Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4819 0 пікір 24 Ақпан, 2011 сағат 03:32

Зәкір Асабаев. Сауатсыздық - ұлтқа сын

Біздіңше, шындықты ашып айта отырып, пікір алмасу артық болмаса керек. Пікір алмасу! Ол бар болғырды (пікірді) алмасудай алмасып-ақ келеміз емес пе? Қазір не көп, аяқтан шалып, алқымнан алып, бірі жамбас, бірі белден шойы­рылып, жүрістен жаңылып қаптап жатқан сала көп, түйткіл көп. Оны білесіз, білгендіктен жатпай-тұрмай, сіз де пікір алмасып келесіз. Бір қайыр бола ма деп. Пікір алысатын жайлар көп дедік пе? Бірі - қазіргі басылым мен кітаптарды жаппай жаулап алған сауатсыздық. Ол да - бұған дейін пікір алысуларға арқау боп келе жатқан шерменде. Егер солардан бірдеңе өнсе, бұл жолы пікір алмаспауға да болар ма еді, қайтер еді (бұдан кейін де ештеңе өнеді деп иек қышымайды).

Біздіңше, шындықты ашып айта отырып, пікір алмасу артық болмаса керек. Пікір алмасу! Ол бар болғырды (пікірді) алмасудай алмасып-ақ келеміз емес пе? Қазір не көп, аяқтан шалып, алқымнан алып, бірі жамбас, бірі белден шойы­рылып, жүрістен жаңылып қаптап жатқан сала көп, түйткіл көп. Оны білесіз, білгендіктен жатпай-тұрмай, сіз де пікір алмасып келесіз. Бір қайыр бола ма деп. Пікір алысатын жайлар көп дедік пе? Бірі - қазіргі басылым мен кітаптарды жаппай жаулап алған сауатсыздық. Ол да - бұған дейін пікір алысуларға арқау боп келе жатқан шерменде. Егер солардан бірдеңе өнсе, бұл жолы пікір алмаспауға да болар ма еді, қайтер еді (бұдан кейін де ештеңе өнеді деп иек қышымайды).

Құдай көпсінуден сақтасын, бүгінде қалай шықса да шығып жататын қазақша басылымдарды аз деуге болмас, сірә. Үйме-жүйме бас­палардан аз таралыммен болса да тасып-төгіліп шығып жататын кітаптар өзінше дегендей. Ау, олар кімдер үшін? Оқырман үшін, әрине. Сонда оқырман шетінен түк сезбейтін, дымбілместер ме? Айта көрмеңіз, басылымдар (газет-журнал деп біл) мен кітаптардың иесі, жанашыры, сыншысы солар емей, кім? Олар бір басылым не бір кітаптағы өріп жүретін грамматика, орфография, орфоэпиялық қателер тұрмақ, өздері жақсы білетін белгілі адамдардың аты-жөні (жиі) бұрмаланып, қарапайым терминдердің (эшелон - эшалон, репетиция - репитиция, транспарант - транспорант, ассимиляция - ассемилация, т.б.) қате жазылатынын, Абайдан (басқалардан да) дәйектеме келтіруге жаны құмарлардың оның бірер шумақ не бір-екі тармақ өлеңін жүндей түтіп, былықтырудан жалықпайтынын көрмейді, білмейді, байқамайды дейсіз бе? Жалған десең, осы қазір кез келген басылымды ал да, қарап жібер. Абай айтқан деп от көсеудің қандай-қандай көпірме түрлерін көрер екенсің? Мәселен, Абай қашан айтты екен: «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы», «Күшік асырап ит еттім, ол өзімді қапты», «Біреуге мылтық үйреттім, ол өзімді атты», «Қарын тоқтық, уайым жоқтық, бүлдірер адам баласын», «Қалың жұртым, қазағым, қайран елім» деп. Немесе Мағжан ақын «Бұл өмір абақты ғой біле білсең» деп пе екен? Мағжан олай деген жоқ. Абай да олай деген жоқ. Ендеше, мықты екеніңді олардан цитата келтіріп айғақтамасаң қайтеді, онсыз да мықтылығыңа шек келтіріп жатқан ешкім жоқ емес пе?
