Бейсенбі, 16 Тамыз 2018
Деп жатыр 2844 17 пікір 9 Тамыз, 2018 сағат 09:44

Ресейдің "менбілемдігі" қазақтың түбіне жетеді

Қазақстандық БАҚ қазір "қарыштап дамып жатырмыз" деп ұрандатуын біржола қойды. Елдің экономикалық жағдайына қатысты мүлдем жақ ашпайтын індетке шалдықтық. Доллардың бағасы шарықтаған соңғы аптада тіпті түк болмағандай бейқам отыруымыз қалай? Қазақстандық валюта жаңа антирекорд орнатып, 1 доллардың құны 355 теңгеге жеткенде ләм-мим демей отырған елдің ертеңі бар ма? Бізде экономикалық диверсия басталып кеткен жоқ па?

Алдымен экономикалық диверсияға аз-кем анықтама бере кетейік. Диверсия дегеніңіз қарсыластың тылындағы әскери, өнеркәсіп және басқа нысандарды істен шығару, әскерлерді басқаруға кедергі жасау, коммуникациясын бұзу, адам күші мен әскери техниканы жою мақсатына сай қимыл жасайтын жеке адамдар тобы. Диверсия тікелей шығын келтірумен катар қарсыластын жеке құрамының моральдық-психологиялық жағдайына жағымсыз әсер етеді. Қазір экономикалық тұрғыда қазақты біржола тұралатып, көрші елдерге кіріптарлықты артыру жұмысы астыртын жүргізіліп жатқандай көрінеді.

 

Қаржы және экономист мамандардың пайымдауынша, жақын күндері доллар құны теңгеге шаққанда 380-ге бір-ақ жетуі мүмкін.

Доллар 380 теңгеге өзгергені нені өзгертеді?

Күнделікті тұтынатын тауарыңыз қымбаттайды.

Киетін киіміңіздің бағасы аспандайды.

Комуналдық қызмет түрлері нің бағасы шарықтайды.

Ал, Сіздің зейнетақыңыз, жалақыңыз, мемлекеттен алатын әлеуметтік көмектеріңіз сол баяғы қалпында қалады.

Біз саяси сағымдарға келгенде (қазақты тілдеу, ұлттық құндылықтарға тиісу секілді) шу-шу етіп ауыздыға сөз бермейміз. Ал, бұл тұста қалтамыздағы ақша өзгелердің уысына кетіп жатады. Біздің ғана емес, мемлекеттің бар байлығы талан-таражыға түсіп бітті.

Доллар бағамы қысқамерзімде әлемдік мұнай бағасының төмендеуін және Қазақстаннан АҚШ-қа жөнелтілетін уранға баж салығының енгізілуін күту аясында қымбаттауы мүмкін, - деп есептейді Forex Club сарапшысы Иван Марчен.

Уранға баж салығы неге салынады? Мұхтар Жәкішов "Қазатомпром" басшысы болып тұрған кезде еліміздің уран өндірісіндегі ресейліктердің үлесін азайтып, біржола тәуелсіз экономикалық саясат жүргізуді қалады. Шетелдік алпауыт уран өндірушілердің көмегімен дербес даму жолына түскен тұста сотталып, абақтыдан бір-ақ шықты.

Қамауға алынардан төрт ай бұрын, 2008 жылдың қаңтарында Мұхтар Жәкішев өзі басқаратын «Қазатомөнеркәсібі» ұлттық компаниясы 2010 жылы уран өндірісі жөнінен Канада мен Австралияны артта қалдырып, әлемде бірінші орынға шығатынын мәлімдеген еді. Алайда 2011 жылы Ресей президенті Владимир Путиннің «уран қоры мен өндірісі жөнінен «Росатомпром» әлемде алғашқы орынға шықты» деген сөзі жағдайдың біршама өзгергенін көрсетті (Азаттық).

Жәкішов қамалғаннан кейін біз уран өндіру ісін Ресейдің тізгініне біржола ұстата салдық. АҚШ қазір Ресейге қарата санкция-соққыларын төпелетіп жатыр. Сол соқылардың бірі онсыз да мұрттай ұшуға дайын отырған қазаққа кеп тиді.

Ресейдің әлемдік саясаттағы "менбілемдігі" Арқаның төсіндегі мал бағып жүрген қара шалдың қалтасынан ақша ұрлап жатыр.

Ресейдің әлемдік саясаттағы "менбілемдігі" Шымкенттегі қара диқанның егісін жинап алуына кедергісін тигізіп отыр.

Қазақстандағы әр зейнеткер Ресей үшін зейнетақысын шығындауға міндетті.

Неге, біз осындай қарапайым теңдеулерді шеше алмайтын елге айналдық? Түсіну қиын...

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

 

17 пікір