Сенбі, 23 Қараша 2024
Білгенге маржан 7301 1 пікір 19 Шілде, 2018 сағат 09:13

Бұл көне қарулар қазақ даласына қалай әкелінді?

Қару тарихы өте ертеден, адамзат тарихы басталған кезеңнен бастау алады. Себебі, табиғатта кез келген жәндік сияқты адам баласы да барлық уақытта қауіп-қатерге толы ортада өмір сүрді. Қатал да қайырымсыз өмірде қорғану үшін қандай да бір қару түрі қажет еді. Қару ағаш пен тастан бастап көзге көрінбейтін сәулелік қаруларға, космостық әскери қондырғыларға дейінгі әр кезеңде әр түрлі даму сатысынан өтті.

Алғашқы адамдардар өздерін қорғау, аң аулау, күн көріс қажеттіліктері қарудың жаңа түрлерін табуға үздіксіз итермеледі. Отты пайдалана білу көптеген жаңалықтарға жол ашты. Отты пайдаланудың нәтижесінде металл өңдеу өндірісінің дамуы тұрмыста мыстан, қоладан, темірден және басқада металл қоспаларынан жасалған бұйымдарды қолданысқа ендірді. Солардың ішінде ең қарқынды дамыған қару жасау саласы болды.  ХІІ ғасырда ашылған жаңалық – оқ дәрінің (порох) шығуы бұл салада ғылыми – техникалық революция жасады деуге болады. Алғашқы отты қарудың түрі 1132 жылы Қытайда жасалды. Ол Бамбук «отты найзасы» деп аталады. Бұл қазіргі мылтықтың алғашқы нұсқасы еді. Осыдан кейін – ақ әлемде отты қарудың неше түрлі нұсқалары жасала бастады. Әлемдік өркениеттің бір бөлшегі ретінде қазақ халқының да бұл үрдістен шет қалмағаны белгілі.  

Қазақ халқының арғы түбі саналатын сақтардың ғұн-сарматтардың, кангюлердің, түркілердің, қимақ-қыпшақтардың қару-жарақ соғу өнері даму сатысында бірнеше кезеңді бастан өткерді және жалпы адамзаттық өркениетке үлес қосты. 

Қазақ мемлекеттілігі қалыптасқаннан кейінгі жаугершілік заманда қару-жарақ жасау ісінің өзектілігі артпаса кемімеді. Бұл ретте тек өз қару жасау ісімен ғана шектелмей әлемдік қару жасау технологиясымен танысып, қыр-сырын меңгеру де маңызды еді. Шет елде шығарылған, әсіресе Батыс Европа елдерінде шығарылған қарулар елімізге әкелінген. Оған дәлел «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің  қорында сақталған отты қарулар.

Музей қорында сақталған Лефоше револьвері ХІХ ғасырдан қалған жәдігер. Жәдігерді тапсырушы қайдан немесе қай жерден табылғаны туралы мәлімет бермегендіктен, металдың тот басуына және ағаштан жасалған бөлшектері шіріп, сақталмауына қарап біраз уақыт топырақ астында көмілеп жатқан деп топшылаймыз.

Әдебиеттерден алынған мәліметтер мен суреттерге қарағанда револьвер қаңқасы металдан, тұтқасы ағаштан жасалған. Ағаш тұтқа винт арқылы қаңқаға бекітілген. Тұтқа шүйдесі сопақша формада металдан  құйылған.

Барабаны қарапайым әрі мығым, қалпақша оңнан солға қарай жарты шеңбер жасай ашылып, оқталады. Шаппаны қайырып, шүріппені әр басқан сайын барабан шеңбер бойымен бір қадам жасап қозғалып, оқшантайдағы бүртікті (шпильечный) оқты кезекпен ұңғыға беріп отырады. Осылай алты атар револьвердің жұмыс стилі жүзеге асады.   

Сақтандырғыш шегесі мен тұтқаның ағаштан жасалған қаптамасы сақталмаған.

1853 жылдан бастап Францияда Казимир Лефоше жасап шығарған. Лефоше атымен  аталатын заводта жасалған.

Лефоше револьверінің бүртікті оққа арналған алғашқы нұсқасы. 1853 жылы Франция әскеріне қолданысқа енгізілген. Франция револьверді әскерге пайдалануға енгізген әлемдігі бірінші мемлекет. Револьвердің бұл нұсқасы Белгияда І - Дүниежүзілік соғысқа дейін шығарылған.

Россияда Лефоше жүйесінедегі револьверлерге 1859 жылы сынақ өткізіледі. Офицерлердің атқыштар мектебінде сол кездегі алдыңғы қатарлы қарулардың ішінен өзінің қарапайымдылығы, қолданылуы, атылуы бойынша  Лефоше жүйесіндегі револьверлер таңдап алынды. ХІХ ғасырдың 60 жылдарында жандармдар корпусының жекелеген бөлімдерінің төменгі лауазымды офицерлерін қайта қаруландыру мақсатында ресми мемлекеттік сатып алулар жүргізіле бастады.

Ол үшін Ресей мемлекеті Казимир Лефошеге 4500 дана, Белгиялық фабрикант Таннерге 1600 дана және Санкт – Петербург қаласындағы Сестрорецком заводына 1000 дана револьверге тапсырыс беріледі, 1871 жылы Артилерия бас басқармасынан Тула қару жасаушысы Гальтяковқа тағы да 500 дана револьверге тапсырыс беріледі. Сонымен, мемлекеттік тапсырыс бойынша барлығы Ресей империясында 7600 дана револьвер жасалынған. Мемлекеттік тапсырыс бойынша жасалған револьверлердің оң қапталында екі басты самұрық құс бейнеленген таңба бар. Жеке сатып алушылар шекерадан өткізген қаруларда ол таңба мөрленбеген. Дегенмен, бұл револьверлер сатылып алынғанымен ел әскерінің жаппай қолданысына ресми түрде енбеген, тек қана басқа да қарулармен қатар қолдануға ұсыныс жасалған. Офицерлерге өз есептерінен сатып алуға да ұсынылған. Бұл қаруды орыс армиясында қызмет еткен қазақ офицерлері немесе қазақ саудагерлері алып келуі мүмкін. Ешқандай жазба немесе таңба сақталмағандықтан кімге тиесілі қару екенін анықтау мүмкін болмады.

Аталған кезеңге жататын келесі тағы бір Отты қару, КРНКА винтовкасы. Ұңғысы болаттан, бедерлі канал тартылған жұмыр ұңғылы. Калибр-15,24 мм, дәлдігі: алғашқыда жаяу әскер 600 м есептелген, кейін ату алаңында 1200 м – ге дейін жетілдірілген.

Білтесі (затвор) ашпалы (суретте), жартылай целиндр формалы, оңнан солға қарай жарты шеңбер жасап ашылады, білтенің (затвор) ортасында сыртқы шүріппенің соқысы арқылы оқ пыстанына соққы беретін өзекше (стержн) орналасқан.

Мылтық дүмі ағаштан, әскери-ғылыми әдебиеттерден алынған мәліметтер (суретте) бойынша сабының ұңғыға бекітілетін тұсы ұзын болуы тиіс, бұл жәдігерде ол қысқа, қисықтау әрі нашар өңделген, сондықтан ағаш дүмі кейіннен қолдан жасалған деуге болады. Ұңғы ағаш дүмге екі жерден метал қамыт арқылы бекітілген. Дүмінің түбі металл қаңылтырмен құрсауланған.

Ұңғыны тазалауға арналған сүмбі (Шомпол), мылтық сүңгісі (Штык) және аспа белдігі жетіспейді (суретте).

КРНКА винтовкасын (ресми атауы–Крынка) 1869 Австрия тумасы, Чех қару жасаушысы Гогенбург бароны Сильвестр Крнка  жасаған. Сол жылы Ресей империясы әскерге ресми түрде қабылдаған. 1856 жылы мергендерге, 1859 жылы жаяу әскерге араналған Берданка оғына лайықталған нұсқалары жасалған.

ХІХ ғасырдың 60 – шы жылдары Ресей әскери ведмоствасы армияны қайта қаруландыру үшін металл гильзалы бір оқтық қаруды белсенді іздестіре бастады.  Қажетті қаруға білтесі (затвор) қарапайым және басқа нұсқаға тез ауыстырылатын болуы керек деген талап қойылған. Осы талапқа жауап беретін Крнканың винтовкасына Ресей әскери ведмоствосының назары ауады. Бұл винтовканың негізгі артықшылығы қарапайымдылығы мен қайта жабдықтауының жеңілдігі еді.

Бұл қарудың негізгі кемшілігі жылдам оқталып, жылдам атылмайтындығында. Себебі қару таза кезінде бос гильзаны ұңғыдан өзі шығаратын болса, біраз жұмыс істеген соң қолымен алуға, кейде, сүмбімен (шомпал) итеру арқылы алуға тура келеді. Бұл қаруды қайта жабдықтау нұсқасы Ресейде 1869 жылы 18 мартта бекітілді. Қаруды қайта жабдықтау мемлекеттік және жеке кәсіпорындарда жаппай жүргізілді.

Орыс – түрік соғысында осы Крнка винтовкасы орыс әскерінің негізгі қаруларының бірі болды.

Көшпелілік өмір салтын 20 ғасырдың басына дейін сақтап келген қазақтарда қару-жарақтың өзіндік этникалық сипаты қалыптасты. Қазақтың дәстүрлі қару-жарақтары ат үстінде соғыс жүргізуге сәйкестендіріліп жасалса, тарихи оқиғаларға байланысты,  көрші халықтардың, әлемдік өркениеттің ықпалымен дамып, жетілдіріліп отырғандығын көреміз.

С.Шаметов, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің кіші ғылыми қызметкері

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5413