Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Дидар-ғайып 5940 2 пікір 29 Тамыз, 2018 сағат 08:23

Қытайдағы арысың... Әмір Жалбағаев өмірден озды

Қытайдағы қазақтар арасынан шыққан алғашқы математика ғылымының профессоры Әмір Рамазанұлы 82 жасында өмірден озды. Ол 1936 жылы Тарбағатай тауы бөктерінің Қайқыбас деген жерінде дүниеге келді. 1954 жылы Шыңжаң институтының Физика-математика факультетіне оқуға түседі. Сол кездегі дарындыларға деген қажеттілікке байланысты бір жыл ғана оқып, институттың өзіне мұғалімдік қызметке орналасады. 1957 жылы аталған институт университетке ауысады.

Басшылық оған «Аналитикалық геометриядан» сабақ беруді жүктейді. Осылайша ол Шыңжаң университеті тарихында тұңғыш реткі бағдарламаға енген сабақты аз санды ұлттар арасынан (қытайдан басқа ұлттардан) алғаш рет батылдықпен міндетіне алған ұстаз ретінде тарихта қалды. Одан кейін «Жоғарғы алгебра», «Дифференциал теңдеулерден» дәріс оқыды. 1974 жылы Хаңжу университетінен математика мамандығы бойынша білім алды. Нәтижесінде Шыңжаңдағы жоғары санаттағы математика мұғалімдеріне деген тапшылықтың орнын толтыра білді. Ол оқыту ғылымы, зерттеу және аударма жұмысын өзара үйлестіре отырып қомақты табысқа жетті. 1970-1980 жылдар аралығында математикалық атаулар, терминдердің дені қытайша болғандықтан сабақ мазмұнын түсіну өте қиын еді. Осы олқылықтың орнын толтырған Әмір Рамазанұлы қазақ және ұйғыр тіліндегі орта мектеп математика оқулықтарын жазды. Мәселен, «Хикметті қызық сызықтар», «Қызықты алгебра» еңбектері сол кезеңнің жемісі. Қытайдың 4 мың жылдық математика тарихын әр дәуір хандықтарының реті бойынша жүлгелеген «Қытай математика тарихы» атты кітабы 1994 жылы жарық көріп зерттеуші-мамандардың ыстық ықыласына бөленді. Ол қазақ киіз үйінің жасалу жолдары мен қолданылуына зер салып, аса құнды геометриялық білімдердің жинақталғанын алғаш рет ортаға салды. Бұл зерттеулері сол кезде жалпы математика саласындағы мамандар мен ғалымдардың назарын аударды.

Әмір Рамазанұлы соңғы жылдары Қазақстан, Өзбекстан ғылым академиясында ғылыми зерттеу сапарында болып, Ұлықбектің шығармаларын және қытай астрономия, математикасының орта Азия ғылымына ықпалы жөнінде мазмұнды ғылыми баяндама жасады. Оның ұзақ жылдық ұстаздық, зерттеушілігі нәтижесінде жазған «Орта ғасырдағы орта Азия ғалымдары», «Ғылым дамуының заңдылығы», «Орта ғасырдағы қытай математикасының мұсылман елдер математикасындағы ықпалы», «Орта ғасырда ислам елдерінен қытайға кірген астрономиялық математикалық білімдер», «Қазақ календары», «Найман ханның әулеті ғалым, ақын, төре Бүйчуан Борашұлы», «Жібек жолы математикасы туралы», «Қазақ календары турасында», «Жібек жолындағы ғылым-техника алмастыру» қатарлы диссертациялар жазып жариялады. Қытайдағы және шетелдердегі көптеген ғылыми конференцияларға қатысып, қытайдағы аз ұлттардың ғылым-техника тарихы, математика-астрономия білімдері туралы «Қазақ календары және 12 жыл бір мүшелдің орта жазыққа кіру барысы», «Қазақ математигі Аббас әл-Жауһаридың математикалық идеясы», «Әл-Фарабидің математикалық идеялары турасында», «Ұлықбектің астрономия кестесіндегі қытай календары» сияқты тақырыптарда ғылыми баяндама жасады.

2004 жылы мамырда Өзбекстан академигі, математик Тоқтамұрат Жораевтың шақыруымен барған сапарында жасаған баяндамасы үшін алтын медаль алған. «Аналитикалық геомертия», «Математикалық анализ», «Жоғарғы геометрия», қатарлы жоғарғы мектеп оқулықтарын қазақ, ұйғыр тілдеріне аударды. «Сан туралы», «Қытай математика тарихы» атты көлемді кітап жазды. Әсіресе, «Сан туралы» кітабы ШҰАР Ғылым-техника қоғамы жағынан  «Ғылым жалпыластырудағы таңдаулы туынды» болып бағаланса, қытай бойынша өткізілген мемлекеттік кітап бағалауда 2-дәрежелі сыйлық алған. Сол жылдары «Қытайша-қазақша математика терминология сөздігін» құрастырды. 30-дан астам ғылыми-зерттеу диссертациясы қазақ, қытай тілдерінде жарық көрді. Осы кесек еңбектері үшін 1995 жылы «Математика профессоры» кәсіптік-техникалық атағын алды. Қытайдағы қытайдан өзге аз ұлттар ішінен тек Әмір Рамазанұлы ғана академик Уын Жүннің «Жібек жолы математика-астрономиясын зерттеу қоры ғылыми комитетінің» басқарушы 7 профессордан құралған комиссиясының тұрақты мүшесі ретінде «Жібек жолы» зерттеулеріне қатысып келді. Соңғы жылдары әдебиет, тарих, мәдениет саласына ден қойып, «Қаңлы Тастемір», «Жыр періштесі», «Күшлік хан», «Мұхамет Хайдар Дулати» қатарлы ғылыми мақалалар жазып жариялады.

Ол – қазақшаға жүйрік, орыс, қытай тілдерін жетік меңгеріп, сан-салалы ғылымның сырын біліп, жанкештілікпен еңбек еткен білімді, білікті ғалым, ұлағатты ұстаз еді. Жатқан жеріңіз жаннатта, топрығаңыз торқа болсын!

Камалбек Боқанұлының мақаласы негізінде дайындалды

Abai.kz

 

 

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2054