Бұл - сөздің басы. Қауіп еткеннен ай­тарымыздың біразы алда. Алда болғанда, алдымен, анау елімізді жайпап бара жат­қан орысша басылымдар мен кітаптарды алайықшы. Басқа кемшіліктерін (іріткі салатынға ұқсас) сөз етпегенде, солар­дан жоғарыда айтылғандай олқылықтар­ды шырақ алып іздесең табар ма екенсің, таппайсың. Себебі олар - баспа мәдениетіне жетік, сақ, сауаттылығын жоғалтпаған жұрт. Ұлы адамдардан дәйектеме келтірсе, бұрмаламай, дәл келтіреді, терминдерді қолданса, дұрыс қолданады. Грамматикалық қателерді атама. Ресей басылымдарын артықтау мақтап отыр десең, қазақстандық орысша басылымдар мен кітаптарға зер сал. Айттық қой, олардың идея, мазмұн, принцип, жатыпатарлығын қоя тұрайық деп. Әңгіме сауаттылық жөнінде. Мейлі, дәуір, заман қандай болса, ондай бола берсін, бірақ сауаттылыққа қойылатын талап біреу екенін сен білмегенде, кім біледі? Себебі ол - сауаттылық. Ғарышқа самғаған мәдениетіңіздің өзі сауаттылыққа тәуелді.
Жазатайым артық сөйлеп, ауа жайылып бара жатқан жоқпыз ба? Түк те. Оны өзің де іштей сезіп, мойындап, бәлкім, өкініп те отырған болуың ғажап емес. Өйткені өзің шығарып отырған газет не журналдағы қым-қуыт қателерді (оларды жазылып алатын) оқырмандардан да жақсы біліп, «қосымша қызметкер алуға қаржы жоқ, корректор жоқ, қайтеміз, солай боп тұр» дейтін де өзің емес пе? Сонда бұл ақталу ма, әлде алда да осылай бола беруден бөлек лаж жоқ деген шарасыздық па? Онда пікір алмасты не, алмаспады не? Арамтер боп, (біреулер ойлайтындай) «жеккөрінішті» боп керегі не?
Түсінеміз, ағайын. Мұңыңды мұңдап, жоғыңды жоқтаушы жанашырлықты сен де түсін. Буынсыз жерге пышақ ұрып, жоқтан бар жаса деп отырған ешкім жоқ. Қайталап айтамыз, басылымдар мен кітаптар сауатты болуы лазым. Қазақы салғырттық басқаларға жүрсе де, оларға жүрмейді (әзірге жүргізіп келе жатқан өзіміз, әйткенмен, жөні болсын, шегі болсын).
Таяуда «Мәдениет» журналында жарияланған дендеп бара жатқан сауатсыздық туралы мақалада құдды осы айтылғандай жайлар тілге тиек бопты. Онда тіпті баз бір өз-өзіне көңілі тоқ, ізденуден қалған, болған-толған ұстаздар хақында да айтылып, ұстазы сауатсыз шәкірттен не күтесің дегендей тұжырым жасалады. Ондай ұстаз жоқ десең, өзің біл. Бірақ солар не редакциясын басқарып, не өз аттарынан шығарған кітапсымақтарға қарасаң, көзің бірден жетер еді. О, ондайлардың көкесін біз де көргенбіз, көріп те келеміз. Сауатсыздық - баяғыдан келе жатқан кесапат, сырқат. Редакцияға мақала әкелетін (ғалым) авторға қисық-қыңыр цитата, өңі айналған терминдердің астын сызып көрсеткенде, оның «мұнда корректор бар емес пе, солар түземей ме» дегенін де естігенбіз. Естігенбіз де, жауап бергенбіз: «Корректор бар, біреу емес, бірнешеу, бірақ олар әріп, тыныс белгілері қателерін түзейді, профессорды корректор түземейді, олар түпнұсқаның сақталуын қадағалайды, сіздей ғұламаның еңбегін редакциялауға хақысы жоқ, егер сіз бүркітті қарға десеңіз, ол дәл солай болуына жауап береді», - деп.
