Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 7168 0 пікір 12 Маусым, 2009 сағат 11:59

Құрама дегеніміз қандай ұлт?

 

 

 

 

Түрік деген алып теректің бел баласы - Қазақ халқы бір кездері дәуірлеп, төрткіл дүниені тітіретсе, тағдырдың жазуымен басынан қаралы кезеңді де өткізіп, ұлы ұрымға, қызы қырымға сатылды. Өткен тарихымыздағы Қазақ деген көшпелі жұрттың жан сауғалап, тентіреп кеткен ең азалы кезеңі XVIII ғасырдағы «Ақтабан шұбырынды», Алқакөл сұлама» жылдары еді.
Осы қаралы жылдары Қазақтың талай рулары өз үйірінен адасып, басқа халықтарға барып сіңісті. Осындай қазақтан еншісін алып, кейін өзбек ұлтына сіңіскен ұлыстардың бірі Құрамалар еді. Біз, бүгінгі зерттемемізде осы Құрамалар жөнінде әңгіме өрбітпекпіз. 
Сонау тоқсаныншы жылдардың басында бала кезімде нағашыммен еріп Ташкенге барғанымда, нағашым өзінің университетте бірге оқыған сабақтасына жолығып қалып, көптен бір-бірін көрмеген екі дос мәре-сәре болып, шүйіркелесе кеткен еді. Түрі өзбекке ұқсағанмен, нағашымның әлгі сабақтасының қазақшасы ағып тұр. Кейін, нағашымнан: «Бұл адамның ұлты өзбек пе? - деп сұрағанымда, нағашым: «Оның ұлты - Құрама, руы - арғын» - деп жауап берді. Бұдан кейін қазаққа  қырғыз бен қарақалпақ және ноғай секілді тілі өте ұқсас Құрама деген туыс ұлт бар екен ғой деген ойға қалған едім.
Кейін, жазушы Қабдеш Жұмаділовтың «Дарабоз» атты шығармасынан; «Ақтабан шұбырындыда» Ташкенге Қазақтар босып көшіп барып, тайпаластарынан ажырап қалған отбасылары кейін, етек-жеңін жинап, бірігіп «Құрама» атты тайпаны құрды» деген деректі оқып, баяғы Ташкенде көрген нағашымның Құрама досының тілі неліктен қазаққа ұқсас екендігін түсіндім. Дегенмен, Қабдеш Жұмаділовтың бұл еңбегі прозалық шығарма болғандықтан, бұндағы Құрамалар туралы деректің ғылыми негізі жоқ еді.
Халық арасында Құрамалар жөнінде түрлі хикаялар айтылады. Бірақ, бұл хикаялардың ғылыми негізі әлсіздеу. Ал, Құрамалар жөнінде ең алғашқы этнографиялық жазба деректерді орыс зерттеушілері жазып қалдырған. Солардың бірі шығыстанушы И.Г.Андреевтың еңбегінде Құрамалар жөнінде мынандай дерек айтылады:
«Жаңадан пайда болған бұл Құрама халқы туралы ештеңе айта алмаймыз. Бір білетініміз ташкенттіктер, қашқарлықтар мен бұқарлықтар, оларды «жаңа қауым» деп - таниды. Осыған қарағанда олар басқа бір жерлерден ауа көшіп келгенге ұқсайды, кейбіреулерінің айтуынша, олардың қауымдастығы хиуалықтар мен қарақалпақтардан құралған, көпшілігі қашып келген қарақшылар. Олар көбейе келе, не әскері, не билеушісі жоқ, Бұқар қалаларын иемденіп алған. Ташкент қаласының, Сырдарияға құйып жатқан Шыршық өзенінің ар жағында Қоқан қаласымен шектесіп жатыр. Олардың саны он мың адамнан аспайды; малы да, егістігі де жеткілікті, Қоқан бегінің қол астында, Ташкент қаласынан 50 версттай қашықта жатқан тоғыз қаласы бар, олар; 1) Піскент, онда сегіз жүз түтін, 2) Кереуші, бекініс есебіндегі қала; 3) Шарукия, Ходжант қаласының билігіне бағынады; 4) Боқа онда мың түтін бар; 5) Мұратәлі; 6) Кирейт Бақсу; 7) Қарақтай ; 8) Қалай-мөр;  9) Пангас.
Бұл қалаларда құрамалардың қыста тұратын баспаналары бар, ал жаз уақытында олар егін егіп, мал ұстау үшін қала маңына көшіп шығып, өздерінің қалаларына жеткілікті түрде күшті күзет қояды. Бұлар да қырғыздар сияқты асау халық, Бұқар керуендеріне үнемі зияндарын тигізіп келеді.
