Сенбі, 23 Қараша 2024
Күбіртке 7085 14 пікір 23 Шілде, 2018 сағат 18:13

Айна... ол  біздің әлеуметтік ахуалымызды кезекті рет әшкере етті

Денис Теннің қыршынынан қиылған ғұмырына қайғырмаған қазақ кем шығар. Иә, қайғырмағандар да, оның ана дүниеге иманды болып кеткеніне күмәнмен қарағандар да болды. Фейсбук әлеуметтік желісінде Жомарт Айтқазы дейтін әріптес ініміз дұрыс жазды: мұз айдынында жұлдыздай аққан жас жігіттің өлімі «ұлтшыл» атанып жүрген азаматтардың барша адамзат баласын бауырым деп сүйетін мейірімділігін, әсіре діншілдердің адамды дініне қарап алалайтындығын әйгілеп бергені анық. Өйткені, діндарлар тарапынан «Денис мұсылман болған жоқ, сондықтан оған иманды салауат ету қате» деген сөздер айтылып қалды. Кім не десе де енді Денис жоқ.

Ал, өмір баяғысынша жалғаса бермек. Бұл арада біздің айтпағымыз басқа. Міне, күдікті ретінде екі азамат ұсталды. Екеуі де өрімідей жас жігіттер. Тіпті, бозбала десек те болғандай. Өкінішітісі: бұл екі бала – қоғамның тірі жетімегі. Тастанды бейшаралар. Ол екеуін қоғам бауырына басқан жоқ, аялаған жоқ, жетелеген жоқ, жақсы іске, игілікке талпындырған жоқ. Ата-ананың азды кем тәрбиесін көріп өскенмін ол екеуін қоғам қатты өгейсітті. Кеудесінен итерді, кері тепті. Ол екеуі жетелесіп қалаға келген еді, қала екеуіне теріс қабақ танытты. Жақсылығына ортақтастырған жоқ, қатыгездікке қарай айдап салды. Себебі, урбандалған қазақ жасымен осы күнге дейін Үкімет (Сағынтаевтың Үкіметін ғана бұған айыпты ету қате) жұмыс жасаған емес. Олар қайда келіп жатыр, қайдан келіп жатыр? Не істеп жүр, не істемек? Биліктің бұл сұрақтарға қайырылуға, жауап іздеуге мұршасы да, ниеті де болған емес.

Биліктің «жас» деп жүргендері студенттер, мектеп оқушылары. Мемлекеттік қызметтерге тұяқ іліктірген жас мансапқорлар. Ал, мына балалар...олар – қара базар жағалап, тәшкі сүйретіп, далада қалған жоғалған ұрпақ. Содан кейін ғой, оларды түрлі қылмыстық топтар мен жат пиғылды діни ағымдар иектеп алды. Осыдан екі жыл бұрын Алматыны бір жас жігіт бөрі тигендей дүрліктірді. Сөйтсек, ол бұрын сотталған екен, министр Қасымовтың өзі мойындады, көптен бері полицейлерге кеткен кегі бар екен, қаны қатып жүріпті. Содан кейін қолына қару алған да, полиция жасағына қарсы оқ атқан. Ақтөбеде, Атырауда ел ішін алатайдай бүлдіре жаздаған содыр сойқандар да ыза кегі шектен шыққан әсіре діншілдер болды. Оу, Ай мен Күннің аманында атыс-шабыс тілеп, жау шақырып қазақ жастарына сонша не көрініпті?

Біздіңше, осының бәрінің астарында әлеуметтік теңсіздік жатыр. Әлеуметтік стагнация, құлдырау мен күйзелістегі көңіл-күй жатыр. Шектен тыс кедейленген елдің күрсінісі жатыр.

Міне, қараңыз, Денис заманының, айнала қоғамының әлдиінде өсіп, мұрат мақсатына ерте қол жеткізді. Оны баққуатты әкесі ғана емес, Қазақстандағы бай кәрістер диаспорасы қамқорлығына алды. Болашақ Олимпиада жүлдегерін кешегі Ниден бастап бүгінгі Ким, Нандарға дейін аялап бақты десек, аса қателесе қоймаспыз. Сондай аяулы ұлдың құрдастары көшеде телім-телім болып, көрінгеннің бөзіне көз сүзіп, ұрлық-қарлық жасап жүр. Біреуді тонап, біреуді арбап, біреуді алдап күнелтуді ғана біледі ол байқұстар. Қаладағы «жүгермектеріне» жағдай жасап бере қоюға тұрмысы жұпыны, жүдеу көңіл әке-шешенің мүмкіндігі шектеулі. Қалалық өкімет болса, «қаңғыбастарды» полицияға аңдытып қоюды ғана біледі.

Алайда, біз келтірген дәйектердің бір де бірі күдіктілер мен қылмыскерлерді ақтап алуды білдірмесе керек. Адам болатын адам адам болудың жолын іздейді, жарыққа ұмтылады. Жақсы орта табады. Әйтсе де, жас адамның даңғыл жол тауып кетуі қашаннан қиын екені бәрімізге белгілі емес пе? Денис Теннің адам қолынан қаза табуы бізге жоғарыдағы жайттарды, адасқан қазақ жастарының тағдырына қайта бір оралуды ойлатты. Өкінішті-ақ, өрімдей екі жас айна ұрламақ болып, абайсызда адам қанын мойындарына жүктеді.

Айна... ол  біздің бар болмысымызды кезекті рет әшкере етті.

Д. Қасенұлы

Abai.kz    

14 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5385