Комсомолдар Ербол мен Ләззаттың рухын қорламақ па?
Жетісудың атқамінерлері ақылынан алжасқан ба, жоқ әлде баяғы бодандықтың қамытын көксеп жүр ме, әйтеуір комсомолдың 100 жылдығы жақындағалы түсініксіз бір алашапқын басталып кетті. Комсомолдың шекпенінен шығып, аудан басқарған, облыстық деңгейде түрлі лауазымды қызметтер атқарған, «Талдықорған облысының құрметті азаматы» деген атағы бар Наурыз Қылышбаев облыстық әкімдіктің есігін тоздырып жүріп, "әйгілі" датаға 13 миллион қаржы бөлгізіп алыпты. Енді сол миллиондарды да азсынып, тағы да аранын ашып отырса керек.
Қош, әңгімені басынан бастайық. Былтыр Алашорданың 100 жылдығы жетім қыздың тойындай тойланғанын ел ұмыта қойған жоқ. Тынышбаев, Сүлеев, Жайнақов, Сырттанов, Әлжанов сынды жүздеген алашордашылардың кіндік-қоңын жуған Жетісу өлкесі қазақ оқығандарының ғасыр бұрынғы еңбегін ескерусіз қалдырып, тышқан тұмсығын да қанатқан жоқ болатын. Енді міне, өткен жылы түйеқұстай басын құмға тығып жатқан Қылышбаевтар оянды.
Қылышбаев деген кім? Талдықорғандағы «Үш ата», Қадырғали Жалайыри ескерткіштерін орнатуға атсалысқан азамат. Қазір Талдықорғанның аузы дуалы ақсақалы саналады. 13 миллион теңгені қағып түсу үшін де абырой керек қой. Көне коммунист Наурыз ақсақалда Құдайға шүкір, абырой бар. Еңбек ардагері, Алматы облысының Құрметті азаматы сынды атақтарынан ат үркеді...
Сол Қылышбаевтарға Талдықорған облысында комсомолдың 100 жылдығына арнап аста-төк ас беріп, ұлан-асыр той жасау үшін әкімшілік тарапынан бөлінген 13 миллион қаржы да аз болып тұрғанға ұқсайды. Олар енді тағы 8 миллион болса ғой деп, емеурін танытып, облыстық әкімдікке алақан жайып отырғанға ұқсайды. Алдымен, сол әлі бөлінбеген 8 миллионның қандай қажеттілікке жұмсалатынын есептеп көрейік.
Біріншіден, мерекелік төсбелгі жасалады екен. Бұл төсбелгі өзімізде емес, сонау Мәскеуде дайындалады. Бір данасы – 500 теңге. Қылышбаев бастаған 500 комсомолдың кеудесіне (мойнына ма еді) бір күн тағатын «қарғыбауға» 250 мың теңге қаржы шығындалмақ.
Екіншіден, 250 дана таралыммен 500 мың теңгеге тарихи естелік кітап жарық көреді. Ленин мен Сталиннің бар кітабы өртеніп, енді бітуге таяғанда бұ кітап кімге керек? Болашақ ұрпаққа комсомолдар тарихы деген естелік етуге тұрарлық құндылық па? 500 мың теңгенің көзіне қарамай тағы бір кітап шығаратындай не басымызға күн туды?
Үшіншіден, «Кел, шырқайық бәріміз» кітапшасы, жарнама плакаттары мен шақыру қағаздарына 1 млн. теңге қажет екен.
Төртіншіден, мерекелік дастарханға 200 адам шақырылады. Олардың әрқайсысына 15 мың теңгеден ақша жұмсалмақ. Бұған жалпы жиынтығы 3 млн. теңге кетпек. Комсомолдардың қарны рас-ақ ашқан екен.
Бесіншіден, Мәскеудегі 20 қазан күні өтетін комсомолдың 100 жылдық мерейтойына – 1, Алматы қаласында 27 қазанда өтетін комсомолдың 100 жылдық мерейтойына – 20 делегаттың жол қаражатына – 3 млн теңге керек екен-міс. .
Бұл 8 миллион біз сөз етіп отырған 13 миллионның сыртындағы ақша. Енді 13 миллионның желге қалай ұшатынын талдайық.
Кәрі комсомолдар өлгенде көрген бір тойларын Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен қабыстырып жіберіп, «Спорт пен еңбек егіз» акциясы аясында Талдықорған спорт мектебінде үш спортшымен (Ринат Ыдырысов, облыс көлемінде волейболдың дамуына үлес қосқан жаттықтырушы, Айдарбек Жапсарбаев, КСРО спорт шебері, бокс жаттықтырушысы, Николай Мантров, КСРО спорт шебері) кездесу өткізбек. Кездесуге спорт мектебінің оқушылары, қарт комсомолдар және ҚР Еңбек ері, олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров арнайы қонақ ретінде қатыспақшы.
«Әкелердің даңқты жолымен» акциясы аясында төрт бағыт бойынша мектеп оқушыларының өлкетану экспедициясын ұйымдастырмақ.
Бірінші бағыт – Ақсу, Сарқан, Алакөл
Екінші бағыт – Талдықорған, Көксу, Кербұлақ, Панфилов
Үшінші бағыт – Бақанас, Қапшағай, Қарасай
Төртінші бағыт – Райымбек, Кеген, Жамбыл
Осылайша сүйегі сықырлаған комсомолдар дүбірі бүкіл Жетісуды шарпымақ. Олар, тіпті, қазақ азаттығының символына айналған Ләззат пен Ерболдың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қоймақшы. Бұл кеңестік идеологияға қарсы шыққан батырлардың рухына тағзым ба, әлде әруағын қорлау ма? Кеше ғана азаттыққа талпынған жастарды қанға бояған қызыл комсомолдар емес пе еді? Енді бүгін Қылышбаевтар желтоқсаншылардың басына барып: "Біз әлі биліктеміз" деп кеуде қаққысы келіп отыр ма? Жалпы, комсомол мен желтоқсан қырғынын бір арнаға тоғыстыру жай білместік емес. Бұл - қасақана жасалып отырған қиянат. Бұл - әруақтарды қорлау. Бұл - Азаттыққа ұмтылған жастарға "сендер жеңілдіңдер" дегенді ашық түрде білдіру.
Тізе берсек, тек кездесу мен қыдырулар... Мән-маңызы бар, іліп аларлық бір шара жоқ. Осындай болмашы тірлікке 13 миллион аздық етсе, жетіскен екенбіз. Қош!
Түйін
Енді Қылышбаевқа 13 миллион теңгені Алматы облыстық Ішкі саясат басқармасы қайдан тауып бергеніне бір ауыз сөз қоса кетейік. Білуімізше, бұл 13 миллион облыстық БАҚ-қа тендер арқылы бөлінуге тиіс қоржындағы қаржы көрінеді. Баспасөзге тиесілі қаржыны жырып әкету үшін де жүрек керек қой. Қылышбаевтар осындай өлермендігі арқылы бүкіл қазақ тарихының, рухының, тәуелсіздік жолында шейіт кеткен әруақтардың бетіне түкіріп жатқанын сезіне ме екен? Облыстық әкімшілік «бекер мал шашпақты» дереу тоқтатуға тиіс! Сүйегін сүйреткен комсомолдан қорқамын деп жүріп, қара халықты ашындырып алмауы керек.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz