Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әне, көрдің бе? 4146 0 пікір 1 Тамыз, 2018 сағат 13:16

Бас прокуратураның атын жамылған алаяқтар кімдер?

Осыдан екі жылдай бұрын туристік салада алдаумен айналысып жүрген «Арт Азия» деген фирманың үстінен алданған бірнеше адам сотқа жүгінсе, судья жасалған құжаттар дұрыс, сондықтан ешқандай алаяқтық жоқ, «бәрі заңды» деп шешім шығарып, көзге көрініп тұрған  қылмысқа қарсы еш әрекет жасай алмай, алдауды заңдастырып, істі жауып тастаған. Бұл туралы «Информбюро» сайтында егжей тегжейлі жазылған. (С.Маулетбай., «Как турфирмы разводят лохов туристов не преступая закон», 29. 11. 2016 г.)

Сөйтіп... Істерінен заңсыздық табылмаған «Арт Азия» содан бері жүген- құрықсыз жосып, өздерінің әрекеттерін жалғастыруда екен. Қазір тіпті ешкімнен айылын жимай, Астанадағы Бас прокуратураның түбінен офис ашып, клиенттерін сендіре түсу үшін оның атын жамылуға дейін барып отырған көрінеді. Жуырда біздің бір әріптесіміз өзінің қалай алданғаны туралы былай баяндап берді:

«Бұлардың «менеджерлері» түрлі супермаркеттерде, көпшілік орындарда сығанның әйелдері құсап адамдарға жабыса кетіп, қолдарына «дисконт карта» деген бір қағазды тықпалайды екен. Маған да бір орыс әйелі жабыса кетіп, жуырда болатын ұтысқа қатысыңыз, ештеңеңіз кетпейді, мына нөмеріңіз ұтып шығады деп әлгі қағазды қолыма сұғып, атым мен телефонымды жазып алды».

Дамыған елдерде осының өзі-ақ жеке адамның құқы мен бостандығына қол сұғушылық деп табылар еді. Дем алып, өзімен өзі жүрген адамның мазасын алып, «мынаны ала көрші» деп біреудің бірдеңені тықпалауына оларда жол жоқ. Өзіңнің затыңды сатқың келсе арнаулы жалдаған орында, заңды жолмен, салық төлеп, орын алып, өзіңнің ұсынысыңды жасауың керек. Ал өз бетімен кетіп бара жатқан танымайтын адамның мазасын алып, жабыса кетіп, сығандық жолмен, өзгелерге көрсетпей, бірдеме тықпалауға болмайтыны олардың заңдарында ашық көрсетілген. Мұндай іс – заңсыздық, адамның еркіндік құқына қол сұғу деп танылып, арнайы жаза қолданылады. Іздеген кісіге біздің заңдарымызда да ондай бап бар, бірақ оны білуге де, іздеуге де біздің көптеген судьяларымыздың білігі де, білімі де жетпейді... Жасыратыны жоқ, кейде ондай баптарды қасақана білмеген болады. 

Сонымен зардап шегушінің әңгімесін әрі қарай тыңдалық:
«Екі-үш күннен кейін әлгі әйел телефон соғып, менің «Мәңгілік ел көшесіндегі16-1» үйге жұбайыммен бірге жедел келуімді қиыла өтінді. (Ал «Мәңгілік ел -14» үйде Бас прокуратура орналасқан). Не үшін келеміз деген сұраққа: «ұтыстың нәтижесіне қатысасыз, сіз ұттыңыз» деді. Келмей жатып, қатыспай жатып, менің ұтқанымды біліп отырғандары қызық екен деп ойладым да, не де болса барып көрмек болдым. Ертесіне келсек, ешқандай маңдайша, атау жоқ, жасырын деуге болатын, тек бірнеше жас жігіттер мен қыздар толып жүрген орынға тап болдық. Аты жоқ, заты жоқ бұл не қылған орын деп күдіктеніп қалдық. Біз сияқтылар бірнеше жұп екен, әрқайсымызды бір-бірімізбен сөйлестірмей, аласа үстелдер тізіліп, музыка қатты ойнап тұрған бір ұзын бөлмеге кіргізіп, бөлек-бөлек отырғызды. Осы жерде әрқайсымызбен фирманың адамдары жеке-жеке сөйлесіп, «Арт Азияның» жетістігін, табыстылығын т.т. мақтап отырды. Ара-арасында қайбір турфирмалардың жарнамалық роликтерін көрсетіп, отырғандарды тап өздерінің істеріндей таңырқатты. Айтуларына қарағанда 12 300 еуроға бұлардың жолдамаларын төрт жылға алу керек екен, сонда төрт жыл бойы бес жұлдызды қонақүйлерде бірнеше елде дем алуға болады екен. Ақыны қымбатсынғандарға қолма қол 9 400 еуроға түсіретіндерін айтты. Ойланайық, көрейік дегендерге акция бүгін ғана, басқа уақытта мұндай жеңілдік болмайды деп соқты. Осының бәрі күдіктілеу көрінген соң, төрт жылда қандай қалаға, қандай демалыс орындарына баруға болады деген нақты сұрақтар қойсақ ұнатпай, бізге қалай сенбейсіз, біз алаяқ болсақ Бас прокуратураның түбінде жұмыс істемеген болар едік деп беделді органның атын жамылып, бізбен сөйлескен Жандәулет осы сөзді бірнеше рет қайталап, бет бақтырмады. 

