Әділжан Үмбет. Ойсылқараның орны ойсырап қалмасын
Ежелден көшпелі өмірдің қазанын қайнатқан қазекем түйені түліктің төресі деп бағалады. Солай болатын да жөні бар секілді. Аталмыш жануар күтім талғай бермейді. Оны әрбір қазақ жақсы біледі. Қайталап айтып жатқанымыз артық секілді. Ал түйенің біздің тіршілігімізде тигізетін пайдасы орасан. Зіл батпан жүктерді арқалап, қаншама шақырымды артқа салса да, мыңқ ете қоймайтын түлік түрі біз үшін таптырмас көлік болды. Одан қалды, еті мен сүтінің дәмі тіл үйіріп, дәм татқан адамның таңдайынан кетпейтіні тағы да бар. Түйе жүнінен небір жылы киімдер тоқылатын. Осындай қасиеттері арқылы Ойсылқара тұқымы біздің қазақ халқының өмірінен ойып орын алды. Қазір ше? Түйе түлігінің қаншалықты бағасына жетіп жүрміз? Әңгіменің әлқиссасын бастағанда осы сауал тіл ұшына орала береді.
Бүгінгі таңда жер шарында 20 миллионнан астам түйе бар. Оның үштен бір бөлігі Африка құрлығындағы Сомали мемлекетінде екен. Ал 3 миллионнан астамы аталмыш құрлықтағы Суданды мекен етеді. Сондай-ақ түйе Азияның Арабия түбегі мен орталық аймағында да кездеседі. Әсіресе шөлді өңірлерде жиі көзге ұшырасады. Қазақстанның Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында олардың саны көбірек. Жалпы саны - 160 мыңға жуық. Оның ішінде 80 пайызға жуығы Маңғыстау облысының үлесіне тиеді. Ал Сыр өңірінде 30 мың басқа жуықтаса, қалғаны еліміздің басқа аймақтарында кездеседі.

Қазақ еліндегі түйе саны бұрынғы жылдармен салыстырғанда өте азайып кеткен. Қолдағы деректерге сүйенсек, өткен ғасырдың 30-жылдарына дейін елімізде 1 миллионнан астам Ойсылқара тұқымы болғанға ұқсайды. Өкінішке қарай, қазір олардың саны сол жылдармен салыстырғанда алты-жеті есеге дейін кеміп кеткенін аңғару қиынға соға қоймас. Неге? Не себепті?
Оны түсіну қиынға соғады. Болмаса, күтім талғай бермейтін түйе осыншама азайып кетер ме еді? Одан бері де уақыт мырзаның қаншама парағы жыртылып, біз жеке ел ретінде түтін түтетіп жатырмыз. Алайда мал шаруашылығында түйеге деген көзқарас өз деңгейінде емес. Біз негізінен сиыр және қой малдарын асылдандыруға маңыз беріп, қалғанын естен шығарып алған секілдіміз. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында алдағы уақытта мал шаруашылығын дамыту арқылы экспортқа мал өнімдерін шығару мәселесіне назар аудару керектігін атап көрсетті. Сондықтан бұл бағытта түйені тағы да естен шығарып алмағанымыз орынды болар еді.
Жалпы, түйе сүтінен өндірілетін өнімдер біздің халқымыздың дәстүрлі тағамдары қатарына жатады. Тіл үйірер шұбаттан дәм татқан шетелдіктер таңдай қаққанын талай көргенбіз. Өкініштісі, біз оларға осы өнімдерді экспортқа шығара алмай отырмыз. Расын айту керек, оған ешқандай шамамыз келер емес. Бәлкім, дайын асқа үйреніп қалғанымыздан шығар. Елімізге ағыл-тегіл ағылып, өзге жақтан келген тауарлар дүкен сөресінде толып тұр. Дегенмен біз шетелге шығармақ түгіл, түйе малынан өндірілетін өнімдерді өз тұтынушыларымызға жеткізе алмай отырмыз.
Мамандардың айтуынша, соңғы жылдарда аталмыш түлік түрінің басы артып келеді. Алайда одан алынатын өнім деңгейі көңіл көншітпейді. Осыдан үш жыл бұрын 5,5 мың тонна шамасында түйе еті, 11,5 мың тонна қымыран өндірілген екен. Арада бір жылдай өткенде барлығы 200-800 тонна шамасында кеміп кеткен. Бұл нені көрсетеді? Осы салаға деген көзқарастың әлі де өз деңгейінде емес екенін аңғартады. Сонымен қатар асыл тұқымды түйелердің аздығы да алаңдатады.
Дәулет Ибрагимов, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты:
- Әлемде түйе шаруашылығынан өнім өндіру болашағы зор жұмыстардың біріне жатады. Өкінішке қарай, бізде асыл тұқымды малдың құндылығын бағалайтын мамандар жоқтың қасы. Жалпы, төрт түліктің қай түрі де, бағалай білсең, мол кіріс кіргізеді. Сол себепті ең алдымен мал тұқымын асылдандыруға ерекше мән бергеніміз артық емес.
Кезінде түлік түрлерін бағумен арнайы шаруашылықтар айналысты. Қазір басқаша жағдай қалыптасып отыр. Еліміздегі төрт түліктің көпшілігі - жеке адамдардың қолында. Әрине, бұрынғыдай бұл саланы қолдау жоқ. Әркім өз шаруасын күйттеп жүр. Сондықтан жекенің қолындағы малды асылдандыру мәселесі кемшін түсіп жатқаны жасырын емес. Мәселен, Қазақстандағы Ойсылқара тұқымының 80 пайызға жуығы шаруа адамдарына тиесілі екен. Сол себепті түлік төресін асылдандыру әзірге қиын соғып тұрған жайы бар.
Талғат ДҮЙСЕБАЕВ, Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары:
- Облыстағы төрт түлік түрлеріне алдағы уақытта баса назар аударылады. Қазіргі таңда осы бағытта жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Түйе шаруашылығын дамытуға да көңіл бөлінбекші.
Қызылорда облысы
«Алаш айнасы» газеті