Қазақ басылымдарындағы (жаппай емес) сауатсыздық баяғыдан келе жатқан сырқат дедік-ау. Кеңестік кезде де осындай ахуал байқалып қалатын. Бұл жағынан «Қазақстан коммунисі» журналы, «Социалистік Қазақстан» газеті, тағы да солардай бірді-екілі басылымдар ғана дін амандау болатын. Ал енді аты дардай бір журналды іштей бажайлап оқымасаң, кідіріссіз оқу мүмкін емес-ті. Ол кезде қазіргідей емес, штат жетеді, қызметкерлер толық, корректор қос-қостан. Және қызметкерлер сауатсыз емес, шетінен сауатты болғанда қандай. Ендеше, күн емес, ай емес, неге жылдар бойы сауатсыз шығып келді? Неге болады, кәдімгі салдыр-салақтық, жауапсыздық, сен салар да, мен салардың кебі. Жауапсыздықтан бастау алатын - сауатсыздық. Қолдан жасалған. Енді бұл кім кімді сыйламау, өзін бе, өзгені ме? Екеуін де. Екеуін де сыйламайтынның бәрі де, ол кезде Мәскеуді орталық деуші еді ғой, әне, сол орталықтан мінсіз, сапалы, сауатты шығатын газет-журналдарды («Литературная газета», «Новый мир», «Октябрь», «Литературная Россия», т.б.) тұшына оқитын, бірақ сабақ алмайтын енжар, самарқау сабаздар болса, амал нешік?
Бұл жерде радио, телевидениедегі бізсіз де талай-талай сөз болып жүрген кейбір сөзі олақ, ойы шолақ сандуғаштар жайлы айтпаса да болады. Көп болса, олар да жоғарыда айтылғандай - редакциялардағы корректорларға арқа сүйейтін - ұстаздардан дәріс тыңдап, оқитындары біз әңгімелеп отырғандай басылым, кітаптар шығар. Не үміт, не қайыр.
Қайталаймыз, тағы қайталаймыз, сауатсыздық - бүкіл ел, халық, әрі-беріден соң, ұлтқа сын, бетке таңба, ұят, анайы құбылыс. Жуырда бір басылым басшысымен осы төңіректе аз-кем пікір алмасып, не дер екен дегендей раймен «сендерде қате сиректеу» дедім. «Жоқ, - деді ол мәрттік танытып. - Бізде де жетеді, көпшік қойып қайтесіз. Шынын айтсам, жігіттерге айта-айта шаршадым. Жалқаулық па, жайбарақаттық па, бірдеңе. Көп болып жұмылмаса, жалғыз адамның шамасы келмейтінін білесіз». «Жо-жоқ, олардың бірі де емес, тек қана жауапсыздық», - дегім келді де, үндемей қоя салдым. Қоя салғаным, бір жағы, көңіліне тимеу болса, екінші, бәрібір, айтқанның аузы жаман, одан қайран шамалы. Үшінші, халық қазынасы - басылымдар мен кітаптар сауатты болса екен деген ақ тілек үшін де жазықты бола салу түк те қиын емес, ол нәрсе тек бізде, қазақта ғана бар үрдіс екенін неге ескермеске деп. Қазір қазақ елінде тұрып жатқан диаспора өкілдері мен жекелеген шетелдік азаматтар арасында қазақ тілін қазақтан артық білетіндер көбейіп келеді. Анау қазақтілді телеарналарда хабар жүргізетін шолушы, дикторлардың біразы - өзге ұлт өкілдері. (Жақында олар туралы профессор Ә.Ыдырысов осы газетте орынды жазды). Басқадай да жетеді. Енді солардың бірі болмаса бірі қазақ басылымдары мен кітаптарын оқымайды дейсіз бе? Көнбіс қазақ оқырмандарына бәрібір, олардың еттері үйреніп кеткен десек те, әлгілерге не айтасың? «Біз осындаймыз, бірді-екілі сауатты қызметкер, корректор ұстауға қаржы жоқ, қайтеміз» деп күмілжисің бе, әлде «бізде шатағың не, одан да өзің қазақша сауатыңды әрі қарай арттыра бер, бізді шаң қаптыр, түптің түбінде қазақша басылымдарды сендер шығаратын боласыңдар» дейсің бе? Әзірше демессің, дей алмассың, намысың жібермес, бірақ соған жақындап келе жатқан жоқ па екенбіз?
Сауатсыздық. Кеше қандай, бүгін қандай. Там-тұмдап айтқан болдық: кеше барлық мүмкіндік боп тұрғанда да, бүгінгі «тақыр кедей» халде де жағдайдың қалай екенін. Кеше - кеше! Бүгін - бүгін! Кеше соғыс жылдарының о жақ, бұ жағында қазақ ауылдарында мектеп некен-саяқ болды, мектеп болса, оқитын бала аз болды. Нақты мысал келтірер болсақ, Оңтүстік Қазақстан облысындағы бұрынғы (қазір Сарыағашпен қосылып кеткені - үлкен әбестік) Келес ауданында шағын-шағын қырық-елу колхоз болғанына қарамай, жетіжылдық мектеп санының қанша екенін қайдам, орта мектеп бүкіл ауданда (тек аудан орталығында) біреу еді. Оның өзіне оқушы санын әр колхоздан жинайтын бір-екі бала есебінен әрең толтыратын. Әлбетте, бұл жақсылық емес-ті. Коллективтендіру, ашаршылық, соғыс зардабынан қазақ мүлде жоғалып, құрып кете жаздағанының көрінісі болатын. Әне, сол жалғыз орта мектепті бітіргендердің бірі - марқұм Лениншіл Рүстемов кейін үлкен ғалым болып, ағарту саласында жоғары лауазымды қызметтер істеді. Орта мектепті бізден екі-үш жыл бұрын бітірді. 1953 жылы бітірген біз де қатар (параллель) екі класта оқыдық. Бар болғаны. Сол жалғыз орта мектептің өзінде жоғары білімді мұғалімдер жетіспейтін. 1951 жылы ҚазПИ-ді бітірген Өзбекәлі Жәнібеков мұғалімдік қызметін алғаш осында бас­тап, осы өңірден түлеп ұшты. Алматыда 1953 жылы орта мектепті бірге бітіріп, аттестатты бірге алған екеу едік, сол екеудің бірі - аты әлемге жайылған ғалым, жазушы, драматург Немат Келімбетов таяуда дүние салды. Иманы саламат болсын.
Енді мына қызықты қараңыз. Бес-алты колхоздың балалары жаяу-жалпылап қатынап оқитын жетіжылдық мектепті екі ер бала, төрт-бес қыз бітірдік. Қыздар, әрине, әрі қарай оқыған жоқ. Екі ер баланың біреуі ауылдан ұзай алмады. Мен ғана аудандағы орта мектепке барып, әрі қарай (зор қиындықтармен) оқуды жалғастырдым. Әне, сондағы көрген-білген, бастан кешкендер ұмытылу былай тұрсын, осы күнге дейін қайран қалдырады. Алдымен ауылдағы бастауыш мектепте сабақ берген мұғалімдердің білімі қандай болғанын қайдам, бірақ өз ісіне берілген олар өте ұқыпты, талаптары қатты, сауатты болатын. «Қоңыртөбе» жетіжылдық мектебінде әртүрлі пәннен сабақ беретін мұғалімдердің бірде-бірінің жоғары білімі болмаған болу керек, соған қарамай, олар сауатты сөйлеп, сауатты жазатын. Кейін білуімізше, алгебра, тригонометриядан жаңғақтай шағып сабақ берген Қадыр Ташманов бар болғаны соғыстың алдында Ташкенттегі қазақ педтехникумын бітірген екен. Қазақ тілі грамматикасын оқытқан Жақып Мақановта ондай да білім болмағанмен, сәл қате жіберсең әкеңді танытатын. Грамматика оқыту жетіжылдықпен шектеліп, әрі қарай бірыңғай әдебиет пәні жүретін. Шынын айтсам, сол жетіжылдықта оқытқан «шала» сауатты мұғалімнен алған грамматикалық білім күні бүгінге дейін кәдеге асулы. Бірде олай, бірде бұлай аунақшитын қазіргі кейбір ғұламалардан көш ілгері. Орта мектепте де солай болды. Болашақта инженер, агроном, математик, химик болуды қалайтындарың өзі әдебиет пәнінен мазмұндаманы «төрт» не «беске» жазатын. Онда да білімі орта дәрежелі не институтта сырттай оқитын мұғалімдер сабақ берді-ау деймін. Біз оқыған «Ленин жолы» орта мектебіне 1951 жылы Алматыдан жоғары білім алған үш-төрт мұғалім келгенше, күллі мектепте жоғары білімді педагог соғысқа дейін Ташкенттегі САГУ-ді бітірген мектеп директоры Омар Есімовтің өзі ғана болды.

<!--pagebreak-->

Ал сауатты болу - бәрібір бірінші орында тұратын. Қай пәннен сабақ беретініне қарамай, мұғалімнің бәрі соны талап ететін. Математикадан сабақ беретін, институтта сырттай оқитын Артық Дарқанбаев қандай кітап оқығанын хабарлап, мазмұнын айтып беретін. Мектеп және аудандық кітапханадан алып оқитын кітаптар мен газет-журналдардан қате байқалмайтын (байқалса, сол замат айтылары анық).
Сондықтан ба, сауатсыздық, дәлсіздік, бұрмалау, жауапсыздық, енжарлық дейтіндер сауаттылыққа қанығып өскен ұрпақ өкілдерінің өңі түгіл, түсіне кірмейтін. Қазақстанның қай аймағында да солай болғанына 1958 жылы Ташкенттен Алматыға келгенде одан сайын көз жетті. Обалы не, ол шақтардағы басылым, баспа қызметкерлері сауаттылыққа қатты мән беріп, зәредей ши шығармайтын. Газетте жазатайым кеткен бірлі-жарым қате летучкада қызу талқыланып, кінәлілер қатаң жазаланатын және ол жайында газетте жариялайтын («Лениншіл жас», «Қазақстан пионері» газеттерін айтып отырмын). Оның үстіне ол кездерде қазақ тілі оқулығын жазған М.Балақаев, І.Кеңесбаев, С.Аманжолов, Қордабаевтардың көздері тірі болатын. Осы кезге дейін ұстана беруге болардай олардың оқулықтарының кейін неліктен көрінбейтіні түсініксіз. Қазіргі авторлары қайта-қайта өзгеріп жататын грамматика оқулықтарынан неше қилы қайшылықтар мен қиғаштықтар көру түк емес. Ең әрісі, төл сөз, төлеу сөз, қаратпа сөз, оқшау сөз, қыстырма сөз, қос сөз, аралас қос сөз, одағай, шылау, жіктеу, септеу, тасымал, тыныс белгілері үлгілерін бірізді деу екіталай. Сондықтан болу керек, әркім өзінше жазып, өз беттерімен жүретіні. Мұны қазір ешкім жасырып-жаппайды да. Белгілі қаламгерлердің бірі жуырда дәл солай деп турасын айтты: «Әркім өз білгенінше жазады». Мейлі, өз білгенінше жазсын, бірақ грамматиканың ортақ ережесін бұзбай, сауатты жазсын. «Айтарын бір-ақ айтты» дегендегі «бір-ақты» «бірақ» немесе бір сөйлемде «ал», «өйткені», «бірақ» дегендерден кейін кейде үтір қойып, кейде қоймау, біресе «дей тұрсақ та», біресе «дейтұрсақ та», «өкінішке қарайды» «өкінішке орай» деп жазу белең алғалы не заман. Сол сияқты сызықша мен дефисті айыра алмай, қалай болса солай жазу тыйылар емес. Біз мыңнан бірін ғана сөз етіп отырған мұндай дәлсіздік-ауытқулар қисапсыз. Құдай сақтасын, ешкімді сынап-мінеп, көзге шұқудан аулақпыз. Кемшілік - ортақ. «Аузын ашса, жүрегі көрінеді» деу орнына «көмейі көрінеді», Хайдолла Тілемісовтің атын біресе Хайдолла, біресе Қайролла деп жазған мен де сау емеспін, басқа да жоқ емес, бұлардың кейбірін газетте атап айтқан Бекболат Әдетовке алғысым таудай. Жарайды, осылай кете берейік десек, ерік өзімізде, кете берейік. Әйтпесе...
Енді бір сәт оларды сәл қоя тұрып, бері жақындайық та, өзіміз ұзақ жылдық жұмыс барысында көз көріп, куә болған, аға буын өкілдерінің сауаттылықты сақтау барысында төккен тер, атқарған қызметтеріне ден қойып көрсек дейміз. Әрі тарих, әрі тағылым іспетті бұл үрдістерді біле жүргеннің пайдадан бөлек, зияны болмас деп ойлаймыз. Әрі тағзым, аруақтарды еске алу, ардақтау тұрғысынан да орайы кеп тұрғанда. Алайда оның алдында...
