Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Әдебиет 5791 5 пікір 24 Тамыз, 2018 сағат 08:27

Жалғыз тұрған қиранды үй – қирап қалған балалық

Нұрғазы Нүркен1997 жылдың 28 маусымында Түркістан облысы Түлкібас ауданы Сарытөр ауылында дүниеге келген. 2018 жылғы М. ӘУЕЗОВ атындағы ОҚМУ-ды филология мамандығы бойынша тәмамдаған...

Өлеңдерінен өмірі мен қиялының иісі аңқып тұратын бұ жас таланттың соңғы кездері ізденіп жүргені байқалады. Нені іздеп жүр, қалай іздеп жүр..? Бір сөзінде «Өзіндік стиль қалыптасуы үшін, өзіңді іздеу мен том-том кітапты ақтарудың қажеті шамалы екен. Тек өзіндік ізденіс керек екен...» - деп әзілдеп еді. Әзіл болғанымен, миында бұл ойдың әзілсіз нұсқасы өрмекшідей тор құрып алғаны сезіліп-ақ тұр. Ол ойы шығармашылығына қаншалықты пайдалы, уақыт көрсетер... Осы орайда Бақытжан Алдиярдың сөзі ойыма оралып отыр: "Менің ең ұлы ақын балам бар. Ол - Нұркен Нұрғазы..."

  ...Өзі қатарлы ақындардың көбі орыс ақындарын аударып жүргенінен хабардармын. Ал мына Нұркен орысша өлең жазуды бастап кетіпті. «Господь» - деген өлеңінде бүй дейді:

Не буду смотреть глазами остроми,
Мой взгляд – (просто) дым...
Настал тотчас, который я ждал,
И ты приехала:
О, госпади! – қызық ә? Өмірде орыстармен тілдескенін көргем. Әңгіме арасында ойын жеткізе алмай қалатын кейде. «А вы знаете по казахский?» - деп, қиналып тұрғанын білдірмей жіберетін. Ал мына өлеңінде қиналмай ойын жеткізе алыпты. Азын-аулақ логикалық, орфографиялық кем-кетіктері болмаса, орыс тілдінде өлең жазуға әзір тұрғандай... Бұдан былай екі тілде де өлеңдер күтетін боламыз...

...Ақындардың көбінде қисық-қыңыр мінез болады ғой. Бұл жігіттің қисық-қыңырлығы тым бөлек. Қисық күндерді өткеріп жүрген жігітті «мақтай бермей», өлеңдеріне ден қояйын:

Әзімхан Исабек

ПӘК ПЕЙЗАЖ

 

Өтіп жатыр қисық күн,

Өтіп жатыр қиғаш түн.

Ғасырларға сиғанмен, секундтарға симаспын.

Қиранды үйдің ішінен таппай жүрем өзімді,

Жанымды алып кеткендей ең алғашқы қимастық.

 

Қапталдағы бөлмеде бықсып жатыр көрпелер,

Пеш үстінде балалық армандарым өртене...

Көзім жасын сүртем де, өз-өзімнен күлемін,

Ең сүйікті адамның елесіне еркелеп.

 

Терезенің сыртында бір ұяң қыз жымиды,

Кім жұбатты сол қызды..?

Кім өртеді бұл үйді..?

Апам неге сабаққа оятпады шәй қойып..?

Неге жаңбыр жауып тұр..?

Мойнақ неге ұлиды..?

 

Осы болар көктемім...

Осы болар жеткен үн...

Әткеншекке отырғым келіп тұрған жоқ менің!

Бір бақытым бұртиып жатып қалды. Тұрмады.

Содан бері алаңда теңбіл доп та теппедім.

 

Тас та жылап қалыпты көздерінен қан ағып,

Тасты қойшы, гүлдің де жыламауын қаладық...

Жыламаған кім қалды?

Үй де бәлкім жылады...

Жалғыз тұрған қиранды үй – қирап қалған балалық.

 

1. 06. 17

 

МЕН КІММІН?

НИКА ТУРБИНАДАН

 

Қараймын ба әлемге әлдегімнің көзімен,

Өзім емес өзге боп қарап жүрмін, сезінем...

Әлдегім боп ерніме шық қондырам бейуақ,

Өтіп кеткен жапырақтай уақыттың тезінен...

 

Тым дәрменсіз, тым нәзік, тым қауқарсыз ал енді

Өзге жанның қолымен құшақтаймын әлемді.

Ормандар мен алқаптар, жауындар мен түндердің

Арасында тұншығып мен айтатын ән өлді.

 

Сонда кіммін?

Өзімді не себепті іздеймін?

Табиғаттың сұрағынан тосылды екен біздей кім?

МАМА

Өлшеусіз бақытпен жолдарың түйіссін,
Жаныңа себеді жұпарлы іссу.
Ол үшін есерсоқ ересек өмірге 
Балалық көзіңмен қарауға тиіссің,
Мама!

Неге олар нәп-нәзік жүрекке мұң артты?
Неге олар жүйкені жаншуға құмартты?
Қай тасты жарайын жалаңаш қолыммен?
Кімдерге қояйын күлкілі сұрақты,
Мама?!

Жайқалған гүлдің де өмірі – сандырақ,
Байқалған күннің де өмірі – сандырақ.
Солардың бәріне мағына силайтын
Бір көктем келеді сән құрап,
Мама!

Көгілдір экранда жұлдыздар көп, тегі,
Әнебір әншінің дауысы жетпеді.
Көгілдір экранды қайтесің, тек өзің,
Ең жарық жұлдызсың көктегі,
Мама!

Жүргенде ессіз боп жігіттік желікпен,
Жыр оқып кештерде, жүйіткіп көлікпен,
Қаншама сұлудың есімін айтыппын,
Мама де айтпағам өзіңе, неліктен,
Мама?!

Сен жайлы мына әлем не десе о десін...
Бәрібір бұзбайды уақыт уәдесін...
Өлместен әлі де аман-сау жүруім –
Сендегі тағдырмен егесім,
Мама..!

Өлшеусіз бақытпен жолдарың түйіссін,
Жаныңа себеді жұпарлы іссу.
Ол үшін есерсоқ ересек өмірге 
Балалық көзіңмен қарауға тиіссің,
Мама!

20.07.2015

* * *

 

Білем, жаным,білемін!

Сен де білші.

Сенің жаның –жаныма дем беруші.

Дем беруші жүрекке – сендік жүрек.

Ал мен байғұс шипасыз емделушің

 

Болайыншы.

Болайын жасың сенің,

Досың сенің болайын,

сосын сенің

Махаббатың болайын,

жүрегіңде

жарық жағам,

Қалмаймын тосын сөніп.

 

Отын алып кіремін үй ішіне,

Оятамын кофенің иісімен.

Жастығыңа төгіліп шашың жатар,

Жо-жоқ оған болмайды тиісуге.

 

Перделерді сырамын,

терезені

айқара ашам!

Бұзамын ережені.

Бірі ояу,

біреуі ұйқыдағы

жұбайларға жұпарлы жел еседі.

 

Саған...

Саған:

Керемет жансың деймін.

Көздің жасы шамалы тамсын мейлі...

Тіпті дархан дәулеті тасыса да,

біздің ғажап өмірді хан сүрмейді.

 

Екеумізге жалғыз сәт жетпейтіні.

Екеумізге жалғыз сөз жетпейтіні,

Жаным! – деген сөзіңді қия салшы,

Періштеге айналып кетпей тұрып.

 

101

 

30-дан 20-ны алсаң, 10 болады.

Ғаламнан жүректі алсаң, 0 болады...

Жолдардың бәрін алсаң жер бетінен,

Тек сізге бастайтұғын жол қалады.

 

Сандарды мініп алып тау астық па?

Сандардың қаласында адастық па?

2 сөз айту үшін жолығысып,

1 бүтін болу үшін тарастық па?

 

Сандардың бәрі неге қарға түсті..?

Лесіп қарғалармен арман ұшты –

Екеуміз ғана аспанда қалықтайық,

20-дан 17-ні алмаңызшы...

 

15.07.2018.

 

 

ЖАСЫРЫНБАҚ

Мұңның бəрін көңілді əнмен сүздім,
Күйін кешіп қайтеміз дəрменсіздің...
Жасырынбақ ойнайық,(!)
Жасырынып,
Сіз менің жүрегіме
Ал мен сіздің...

 

Көзіңізді жұмыңыз,
Нұр көріңіз,
Жұма алсаңыз - 
өмірді сүргеніңіз.
Жүзге дейін санаңыз,
Санап жатып
Мен жайында түс көріп үлгеріңіз.

Көздерімді жұмайын...
Жасырыну -
Ойын емес балаға, асыл ұғым.
Перзентіміз балдырған екеуміз де
Жасырынбақ жайлаған ғасырының...

 

...Еһ,
Аспан-ай!
Өзіне болған ие!
Періштелер жұлдызды қолдан үйер!
Жүзге келіп кідіріп қалмаңызшы,
Мəңгі санай берейік, 
Bon, la lumière?

 

Түнгі аспанға қаралық ауық-ауық,
Қос жүрегі түннің де ауырады...
Тауып алып жүрмесін 
Еш-кім біз-ді!
Тауып алып жүрмесін... 
тауып алып...

 

09.08.2018

 

 

САҒЫМ

Сені құлай сүюім сүюім – сорақылық,

Маңдайыңа қондырып боз әлемді.

Біле тұрып қызыл шоқ болатынын,

Жүрегіңе қолымды соза бердім.

 

Қай көшеде сенімен билемедім,

Қарағай мен қайыңды... қызғандырып.

Қалар ма едім қалқыған күйден өліп,

Пернелердің тәртібін бұзған күні.

 

...Қай көшеде,

Қалқажан,

Қаңғымадым...

Қарашаның қайрылмас суық түні.

Елесіңе қарадым жаңбырдағы,

Күйік шалған жанымды жуып тұрып.

 

Қызығынан безіндім бұл маңайдың,

Бұлқына кеп қанымның қызуындай.

Тамырларым тәнімді тырмалайды

Шытынаған әйнектің сызығындай.

 

Болашаққа екеуміз сезілеміз,

Сезілеміз екеуміз екі бөлек.

Екі бөлек бақытқа кезігеміз...

Үңілеміз айнаның бетіне кеп:

 

Қызыл шоқты көремін сонда айнадан,

Көресің сен қайың мен қарағайды.

Жабырқаудан жанымда қалмайды адам,

Ооһ, содан соң айнаға қарамаймын.

 

...Өзге

өзге

өзендер кешіледі...

Өзімізге сол керек.

Дұрыс бәрі!

Қарашаны биыл да кешіремін,

Жапырақты мыжғылап уыстағы.   

 

16.03.17.

 

АҢСАР

 

Сәттер өтті...

Сәттерден біздер өттік.

Сіз, - деп өттік,

Еһ, сосын Біз, - деп өттік...

(таңба болып қалатын) махаббаттың

Табылмайтын тұрағын іздеп өттік.

 

Кеше еді ғой,

Бәрі де кеше еді ғой...

Кешегі күн кешікпей көшеді ғой.

Терезеден қарайды телміріп кеп,

Есігімді қағады нешебір ой.

 

Қалай ғана ұғайын еркем мұны? –

Сағыну бар белгісіз ертеңгіні.

Кешегідей бар ма екен ертеңгіде –

Ай сәулесі,

Көктемнің көркемдігі,

Жаңбыр иісі,

Жаз таңы,

Құстың үні,

Тұмауратқан сәбидің түшкірігі..?

...Бір күндері аспанмен сырласармын,

Тоқтамаса жүректің ышқынуы.

 

Күтетін де шығармын бұзау-көзді...

Барлық заңдылықтарды бұзар кезді...

Ту биікке қалықтай жөнелермін,

Шешіп кетіп жаныма тұсау сөзді...

 

Сәттер келер...

Тағы да сәттер келер.

Өмір сүрмеу тиісті әттеңмен ер.

Маңдайынан сүйемін болашақтың,

Өткенімді есіме сап бермеген.

 

2018.06.19.

 

* * *

 

Түн де қырсық.

Аяғын баяу басты.

Ай – албасты...

Өңінен бояу қашты.

Дұғасы үшін бір жұлдыз ақпай қалса,

Қыз күтпесін – таңертең оянбаспын.

 

Бұлдыраған түс көрсе, жаман ырым...

Елесімнен есіне тамады нұр.

Мен өлгенде аспанға қарамайды –

Өйткені оның жалғыз-ақ жанарымын.

 

Басқа қызбен тым жақын таныспап ем,

Ғарышта еді ол көрмейтін алыстан ел.

Қия алмайтын, қимайтын күндеріммен,

Сағатымның тілдері алысты әрең.

 

Алтын мен де алмаспас, күміспен де,

Хаттарды дос, сәттерді туыс көрген

Екеуміз де кінәлі емеспіз-ау,

Көмескі жау – уақыт – қуыскеуде.

 

Сезім шығар бәрі де сөзден өрген,

Енді содан мына әлем өзгере ме?

Естелікті өртеу де қиын емес,

Тіптен оңай ұмыту,

Өзгені елеу...

 

Жалғыз бағым қалыпты ұшырмаған,

Жалғыз бақтың өзі де түсім болар...

Осы қазір аулына барсам ба екен,

Ту сыртынан бір көру үшін ғана...

 

02.07.2017

 

* * *

 

Жаңбыр жауса саялау жапырақты -

Аңғалдық та болыпты, ақымақтық...

Біз екеуміз жүрмейтін жолға сол бір

Ала мысық бүктеліп жатып апты...

 

Өлең болып, өң болып өтті бәрі,

Ақ сезімге уақыттың жоқ тұрағы -

Жердің ең биік нүктесіне шығып алып,

Неге-е-е! - деп айғайлағым кеп тұрады.

 

Қалып еді тәңірі аяп қашан?

...сөз ойласам, түнімен ой оттасам,

Мәңгі ұйқыға кетердей қорқушы едім,

Таңғы сағат сегізде оятпасаң.

 

Оятпадың... әйтсе де ояумын мен,

Жаяумын мен бүгінде, баяумын мен.

Ертеңіме асықпан, жетіп алам,

Жүрегіме түсірмен қаяу мүлдем.

 

Енді сені тосады шалғай мекен,

Баяғы күн қашанғы баурайды екен?

Мұңды қанша сүйсем де, аяулы ару,

Бақытты өмір сүруді таңдайды екем...

 

1.06.2018.

 

АТТАНУ

Түндердің шуылы, 
тәңірдің жазбасы, 
Сендерді (!) 
себепсіз (!) 
жек көрем өз басым. 
Былғанған ары үшін жалғыз қап жылайтын 
Жезөкше қыздардың сүй-е-мін (!) 
көз жасын. 
Сүймеймін (!) 
жандарды саналы түрде де 
баратын музейге, 
(музей ме, түрме ме?) 
Иә, сонсоң әйнектің ішінде шыңғырған 
Шындыққа үңіле қарайтын, 
түрлене... 
Сүймеймін (!) 
Сүймеймін... 
Жоқ, әлде сүйемін, 
Бәрінің маңдайын! 
Бәрінің иегін! 
Күндердің қолынан сүйемін, және де 
Айлардың бетіне жағылған күйені... 
Айларды жалғаған, 
Ойларды бұзған не? 
Бізді емес, 
тәңірді бар еткен біз бе әлде? – 
Ақылды өмірге көп сұрақ қоюшы ем... 
Бәрібір ериді екен ғой мұз-дәурен... 
Дәнеңе етпейді, 
ерісін, ерісін! 
Сіздерден – ресторан! 
Біздерден – жеп-ішу! 
Стакан су әкеп берсе екен даяшы, 
Мұз-дәурен сап ішем, 
О, неткен келісім! 


