Алаш қайраткерлері мен желтоқсандықтардың арқасында тәуелсіздік алғанымызды білмейтін бұл қандай адамдар?!
Алматы қаласындағы Қарасай батыр – Наурызбай көшелерінің қиылысында кезінде НКВД мекемесі орналасқан тарихи ғимарат алдында бір топ желтоқсандықтар наразылық акциясын өткізді. Басты себеп – тарихи нысан жеке меншікке сатылған және жаңа қожайын мұнда қонақүй салуды бастап кеткен. Бүгінгі күні ғимараттың 3-ші және 4-ші қабаттарында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Жиналғандар мен БАҚ өкілдерін күзетші ғимарат ішіне кіргізген жоқ.
Болат Шарахымбай, ақын, Желтоқсан көтерілісіне қатысушы:
-Бұл ғимараттың тарихы 1930-жылдардағы зұлматпен тікелей байланысты. Сол кезде қуғын-сүргінге ұшыраған қайраткерлеріміз осы ғимаратта ұсталған, азапталған, тергелген. Кейбір деректерге қарағанда, көптеген Алаш қайраткерлері осында жазаланған. Бұл мәселені «Қазақ әдебиеті» газетінде де көтергенбіз. Сол кезде қоғамдық ұйымдардың, белсенді азаматтардың араласуымен тоқтатылып еді. Енді, міне, бұл дау-дамай қайтадан басталып отыр. Тіпті бұл ғимараттың жекеменшікке қандай жолмен, не үшін берілгені де түсініксіз. Мұндай тарихи орындар жеке адамдарға, кәсіпкерлерге берілмеуі керек. Естуімізше, жаңа қожайын бұл ғимаратты қонақүйге айналдырмақ екен. Бұл жерде қонақүй салынса, мейрамхана да, басқасы да салынады деген сөз. Еліміздің тәуелсіздігіне үлес қосқан қайраткерлерге қатысы бар бұл мекен жынойнаққа айналса жетіскен екенбіз. Біз бұған қарсымыз. А.Есімов Алматының әкімі болып тұрған кезде осы ғимараттың бір бұрышынан желтоқсандықтарға арналған мұражай ашып берген болатын. Жаңа қожайын сол мұражайдағы құжаттар мен жәдігерлерді лақтырып тастады деп естідік. Бұл біздің тарихымыз ғой, Алаш қайраткерлері мен желтоқсандықтардың арқасында тәуелсіздік алып отырғанымызды түсінбейтін, білмейтін бұл қандай адамдар?!
Бұл ғимаратты тарихи орын ретінде алып қалуға тиіпсіз. Нақты талабымыз – музей күйінде қалуы керек. Қонақүйге айналдыруға, жекеменшікке сатуға мүлде болмайды!
Гүлбахрам Жүніс, Республикалық«Тәуелсіздік қырандары» қоғамдық ұйымының төрайымы:
-Біз бұл мәселені ең алғаш осы ғимарат саудаға түскен күннен бері көтеріп келеміз.Біздің ренішіміз – бүкіл халықтың реніші. Ертеңгі күні ұрпақтарымыз егемендікке қалай жеттік, кімдердің арқасында жеттік деген кезде не деп жауап береміз? Бұған дейін де бірнеше рет саудаға салынған кезінде уақытша тоқтатылған болатын. Енді үзілді-кесілді нақты шешім қабылданып, тарихи ғимараттың қалпында қалуын талап етеміз. Мұнда Алаш арыстарының қаны төгілген, тура қарсы алдында ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш тұр. Солардың рухы кезіп жүрген жерді кім көрінгеннің қолына беріп қоюға болмайды! Олар қаншама құнды мұрағатымызды аяқтарының астына таптап жатыр? Ертең тарих бетіне қалай қараймыз?
Сондықтан қалалық мәслихат, әкімдік жанайқайымызға құлақ түрсе дейміз. Билік тарапынан нақты шара қолдану қажет.
Abai.kz