Бекболат ТІЛЕУХАН, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты: «Іске татитын жақсы фильмдер аз»
– Тәуелсіздік алған жылдары қоғамдық сана, тәртіп өзгеріп, кейбір құндылықтар жойылды. Бұрын құнсыз деп келген дүниелеріміз құнды дүниеге айналды. Дәл осы тұста Ресей елі заманмен үндес телесериалдарды өмірге әкеліп, Қазақстан сияқты елдерге өнімін саудалап үлгерді. Ал біз тарапынан осындай өтпелі кезеңде ешқандай фильм жарыққа шығарылмады. Неге?
– «Өтпелі кезеңде өмір сүр» дейтін Қытай халқының қарғысы бар екен. Одан кейін біздің қазақтың «Көш кері кетсе, ақсақ түйе көш бастайды» дейтін мақалы бар. Кешегі құнсыз нәрселер құнды болып, құнды нәрсе уақыттың сұранысына қарай кері кеткен кезде шынында да Қазақстан сияқты жас елдің өз қолы өз аузына әзер жетіп, мықты болып кетуіне мүдделі еместер өздерінің күл- қоқысын бізге әкеліп үйіп-төкті.
– Тәуелсіздік алған жылдары қоғамдық сана, тәртіп өзгеріп, кейбір құндылықтар жойылды. Бұрын құнсыз деп келген дүниелеріміз құнды дүниеге айналды. Дәл осы тұста Ресей елі заманмен үндес телесериалдарды өмірге әкеліп, Қазақстан сияқты елдерге өнімін саудалап үлгерді. Ал біз тарапынан осындай өтпелі кезеңде ешқандай фильм жарыққа шығарылмады. Неге?
– «Өтпелі кезеңде өмір сүр» дейтін Қытай халқының қарғысы бар екен. Одан кейін біздің қазақтың «Көш кері кетсе, ақсақ түйе көш бастайды» дейтін мақалы бар. Кешегі құнсыз нәрселер құнды болып, құнды нәрсе уақыттың сұранысына қарай кері кеткен кезде шынында да Қазақстан сияқты жас елдің өз қолы өз аузына әзер жетіп, мықты болып кетуіне мүдделі еместер өздерінің күл- қоқысын бізге әкеліп үйіп-төкті.
Осындай қаныпезер туындылар жайлаған өмірде рухани азғындау басталды. Тәуелсіздіктің алашқы жылдары бәріне рұқсат берілгені сондай қарақшылық, жемқорлық, әлі жеткені әлсіздің қолындағысын тартып жейтін қасқыртірлік басталып кетті. Әрине, бұл формациялар ауысу кезінде болатын заңды құбылыс. Оның зардабы өнерге қатты тиді. Ал, Ресейдің тап біздей ештеңесі бүліне қойған жоқ. Тұтас бір империя – тек бір бөлігінен ғана айрылды. Олар дағдарысты тура біз секілді бастан өткізген жоқ. Өтпелі кезең, санада формациялық өзгерістер болды. Бірақ біз сияқты іссіз қалмады. Кремль сол қалпында қалды. «КГБ» – «ФСБ»-ға, «Министерство Промышленности СССР» – «Министерство Промышленности РФ» болды. Оларда қалыптасқан мемлекеттіліктің негізгі іргетасы бар. Соның негізінде адам санасына әсері мол өнердің маңыздылығын түсініп, қоғам санасын билеп, оны белгілі бір бағытқа бұру үшін мемлекет сол кезде-ақ, өз идеологиясын кино арқылы жүргізе бастаған еді. Діттеген мақсатына жетті. Қазір Ресей фильмі Ресейдің кинолары арқылы ұлттық орыс патриотизмін туындатуда. Бір ғана қауіпті жері бұл бағытта жүре берсе Ресейдегі ұлтшылдық өршіп кетуі мүмкін.
– Қазіргі таңдағы қазақ киносы туралы көзқарасыңыз қандай?
– Қазақ киносы бұрыннан да керемет болып жарқылдап жатқаны шамалы. «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры» сияқты бірен-саран киноларымыз болмаса. Кеңес уақытында орыстың түсірген фильмінен қазақ киносын пәлендей керемет деп айта алмайтын едік. «Қырғызфильм», «Өзбекфильмінен» де артық болған жеріміз шамалы. Десек те, кезінде «Тақиялы періште», «Транссібір экспрессі», жоғарыда аталған «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры» сияқты жақсы киноларымыз болды. Өкініштісі ол дүниелер өзінің заңды жалғасын, дәстүрлі негізін таба алмады. Тәуелсіздік алған жылдары шыққан кино, қай жағынан алып қарасаңыз да кино деуге келмейді. Ол – жалпы қазақ ұлтына, қазақ менталитетіне, қазақ ұлтының рухани қалыптасуына ешқандай пайдасы жоқ дүниелер. Тек қана адам санасын улаудағы адамның өзіне-өзі сенбеуін, қоғамның азғындауын әрмен қарай қоздыра түсетін дәрежеде жасалған кинолар болды. Сол себепті, алғашқы кезеңдерде жақсы кино шықты деп айта алмаймын. Көптеген кинолардың музыкасының композиторларына «соавтор» болдым, кино түсіру барысына тікелей араласқан кездерім де болды. Деректі фильмдердің арасында жақсы дүниелер жоқ емес. Ал көркем фильмдердің ішінде іске татитын жақсы кино шықпады деп айтуыма толық негіз бар.
– «Ағайындылар» фильмінің түсірілуі сіздің тікелей ықпалыңызбен болыпты. Ондағы мақсатыңыз не, фильм арқылы не айтқыңыз келді?
– Киноның идеясы көкейімде көптен жүрді. Бұл «қазақтың қолынан кино түсіру келмейді» деген миға сіңісті ойға, мәміле жасаған жалған пікірді бұзу мақсатында жасалған дүние. Шынын айтқанда, «Қазақстан» ұлттық телеарнасына Дәурен Әбдіхамитов басшы болып келген уақытта аталмыш кино жайындағы пікірімді білдірдім. Ол жігіт бірден қуана құптады. Фильмді түсіретін адам іздегенімізде, қоғамда болып жатқан өзгерісті, қоғамның тамырын дөп баса алатын режиссер ретінде «Рэкетир» фильмінің режиссері Ақан Сатаевқа тоқталдық.
«Рэкетир» фильмі шынында өмірге өте жақын. Сол кездегі жағдайды тамаша суреттеп көрсете білді. Онда азғындау, жексұрындық тіптен көрініс бермеген. Ақан осы қырларымен кинемотография тілінде жарқын идеяны әдемілеп көрсете алатындығын байқатты. Оған кездесіп ойымызды жеткізгенде ол да қуана келісті.
Жалпы идея шартты нәрселер. Мысалы: дәстүрлі қазақ ертегісіндегі «Баяғыда бір бай болыпты. Оның үш ұлы бар екен. Біріншісі былай еді, екіншісі олай еді, кенжесі шаңыраққа ие» деген сияқты. Мен тура сол бағытты ұстандым. Тұңғышы Шыңғыс әйелжандылау, жеке басының мүддесіне бейім, мансап қуған жігіт болды. Екінші бала Қуаныш тентектеу. Ал, Бақыт қазақ ертегілеріндегідей отбасы, ошақ қасына қараған, атақонысты аман сақтап, шаңыраққа ие болып қалатын кенже бала. Бұл идеяның бәрі арнайы түрде дәстүрлі канондық негізде. Ал киноның сюжеттік қарбаласының 75 пайызынан астамын жасап, сценаристке нақты нұсқаулар беріп отырған Дәурен Әбдіхамитов. Оның дайындаған сценарийлері көп, солардың ішінде «Ағайындылар» фильмі Дәуреннің тырнақалды туындысы. Жалпы бұл фильмде Дәуреннің менеджер ғана емес, сценарист ретінде үлкен қолтаңбасы бар. Дегенмен, ол қарпайымдылық танытып, кішіпейілділікпен аты-жөнін фильмге жазғызбағанына мен қарсы болдым.
Бірақ фильмнің негізгі сценарийінің, қарбалас сюжеттік бағытының 75-80 пайызы осы азаматтың еңбегі.
– Жалпы қазақта «Асқанға – тосқан» дейтін сөз бар. Осы ұғым кинода қаншалықты көрініс берген?
