Ұйғыр бір ұлттың ғана аты емес, Қасым Мәсіми мырза!
Ол — түрік тектестердің саяси бірлестігінің атауы
Қасым әка! Әңгімеңізді «Ұрыс – ырысты қашырар, ынтымақ – халықты асырар» деген аталы сөзінен бастағанмен, «Меніңше «Қазақстан-ZAMAN» газетінің кейбір тілшілері бұл сұрақтың мағынасын терең білмесе керек.
Себебі, олардың айтып, жазып жүргендері мүлдем басқаша» — деп, бізді арандатуға көшіпсіз. Сонда қалай, менің қазақ жеріне тараншылардың қашан көшіп келгенін дәлелдеп жазып, «Жетісуда біздің де үлесіміз бар», — деп жүрген бейпіл ауыздарға тойтарыс жасап, мемлекетіміздің біртұтастығын ойлағаным ырысымызды қашырғаны ма? Әлбетте, мен олай емес деп ойлаймын. Сірә, менің бұл жазғаным «ырысын қашырса» сепаратистік пиғылдағы кейбіреулердің «ырысын қашырып» отырған болар.
Одан әрі қарай әңгімеңізде Шәкәрім бабамыздың «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» атты шығармасынан «...Ұйғыр деген бірігіп қосылған» деген мағынада деп шежіре жазушыларының бәрі айтқан десе де болады. Сол ұйғырдан қырғыз, қаңлы, қыпшақ, найман, керейт, дулат т.с.с. топтар шыққан», — деп жазғанын алға тартыпсыз. Дұрыс айтасыз, «ұйғыр» деген сөздің этимологиясына мән берген зерттеушілер «ұйғыр» сөзі ұйыған, біріккен деген мағынаны білдіді деп айтады. VIII ғасырдың орта шенінде Моңғол үстірті мен Қытайдың солтүстігінде құрылған Ұйғыр қағанатының құрамында сіз айтқан қырғыз, қаңлы, қыпшақ, найман, керейт, дулаттардың болғандығы да рас. Бірақ, VIII ғасырда қағанат құрып жүрген ұйғырлардың қазіргі Шыңжанның оңтүстігін мекендеген ұйғырлардан мүлде басқа ұйғыр екендігін білмегендей болыпсыз. Білмесеңіз нақты деректермен айтып жеткізейін, VIII ғасырдың орта шенінде Көк Түрік қағанатынан кейін түрік тектестердің басын қайта қосқан Ұйғыр қағанаты екендігін ешкім жоққа шығармайды. «Ұйғыр» сөзі ол кезде бір ұлттың атауы емес, түрік тектестерді ұйытып ұстаған саяси бірлестіктің атауы болатын. Қытай жылнамаларында Ұйғыр қағанатын құрған «яғлақар» тайпасы екендігі айтылады («Ұлы Түрік қағанаты», «Қытай деректері мен түсініктері» 263 бет. Үрімші, 2006). Ал, белгілі тарихшы Ю.А.Зуев өз еңбегінде VІІІ ғасырдағы «яғлақар» тайпасының бүгінгі «жалайыр» тайпасы екенін айтып өтеді (Ю.А.Зуев «Ранние тюрки: очерки истрии и идеологии. 105 стр. Алматы, 2002). Қытайдағы қандасымыз Ш.Ахметұлының «Ұйғырлар туралы жалпы түсінік» атты зерттеу жұмысында Ұйғыр қағанатын құрған яғлақар мен бүгінгі жалайырлардың таңбасының тарақ таңбалы болып келетіндігін, яғлақар немесе VIII ғасырдағы ұйғырлардың бүгінгі Қытайдың Ганьсу провинциясы, Суньан ауданында тұратын сарыұйғырлар екендігін, сондай-ақ, жоғарыда сіз келтірген қырғыз, қаңлы, қыпшақ, найман, керейт, дулаттардың әлі күнге дейін осы сарыұйғырлардың құрамында бар екендігін айтады (Ш.Ахметұлы «Ұйғырлар туралы жалпы түсінік». ІІІ Түркология конгресінің жинағы. Түркістан, 2009). Бұл нені көрсетеді дегенге келетін болсақ, менің келтірген деректерім, Шәкәрім бабамыздың шығармасындағы айтылған ұйғырлардың бүгінгі ұйғырлардан мүлде бөлек сарыұйғыр деген ұлт екендігін тайға таңба басқандай етіп айғақтайды.
Сіз, одан әрі қарай Әбілғазы шежіресі мен С.Ахынжановтың деректерін алға тартып, ұйғырлардың қазақ жерін бұрыннан мекен еткенін дәлелдегендей болып, — «Сонда қалай болғаны? Шыңғыс ханға дейін Сыр мен Жайықтың бойындағы ұйғырлар қайда құс болып ұшып кетті?» — депсіз. Рас, қыпшақтар батысқа қарай ауа көшкенде, құрамында ұйғырлар болған. Бірақ, сіз айтып отырған ұйғырлардың көшпелі болғандығына қарап, оларды бүгінгі жетішаһарлық (Тұрпан, Қотан, Ақсу, Қашқар, Үш Тұрпан) отырықшы ұйғырлардан мүлде бөлек қарастыру керек деп ойлаймын. Себебі, «ұйғыр» деп жетішаһарлықтар ХХ ғасырдың басында айтыла бастады. Оған дейін Шыңжанға ғылыми экспедиция жүргізген Ш.Уәлихановтың «Қашқар сапарының күнделігі», Грум-Грижамайлоның «Описание путешествие в Западный Китай», Н.Пржевальский «Страна тангутов и Монголии» атты шығармаларында жетішаһалықтар ұйғыр деп айтылмайды. «Қашқарлық», «хотандық», «тұрпандық», т.б.с.с атаулармен аталады.
Жетішаһарлықтарға ұйғыр деген атауды 1935 жылы Шыңжанның билеушісі Шың-Шы-Сай алып берді. Ал, оған дейін қытайлар жетішаһарлықтарды «басына сәлде ораушылар» деп атаған болатын. Қытай жылнамаларында «басына сәлде ораушыларды» мүлде түрік тектестермен байланыстырмайды. Оларды түріктенген соғды, кушань, тоһарлар деп атайды (Шинцы, Хан Шу, Вэй шу, Тан шу жылнамалары). Сіз жоғарыда келтірген «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресін» дұрыстап оқыған болсаңыз, Шәкәрім бабамыз қашқарлықтардың түбі арийліктер (парсылар) екендігін айтады. Бұл деректерден Әбілғазы мен С.Ахынжановтың дерегінде айтылған көшпелі ұйғырлардың бүгінгі Шыңжандағы ұйғырларға ешқандай қатысы жоқ екендігі айқын аңғарылады. Сондықтан, ХІХ ғасырдың аяғында тараншылар көшіп келместен бұрын да қазақ жерінде қазіргі ұйғырлар бар болатын деген пиғылдағы пікіріңізді ғылыми тұрғыдан алып қарағанда мүлде жөнсіз деп білемін.
Одан әрі қарай мақалаңызды талдайтын болсақ, сіз тараншылардың қазақ жеріне 1884 жылдардағы саяси ахуалға байланысты ауып көшіп келгендігін мойындап, сол кездегі қазақ пен ұйғырдың бауырластығы жөнінде көсіле сөйлеп, Кеңес Үкіметі тұсындағы ұйғыр қайраткерлерінің Қазақстанның дамуына қосқан үлесін мәнерлеп жеткізіпсіз. Бұл пікірлеріңізге менің ешқандай айтар дауым жоқ. Мен де «Ұйғырлар тарихы» атты мақаламда еліміздегі бүгінгі күні өмір сүріп отырған ұйғырлардың Шыңжаңнан «тараншы» деген атпен 1884 жылы көшіп келгендігін, қазақ пен ұйғырдың ежелден тату екендігін, тек соңғы жылдары сыртқы күштердің осы татулыққа жарықшақ түсіріп жүргендігін айтқан болатынмын. Ал, Ж.Шаяхметовтың ұйғыр автономиялық облысы туралы пікірі жалпы қазақ ұлтының көзқарасын білдірмейді. Әрі, бұл пікірді негізге алып, автономиядан үміт етудің еш қисыны жоқ.
Ал, сөзіңіздің соңын «Өздеріңізде байқаған боларсыздар, қазаққа түркі халықтарының ішінде ең жақыны ұйғырлар, оны ғасырлар бойы жиналған тарихи деректер дәлелдейді. Бұл туыстықты талай зиялылар айтып та, жазып та кеткен. Қажет болса мен оны келесі мақаламда жариялайын. Осыны біле тұра, Елбасының, Үкіметіміздің, Қазақстан халқы Ассамблеясының ел бірлігіне арналған шешімдерін бұрмалау немесе орындамау, тырнақ астынан кір іздеу, ел ішіне іріткі салу, ата-баба аруақтарын сыйламау болып табылады», — деп түйіндепсіз.
Иә, Қасым әка, «Жетісуді біздің де үлесіміз бар» деген тарихи негізсіз көзқарасты қоюлатудың мүлде қажеті жоқ. Түйін сөзіңізде, қазақ пен ұйғырдың ынтымағын үшін күресетініңізді айтуыңызға қарағанда, жөн сөзге келгендейсіз. Бұныңызды азаматтық деп қабылдаймын. Менің түйін сөзім: «Доспын деп келгенге дайын құшағым, қаспын деп келгенге дайын пышағым» демекпін.
Автор Мұхан Исахан
«Қазақстан Заман» газеті 5 маусым 2009 жыл