Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Ағаш ат 5460 17 пікір 12 Тамыз, 2018 сағат 23:25

Әзімбай Ғали. АҚШ-тың бүгінгі саясаты Қазақ хандығының саясатына ұқсайды

Шетелдік БАҚ, әсіресе, Ресей баспасөзі Трампты "ақымақ, әумесер, қожанасыр" ретінде көрсетеді. Трамп – миллионер емес, миллиардер. Өте әккі және ақылды адам. АҚШ құқықтық кеңістігінде Трамп секілді мықты адам ғана миллиардер бола алады.

Трамп заңға сәйкес жолмен байыды, басқа жағдайда сотталып кететін еді. "Трамптың бизнестегі таланты шамалы, ол бірнеше рет банкроттықтың алдында болған" дейді жұрт. Бұл рас, бірақ ол - осындай көп сын мен қиыншылықтан өткен нағыз  бизнесмен. "Бекер адам таз болмас" дегендей, қасқа басының шашы бекер ағырып түспеген.Трамптың саясат пен бизнестегі бақталастары: "АҚШ сайлаушылары үлкен қателік жасады" деп жазып жүр. Бұның бәрі бекер сөз.

Батыс әлемі  әрбір 7-12 жылда бір рет экономикалық дағдарысқа ұшырап отырады. Трамп АҚШ-тың әр мерзімді дағдарысынан аман шығып, дәулетін өсіріп отырды.

Иә, ел айтқандай, Трамп қыз құмар, сері, кейде әумесер. Кейде аса әдепсіз қылық көрсетеді. Кейбір ұзын етекті нәзікжанды бикештер бәле шығарып, Трамптан ақша талап еткен. Бірінші әйелімен үлкен қаржы беріп, ажырасқан. Яғни, Трамп отбасылық өмірде пәлендей үлгілі жігіт емес. Оған қоса Трамп пара алатын жігіт болуы да ықтимал, бірақ ізіне түсетін құрылымдар әзірше ештеңе дәлелдеген емес.

Трамп Президент болып бірден сайланды. Трамптың бизнес тәжірибесі мол болғанымен, оның саяси тәжірибесі тым аз болатын, бірақ басқа үміткерлерден ол оқ бойы озық болып шықты. АҚШ баспасөзінің жартысына жуығы ол ел тізгінін қолына алғаннан бастап Трампты жамандауда бір күн тыным алған емес.

Осылай "жаппай жамандаған Трамп АҚШ үшін не бітірді, қандай нәтижеге жетті?" деген сауалға жауап берейін. Трамп - Республикалық партияның өкілі. Республикалық партия оңшыл либералдық қанатта. Олардың ұғымында мемлекет жеке азаматтың ісі мен экономикалық тіршілігіне араласпайды, бірақ макроэкономикалық заңнамалық негіз жасайды. АҚШ-та заң дәуірлейді. АҚШ-тың саяси жүйесі үш тараптан тұрады: заң шығарушы, сот билігі, атқарушы билік. АҚШ - президенттік республика. АҚШ президентінің құзыреті биік, ол атқарушы биліктің басшысы. Сонымен бірге АҚШ саяси жүйесінде Заң шығарушы билік АҚШ Президентінің әр қадамын қадағалайды. Сот билігі де - дербес.

Бүгінгі АҚШ-тың саяси құрылымы мен саясаты баяғы Қазақ хандығының ұстанымына сәйкес келеді. Қазақ хандығын мен консенсустық демократиялық монархия деп атап жүрмін. Қазақ хандығы Орысхан ұрпағынан хан сайлаған. Хан болып сайлану құзыры белгілі сұлтандардың сайлау рәсімінің нәтижесінен туындаған. Хан сайлау ережесі бойынша бес қаруы сай, ат тұрманды, жетектегі аты тағы бар тұлға ғана сайлану дәрежесіне жеткен. Сондықтан хан сайлау рәсіміне "деклассированный элементтер" (табы төмен) қатыса алмаған. Хан атқару ісіне жарамсыз болып шықса, қазақтың үш бас заңы - “Қасым ханның қасқа заңы”, “Есім ханның ескі заңы” және “Тәуке ханның “Жеті Жарғысы” негізінде билік ауысып отырған. Осы үш конституцияға сәйкес Қазақ хандығында импичмент рәсімі (уәкілдігінен айыру) болғанын байқаймыз. Қазақтың екі ханының билігі сәтсіз болып, импичментке (уәкілдігінен айыру) ұшыраған. Қазақ ханының билеу құзыреті - қолбасшылық. Бізде ханның абсолюттік монархиялық құзыреті болмаған. Хан әскер басы ретінде шайқаста басқа тараптың басқарушысымен жекпе-жекке шығуы жиі кездесіп, хан өлімі болып тұрған. Сондықтан да билер сотының байламы - мызғымас шешім саналатын.