– Дұрыс айтасыз. Бұл кинода біз өмір заңдылықтарын негізге алдық. Киноның өзі кішкентай ғана өмір. «Бүкіл өнер атаулының ішіндегі ең маңыздысы – кино» деп Ленин бекер айтпаған. Өйткені кез-келген мәселені кино арқылы суреттеуге болады. Ақан да, Дәурен де бес намазы түгел иманды жігіттер. Сондықтан қазақтың дүниетанымдық негіздері көбінесе мұсылманшылық үдерістерге сәйкес келеді. Оның аржағында бапкерлердің сөзімен айтқанда жүректерге шуақ, саналарға сәуле құю бар.
«Өмір ақшаға тіреліп қалған жоқ», «Сен асып-таспа, бүгін барсың, ертең жоқ болуың оп-оңай. Бүгін байсың, ертең кедей болуың да ғажап емес. Бүгін азаттықта жүрсің, ертең түрмеге отырып қалуың мүмкін», «Адамның басы – Алланың добы» дейтін бар емес пе, осыны кинода көрсетуге тырыстық. Тек қазақи кейіпте ғана көрсетіп қоймай, осы ұғымды бүгінгі заманауи шындыққа сәйкестендіріп көрсетуді мақсат еттік.
– Фильмдегі ағайындылар арасындағы келіспеушілік, кикілжің арқылы нені көрсетуге тырыстыңыздар?
– Фильмге қарап отырсаңыз ондағы болып жатқан оқиғалар 1994-95 жылдардағы Қазақстан қоғамы. 90-жылдардағы әрбір қазақстандықтың басына түскен қиыншылықты біз кинемотография тілімен көрсетуге тырыстық. Байқасаңыз сол қоғамда «қалай болмасын баюды» көздеген ұранның кесірі ағайындардың арасына да, достардың арасына да кикілжің салды. Келіспеушіліктің негізгі себептерінің бірі Шыңғыстың әйелінің сөзінен аса алмауы. Әйелі ағасы арқылы әмірін жүргізеді. Әйелінің көңілінен шықпаса қайнағасына жақпайды. Оған жақпаған соң ақшасыз қалады. Ақыры туған бауырына рахымсыздық танытады. Айналып келгенде бұл арада қазақи тәрбиесі кейін жамандыққа жібермейді. Жеме-жемге келгенде, ол туған бауыры үшін қолында барын шашып жіберуінің аржағында қанына тартқан генетикалық туыстықтың оянғанын көреміз. Жалпы алғанда үшеуі де жағымсыз кейіпкер емес. Үшеуінде де жақсы қасиеттер бар. Бірақ анағұрлым эталонға кенжесі Бақыт лайықты. Қазақ кенже баласын шаңырақ иесі дейді ғой, соған көбірек махаббатымызды төктік.
– Фильм барысы аралас, қойыртпақ тілде түсірілген екен, оның сонша қажеттілігі болды ма?
– Қайтесіз енді, бұл бүгінгі заманның шындығы. Шынайы фильм-шынайы өмірді көрсетті. Негізгі ойым ауылдағы орыс көршіні қазақша сөйлейтін етіп көрсету еді. Бірақ оған мүмкіндік болмады. Кастингке қатысқаныммен, кино түсіру кезінде тікелей араласуға уақыт таппадым.
– «Ағайындылар» фильмінің соңы түсініксіздеу, аяқталмай қалған іспетті көрініс береді. Ары қарай жалғасын түсіру қажет сияқты..
– Оны енді Дәуреннен соң тізгін ұстаған азаматтарға айтарсыз. Расында жалғасы болу керек. Бізге салса, осы фильмді енді жиырма серия қылып соза беруге болар еді. Бірақ дағдарысқа байланысты бөгеліп қалдық. Жомарт қолымызды жоқшылық байлап отыр. Негізгі сценарист, ұйымдастырушы Дәурен Әбдіхамитовтың мүмкіндігі шектеліп тасталды ғой. Белгілі режиссер Еркін Рақышевтің «Алтын адам» дейтін фильмінің сценарийін дайындап едік…
Кинодағы басты мақсат – жарқын болашақ, үміт. Кейінгі кездегі киноларды қарап отырсаңыз үмітсіздік, азғындаған қазақ ауылы, зинақорлық, маскүнемдік, сатқындық, ұятсыздық көрініс береді. Зымиян, жексұрын ойдан туған фильмдердің көбейіп кеткендігінен бұл «Ой түбінде жатқан сөз, шер толқытса шығады. Су түбінде жатқан тас, жел толқытса шығады» деген сияқты ойдың түбінде жатқан шер еді. Бүкіл ұлтты масқаралап, мазақ еткен, ұлтты қорлаған «Қарой», «Келін», «Тюльпан», «Қыз жылаған» секілді фильмдерге біздің тарапымыздан «Жоқ! Біз қазақ ондай ұлт емеспіз. Мұншалықты азғын қалыпқа түскен жоқпыз» деп көрсеткен қарсылық еді «Ағайындылар» фильмі.
