннен кейін одан қашып құтылудың жолы ретінде суицидті таңдайды. «Өле салам да құтылам» деп ойлайды. Жоқ, ол құтылмайды! Ана дүниедегі өмірді қайда қоямыз?
- Бірақ дінді ұстанып, намаз оқып жүріп те өзін-өзі жарып, Ақтаудағы оқиғадағыдай «шаһид» болып өмірден өтіп жатқандар да бар ғой. Тек біздің елде емес, әлемде де. Олар дінді таныды, білді, бірақ өмірінің соңын өзін-өзі өлтіруге әкеліп тіреді. Осының сыры неде?
- Бұл да - дінді дұрыс ұстанбағаннан туатын нәрсе. Әлемдегі көптеген дін дұшпандары Исламды қаралап көрсету үшін мұсылмандардың атынан сондай әрекеттер ұйымдастырады. Соны болдырмау үшін біз ұрпағымызды діни сауатты етіп тәрбиелеуіміз керек. Тура жолды өзіміз көрсетуге тиіспіз. Сонда жастар адаспайды. Радикалды бағыттағылар да, өзін-өлтіріп жатқан балалар да - шектен шығып кеткендер. Ал Алланың, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жолы - орта жол. Дұрыс иман келтірген адам өзіне де, отбасына да, көршісіне де, ұлтына да, тіпті есігінің алдындағы жан-жануарға да зиян келтірмейтін, тек пайда әкелетін жан болады. Ал егер адам дінге келмесе, онымен шайтан айналысады. Ол көрінгеннің пікіріне құлдық ұрады, қолдан жасап алған «құдайына» табынып кетеді. Дінді дұрыс танымай, оны ұшқарылықпен ұстанған адам да жақсылыққа жетпейді, дінге сөз келтіреді.
Әруақты ұмытпауымыз, Алланы ұлықтауымыз керек
- Қазақ ішінде Бекет ата, Яссауи, Арыстан баб сияқты бабаларымыздың әруағына сыйынып, солардан медет сұрау, тілек тілеу кең етек жайған. Діндарлар мен қарапайым халық арасында да осыған байланысты дау туындап отыр. Бұған не айтасыз?
- Ахмет Яссауи - үлкен ғұлама адам болған. Бекет атаны да халыққа ықпалы жүрген, жұртқа дінді үйреткен адам ретінде білеміз. Олар әулие де болуы мүмкін, таласпаймын. Бірақ сұрайтын нәрсемізді тек Алладан ғана сұрауымыз керек. Алла тағала «Мен сендерге күретамырларыңнан да жақынмын» дейді. «Мешітке бар, екі рәкат намаз оқы, сосын шын жүрегіңмен сұра, тілегеніңді беремін» дейді. Әйтпесе, «таң намазы кірместен бұрын жылы төсегіңнен тұрып, намаз оқысаң, тілегіңді берем» деп тұр. Алланың өзі беремін деп тұрғанда, біз неге әруақтан сұраймыз? Қабірге біз екі-ақ мақсатпен баруымыз керек. Біріншіден, сол жерде жатқан, бұл өмірден өткен адамның күнәсінің кешірілуін тілеп дұға жасау үшін. Екіншіден, «мына кісілер кеше біздің ортамызда жүр еді, бүгін жоқ, біз де бір күн солардың артынан барамыз ғой» деп, ертең өзіміздің де өлетінімізді еске түсіру үшін. Ал ол адамның әруағынан бірдеңе сұрау - шариғатқа қайшы нәрсе. Бұл - әруақты жоққа шығару емес. Әруақты сыйлауымыз, ұмытпауымыз керек, бірақ Алланы ұлықтауымыз керек. Керісінше, қабірге зиярат етуге көбірек көңіл бөлген жөн. Себебі, қазіргі адамдардың дүние игіліктеріне, материалдық құндылықтарға басы айналып қалған. Жиірек зиратқа барып, зиярат етіп, дұға жасап, өзінің де өлетінін ойлап, жер басып жүрген жай ғана пенде екенін түсінгені жөн. Бірақ тілегін біздің дұғамызға мұқтаж болып жатқан әруақтан емес, бүкіл дүниенің құдіреті қолында тұрған Құдайдан сұрасын. Аллаға құлшылық қылған адам міндетті түрде әруаққа да пайда әкеледі.
- Сіздерді «уаххабист» деп айыптаушылар көп...
- Осы күнге дейін Қазақстанда «хизбутпын», «таблихпін», «құранитпін» дейтіндерді кездестірдім, бірақ «мен уаххабиспін» деген адамды естіген емеспін. Біз алғашқылардың бірі болып «әруаққа табынуға болмайды» дедік. Сөйтіп, халықты Аллаға серік қосудан тыйып, кешірілмес күнәнің алдын алуға тырыстық. Сол кезде жұрт түсінбей, бізге сондай ат тағуы мүмкін. Бірақ қазір кез келген діни білімі бар адам әруаққа табынбау керектігін айтады.
- Сақал қою да уаххабистердің бір сипаты көрінеді. Сіздің де ұзын сақалыңыз бар...
- Осыдан біраз жыл бұрын Мұхамеджан (Тазабеков) екеуіміз «Жас Алаш» газетіне «Уаххабист емес, сақалистпіз» деген тақырыпта сұхбат бергенбіз. Сақал - біздің ұлтқа жат нәрсе емес. Қазақта «Көсені үйге кіргізбе, дүмін жерге тигізбе», «Сөздің көркі - мақал, жүздің көркі - сақал» деген сөздер бар. Мен автобусқа мінсем, бар-жоғы 55-те екеніме қарамастан жастар тұрып орын береді. Ал 70-тегі шалдарға ешкім орын бермейді. Неге? Өйткені, жастар олардан үлкендік сипат көріп тұрған жоқ. Қазір қария көп, ақсақал жоқ. Мені жастар «мынау уаххабист екен ғой» деп емес, ақсақалдық белгім болғаны үшін сыйлайды. «Жастар үлкендерді сыйламайды, бұзылып бара жатыр» деп байбалам салатынымыз бар. Мен, керісінше, қазіргі жастар «Үлкендер бұзылып бара жатыр» деп айта ма деп қорқамын. Өйткені, жастар мешітке барып, дінге бет бұрып жатыр. Ал үлкендеріміз әлі тәубе етуге асығар емес. Қазақтың тарихында бірде-бір сақалсыз ұлы тұлға жоқ. Рас, Шоқан бар, бірақ ол небәрі 30 жасында қайтыс болды. Сосын Алдар көседе сақал болмаған, оның өзі сақал шықпай, дымы құрыған. Сақалы шықпай қалған қазақ өте қатты қорланатын болған. Ондай адамды «кемпірбет» деп келеке еткен. Діни жырдың дүлдүлі Шәкәрімнің суретін көріңіз де, менің суретімді көріңіз. Екеуіміздің сақалымыз да бірдей. Жыр алыбы - Жамбылдың сақалын қараңыз. Сол ұлыларымыздан үлгі алып, солардың істегенін істесем, бір үлкен қызметкер маған «уаххабиссің» дейді. Себебін сұрасам, «Мен уаххабистер ұзын сақал қояды» деп естігем» дейді. Төрінде ілулі тұрған Кенен атаның суретін көрсетіп: «Сен онда неге уаххабистің суретін іліп қойғансың?» - дедім. Шошына артына қарап, «ол кезде уаххабизм болған жоқ қой» дейді. «Мен соларға қарап сақал қойдым, менде де уаххабизм жоқ» дедім. Әл-Уахаб - Алланың бір аты. Бәрін беруші Алланың атын жаман мағынада қолданып жүргеніміз өкінішті.
- Пайғамбарлар мен сахабалар өмірінен ғибрат боларлық оқиға айтып беріңізші...
- Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) кейінгі дінімізде басшылыққа алатын екі адам болса, олар - Әбу Бәкір Сыддық (р.а) пен Омар ибн Хаттаб (р.а). Ол екеуінің әр амалы - тұнып тұрған үлгі-өнеге. Омар (р.а) бір күні Әбу Бәкірдің (р.а) күнделікті бір жаққа барып жүргенін байқайды. Артынан аңдып барып, бір үйге кіріп жүргенін көреді. Әбу Бәкір кеткен соң әлгі үйге кірсе, соқыр кемпір жатыр екен. Хал-жағдайын сұраған Омарға (р.а) кемпір: «Бір мұсылман келіп кірімді жуады, төсегімді тазалайды, тамағымды істеп беріп кетеді», - дейді. Оны естіген Омар (р.а) еріксіз таңғалыпты. Ол Әбу Бәкірдің (р.а) халиф, яғни, патша болып тұрған кезі екен...
Сұхбаттасқан Марфуға ШАПИЯН
«Жұлдыздар отбасы» журналы, №3, 2011