Кейбір қазақтардың өзбектенуі нақшбандийа тариқатын енгізуімен тікелей байланысты
Ұлы жүз тайпалары Есім хан мен бұрыннан Ұлы жүзге пір болған, кейіннен нақшбандийа тариқатына өтіп, солардың сойылын соққан қожа әулеттерінің алдауына түсіп, нақшбандийа тариқатын жартылай мойындады. Олай дейтініміз, қазақтың көшпелі өмір салты нақшбандийа өкілдерінің ықпалынан сақтап қалған басты қуат болы ғой деймін.
Қазақтың көшпелі өміріне дағдыланбаған нақшбандийа шайқтары қазақ халқымен етене араласып, бірге бола алған жоқ. Тек , жылына бір рет келіп, зекетін жинап кетумен ғана шектелді. Бұл көпшілік жағдайда дәстүрлі қазақ қоғамының сақталып қалуына пайдасын тигізді. Ал, отырықшы өмірге дағдыланған Қазақ жерінің Оңтүстігіндегі қалалар мен олардың айналасындағы халықтар өзінің дәстүрлі мәдениетінен ажырап, соғды, тәжік мәдениетін қабылдадады. Ал Тұрсын Мұхаммедті қолдаған йасауийа тариқатындағы қатағандардың бесіктегі баласына дейін қырылуы, Ұлы жүз құрамындағы йасауийа тариқатындағы кейбір тайпаларды Орта жүз құрамына өтуге мәжбүр етті. Мысалы, «Өзбек шежіресі» / XIV-XV ғғ./ атты шежіреде Ұлы жүз құрамында болған Құлшығаш руының қазіргі шежірелерде Орта жүз Қоңырат құрамында жүруінің басты себебі де осы болса керек. Сондай-ақ, қатаған, шанышқылы руларының кейбір аталары да қашып, Орта жүз құрамына өтіп кетеді.
Есім хан өзінің қазақ арасына ендірген нақшбандийа тариқатының жолын біржола ашу мақсатында өзінің әйгілі, қазақ арасында «Есім ханның ескі жолы» аталған заң жобасын қабылдатты. «Ескі жол» аталу себебі, Түркістан жерінде Қожа Ахмет Йасауиге дейінгі қоғамдық қатынастарды реттейтін шариғат үкімдері қайта қалпына келтірілді. Сөйтіп, бұл заң қазақ қоғамын артқа сүйрейтін, қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен әдет-ғұрып, салт-дәстүріне қарсы жасалынған заң жобасы ретінде қазақ тарихына енді. Өкінішке орай, заңдар тарихына қатысты зерттеулерде қазақ қоғамындағы діни-идеологиялық процестер ескерілмегендіктен қазақ тарихында белгілі болған «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Тәуке ханның Жеті Жарғысы» араларындағы айырмашылықтар саралап көрсетілмей келеді. Мысалы, «Есім ханның ескі жолы» мен нақшбандийа тариқатынның ықпалын толық мойындаған, нақшбандийа тариқатының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын толық қабылдаған қазақ рулары жүздер құрамынан шығарылып тасталды.
Қазір қазақ жүздері құрамына кірмейтін сунақ, шалақазақ, Түркістан, Шымкент, Тараз маңындағы өзбектердің пайда болуы Есім ханның қазақ арасына нақшбандийа тариқатын енгізуімен тікелей байланысты. Бұлардың арғы тегін зерттей келгенде олардың көпшілігі кешегі қазақ руларына баратынын осы мәселеге қатысты жүргізген зерттеу жұмыстарымыз дәлелдеді. Мысалы, қазір Түркістан маңындағы Қарнақ қыстағында 100% өзбек тұрады Шыққан тегі жағынан солардың 95% қазақ екендігі анықталды. Ал, Қарашық қыстағын мекендеп отырған халық та солай. Ол жерге Қыпшақ тайпасының Көкмұрын тармағынан үш жүз үйді отырғызып, 200 қос жерді хандар арнайы бөліп бергендігін айтады. Ал, сунақтар құрамындағы аталарға қарайтын болсақ, онда олардың үш жүз құрамындағы рулардан құралғанын байқауға болады.
Зікірия Жандарбектің Facebook-тегі парақшасынан
Abai.kz