Қысқасы біз төрт жылдан бас тартып, ұтыс қашан болады деген едік, оның өткізілгенін, бізге Черногория еліне баратын жолдама түскенін айтты. «Қане жолдама» деген едік, оны анықтаймыз, өзіміз хабарласамыз десті. Ал жолдама тіркелуі үшін 69 мың теңге төлеуіңіз керек деді. Айтқандай жолдама емес, «SRG Global Travel LLP” деген фирманың «жарнамалық сертификаты» дегенді қолымызға беріп, міне, осы барлық жеңілдіктерді жасайтын құжат, ал қай қалаға, қашан баратыныңызды біздің адамдар ертесіне хабарлап айтады деп тықпалады. (Содан бері бізге міне, бір айдан асты ешкім хабарласқан да жоқ).

Әрі ойланып, бері ойланып, бәлки жарнама үшін жеңілдік жасап жатқандары шығар деп, Джамиля Кулаксуевна Кокбаева деген директорының атынан жасалған келісімшартқа қол қойып, 69 мың теңгемізді беріп кеттік... 

Айта кетерлігі, барлық қатынастар, келісімшарт орысша жасалды. Сондықтан да келісімшарттың шарттарын толық түсініп те үлгермедік. Үйге келген соң асықпай қарағанда ғана осының бәрі алдау ісі екенін ұқтық. Өйткені, фирма өздеріне ешқандай нақты міндеттеме алмаған, тек жиырма төрт айда міндеттемесін орындауы мүмкін дегенге саятын бұлдыр-бұлдыр бірдеңелер жазылыпты. 24 ай дегені ұзаққа созып, алдарқатудың амалы. Мұның алдау екенін ұққан соң екінші күні фирмаға келіп, ақшамды қайтаруын талап еткен едім, қайдағы... Маңайларына да жолатпады» деп күйінде әріптесім. 

Міне, осылай, айдың күннің аманында, Астананың қақ ортасында, Бас прокуратураның жанында алаяқтар тобы босып жүр. Оларға әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ, тіпті сол органның атын да жамылатын болыпты. Оларды тия алатын заңымыз жоқ, заң болса да оны қолдануды талап ете алатын құқық қорғау органдарымыз жоқ сияқты, біліктілігі төмен болғандықтан олар халықтың құқын қорғай алмай, ондайлардан жеңіліп қала беретінге ұқсайды. 

Енді не істейсің деген едім, заңды жақсы білетін әріптесім өзінің Бас прокуратураға шағым бергенін айтты. «Бізде барлық жазбаша мәмілелер мемлекеттік және орыс тілдерінде жасалуы міндетті. Қазақстан Республикасының Тілдер туралы заңының 15 бабында «Қазақстан Республикасында жеке және заңды тұлғалардың жазбаша нысанда жасалатын барлық мәмiлелерi қажет болған жағдайда басқа тiлдердегi аудармасы қоса берiлiп, мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жазылады» деп нақты көрсетілген. Мен Заңның осы бабына сүйеніп, орыс тілінде ғана жасалып, маған түсініксіздеу болғаны себепті менің құқым бұзылғанын, сол себепті келісімшартты бұзып, ақшамды қайтарып берулерін өтіндім» деді ол.

Дұрыс-ақ екен, оның үстіне адамдардың құқы мен бостандығына қол сұғып, алдап арбаумен қолдарына күмәнді шақыру қағаздарын тықпалау арқылы, олардың ақшаларынан айрылуына жол ашатын фирманың іс-әрекетіне де тиым берілер деген үміттеміз. Сайып келгенде заң атаулының бәрі адамдардың құқығы мен бостандығын қорғауы керек қой. Өздерінің ешқандай заңды бұзбай, халықты алдап жатқанына сенімді осы топты құрықтау Қазақстан құқық қорғау орындарының беделі мен біліктілігін сынға салатын сәт екені даусыз. Сонымен бірге Бас прокуратураның мемлекеттік тілдің мүддесін де қаншалықты ыждаһатпен қорғай алатыны да осы жерде көрінеді. 

Жақсыбай Самрат

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053