Мына бір аксиоманы айта кетейік. Жоғары оқу орындарындағы журфак, филфакка түсетіндер әдебиеттен жазған мазмұндамадан міндетті түрде «бес» не «төрт» алуы керек. Олай болса, осының өзі ғана сауаттылықтың алғышарты, «төрт» не «бес» алып түскен шәкірт оқу бітірген соң нағыз сауаттының өзі боп шығуы тиіс емес пе? Пай-пай! Олай емесіне сан рет куә боп, көңіл қабармады ма? Жұмысқа қабылданған су жаңа жас маман жазған дүниелердің алғашқыда бола беретін олпы-солпыларынан гөрі, емле, тыныс қателерін түзеу ақырет болмады ма? Сонда ғой, «ау, бұлар о баста жоғары оқу орнына қалай түскен, мектепте қалай оқыған» деп еріксіз қынжылуға тура келгені.
Енді әлгіде айтқан аз-кем тәжірибе іспетті жайларға ойысайық. 1964 жылы («мен» дегеніме кешірім өтінемін) республикалық санаулы басылымдардың бірі - «Мәдениет және тұрмыс» журналына қызметке келгенімде, бас редактор Сапар Байжановтың бірінші талабы «не жазсаң да, сауатты болсын» еді. Содан төрт-бес жыл бұрын «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істеген күндерде де редактордың орынбасары Сапекең қатеге сақ болуды жиі айтатын. Сауатсыздықты кешірмейтін. Газеттің әр нөмірі шығарда оны әуелі екі ме, үш пе, корректорлар оқып, олардан соң кезекші редактор, жауапты хатшы (К.Қазыбаев), орынбасар (С.Байжанов), кейде редактор А.Бейсембаевтың өзі оқитын. Ең соңынан тағы бір қосымша «қырағы көзге» оқытатын. Соның өзінде бірлі-жарым кетпей тұрмайтын «ұры қателер» летучкада сөз болып, себеп-салдары талқыға салынатын. Осыдан соң қырағы болмай көр. Газет сауатты шығатын. Қызметкерлер материал дайындау кезінде әлдебір сөз, терминдердің қалай жазылатынын бір-бірінен сұрап, пысықтап жүретін. Сапекеңнің сол сырын білетіндіктен, журналға келген бойда алдымен сауаттылық жағына сақ болуға тура келді. Бұған дейін Ақтөбеде шығатын орыстілді газетке басшы болған орынбасары (жауапты секретарь) Сұлтанғали Қадыров Сапекеңнен өткен талапшыл екен. Қате табуға, көрместі көре қоюға шебердің шебері. Әйтсе де, журнал газет емес, айына бір шығады. Соның өзінде жұмыс шаш-етектен. Шығатын нөмірді алдымен корректор, онан соң кезекші редактор, онан соң міндетті түрде редактордың өзі оқиды (Сапекең «Соц. Қазақстанға» редактор болғанда да газетті таң атқанша оқығанынан хабарымыз бар). Орынбасары С.Қадыров та қайта-қайта көзден өткізіп, тыным таппайды және осының бәрі үйлесіп, жарасып-ақ тұратын еді ғой, шіркін. Міне, бұл - сол шақтардағы үрдістер. Бүгінгідей барлығын корректорға артып қойып, қит еткенді соған жауып, қарап отырмайды (бүгінде қаржы тапшылығынан кей басылымда корректор да жоқ, қысқартуға бірінші түсіп жататын да солар). Ал «Мәдениет және тұрмыс» журналында корректордың бар-жоғына пәлендей мән берілмейтін. Тіпті «Социалистік Қазақстандағы» са­уат жағынан редактордан кем түспейтін, атақтары жер жаратын корректорларды да ешкім кемсітпегенмен, әркімнің өз орны болатын. Сондықтан да сауаттылық (сауатсыздық) туралы әңгіме қозғалмайтын. Ілуде болмаса, кеткен қателерге корректор емес, кезекші редактор, кейде бас редакторлардың өздері жауапты болатын. Көрген көзде жазық жоқ, баз бір қателер үшін қызметпен қоштасқан бас редакторларды да білеміз (аты-жөндерін айтуға болады). Не үшін? Басылымның сауатты болуы, оқырман мін таппауы үшін. Қазір сен мұны ойдан шығарған әпсана дерсің, бәлкім. Олай болса, әлі қатарда жүрген, көзі тірі аға әріптестерден сұра, көз жеткіз. Алайда өзің егер ақша жетіп, бар болса, корректорға иек арт та жүре бер, біреу-міреуді жазалау керек болса, шырылдатып корректорды жазала. Сауаттылық жөнінде ауыз ашпа, құлағың тас керең болсын.