Шығу тегі арыдан емес, беріден, осы ғасырдан басталады. Мұхаммед заңын ұстанады. Осыдан елу жыл бұрын олар онша көп емес еді. Қазір олар қуаттанып алғаны сондай қытайлар да, қырғыз-қайсақтар да және оларға жақын тұратын жабайы қырғыздар да оларға шапқыншылық жасай алмайды... (Андреев И.Г 18 бет. Туркестансикий альбом пос распоряженію Туркестанского генерал губернатора генераль адютанта А.П фонь Кауфан составиль А.Л Кун 1871-1872)
И.Г. Андреевтің келтірген бұл дерегі Құрамалардың шығу тегін дәл көрсетіп бере алмағанмен, Құрамаларды Ташкент пен Қоқан қаласының төңірегіне басқа жақтан көшіп келгендігі мен олардың көшпенділерге тән асау халық екендігі және қарақшылықпен айналысуын айтуы, Құрамалардың Қазақ пен Қарақалпақ руларынан құралғандығын көрсетеді. Ал, бұл жерде «...кейбіреулердің айтуына қарағанда Құрамалар хиуалықтар мен қарақалпақтардан шыққан» деген дерек, нақты тұжырым емес, болжам ретінде айтылған.
Бұдан басқа, ескі деректерге сүйене отырып, Қазақ ұлттық энциклопедиясын жасаушылар Құрамалар жөнінде мынандай деректерді келтіреді:
«Құрама  -  тайпа, ұлыс. Өзбекстан Республикасындағы Шыршық пен Ангрен өзендерін мекендеген, өздерін өзбек ұлтына жатқызатын түркі тілдес ұлыс. «Құрама» термині XV ғасырдан бастап пайда болды. Құрама қазақтың үш жүзінің тайпалары, ішінара өзбек, қарақалпақ руларының араласуынан XVIII ғасырдағы «Ақтабан шұбырынды» жылдарынан кейін қалыптасқан. 1897 жылғы санақ бойынша Ташкент уәлаятында 17 мың Құрама мекендесе, 1917 жылы олардың саны 53 мыңға жеткен. Ислам дінінің Суннит бағытын ұстанады.
Құрамалар XVIII  ғасырдан отырықшы тіршілікке көшіп, егіншілікпен айналыса бастады. Бау бақша, жүзім өсіру шаруашылықтары елеулі ролі атқарды. Мақта мен күріш өсіреді, қой, ешкі, ірі қара мал ұстайды. 1939 жылғы санақ кезінде Құрамалар жеке халық ретінде тіркелді. Бірақ, 1959  жылы өзбек ұлтының өкілдері ретінде санаққа кірді. Құрамалардың қазіргі тұрмыстық тілі қазақ және өзбек тілдерін байланыстырушы тіл ретінде қалыптасқан»  (Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясы. 126 бет).
1867 жылғы Патша Үкіметінің әкімшілік реформасында Түркістан генерал губернаторлығына қарасты Сырдария облысында Құрамалар арнайы өз алдына уезд болып құрылды. (История Узбекской ССР, т. 2, 21.) Құрамалардың арнайы уезд болып құрылуының себебі, Құрамалар шашыраңқы емес, қала және қышлақтарда тығыз қоныстанған еді. Бұған жоғарыдағы шығыстанушы И.Г.Андреевтң өз шығармасында Құрамалардың біріңғай қоныстанған тоғыз қаласын көрсетуі дәлел бола алады.
Тарихшы Сейітқали Мадуановтың айтуына қарағанда, Патша үкіметінің 1887 жылғы Сырдария облысындағы халық санағы бойынша 1 123 786 адам болса, 1909 жылғы халық санағында Сырдария облысында 1 796 655 адам өмір сүрген. Осыншама халықтың 90 пайызынан астамы қазақ пен өзбектер, қалған 10 пайыздайы өзге ұлттар мен ұлыстар болған (Сейтқали Мадуанов. История Казахско Узбекских отношений в ХІХ начале ХХ вв. 64 б. Түркістан 1992). Осы жерде тарихшы Сейітқали Мадуанов Ташкенттегі қазақ пен өзбектен өзге 10 пайыз ұлттар деп осы өңірдегі Құрамаларды айтып отырған секілді. Себебі, 1917 жылғы халық санағында Құрмалардың саны 53 мыңға жеткен еді.   
