Неліктен Сайрагүл Бейбітшілік жөніндегі Нобельсыйлығына лайық?
Сайрагүл ең бастысы, күйреудің алдында тұрған ҚХР-дағы тоталитарлық режимнің өз ішіндегі аз ұлттарға жасап келген қиянаттары мен адам құқығына қарсы қылмыстарын алғаш рет сот алдында, ресми түрде әлемнің алпауыт ақпарат құралдары журналистері мен қытай билігі өкілдерінің алдында асқан батылдықпен, ештеңеден қаймықпай әділ түрде жариялады. Мұндай ерлік шекара бұзып келген кез-келген азаматтың қолынан келе бермейді.
Сондай-ақ, қазақ ұлтының бірлігін нығайтты, мақсатты бір іске жаппай жұмылдырды, азаматтық қоғамның, қоғамдық пікірдің ықпалын арттырды, отандастарына демократиялық құндылықтардың артықшылықтарын сезіндірді.
Бұдан бұрын Қытай ішіндегі ұйғыр, тибет, моңғол және өзге де аз ұлттармен қатар демократиялық көзқарастағы қытайлар да өз билігінің саяси қуғын-сүргін азаптарын бастан кешкен. Бірақ, олар қытай коммунистерінің мұндай қылмысын әлемнің шартарабына жариялай алған жоқ. Ал, Сайрагүл оны бүкіләлемге жеткізіп, "Саяси үйрену мектептері" деп аталатын ұйымдардың фашистік концлагермен үндес екенін әшкереледі.
Сайып келгенде, Сайрагүл арқылы әлемдік өркениет тәуелсіз Қазақстан Республикасын адам құқығын қорғайтын, ашық жариялы, өз халқының талаптарымен, қоғамдық пікірмен санасатын демократиялық ел деп таныды.
Ең соңында айтарым, Сайрагүлдің талабының арқасында сот бірыңғай мемлекеттік тілде өтіп, өз ішіміздегі орыстілділер мен көрші Ресейдің ұлтшыл шовнистеріне қазақ тілінің мәртебесі мен құзіретін көрсетіп,айтарлықтай соққы берді.
Осылайша, отарсызданудың жаңа дәуірін бастағандықтан САЙРАГҮЛ САУЫТБАЙ - БЕЙБІТШІЛІК ЖӨНІНДЕГІ НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫНА ӘБДЕН ЛАЙЫҚ!
Қуандық Шамахайдың Facebook-тегі парақшасынан
Abai.kz