«Мәдениет және тұрмыс» журналының бас редакторы Сапар аға Орталық партия комитетіне ауысып, орнына аталмыш басылымның негізін қалап, тұңғыш бас редакторы, арада үш жыл Мәдениет министрі Л.Ғалымжановаға орынбасар бол­ған Мұсекең, ғажап азамат Мұса Бөкенбайұлы Дінішев қайта келді. Жай келген жоқ, өзі жоқта мұнда жұмысқа қабылданып, еңбек етіп жатқан біраз қауымға (барлығы 16 адам) бекзаттық болмысын көрсете келді, байқата, білдіре келді. Ала жіпті аттап, ешкімді ала-құлаға бөлген жоқ (санасында жоқ болса керек). Талабы бірден білінді, байқалды: міндетіңді дұрыс атқар, журналдың сауатты шығуына атсалыс. Әлбетте, солай. Сапар ағадан қалған мұра. Ал Сапекеңді журнал ашылғаннан кейін төрт-бес айдан соң аттай қалап, өзіне орынбасарлыққа шақырған Мұсекең болатын. Кейін де олардың араларындағы сыйластық үзілмегеніне куәлердің біріміз. Мұсекең көп сөйлемейтін, бәрін қас-қабағынан аңғаратынбыз. Күнделікті ісі мығым, тас қайрақтай. Күнін, уақытын белгілеп, алдын ала нақты тапсырма береді. Және сен әзірлейтін мақаланы пәлен уақытта бас деп машинкашыға алдын ала тапсырып қояды.
Бітті. Ешқандай кідіріс жоқ. Материал бар. Машинкашы (Модан апай) сол замат басады. Қатесін мұқият тексер. Мұсекеңнің алдында жерге қарама. Мұсекең көп ұзамай өзіне шақырып пікір айтады: не жаман, не жақсы, орташа деп. Реті келгенде, көпсінбесең, бір мақтанып қояйын, 1965 жылы май айында Гурьев облысының Маңғыстау ауданында (үстіртте) жиырма күндей болып, күнделік ретінде жазған отыз беттік мақаламды - тағы да отыз беттей орын алатын фототілші (Петр Яковлевич Редько) түсірген фотолармен қоса - коллектив мүшелеріне алдын ала мақтап, журналға шығарды. Мақала мен фотосуреттер бір нөмір көлемін түгелге жуық «иеленді». Қаламақы да біздікі болды. Сол күн, сол сәттен бастап Мұсекеңнің маған (оған дейін де жаман емес-ті) көзқарасы күрт өзгеріп, арада алты-жеті жыл өтер-өтпесте өзінің оң қол - орынбасары етті. Сол кезде қатардағы әдеби қызметкер мені ұзамай аға әдеби қызметкер, бөлім меңгерушілігіне жоғарылатты. Он алты жыл бастауыш партия ұйымына секретарь болып, медаль, грамоталар алғаным да - сол кездер. Ау, мақтанған соң, дұрыстап мақтанған жөн шығар, Мұсекең қызметкерлер кезекті еңбек демалысына шыққанда бөлім меңгерушілеріне ғана тиесілі материалдық жәрдем ақшаны қатардағы әдеби қызметкер маған да бергізіп жүрді. Осындай ықылас-пейілді бүгінде кім айтып, кім еске алып жүр, түйе мінгізгенді де қалыпты, міндетті нәрсе деп қарайтын заманда, ең болмаса, мен айтып қалайын да. Қазір есімін көп атай бермейтін айтулы тұлғаның аруағы риза болсын деп. Қайран, Мұсекең!