**************************


...Өртенген ашудан өзімді ап қалдым... 
Серті өлген арудан сезімді ап қалдым... 
Осынау қап-қара түн іші жүрекпен 
Шағала шаңқылын естуге аттандым...

18.08.2018. 

 

ДӘРУMAN

Өзің де...
Өзгелер де
«Өзім!» - дейді.
Тек сәби мейірімі көз ілмейді.
Өлгендер тірілмейді,
Есесіне
Тірілер өлім жайлы әзілдейді.

Есігін балалықтың ашсаң шылап:
Күлесің елден ерек,
Достан жырақ.
«Бұл өмір – қаныпезер!»
«Өмір – ғажап!»
Қысқасы, екеуі де бос сандырақ...

Сұлумен танысарсың тойға барып, 
Жүзім жеп... шәйдан алып, ойдан алып...
Келерсің жарым түнде...
Келмеймісің?
Келесің, ораласың, әй, қарағым...

Сосын кеп хат жазасың, 
мұң шағасың,
Шишаға шылымыңнан күл саласың.
Күл емес күллі өмірің шығар мүмкін, 
Өмір мен күлсалғыштың білші арасын...

Атағың алыстағы елге жеткен,
Өткенді бауыздайсың кербез өткен.
Бір досың сенен гөрі ақымақтау,
Бірақ та сенен гөрі елгезектеу...

Қорықпа, 
Бәрі оңалар,
Бәрі оңалар!
Тәуіп шал тасбиығын санамалар.
Намазға жығыларсың жәйнамаздың
Үстінде жүрегіңнен жара қалар...

Құдай да қарамайды кей кездері,
Аспанның бұлттанғасын ой-көздері.
Бір сәуле кезікпейді жер бетінен,
Болмаса қара аспанды ай кезгені.

- «Күллі өмір – бір сәттік түс» - деген рас па?
Бар ма екен басқа түсте әлем басқа?
- Түсіңе қара мысық кірмеу үшін, 
Ұйқтамау керек еді әуел баста...

19.07.2018

 

БИІКТІК

Табылды Досымовтың рухына 
«Биіктік» әнінің мақамымен

Табылды аға, біздің жақта таулар көп, 
Таусыз болсақ, шақпақ желден жаурар ма ек! 
Таумен қорғап қойған бізді тәңірі 
Тыстағылар жұмақ жерді жаулар деп.

Түк етпейді... Бұл табиғат кінәсіз... 
Толағай боп туылғансыз сірә сіз. 
Біздің үйдің ауласынан таулар мен 
Батыс жақтан сіз көрініп тұрасыз...

Көш кеткелі Қаратаудың басынан, 
Көкжиекке күн-түн демей асығам. 
Қырандардың көздеріне тік қарап, 
Қарғалардан көз жасымды жасырам.

Шуақ емес, тараса егер күннен сор, 
Тау жақтағы сырласамын гүлмен сол... 
Көкжиекке асықпаймын кейде мен, 
Төбешік боп қаларымды білген соң.

Кім біледі, тау дер бізді басқалар, 
Тау боп кетсем ақ жүрегім тас болар. 
Тас болғаны дұрыс шығар жүректің, 
Таптап езіп өтпеу үшін қасқалар...

Қорған болған қап қара бұлт ауғанда, 
Қайтпас тұлға мүсін боп тұр ауданда, 
Қаратаудың құшағында жетілген 
Рысқұловтың рухы биік таудан да.

Табылды аға, біздің жақта таулар көп, 
Таусыз болсақ, шақпақ желден жаурар ма ек! 
Таумен қорғап қойған бізді тәңірі 
Тыстағылар жұмақ жерді жаулар деп.

Түк етпейді... Бұл табиғат кінәсіз... 
Толағай боп туылғансыз сірә сіз. 
Біздің үйдің ауласынан таулар мен 
Батыс жақтан сіз көрініп тұрасыз...

Abai.kz

 

5 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3530