Сенбі, 23 Қараша 2024
Әттең... 5039 3 пікір 18 Шілде, 2018 сағат 10:10

Сағынтаев Мәсімовтің “ерлігін” қайталай ала ма?

Сырттағы қазақ қандайда бір қиындыққа тап болса, елдегі қазақтың мазасы кететіні белгілі. Күні кеше ғана Моңғолиядағы қазақтар қоныстанған Баян-Өлгей аймағында нөсер жауын жауып, 275 отбасының су астында қалғанын ақпарат құралдарынан естіп, білдік.

Бүгінде тасқын судың зардабын жоюға Моңғолияның аймақтық ТЖД, Қарулы күштердің №340 бөлімі, Байланыс орны қызметкерлерінен құралған 124 адам және 24 техника жұмылдырылғаны жайында хабар алдық. 

Бізге жеткен хабар бойынша 163 адамды қауіпсіз жерге көшіріп, 95 адамды Өлгей қалалық №6 орта мектептің жатақханасына орналасқан. Адам шығыны жоқ, алайда селдің салдарынан материалдық шығынға батқан тұрғындар бар екен.

Әзірше тасқын судан зардап шеккен Өлгейге қол ұшын беруге Сағынтаев Үкіметі асығар емес. 

2016 жылы Баян-Өлгейдегі қазақтар тасқын судың астында қалып, қиын жағдайға тап болғанда елдегі жұрттың сын-ескертпесінен кейін, сол кездегі экс-премьер Кәрім Мәсімов Моңғолияға атбасын бұрып, тілсіз жудан жапа шеккен қандастардың көңілін аулап, хал-жағдайын біліп, Қазақстан Үкіметі тарапынан 200 мың доллар (не деген көп ақша десеңізші) мөлшерінде қаржылай қолдау көрсеткен-ді. 

Өлгейдегі қандастырамыз Мәсімовке «200 мың доллар қай жыртығымызға жамау болады» деп өкпе-ренішін айтқан жоқ. Қайта Үкімет басшысының іздеп келгеніне мәз болып, бар қиындықты ұмытқаны есімізде. 

Айтпақшы, дәл сол сәтте белгілі әнші Өмірқұл Айниязов 200 мың долларға әрең деген де үй салғанын айтып, мұншама ақшаға не істеуге болатын айтып бергені де есімізде. 

Өзге бір елдерді су алып, өрт шалса миллиондаған долларды ойланбастан бере салатын Қазақстан Үкіметінің қандастырамызға 200 мың доллардан артық ақша бере алмағанына қарынмыз ашқан еді. 

Біздің билік өткен жылдан бері Ресейдің шашбауын көтеріп, Сирияда қырық пышақ болған тараптардың басын қосып, олардың бәрін Астанаға алдырып, бар жағдайын жасап, арағайын болып жатқанын бәріміз білеміз. 

Иә, бұл ресми Астананың дүниежүзіндегі беделін көтеру үшін қажет дүние екенін талай шешендер жақтары талғанша айтып, санамызға құйғаны жасырын емес. 

Егер тасқын судың астында қалған Өлгейдегі қазақтарға Үкімет қол ұшын берсе, абырой-беделдің астында қалып, Сағынтаев Үкіметі халқының алдында құрмет-қошеметке бөленіп шыға келмей ме? 

Бірақ біздің билік елдегі қазақтардың алдында сүйкімді болғаннан гөрі өзге елдің алдында абыройлы, айбарлы көрінгенді жөн санайтын әдеті бар емес пе? 

Осы тұрғыдан алып қарағанда, алдағы уақытта Бақытжан Сағынтаевтың Моңғолияға барып, ат мініп, шапан киген (өмірінде алғаш рет шығар деп ойлаймыз) Мәсімовтың «ерлігін» қайталай ала ма деген сұрақ көкейімізге қонақтап қалды. 

Егер Сағынтаев Моңғолияға бұрып, Өлгейдегі қандастарымыздың хал-жағдайын сұраса, ондағы жұрт топан су тобығынан келмегендей ғажайып күйге түсіп, адам ауызбен айтып жеткізе алмайтын эйфорияны бастан кешер еді. 

Нұрлан Жұмахан

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5443