Террорлық әрекеттердің артында мұнай ұрлаушылар тұр ма?
21-тамыз Дүниежүзілік террор құрбандарын еске алу күні екен. Енді аз-кем сол жайлы жазайық.
Терроризм мәселесі соңғы уақытқа дейін елімізде ұлттық қауіпсіздікке нақты қауіп төндіретіндей дәрежеде емес, тек ықтимал қауіп-қатер ретінде ғана қарастырылып келді.
Дегенмен, ОА-дағы басқа елдермен салыстырғанда Қазақстанда террористік және экстремистік іс-әркеттерді анықтау және оның жолын кесу үшін 1999 жылғы шілдеде «Терроризмге қарсы күрес туралы» Заңы қабылданды.
Міне, Заң: ҚР «Терроризмге қарсы күрес туралы» Заңының 7 бабының 17 тармағы. Ол бойынша, терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың, яғни әділет органдары терроризм актісінің салдарынан зардап шеккен жеке және заңды тұлғаларға және оның жолын кесуге қатысқан адамдарға өз құзыретіне қатысты мәселелер бойынша, оның ішінде қажетті құжаттарды беруде тегін қажетті құқықтық көмекті ұйымдастырады.
Енді, Біріккен Ұлттар ұйымы ұсынған мына дерекке қараңыз, 2017 жылы әлемнің 100-ден аса елінде ұзын-ырғасы 11 мыңнан астам теракті жасалыпты. 25 мың адам қайтыс болған. Ол аз десеңіз, 33 мың адам түрлі жарақат алған. Бұл БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гуттереш мырзаның дерек-дәйегі.
Күн өткен сайын терроризм мен діни экстремизмнің қаупі жаһандық ауқымға жайылып бара жатқаны рас. Өтірік емес, террорлық әрекеттер Дүниежүзінде ғана емес, Қазақстанда да жиі қайталанатын болды. Енді мына дерекке көз жүгіртіңіз:
2000 жылдан бастап әлем бойынша 72 135 теракт жасалған. Олардың көбі Ирак, Пәкістан, Ауғанстан сияқты мұсылман мемлекеттерінде болады. Және бұл аймақтардағы әрбір екінші адам терактіден зардап шегеді.
Қалай десек те, осы бір үрей Қазақстанға да келді. Бірақ, біздегі терорлық оқиғалардың көбі діни тероризмнен гөрі қылмыстық әрекеттер деген пікірлер бар. Алайда, Ақтөбе, Атырау, Таразда болған жарылыстар мен ҰҚК жасалған шабуылдарды жасағандар діни радикалды топтың өкілдері екені анықталған.
Сонымен, Алматы облыстық “Жетісу” телеарнасының ақпаратына сүйенсек, Қазақстанда соңғы жеті жылда болған терорлық әрекеттер:
-2011 жылдың 17 мамырында – Ақтөбеде ҰҚК департаменті ғимаратына шабуыл жасалып, жарылыс болды. Жанкешті Рақымжан Мақатов мерт болып, 3 адам жараланды.
- 2011 жылдың 24 мамырында - Астанадағы ҰҚК абақтысы жанында көлік жарылды. Көліктен Қазақстан мен Қырғызстан азаматтарының мәйіті табылған.
-2011 жылы 31 қазанда – Атырау қаласында екі бірдей жарылыс болып, 1 адам қаза тапты.
-2011 жылы 12 желтоқсанда – Таразда атыс пен жарылыс салдарынан 2 бейбіт тұрғын мен 5 полицей мерт болды. Лаңкес ҰҚК нің ғимаратына шабуыл жасап, өзін-өзі жарып жіберді.
-2011 жылы 12 наурызда – Алматы облысы, Іле ауданы, Боралдай кентінде қарулы топқа қарсы арнайы оперция барысында 7 адам көз жұмды.
-2012 жылы 5 кыркүйекте - Атырауда жарылыс болып, 1 адам қаза болды.
-2012 жылы 12 қыркүйекте – Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласында полиция мен қарулы топтың арасында атыс болып, 5 адам мерт болды.
-2016 жылы 5 маусымда – Ақтөбеде атыс болып, салдарынан 25 адам көз жұмды. Лаңкестер “ПАЛЛАДА ” қару-жарақ сататын дүкенге, артынан ұлттық гвардияның бөлімшесіне шабуыл жасаған.
-2016 жылы 18 шілдеде – Алматы қаласы, Алмалы аудандық ІІБ мен ҰҚК шабуыл жасалды. Салдарынан 6 адам қаза тапты. Қауіпсіздік комитеті осы оқиғаға кінәлі Руслан Күлікбаевты салафия мүшесі дейді, ал, ІІМ мәліметі бойынша “ол жай ғана қылмыскер”.
Бірақ, бұл әрекеттердің артында кім тұр? Діни радикалды топтарды кім қаржыландырады? деген сауал әркімді ойландырады. Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің ақпаратына сүйенсек, “мұнай және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы – ұйымдасқан қылмыстық топтардың және радикалды діни ағымдардың қаржыландыру көзі болып табылады”.
Мәселен, 2012 жылы жалпы шығын көлемі 12 млрд теңгені құрайтын 60 мұнай ұрлығы тіркелген”. Шынымен, зер салып қарасаңыз “терорлық” әрекеттердің көпшілігі еліміздің бастыс аймағында болған. Ал, шын мәнінде оның артында мұнай ұрлығы жасырынып тұруы мүмкін бе?
Өкініштісі, экстремизм дертіне билікте отырған тұлғалар да шалдыққан деген пікір айтылады. Мәселен, Президенттің “сәләфизмге Заң бойынша тиым салу” керек деген талабына біраз шенеуніктер қарсы болды. Олардың ойынша, “сәләфизмнің идеясы кереметтей теріс емес. Бізде соны бұрмалап алып кететін, соның атын жамылып бірақ басқа бағытта адамның өміріне қауіп төндіретін мәселелер ол басқа. Сондықтан бұл бағыттың ішкі құрылысын білуіміз керек. Сол себепті заңда жалпы қабылданатын шешімдер де сол ішкі құрылысын танып барып жасалуы қажет” дейді олар.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz