Сенбі, 23 Қараша 2024
Ел іші... 3597 1 пікір 15 Тамыз, 2018 сағат 10:32

Кәсіподақ дауына Тінікеев неге тұмсығын тығып жүр?

Біздің Қостанай облысы кейінгі кездері жұмысшылардың өндірістен жарақат алуы керсеткіштері бойынша өзгелерден оқ бойы алда келеді. Мұндайда олардың жайын кім ойлайды? Әрине қалың көпшілікті қамтитын кәсіподақ ұйымдары алдымен дабыл көтеріп, әлгіндей кәсіпорындардың басшылығының екі аяғын бір етікке тығып, қауіпсіздік шараларының қатаң сақталуын қадағалауға тиісті. Алайда олар өздеріне жүктелген міндеттерді жинап қойып, жұрттан жиналатын жарна үшін өзара қырықпышақ болып жатқан жайы бар.

Әлқиса, әңгіме басынан басталық. Еліміздегі баяғы кеңестік кездегі құрылған республикалық кәсіподақтар федерациясынан әбден көңілі қалған медицина қызметкерлері өзара ақылдаса келе өздерінің жеке кәсіподағын құруға бел байлаған. Соның нәтижесінде «Аманат» атты кәсіподақтар ынтымақтастығы дүниеге келген. Алайда олардың өз бетінше өз құқықтарын қорғауға бағытталған ниеттері жақын арада жүзеге асатын түрі байқалмайды. Оларды қайткенде де бұрынғы жылы орнына қайта қондыруға деген әрекет әу дегеннен-ақ басталып кеткен. Ол біздің облыста ерекше сипат алып, таза тартысқа ұласып, қып-қызыл дауға айналған. Осындағы қазір перинаталдық орталық деп аталатын бұрынғы перзентаханың бас дәрігері, облыстық мәслихаттың депутаты Татьяна Булгацевич бастап, оның республикалық кәсіподақтардың облыстық филиалын басқаратын Екатерина Смышляева қостап, «Сенім» атты кәсіподақ ұйымын құрып, әлгі «қашқындары» өздері тарту жолында нешетүрлі әрекетке баруда. Бір қызығы бұл «Сенім» деген ұйым еш жерде тіркелмеген. Заңды түрде тіркелуге енді ғана әрекет етіп жатыр. Демек, олардың қазіргі әрекеті заңға томпақ келеді. Солай бола тұрса да, оны, оларды қолдау үшін Мәжілістің бұрынғы депутаты, сиықсыз әрекеті байқалып қалып, жылы орнын босатқан Мұхтар Тінікеевтің өзі облысымызға келіп, дәл жұмыс күні облысымыздағы барлық ауруханалардың бас дәрігерлерін жинап алып, «аса құпия» жиналыс өткізген. Олай дейтініміз бұл басқосуға бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін кіргізбей, өздері ғана өзара сыбырласқан сыңайлы. Сондағы мақсаты бас дәрігерлерді һәм оның қарамағындыларды қайткенде де осы «Сенімге» кіргізуді қатты «өтінсе» керек.

Ал «Аманаттың» осындағы өкілі Серік Сәтмұқанбетовтың  айтуына қарағанда даудың басы «Дайрабайдың көк сиыры» емес, олардың көкейін тескен сол медиктерден түсетін жарна болса керек. Ал ол аз ақша емес. Мәселен, «Аманатта» барлығы 300 мың медициналық мекеменің өкілдері бар. Бұлардың әрқайсысынан айына айлығының 1 пайызы деңгейінде жарна ұсталады делік. Олардың орташа жалақысы орта есеппен 100 мың теңге деп есептесек, айына ол анау-мынау емес, қолақпандай 300 миллион теңгені құрайды екен. Әрине, кім-кім де мұншалықты көлемді ақшадан оп-оңай айырылғысы келеді дерсің. Міне бұрынғы кәсіподақтар бастап, оларды жергілікті билік үнсіз қостап, барша амал-айланы қолданып жатқандығы айқын байқалады. Әйтпесе дәл жұмыс күні, ауру-сырқаттарды емдеуді бақылаудың орнына оларды облысқа жинап алу кімнің қолынан келеді?

Осынау ашықтан-ашық заңсыздықты көрген, медиктерге қатты қысым жасалып жатқанын білген Серік Өмірзақұлы заңдылықты бақылауға тиісті прокуратура органдарына шағымданған. Алайда олар бұл шағымды осындағы облыстық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Еркін Дәуітбаевқа жіберген көрінеді. Ал осы Дәуітбаев мырза жоғарыда айтылған жасырын жиналысты  ұйымдастыруға түрткі болып, медиктерге ашықтан-ашық қысым жасап жатқан басшының дәп өзі болса, ол шағымға қалай қарайтыны түсінікті емес пе?

- Бүгінде жұмысшылардың мүддесін қорғау, еңбек заңыдылығын қатаң сақтау, әлеуметтік пакетке ерекше көңіл бөлу мәселесі өткір күйінде қалып отыр, - дейді «Амананаттың өкілі. - Кәсіподақ федерциясының мүшелері олардың жұмысына көңілі толмайды. Аталмыш кәсіподақтан қазіргі таңда ешбір пайда жоқ. Кәсіподақ мүшелерін берілетін бұрынғы жеңілдіктер қазір мүлдем алынып тасталған.

Шындығында да бұл сөздің жаны бар. Бір кездері кәсіподаққа басыбайлы тиесілі қала орталығындағы сәулетті Кәсіподақ үйінің қазір кімнің иелігінде екені белгісіз. Сондай-ақ бүгінде бүкіл республикамызға белгілі, атақты «Сосновый бор» шипажайы да осының күйін кешіп отыр. Бұрын кәсіподақ мүшелері осында келіп, тегін емделетін. Қазір ол да көзден бұл-бұл ұшқан. Ондай  жеңілдік мүлдем алынып тасталған. «Турист» демалыс үйінің бір кездері кәсіподақтікі екенін қазір жұрт мүлдем ұмытқан. Ал балалар сауықтыру үйлерінің жай-күйі әркімге бір жалтақтаған жетім баланың күйін кешіп отыр.

Қысқартып айтқанда, қазіргі кәсіподақ мүшелері оның басшылығына тек жарна төлейтін адамдар есебінде ғана қажет секілді. Қалған уақытта бұлардың бар-жоғын да білмейді. Қарапайым қызметкерлер кәсіподақтың қазір не нәрсе атқарып отырғанынан мүлдем хабарсыз.

Жайберген Болатов, Қостанай

Abai.kz

   

    

   

    

 

  

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5485