– Қазір еліміздің кинотеатрларында отандық фильмдер тек күндізгі уақытта ғана, халықтың бәрі жұмыста жүргенде көрсетіліп, кешкі уақытта киноға бара қалсаңыз шетелдің прайм-таим киноларын тоқтатпай беріп жатады. Осыған шек бар ма?
– Өмірдің өзі осыған әкеліп отыр. Егер кинотеатр иелерінің бойында патриотизм, отанға деген сүйіспеншілік болмаса онда оларды заң арқылы мәжбүрлеу керек шығар. Бір жағынан өз ұлтын тек жағымсыз жағынан көрсететін фильмдерге кімнің барғысы келеді. Менің жақсы-жақсы киноларды өмірге әкелгім келеді. Ірі кәсіпкер емеспін, «Қазақфильм»-нің билік басында отырған жоқпын, сондықтан да кино түсіруге қатыса алмаймын.
– Отандық киноиндустрия қалыптасқан алғашқы жылдарда тұңғыш рет қазақстандық «Перекресток» телесериалы шыққаны мәлім. Осы фильмді қазір кейбір әлеуметтанушылар «қазақ руханиятына зиянды» деген пікір айтып жүр. Сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Музыкада ең басты дүние – әуен. Ол болмаса сіз мың жерден композициясын қатырып жасасаңыз да тыңдалмайды. Моцарттың «40-ші симфониясы» неліктен әлемге кең тарап кетті. Өйткені оның әуені адамның жанын баурап, жан-жүрегіне сіңіп кеткенде керемет ләззәтқа бөлейді. Сол сияқты кинода ең басты нәрсе сюжеттің құрастырылуы, тартымдылығы. Мың жерден мақтаса да «Перекрестокта» бұның бірде-біреуі жоқ. «Ертең не болар екен?» деп қызықпаған соң не көресің. Корей елінің «Джумонг» атты киносын тамашалағанда ертең не болар екен, ана жері қалай болар екен, әйел тұтқында қалып қойды, енді не істер екен деп көруге асығасың. «Ағайындылар» да солай болды. Таныстарым үйге қоңырау шалып, «Ертең не болайын деп жатыр, айта салшы енді» деп сұрап жатты. Осы сияқты қызығушылық кинодағы басты шарт.
Қазір киноны қазақстандықтар үшін емес, Еуропаның, Американың, Жапонияның кино фестивальдері үшін түсіретін болып кетті. Шетелге барып жүлде алып келгесін, бізді бүкіл Еуропа мойындады, неге Қазақстан мойындамайды, деп жаһанға жар салып жатқаны. Мойындамайды. Өйткені, біздің халықтың намысы бар. Киноны әйтеуір кино жасау үшін немесе кино түсірді деп айту үшін шығармайды. Идеялық мақсат, идеологиялық тәрбие үшін шығарады. Коэнның қазақты масқаралаған «Борат» фильмі 18 миллион доллар кіріс кіргізсе, біздің «Көшпенділер» 90 000 доллар кіріс тауыпты дейді. Мүмкін мен қателесермін, іштен шыққан сұр жылан ғой, «Жетімдер» фильмі «Көшпенділерге» қарағанда қоғамға әлдеқайда күшті әсер еткен сияқты. Айтатын ойы, нақты мақсаты, идеясы бар адам ғана кино түсіруі шарт. Кино – өнер. Алайда қазіргі заманда ол саясиланған. Өйткені қоғамның санасына әсер ететін кез-келген өнердің астарында саясат жатыр. Ең алдымен қоғам рухани өзін қамтамасыз етуі қажет. «Өзі жарымағанның сарқытын ішпе» деген аталы сөз бар қазақта. Сондықтан ең алдымен халқымызға рухани азық берейік.
Бейбітгүл ИСАЕВА, Астана
«Ана тілі» газеті 5 маусым 2009 жыл