Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әттең... 5897 25 пікір 3 Тамыз, 2018 сағат 16:33

Не қазақ қоғамы бұзылды, не қазақ баспасөзі бұзылды

Не қазақ қоғамы бұзылды, не қазақ баспасөзі бұзылды. Еліміз ақпарат әлеміне көз салсаңыз адам өлімі мен зорлық-зомбылық құрбандары жайлы жаңалықтардан жан түршігеді.

Біз бұл сөзімізбен Америка аштық деуден аулақпыз. Бұрыннан бері айтылып, жазылып келе жатқан тақырып. Алайда, жақында ғана мезгілсіз мерт болған мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен қазасы қазақ қоғамының қауіпсіздігі қай деңгейде екенін анық көрсетті.

Денистің денесі жер қойнына тапсырылмай жатып тағы бірнеше қазақстандықтың қыршын жаны қылпыған пышақ жүзінде қиылды. Қаза болғандар қатарында танымал КВН ойыншысы Данияр Әлімбаев тa бар.

Ел таныған екі азаматтан бөлек қанпезерлер құрбанына айналған қарапайым тұрғындар туралы ақпараттар да жетерлік. Алдымен қостанайлық 18 жастағы қыздың мәйіті қала маңынан табылды. Одан кейін Батыс Қазақстан облсында 17 жастағы қыз қастандықпен өлтірілді. Өскеменде де 18 жастағы қыз өлі табылды. Әскерге аттанған атпалдай азамат ажал құшқан. Алматы облысында ер адамды ауылдасы атып тастаған. Кеше ғана Ақтауда тағы бір ер адамның мәйіті табылғаны хабарланды. Бұлардан бөлек, жоғалып кеткен жеткіншек қыздар мен түрлі оқыс оқиғадан көз жұмғандар саны оннан асып отыр.

Міне, соңғы бір аптаның көлемінде алтыннан қымбат адам өмірін аяқасты еткен оқиғалар легі осындай. Бұдан да қорқыныштысы, бірнеше сәбидің зорлықтың құрбаны болғаны жайлы жазылуда. Бейбіт те тыныш елде өмір сүріп жатырмыз деп сендіруге тырысатын биліктің қайда қарап отырғанын түсіну қиын.

Статистика комитетінің мәліметтеріне сүйенсек, биыл жыл басынан бері 79 262 адам түрлі себептермен көз жұмған. Ал 2016 жылы мөлшермен 180 мыңнан аса адам жарық дүниемен қоштасқан. Демек, жарты жылда 90 мың адам деп есептеуге болады. Салыстырмалы түрде айтқанда биыл елімізде кісі өлімі бұрынғыдан көп емес. Бірақ, кісі қолынан қаза тапқандар саны былтырғыдан көп. Биыл алғашқы жарым жылдықта 529 қазақстандықтың өмірі өзгелердің қолымен қиылған. Өткен жылы дәл осы уақытта бұл көрсеткіш 477 адам болған екен. Ал бұл мәліметтер елімізде қылмыстың көбейгенінен дерек береді.

Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс Ішкі Істер министрлігінің жұмысы көп көңілін көншітпейді. Аталған министрліктің басшысы Қалмұханбет Қасымов қаумалаған журналистерден қашып, кірерге есік таппай есі кетіп жүр. Алматы полицейлері қаланың қақ ортасында атыс болуына жол беріп, қарап отырса, Қостанайда адам өлімінің алдын алмаған тәртіп сақшыларына сот ашылуда.

Бірақ, біздің айтпағымыз бұл емес. Бізді таңғалдырып отырғаны еліміз шынымен қанпезерлік пен қан төгістің ордасына айналып кетті ме, әлде ақпарат құралдары тек жамандық пен жауыздық жайлы жазатын болды ма деген сұрақ.

Тынып тұрған теңіздің түбінде де арпалысқа толы тіршілік болатыны секілді ел болған соң қылмыс пен жаза, туу мен өлу болып тұратыны сөзсіз. Бірақ, бұл жерде біз кісі өлімі күнделікті қалыпты құбылыс деуден аулақпыз. Адам өмірінің алтыннан да қымбат екенін баста айттық.

Бірақ, баспасөз беттерінде тек жамандық пен жауыздық жайлы жазудың жөні бар ма? Күнде тек кісі өлімі мен зорлық-зомбылық жайлы оқи беру адам психологиясына қандай әсер ететінін айтпасақта түсінікті. Уақытының басым бөлігін әлеуметтік желілерде өткізетін жастарымызды қылмысқа батқан қоғам жайлы ақпараттар қылмысқа итермелейтіні сөзсіз.

Ақпарат құралдарында кісі өлімі жайлы жаза берудің қажеті бар ма? Хылықтың мүддесін қорғау үшін кейбір беті ашылмай жатқан мәселелердің баспасөз беттерінде көтеріліп, қоғам назарына ұсынылғаны орынды. Ірі қылмыстар, құқық бұзушылықтар жайлы және құқық қорғау органдарының қылмысты ашуға қауқарсыздық танытқан сәттерін жалпыға жариялап жазу керек-ақ. Алайда, адамдарды қызықтыратыны осы деп ажал құрығына ілінген тағыдырларды түгендей берудің қажеті қанша. Тіпті, көлік қақтығысынан көз жұмғандар жайлы жазудың мүлде қажеті жоқ. Тегіс жолда тәлейі тайқы түсіп, тағдыры темір тұлпардың табанына тапталған жандарды жаңалық етіп жазу адамгершілікке сай әрекет деп айту қиын.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

25 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053