Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
«Соқыр» Фемида 10734 6 пікір 31 Шілде, 2018 сағат 07:04

Әр қанішерге айына 150 мың теңге ақша жұмсаймыз...

Мемлекеттің қалтасы - тесік қалта. Оның тесігінен қанша қаржы қай жаққа құйылып жатқанын бақылау қоғамның назарында болуы керек. Өткенде КТК арнасының "Аптап" бағдарламасы  Қазақстандағы ең қатаң режимдегі колония саналатын "Қара бүркіт" түрмесіне қатысты сюжет көрсетті. Сол бағдарламада әр бір жазасын өтеушінің тамағына күніне 5 мың теңге, яғни айына 150 мың теңге жұмсалатынын айтты. Еліміздегі бостандықта жүрген, жоғары білімді, қоғамға пайдалы азаматтың өзі маңдай терімен 150 мың теңге жалақы алмайтын кезде кісі қанын мойына жүктеген адамға осынша қаржыны ысырап ету абсурд емес пе?

"Қара бүркіт" колониясы - Қостанай облысының Жетіқара ауданында орналасқан. Мұнда  өмір бойы бас бостандығынан айырылғандар мен аса ауыр жазаға  кесілген қылмыскерлер  отырады.  Қазір “Қара бүркітте” жазасын өтеп жатқан 128 адам бар. Олардың ішінде асқан қатыгездікпен адам өлтіргендер, маняктар мен педофилдер бар.

Рустам Ибрагимов

Мәселен, 2006 жылы саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісін өлтірген Рустам Ибрагимов дәл осы жерде жазасын өтеп жатыр. Ол, саясаткердің өлімінен кейін өмір бойы бас бостандығынан айырылған болатын.

Владислав Челах

Сонымен қатар, 2012 жылғы  Арқанкерген оқиғасының бас кейіпкері Владислав Челах та осы абақтыда. Ол 2012 жылы 15 шекарашыны бір өзі өлтірді деп айыпталған. Сөйтіп, небәрі жиырма жасында темір тордың ар жағындағы өмірді таңдап, мәңгілікке бас бостандығынан айырылды. Алайда, “Жас қалпымды сақтап қалу үшін йогамен айналысамын” деп анасына хат жазғанына қарағанда, Челахтың түрмедегі ахуалы жаман емес сияқты.

Руслан Күлікбаев

Сондай-ақ, 9 тәртіп сақшысын жер жастандырған Руслан Күлікбаев та “Қара бүркіттің” өз адамы. 2016 жылдың шілде айында Алматыны дүр сілкіндірген Күлікбаев өз ісіне еш өкінбейтінін, қандай жаза қолданса да сабырмен көтеретінін айтқан.

Сонымен, қазақ қоғамының үрейін ұшырған аса ірі оқиғалардың кейіпкерлері отырған  “Қара бүркіттің” жағдайы қандай?

Мұнда әр сотталған адам күн сайын ыстық сорпа, жеміс шырыны және аптасына екі рет балық жейді екен. Бұған қоса, мәзірге кисель, шай, сүт, айран, май, шұжық, ірімшік т.б кіреді.  Былайша айтқанда, бостандықтағы адамның дастарханынан табыла бермейтін нәрлі тағамдар. Ондағы жазасын өтеушілер: “ Біздегі сотталғандар асханада жұмыс істейді, олардың айтуынша, үйдегідей даярлаймыз дейді. Бақылаушылар құрамы түскі аста болған кезде, олардың сілекейлері ағып тұрады. Қазір мұнда тапсырысқа әртүрлі азық-түліктер әкеледі, тіпті балмұздақ та алып келуі мүмкін, - дейді.

Ал, мұның барлығы сіз бен біздің мемлекетке төлеп жатқан салығымыздың ақшасына алынады. Яғни, мұндағы бір адамға күніне 5 мың теңге ақша жұмасалады. Ал, әр қылмыскердің жағдайын жасау үшін айына 150 мың теңге кетеді екен. Әрі қарай жылдық қаржыны есептей беріңіз...

Жалпы, қазір еліміз бойынша 86 түрме бар. Алайда, сол абақтылардың  ар жағындағы өмірдің шын мәнінде қандай екенін білмейміз. Бірақ, онда да миллиондаған қаржыға жасалған арнайы вип-камералар бар екені жасырын емес. Ал, ол жерде кімдер отыр? Сол отырғандарға жұмақ жағдайды жасап бергендер кімдер? Неге біздің биліктегілердің қанішерлерге келгенде қолы ашық? Түсініксіз.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

 

 

 

6 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036