Жұма, 29 Наурыз 2024
Ақмылтық 5360 36 пікір 16 Шілде, 2018 сағат 10:29

Сталин бейнесі қылмыскер деп мойындалған кезде ғана қоғам рухани жаңғыруын бастар еді

Сталиннің өмірден өткеніне биыл 65 жыл, Сталиндік жеке басқа табынуды айыптаған КОКП XXсъездіне 62 жыл толып отыр. Алайда, Сталин және оның дәуірі туралы қоғамда нақты біржақты пікір қалыптаса алмай отыр. Бүгін Сталин біреулер үшін «халықтар мен дәуірлердің ұлы көсемі», «дарынды қолбасшы», ал екінші біреулер үшін ол – сөзсіз қанішер. Неге бұлай? Сталинді ұлы тарихи тұлға ретінде санайтын адамдардың қатарынан кез келген адамды табуға болады; қарапайым таксисттен бастап, кафедра профессорына дейін Сталинді жақтайтын адамдар жетіп артылады. Осы тұста, Сталиннің тұлғасын жақтыру-жақтырмау кімнің шаруасы деген сұрақ тумауы қажет. Бұл шынында да қоғам үшін аса маңызды мәселе. Оның астарында бетке анық көріне бермейтін дүниелер жатыр...

Өткен ғасырдың басында орын алған Ақпан және Қазан революциялары ауыртпашылықтармен бірге, өз мүмкіндіктерін де ала келді, бірақ жекелеген адамдар үшін. Билікке кездейсоқ адамдар келе бастады. Шынайы бәсекелестік ортада бұл адамдардың жоғарыдан көрінуі екіталай еді. Қызық сұрақ, революция болмаса, Сталин кім болар еді? Ол ортаға суырылып шығар ма еді, әлде діни семинарияны аяқтап (шынайы өмірінде ол семинарияның төрт-ақ сыныбын аяқтаған), шіркеу қызметшісі болар ма еді, мүмкін қарақшы боп өтер ме еді? Бұл сұраққа жауап жоқ, алайда анығы сол – революцияға дейін Сталиннің жоғары билік көшінен табылуының ешқандай да бір себептері мен алғышарттары, мүмкіндіктері болмады. Революцияға дейін бірде-бір қала, аудан, ресми мемлекеттік ұйымдарды басқармаған, басқару тәжірибесі жоқ адам, кейін елді басқарып, миллиондаған адамдардың тағдырын өз қолына алды. Бұл қалай мүмкін болды?

Сталин жолы болғыш адамдардың бірі боп шықты. Лениннің айналасында терең оқымысты, марксизмнің теоретиктері мен оны іске асырушылар көп болды. Л.Д. Троцкий, мысалға зияткерлік пен саяси-мәдени білім деңгейі бойынша Лениннен артық болмаса, кем болған жоқ, сол сияқты Н.И. Бухарин, Я.М. Свердлов дарынды марксистер еді. Бірақ осылардың ішінен бәрінен В.И. Ленин Сталинге ерекше ілтипатпен, жылылықпен қарады. Бәлкім, Владимир Ильичке Сосоның «шығыстық-кавказдық» қарапайымдылығы (алдамшы қарапайымдылығы), іскерлігі, қаталдығы ұнаған болар. Және де, Сталин Ленинмен ешқашанда дауласпай, айтқанынын екі айтқызбай, қалай да орындауға тырысатын. Ленинге мұндай адамдар, әсіресе революция мен азамат соғысы кезінде аса қажет еді.  Әсіресе, Ленинге Троцкийдің аса белсенді саяси қайраткерлігін тұсау үшін осындай «қара жұмыс» адамы алтыннан да бағасыз болды.

1907 жылы Лондонда РСДРП (Российская социал-демократическая рабочая партия) V съезіне Сталин қатысып, марксизмнің теоретиктерімен бетпе-бет жүздеседі. Осы съезде Сталин мен Троцкийдің жолы алғаш түйіседі. Революциядан кейін екеуінің саяси жарысы басталады. Троцкий бұл сайыста спринтер, Сталин болса стайер болып шығады. Троцкий трибуналарда, митингтерде сөз сөйлеп, Ленинмен революция теориясы аясында дауласып жатқан кезде, Сталин өзінің айналасына сенімді, оған бар жан-тәнімен берілген командасын жинай бастайды...

Революция қоғамның әртүрлі тап өкілдерін, кәрі-жасын, шаруа мен қала тұрғынын, зиялы ақын мен қарапайым орыс мұжығын біріктіре алды. Әрине, мұндай дүниетанымы қайшы келетін адамдар арасында жіктер, даулар, бәсеке орын алуы уақыттың ғана еншісінде еді. Революциядан кейін кезекті билікке талас өзін ұзаққа күттірмеді. Сталиннің айналасы биліктің дәлізінде, бергі кіре-беріс  бөлмесінде сығылысып, бірін-бірі итеріп отырған еді, енді олар жоғары үстелге отырып, билік пен байлықты бөліп алғысы келді. Жас мансапқор революцияшыл ұрпаққа байлық пен билікке тез әрі жылдам жетелейтін жаңа көсем керек болды. Сталин жас арландарға кәрі қасқырлар олардың алға жылжуына кедергі болып отырғанын айтып, оларды Троцкий сынды революцияның тәжірибелі майталмандарына қарсы шаптады. Биік-биік лауазымды орындарға адамдар жұмыста атқарған қызметі үшін емес, Сталинге адалдығы үшін тағайындалды. Осы үшін олар Сталинді құрмет тұтып, Сталин үшін кез келген адамның кеңірдегін жұлып алуға дайын болды.

Кеңестік көшбасшы-көсемдер митингтік революционерлер немесе әдеби қызметкерлер, яғни романтиктер болды. Сталин және оның айналасы болса іскер-прагматиктер еді. Сталиннің қарсыластары да билікке ұмтылды, бірақ олар дәл Сталиндей тәулігіне 24 сағат ойламаған еді. Олардың бойында қаталдық, қулық, зымиян ойлар Сталиннен қарағанда әлдеқайда аз болды. Сталин әр қадамын есептеп басты. Қазан революциясының көсемі, Лениннің үзеңгілесі Троцкий қатардағы билік функионері Сталиннен неге жеңілді? Тарихшылардың басым бөлігі бұл жарыста Троцкийдің қалыс қалу себебі ретінде оның осы Сталинмен болған жарысты байқамауын, сезінбеуін айтады. Троцкий өзін Сталиннен әлдақайда жоғары бағалап, онымен салғыласуды өзіне ар санады. Сталин болса, өз уақытын тапжылмай күтіп, аңдып басты...

Осы орайда тарихшылардың көкейінде сан-алуан сұрақтар бар. Билікке Сталин емес, Лев Давыдович Троцкий келсе не болар еді,  миллиондаған адамдардың көзін құртқан тоталитарлық казармалық жүйе құрылар ма еді, әлде социализмге қол жеткізудің басқа жолы таңдалар ма еді? Қазақстанда аштық болмай, өзге ұлттар күшпен қоныс аударылмай, бүгінде қазақ, украин және т.б. ұлттарының демографиялық көрсеткіші өзгеше болар ма еді? Бәлкім, саяси қуғын-сүргін болмай, Екінші дүниежүзілік соғыс басталмас па еді? Кім біледі!?

Билікке келген соң Сталин айналасын тазалаумен айналысты, кейін қолы қанға әбден батып, тоқтай алмай қылмыстары жаппай террорға ұласты. Ол тікелей тапсырма беруден қашып отырды. Өз ойын тұспалдап айтатын ол, шаш ал десе, бас алатын қарамағындағылары оны әрқашанда «дұрыс түсінеді» деп еш күмәнсіз сенді. Бұл стиль еді. Біреудің қолымен жұмыс істеп, өзі алыстан бақылап, тақтадағы фигураларды ауыстыру – оның енді нағыз кәсібіне айналды.

Әдетте барлық материалдар Сталиннің алдына түсіп, ол оны политбюро мүшелеріне тарататын: материалдарды қарап, өз ойларын айтуын сұрайтын. «Жақсы, сіздер осылай шешсеңіздер, менде амал жоқ». Көп жағдайда бұл сөздер ең ауыр жаза үкімін білдіретін. Ол осындай шеткері отырған, ауыр шешімдерді қабылдауға мәжбүр арбитрдің рөлін өзіне әдейі алып алды.  Әлихан Бөкейхан, Тұрар Рысқұлов сынды қайраткерлермен әрқашанда құрметпен жылы сөйлесетін ол, олар қамауға алынған кезде, таңданып, «қалайша бұл мүмкін болды, таптырмас маман еді ғой?» деп кезекті рөліне енетін. Бұл спектакльдерде Сталин бір өзі режиссер, әрі әртіс те болды.

Жаппай террор стихиялық апатпен іспеттес болды. Ол құрбандарды таңдамай, саясаттан алыс жұмысшыларды, шаруаларды, кіші мемлекет қызметкерлерін, кәрі-жасын бәрін бірдей жалмады. Басты сұрақ: Сталинге осының барлығы неге керек болды? Ол өзінің шешімдері барлығымен бірдей сөзсіз қабылданып жатқанын көрмеді. Билікке саяси күреспен емес, саяси интрига, қитұрқы әрекетпен келген ол, өзі осындай саяси шытырман ойындардың салдарынан биліктен айырылып қалам деп қатты қорықты. Сондықтанда барлығының бойына қорқыныш сезімін ұялату қажет Қорқыныш-үрейсіз жүйе жұмыс істемеді. Билікті жіберіп қою өліммен пара-пар болды. Әлсіздік таныттың ба, қарсыласың күшейіп, билікке енді сені жолатпайды. Террор – билікті ұстап тұрудың, халықты қойдай жуас етудің ең тиімді құралы болды. Нәтижесінде КСРО территориясында, Қазақстанда ГУЛАГ, КАРЛАГ сияқты саяси тұтқындар лагерлерінің жүйесі орнап, еліміз халықтар түрмесіне айналды. Ұлтымыздың қаймағы – зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, жазушылар, дәрігерлер, мемлекет қайраткерлері жазықсыз құрбанға айналды.

Бүгінгі таңда еліміз «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында түрлі-түрлі шаруалар өткізудеміз. Бұл шаралардың арасында керектісі де бар, керекті емесі де бар. Бірақ біздің қоғамымыз үшін 21 ғасырда десталинизация үдерісінен өту аса маңызды. Қазіргі қоғаммен Сталин тұлғасы, Сталин дәуірі және ол әйгілейтін Кеңестік кезеңдегі тарихымыз қайтадан саяси-тарихи ой-електен өтіп, қылмыстық кезең деп танылса тарихи әділеттік орнар еді. Сталин бейнесі Жеңіс күнінде парадта, митингке шықпай, керісінше көпшілікпен бірауыздан сөзсіз қылмыскер, тиран, айуан деп мойындалған кезде ғана қоғамымыз өзінің шынайы рухани тазаруын, жаңғыруын бастар еді. Өлі разы болмай, тірі байымайды, соны ұмытпайық, ағайын!

Талапкер Асқарұлы Уалиев

Ақмола облысы мемлекеттік архивінің  архивисті

Abai.kz

36 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3604