Біз әңгімені Трамптың баспасөзде келемежделуінен бастағанбыз. Трамп – мықты Президент. Маған оның ірі державалармен келіссөз жүргізу тактикасы мен стратегиясы ұнайды. Мәселен Еуропалық Одақ мүшелері НАТО-ға мүшелік жарна ретінде тым аз қаржы жұмсайды деп, олай болса НАТО керек емес деп, тұжырымдады. Германия басшылары Ресейден Батыс Еуропаға газ құбырын тартуға Ресей рұқсат беріп, Ресейдің бюджетін толтырып жатыр. Сөйте тұра Германия НАТО әскери бюджетін 4  пайызға жеткізуді дұрыс деп есептемейді. Шындықты бетке айтуда әсірелік жоқ. АҚШ НАТО-ның негізгі шығындарын өзі өтеуде. Әрине бұндай шығындарда АҚШ-тың экономикалық Еуропамен бәсекеде кемшін түсуі әбден түсінікті. Трамптың қойған талабынан кейін Еуропалық Одақтың элиталық тұлғалары терең ойлануда.

Трамптың Ресеймен саяси әдісі да өте терең. АҚШ Ресейге санкцияларды жаудыртады. Яғни, бір қолымен ауыр санкцияларға қол қояды да, екінші қолын достық ниетпен Ресейге созады. "Мен Ресейге қатты сенемін" дейді сосын. Осылайша Ресейдің қоғамдық пікірі үшін "Трамп - Ресей мен Путиннің жан досы, жанашыры" бола қалады. Бәрін бүлдіріп отырған АҚШ Сенаты болып шыға келеді. Орыс баспасөзі: “Өзіміз қалап алған Трампымыз -Трампушка” деп еркелетіп есіркеп жатады.

Бұл саяси әдістің өтімділігі Трамп Ресейдің ашуын пәлендей шақырмайды, керісінше дүрдараздықты басып отырады. Яғни әлемдік қырғи-қабақ соғысқа, қырғын апатқа жол бермей отыр. Ал Ресейдің экономикасы құрдымға кетіп барады. Ресей экономикасының Ішкі Жиынтық Өнімі көлемі 1990 жылы әлемде төртінші орында болса, 2018 жылы - 12-13 орынға дейін құлдырады. Енді бұл құлдырау біразға дейін жалғаса берсе, Ресей үшінші әлемнің изгой (аласталған), сүйкімсіз мемлекетіне айналады.

Батыс елдері Ресейді ыдыратуға дайын отыр. Қытайдың да сол дағдарыстан алары бар. ХІХ ғасырдың ортасында Ресей дағдарысқа ұшыраған Қытайдың Амур өзенінің сағасындағы екі облысын тартып алған. Сол тұста Қытайдың жерін талаған Ұлыбритания мен Португалия Қытай жерін қайтарып берді. Ресей әлі қайтармай отырған ол өлкелерді Қытай қайтаруға дәмелі. Сол себептен Қытай шын ниетпен Ресейдің досы болғысы келмейді.

Әңгімені Трамптың аңғалдығы емес тереңдігінен бастадым: Путиннің ашуын баспасөз алдында басуға тырысып, жалған достығымен Путиннің көңілін аулайды, ал Ресей экономикасы құрдымға біржола батып, жоқ болады. Путин шамасына қарамай АҚШ-қа қарсы контрсанкция еңгізген болады. Ол контрсанкциялар Ресейдің өз экономикасына ауыр соққы болып тиіп жатыр.

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2060