Жексенбі, 24 Қараша 2024
Бұ не мазақ? 29778 41 пікір 25 Шілде, 2018 сағат 18:53

Абайға тіл тигізген "қисық ауызға" бірер жауап...

Біз - Ұлы Абайдың атын алып, қазақтың жоғын жоқтап, жоғалғанын іздеп жүрген порталмыз. Сондықтан да, ұлттың ұстазына қарсы жасалған  әр шабуыл - бізге, қала берді Алты Алаштың бар баласына жасалған қиянат деп білеміз. Бүгін Нұрлан Байділдә атты кәсіпкер Ұлы Абай хәкімге тіл тигізді. "Абай осы заманда өмір сүрсе, әрі кетсе блогер болар еді" деп гөйтті. Әрине, "Абай елді басқармады, халқына ешқандай пайда тигізбеді" деп айту үшін де білім қажет еді. Қазір "аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін" дейтін заман. Сонда да "қисық ауыз" бай баласы айтты екен деп, үндемей қалуға арымыз жібермеді...

Нұрлан Байділда

 

Сөзіміз дәлелді болуы үшін тек үш мысалмен ғана жауап қатқан жөн шығар.

 

Бірінші мысал

Бас-басыңа би болған өңкей қиқым,

 Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын.

 Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

 Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың, –

деп Абай неге айтты?

Бұл арадағы Абайдың “Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың” –  деп отырғаны –  рухани тәуелсіздік. Яғни, басыбайлы бодандық. Ырық, жігер, қайрат, билік, заң, мұқым ел –  жатқа, жаттың ырқына тәуелді. Себебі, қанша ұмтылсаң да сенің еңбегің еш болмақ. Яғни:

Басың дауға, малың жауға –

кетеді. Сондықтан да:

Қор қылма, қорға, татулас, –        

дейді Абай.

Неге басың дауға түседі? Малың неге жауға кетеді? Кім осының бәрін арандатып отырған? Неге ұлттық татулыққа шақырады? Астарына үңілсеңіз Абай өзінің елін Азаматтық мойынсынбауға үндеп отыр. Себебі: әділ заң жоқ, дұрыс экономикалық жүйе жоқ. Тек қана сені қанау бар және ешқашанда әділдік тілеп ақиқатқа жетпейсің, өйткені:

Өтірік, ұрлық,

Үкімет зорлық,

Құрысын, көзің ашылмас,-  

деп ойын одан әрі сабақтайды Абай.

Демек, мұқым елді тығырыққа тіреп, “ырқын алған” зорлықшыл күш – жаһил мемлекет болды ғой. Ал Абайдың тұсында қос үкімет жоқ, жалғыз-ақ патша ағзамның дәргейі жүріп тұрған. Абай сол ағзамды “зорлықшыл үкімет” деп бағалап отыр (Тұрсын Жұртбай).

Абайды күстаналағыш Нұрлан Байділда дәл осы дәргейде бүкіл Алашқа үн қата алды ма? Қазірдің  өзінде қазақтың мың сан проблемасы бар. Соның  біріне Абайша үн қатып па? Өз тілінде емес, өзге тілде көсіліп отырған ол нені бітіріпті? Бүгін ғана "Құл - қожайынның тілінде сөйлейді"  деген мақала жариялап едік. Тым құрығанда құлдық қамыттан мойнын ажырата алмай отырып, Абайды сынағаны қалай?

 

Екінші мысал

Абай Құнанбайұлы қазақ даласында тұңғыш жарық көрген праволық құжат 74 баптан тұратын «Ереже» деп аталатын заң нұсқасын жазып шықты. Ол Заң Семей облысының Қарамола дейтін жерінде бес дуан елінің билері съезінде қабылданып, бекітілді.

1885 жылдың  мамыр айында  өткен Семей губерниясына қарасты бес ояздың би-болыстары, ел билеуші ақсақалдары бас қосқан Қарамола жәрмеңкесіндегі қабылданған Заңды білмей тұрып, көсемсу - ақымақтық.

Съезді Семейдің генерал-губернаторы, генерал Цеклинский басқарады. Бұл жәрмеңкеде өткен съезде Семей қазақтары үшін қылмысты істерге қарсы арнайы заң ережесін қабылдауды ұйғарады. Цеклинский Абаймен жолыққанда, Абай жалпы қазақ даласын орыс заңдарымен ғана басқаруға болмайтынын, бұл елдің өзінің ерекшеліктері бар екенін, атадан балаға ғасырлар бойы мирас болып келе жатқан әдет-ғұрпы, заңдары барлығын, көп мәселелерді қазақ ішінде осы заңдар негізінде шешуге болатындығын айтады. Бұл кезде Абайдың басына қара бұлт үйіріліп, кейбір атқамінерлер Абайды осы жиында құртамыз деп келген еді. Керісінше, Абайдың патша ұлықтарымен жолыққаннан кейін оның зерек, терең білімді адам екеніне көздері жетіп, ешқандай қиянатқа бармайтынын түсінгеннен кейін әлгі адамдар Абайды төбе би етіп сайлайды. Абай Шар бойында үш күннің ішінде жанына бірнеше адамды ғана алып, 100-ден артық баптан тұратын заңды жасайды. Абай қазақтың бұрынғы заңдарын жетік білетіндігін, сонымен қоса орыс заңдарын да терең білетіндігін көрсетіп, осылардың барлығын үйлестіре отырып, өзі өмір сүріп отырған дәуірдегі қазақ қоғамына қажетті заңдарды жазып шығады. 

Абай қазақ елінің әдет-салтын, жете зерттей отырып, адам құқын жан-жақты қорғауға белсене қатысады. Осылайша үш күн, үш түн ішінде Қарамола съезіне арнайы заң ережесі жасалып, билер талқысынан өтеді. Абай жазған қазақтың жаңа заң ережесі (74 статья) қабалданады (Алмахан Мұхаметқалиқызы).     

Біздің кәсіпкеріміз Абайтанудың әліппесі саналатын осыны да білмегені ме? Мұншалық деңгейде сауатсыз бола тұра, бар қазаққа ақыл айту масқара емес пе? Заң мен зәкөн билеген заманда 74 бапты Ереже жазу - сол тұстағы қай батырдың, қай бидің тәлейіне жазылыпты. 

 

Үшінші мысал

Патшалық басқарудың зы­миян­дық астарына, отарлық заңның сұр­қия­лы­ғына көзі жеткен Абай: «Қысқа күнде қы­рық жерге қойма қойып, қу тілмен қулық сауған заңы құрысын», – деп күйінеді.

Қа­зақтың ру­хын, ділін, дәстүрін түбегейлі құр­туға ба­ғыт­талған аяр заңның астарын аңдаған Абай:

«Қызмет қылма оязға, жан­бай жатып сө­нуге.

Қалай сабыр қыларсың, жанбай жа­тып сөнуге?», – дейді.

Сөйте тұра өзі 18 жыл бойы ел басқару ісіне ара­ласты. 12 жыл бо­лыс, екі кезек (3 жылдан 6 жыл) би болды.

Шын мә­нінде, ояз­дық, болыстық билік Ресей отар­шыл­ды­ғының құралы болса да, Абай қа­зақ­тың мүд­десін, қарашаның теңдігін, әділ­дік пен туралықты үстем етті.

Нұрлан Байділдә бауырымыз Құнанбайды әспеттеймін деп отырып, "Абай ауылды да басқармады" деп қалды. Сонда еліне ресми 18 жыл билік еткен Абайды қайда жібермек? Оның ойында Абай хәкім  өзімен-өзі күңіреніп, өлең  жазып жүрген қара шал болып елестейтін болғаны ма? Өмірден түйгені мен көргені көп адамның артында ғана сөз қалады. Соны да білмей ме, бұ пәтшағар!

Түйін

Абай  -  Құнанбайдың қасында жүріп, ел ішіндегі қаншама даулы мәселені шешті.

Абай - бүкіл Алашорда идеясының қайнар бұлағы. Оның шәкіртері мен балалары Алашорда жолында күресті. 

Абай - әлі күнге азаттықтың ақ туын ұстап, бар қазақтың арқасүйері болып тұр. 

Абай - қазақтың ойы!

Күрес жолы - қолға қару алу ғана емес. 

Біздің айтпағымыз  осы ғана...

 

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

41 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543