Бұл жерде оның табиғи адамгершілік, кісілік келбет, қадір-қасиеті ғой айтып отырғанымыз (әйтпесе, мен кіммін дегендей). Шүкір, сыйластығымыз көзі жұмылғанша үзілген жоқ. Сексен жылдық мерейтойына өз аяғымен келіп шақырған соң, сол кездегі бас редактор Смағұл Елубаев екеуміз бастан-аяқ қатыстық. Тоқсанға таяп дүниеден өтер алдында - бірер сәт есі кіріп, бірдеңе айтқысы келгенде - бұрын мүлде танымайтын (ол да мені білмейді) Халық деген жамағайын інісіне «мен жүріп кеткен бойда бірінші соған хабарлас» деп менің атымды атапты. Халық солай етті. Қолдан келген қызметімізді жасадық. Өзінің де жағдайы ешкімнен кем емес Халық Мұсекеңнің өсиеті бойынша, соның пәтерінде тұрады. Анда-санда хабарласады. Бұл айтқандар - көңілдің кейбір сәттері.
Мұсекеңнің жұмыс дағдысына келсек, жоғарыда айтқанымыздай, әр нөмірі бес ай ілгері жасалатын журналдың жоспарын күнілгері - жұртпен ақылдасып - жасайтын. Тапсырма нақты (дедік). Барлық материал әзір болған соң, кемі бір апта бұрын ұжым мүшелерін шақырып, әр мақаланың айдарын, тақырыбын жеке-жеке талқыға салады. Көпшілік құптаған соң ғана көңілі жайланып, келесі санға кірісеміз. Бұл кезде оның қызметкер жазған әр мақаланы зер сала оқығаны ескертпелерінен байқалып тұрады. Асығып-аптықпай, жайбарақат айтады, түсіндіреді. Арагідікте әдемі әзіл-қалжыңы да болмай тұрмайды.
- Осы, Ғаббас, сені ішуді қойған дейді, немене, біржола ма, әлде уақытша ма, ретті жерде аздап ырым жасағанның бөтендігі жоқ, біз де сөйтеміз, - деді бірде әдебиет бөлімінің меңгерушісіне күлімдей қарап.
- Ой, Мұсеке, дұрыс айтасыз, біз де сөйтеміз, - деп Қуандық Шаңғытбаев іліп түсті.
- О не дегеніңіз, бізде ешкім ішпейді ғой, - деп құлпыртты Мұсекеңнің майдандас, жасы қатар құрдас-досы, белгілі жазушы Жекен Жұмаханов.
Былайда көп сөйлемейтін Өкім Жайлауов төмен қарап жымың-жымың етеді.
Бәрі белгілі. Мұсекең жұмысқа кіл ақын-жазушыларды алатын. Неге десең: «Олар бір де болса бірегей мақала жазады», - дейтін.
Кім талассын. Бірақ, бірақ... кейде дағдылы жұмыс жайына қалып, қадірменді Жекеңнің (Жекен Жұмаханов) айтатынындай, «сәкәку» көбейіңкіреп кетеді демесе. Мұсекең кейде күтпеген жерден жиналыс шақырып, «сәкәкушілердің» екі аяғын бір етікке тығатыны болады. Үш-төрт жампозға сөгіс жариялап жібереді. Онан соң, әрі кетсе, бір-екі апта тыныштық... Онан соң бұрынғы әуен қайта басталады. Түстен кейінгі мезгілде ортадан тиын-тебен жинау, ах-ух. Енді ішетін затты әкелуге жасы кіші мені жұмсамай, кімді жұмсайды. Есіктен шыға берісте қарсы алдыма тұра қалатын Қуан аға: «Бір-екі тал тұзды қияр, бір-екі тұзды балық ала келерсің», - деп сыбырлайды.
Ал журнал сауатты шығады. Редколлегия мүшесі, тілші-ғалым Рәбиға Сыздықова апамыз: «Сендердің журналдарың сауаттылық жағынан басқалардан біршама тәуір», - деп мадақ айтады. Қазақ тілі грамматикасының майын ішкен қазір көзі тірі сол апайымыздың бір ауыз жылы сөзі дәру болған бүгінгі «Парасат» (бұрынғы «Мәдениет және тұрмыс») журналы да сауат жағынан қамшы салдырмайды. Осымен сөз тәмам.

«Ана тілі» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340