1594 жылы Тәуекел хан Ташкент уәлаятын Бұқар хандығынан тартып алғаннан бері, Ташкент Қазақтың Ұлы Жүзінің орталығы болып келді. Өзбектің Мың руының билері құрған Қоқан хандығы тұсында Ташкенттің билігі (1800-1864)  қолдан кеткенмен, Ташкентте қоныстанған негізгі халық қазақтар еді. 1867 жылы құрылған Түркістан генерал губернаторлығының орталығы Ташкент қаласы болып бекіді. Түркістан генерал губернаторлығына Сырдария және Жетісу облыстары, кейін 1890 жылдары Ферғана облысы кірді. Патша үкіметі дәуірінде де Ташкент уәлаятында қазақтар мен өзбектер қатар өмір сүрді. 1887 жылғы халық санағы бойынша Ташкенттегі қазақтар мен өзбектердің саны дәл көрсетілмегенмен, екі ұлттың арасалмағы шамалас болатын. Кеңес үкіметі орнаған жылдары 1930 жылға дейін Ташкенттің Қазақстан мен Өзбекстанға ортақ қала болуының себебі, Мәскеу билігі Ташкентті қайсы республикаға беретіндігін білмей дағдарды. Себебі, Ташкент уәлаятында қазақтар мен өзбектердің саны тең дәрежеде еді. Кейін, Мәскеу билігі Ташкентті Өзбекстан Республикасына беретін болып шешті. Осыдан кейін, негізінен Қазақтың әртүрлі руларынан құралған Құрамалар Өзбекстанға бағынышты болып, соңғы жарты ғасырда біртіндеп табиғи түрде өзбектене бастады. Ресми деректерде 1959 жылғы халық санағында Құрамалар өзбек ұлты ретінде тіркелгенмен, заңгер Кәрімберген Шеметаевтың айтуына қарағанда, Құрамалар 1969 жылғы халық санағынан (К.Ш осы жылғы халық санағына қатысқан) бастап өзбек ұлты деп саналған. 
Белгілі түрколог Сейдін Байзақовтың айтуына қарағанда Құрамалардың тілі ғана емес, антропологиясы да қазаққа келіңкірейді, сондай-ақ, Құрамалар негізінен қазақтың үш жүзі мен қарақалпақ рулары және қыпшақ текті өзбек тайпаларынан да құралған (Сейдін Байзақов. Түбі бір түркілер. Алматы.2000. 228 б).
Елімізде, Құрама атындағы бірнеше тарихи атаулар және елді-мекен аттары ұшырасады. Солардың бірі Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы Ақжар ауылындағы Құрама деген көне бекініс орны болса, екіншісі Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданындағы Жартытөбе ауылы округіне қарасты Құрама елді-мекені. Сарыағаштағы Құрама ауылы Ташкентке жақын орналасқандықтан, мұнда Құрама ұлысының бір уақыттарда өмір сүргендігін көре аламыз. Сондай-ақ, Өзбекстан Республикасындағы Шымған жотасынан Ферғана жазығына қарай созылып жатқан Құрама деген сілем бар. Белгілі геолог М.Серікбаевтың айтуына қарағанда, сілемнің Құрама атануының себебі бұл таудың бөктерінде бүгінге күнге дейін Құрамалар өмір сүреді екен. 
Бүгінгі күнгі Өзбекстандағы Құрамалар өздерінің шыққан тегін ұмытқан емес. Қариялары қандарының қазақ екенін үнемі айтып отырады. Елуінші жылдарға дейін Құрамалар өздерінің тілін (Қазақ тілі мен Өзбек тілінің арасындағы аралық тіл) ұмытпаған еді. Бірақ, кейін, біртіндеп өзбектене бастады. Қәзір, көне-көз қариялары болмаса, жастары қазақ тіліне ұқсас Құрама тілінде сөйлей білмейді. Құрамалардың тілі өзбекшеге ұқсағанмен, қаны қазақтікі. Сондықтан, тарихи негіздерге сүйене отырып, Құрамаларды толықтай қандасымыз немесе шеттегі отандасымыз деп айтуымызға болады.
Тарихшылар мен әлеуметтанушылар және тілші ғалымдарымыз Құрамалардың өткені мен бүгінгі өмірін, сондай-ақ, өзгеде ұлт немесе ұлыс ретіндегі мәдени ерекшеліктерін екшеп, ғылыми тұжырым жасаса, Құрамалардың табиғи болмысын сақтап қалуға мүмкіндік туған болар еді. Құрамалар Қазақ пен Өзбекті тел емгендіктен, екі ұлтты жақындастырушы алтын көпір іспетті. Жалпы, біз, екі халықтың татулығына ұйытқы болатын мәдени байланыстарды дамыта беруіміз керек. Осы тұрғыда, Құрамалардың мәдениеті мен тарихының зерттелуі аса маңызды. Ендеше, Құрама деген туысымыздың бар екендігін ұмытпайық ағайын!

 

 

Мұхан Исахан   
«Қазақстан Заман» газеті 30 сәуір 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5570