Жұма, 29 Наурыз 2024
Саңлақ 4140 0 пікір 3 Қыркүйек, 2018 сағат 16:24

Астана төрінде тарихи турнирдің тұсауы кесіледі

6 қыркүйек Астана төрінде тарихи турнирдің тұсауы кесілмек. Еуропа футбол қауымдастығының жаңа жобасы «Ұлттар лигасы» турнирінің тұңғыш матчы Қазақстан мен Грузия құрамаларының арасында өтеді.

Бородюк сынды біліксіз бапкердің бастауында жеңілістен көз ашпаған Қазақстан ұлттық құрамасы 2018 жылдың табалдырығын сәтті аттады. Құрама тізгінін болгариялық маман Станимир Стоилов ұстағалы жанкүйер жүрегіне үміт ұшқыны ұялаған. Алайда, мақтаулы маман да әлі үлкен сынақтың тезінен өткен жоқ. Бар болғаны шәкірттері үш жолдастық кездесуде сәтті өнер көрсетті. Көктемде Венгрияны жеңіп (3:2), Болгариядан жеңілген (1:2) Қазақстан құрамасы жазда Әзірбайжан футболшыларын қарсылас құрлы көрген жоқ (3:0). Бұл нәтижелер біздің көңілімізден шығып, шаттыққа бөлегенімен қуануға әлі ерте екенін ескерткіміз келеді. Анық сын алда!

«Ұлттар лигасы» UEFA-ның жаңа туындысы екенін айттық. Бұл турнир бұрынғы жолдастық кездесулердің орнын баспақ. Бірақ, жолдастық кездесуден артықшылығы ресми турнирге бір табан жақын. Оның үстіне Еуропа чемпионатына жол ашатын мүмкіндігі тағы бар. Қарт құрлықтың барлық құрамасы төрт дивизионға бөлінген. Құраманың қарым-қабілетіне қарай. Біздің құрама әрине ең төменгі, төртінші дивизионға орналасқан. «D» лигасы деп аталады. Бұның өзі іштей төрт топқа бөлінеді.

Бұл лигада UEFA рейтингісіндегі соңғы 16 құрама жиналған – Әзірбайжан, Македония, Беларусь, Грузия, Армения, Латвия, Фарер аралдары, Люксембург, Қазақстан, Молдова, Лихтенштейн, Мальта, Андорра, Косово, Сан-Марино, Гибралтар. Біздің футболшылар Бірінші топта бақ сынайды. Қарсыластары — Грузия, Андорра, Латвия. Алдымен өз тобымызда бірінші орын алсақ, сосын өзге үш топтың жеңімпазымен Еуропа чемпионатына берілер бір жолдамаға таласамыз.

Ойын ережесі осындай. Енді турнир басталады. Біздің топта Грузия құрамасының бәсі сәл жоғары. Еуропада доп тебетін ойыншылары көп. Бізге арман болған ірі лигаларда грузин футболшылары өріп жүр. Италия, Испания, Бельгия, Швейцария чемпионаттарында грузиялық ойыншылар өнер көрсетеді. Тіпті, бізге алынбас қамалдай болған Ресей Премьер лигасы бұлар үшін қатардағы қарапайым чемпионат ғана. Ал қазақстандық футболшылардың өз елімізден ұзап шыға алмай, ауыл үйдің арасын айналсоқтап жүргені тағы бар.

Бұл сөзді ақпарат құралдары мен жанкүйерлер арасында біздің топтың фавориті Қазақстан құрамасы деген қате түсінік қалыптаспас үшін айтып отырмыз. Әйтпесе, көз алдағы алдамшы нәтижені малданып жүріп, нағыз сын сағатта сан соққан сәтіміз аз емес. Мысал үшін айта кетейік, «Қайрат» футбол клубы Еуропа лигасында екі жыл қатарынан өзінен әлсіз саналатын командалардан өте алмай қалды. Өткен жылы жеребеде албаниялық «Скендербе́у», биыл чехиялық «Сигма» түскенде жанкүйерлер мен кейбір БАҚ алматылықтарды келесі кезеңге алдын-ала өткізіп тастаған еді. Ал нәтижесі не болғаны бәрімізге белгілі.

Сөз соңында ұлттық құрамаға шақырту алған футболшылардың тізімін назарларыңызға ұсынып отырмыз. Премьер лигада тұрақты өнер көрсететін өзі аз ғана қазақстандық футболшылардың ұлттық құрамада негізгі құрамға жарайтыны саусақпен санарлық деуге болады. Ел чемпионатындағы командалар көбіне легионерлерге иек артады. Шынын айтқанда, осы жолы ұлттық құрамаға шақыртылған ойыншылардың тең жартысы өз командасының қосалқы құрам орындығын тоздырып жүргендер.

Қақпашылар: Ненад Эрич («Астана»), Владимир Плотников («Қайрат»), Дмитро Непогодов («Тобыл»);

Қорғаушылар: Сергей Малый, Евгений Постников, Дмитрий Шомко, Абзал Бейсебеков, Юрий Логвиненко (барлығы - «Астана»), Ғафуржан Сүйімбаев, Айбол Әбікен (екеуі де - «Қайрат»), Дмитрий Мирошниченко («Тобыл»);

Жартылай қорғаушылар: Думан Нәрзілдаев («Қайсар»), Исламбек Қуат, Бауыржан Исламхан, Ян Вороговский, Георгий Жуков (барлығы - «Қайрат»), Бактиер Зайнутдинов, Серікжан Мужиков (екеуі де - «Астана»);

Шабуылшылар: Еркебұлан Тұңғышбаев («Ордабасы»), Алексей Щеткин, Роман Муртазаев (екеуі де - «Астана»), Бауыржан Тұрысбек («Тобыл»), Еркебулан Сейдахмет («Уфа», Ресей).

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2273
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3590