«Мұражай басшысы қызметкерін ұрып, жұмыстан шығарып жіберді» деген сөз - жалған!
Өткенде Abai.kz ақпараттық порталында Қарағанды облысына қарасты Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының басшысы С.Саргизоваға қатысты мақала жарияланған еді. Біз сол жолы Ғалия Ақпанбекова атты қызметкердің айтқандарын еш өзгеріссіз оқырман назарына ұсынып, қарсы тараптың айтар уәжі болса, оларға да мінбер беретінімізді ескерткенбіз. Міне, бүгін орталық басшысының "Мұражай басшысы қызметкерін ұрып, жұмыстан шығарып жіберді" деген сөз - жалған!" атты қарсы мақаласын жариялап отырмыз. Автор портал редакторынан «Тұңғыш Президент мұражайының басшысы қызметкерін ұрып, жұмыстан шығарып жіберді» атты мақаланы теріске шығаруды талап етіпті. Олай болмаған жағдайда сотқа жүгінетінін де ескерткен. Біз өз тарапымыздан С.Саргизова ханымның осы материалда айтқан уәждері Г.Ақпанбекова жазған мақаладағы айыптауларды толықтай жоққа шығаратынын мәлімдейміз.
Abai.kz ақпараттық порталы
Abai.kz ақпараттық порталында 2018 жылдың 28 тамызында Г.Ақпанбекованың «Тұңғыш Президент мұражайының басшысы қызметкерін ұрып, жұмыстан шығарып жіберді» атты мақаласы жарық көрді. Аталған материалдағы фактілер шындыққа жанаспайтынын, менің арым мен намысыма, іскерлік беделіме нұқсан келтіретінін ескертемін.
Басты тақырыпта айтылған «мен азаматша Ақпанбекованы ұрыпты» деген сөз шындыққа жанаспайды. Бұл жайт ақылға сыймайды, ешбір дәлелсіз айтылып отыр. Ақпанбекованың менің ұрғаным жайлы құқық қорғау органдарына түсірген арызы жоқ. Соққы іздері жайлы сот-медициналық сараптамасы һәм куәгері және жоқ. Тіпті, ол азаматша бұл фактіні аудио, бейнежазбалар арқылы да дәлелдей алмайды.
Ал, ақиқатында қалай болды? Ақпанбекова Тұңғыш Президенттің тарихи мәдени орталығында жұмыс істеп жүрген кезінде мені айыптап, «үнемі кабинетіме келіп, не жұмыс жасап жатқанын сұрап, бөгет жасай береді» деген секілді өзі ойлап тапқан желеумен полиция шақырғаны рас. Артынша, бұл ақылға сыймайтын, орынсыз айыптау екенін түсініп, полиция бөлімінен жазған арызын қайтып алды. Өкінішке орай, азаматша Ақпанбекова жұмыс уақытының көбін өзінің отбасылық мәселелерін шешуге жұмсап, үнемі ұялы телефонымен сөйлесумен жүретін. Міне, сол себептен мен басшы ретінде оның не жұмыспен айналысып отырғанын үнемі бақылап отыруыма тура келеді...
Ақпанбекова шын мәнінде экспозициялық залда этикетажды қайта рәсімдеумен айналысты. Бірақ айтып өту керек, бізде экспозициядағы көптеген мәліметтер электронды түрде берілген, стационарлық сөрелерде заттаңбалары экспозицияны құру барысында әзірленеді, сондықтан да қайта рәсімдеу жұмысы оның азғантай бөлігінде ғана жүргізілді. Бұл істе мәтінді ағылшын тіліне аударумен, редакциялаумен орталықтың көптеген қызметкерлері айналысты. Олай болса, бұл ұжымдық жұмысты тек қана Ақпанбекованың еңбегі деуге келмейді.
Ал көрме өткізу - Ғ.Р.Ақпанбекова атқарған экспозициялық-көрме бөлімі басшысының тікелей міндетіне жатады. Жарияланған материалда айтылғанындай ол бұл мәселеге ерекше құлшыныс танытты деп те айта алмаймын. Қабылдау-өткізу актілері рәсімделмей, соның нәтижесінде «жүзік жоғалды» деп келушілер алдында жанжал шығарып, аула тазалаушыға дөрекі түрде ұрланған жүзікті қайтаруын талап еткен. Мәдениет мекемесінде мұндайға жол берілмейтіні жайлы түсіндіргенде Ақпанбекова ешкімге ескертпей Қарағанды облыстық мәдениет басқармасына барған. Біз екі күн бойы қызметкердің қайда жүргеніннен бейхабар болдық. Осылайша еңбек тәртібін бұзуына орай, Ақпанбекова жұмыстан босатылды.
Осыдан кейін, ол сотқа жүгініп, мәселені келісім комиссиясының отырысында қарау туралы сот шешіміне орай, біз Ақпанбекованы материалдық қиын жағдайын ескеріп, қайтадан жұмысқа қабылдадық.
Ал, орталық ғимаратына жөндеу қажеттілігі жайлы мәселені жоғары жақтағылар өздері шешті. Өз уақытында орталықтың көптеген жұмыстары шала аяқталған күйде тапсырылған, сондықтан кіреберістің ажары қашып, шатырдан су ағатын еді, кей жерлердің қаптамалары түсіп жатты. Онымен қоса, біздің нысан Қазақстанның киелі орындары тізіміне енуінің маңыздылығы ескеріліп, жөндеу жасау туралы шешім қабылданды. Орталыққа алыс-жақын елдерден көптеген қадірменді қонақтар келетінін де ұмытпағанымыз жөн. Әрине, ешкім бұл мәселені қатардағы қызметкер Ақпанбековамен ақылдасып, шешпейтіні белгілі.
Біздің орталықтың бір ерекшелігі, шағын ұжым болғандықтан іс-шараларды, көрмелерді бірлесіп, күш салып өткізеді. Ақпанбекова өзінің еңбегі санайтын киіз үйді де фойеге ұжым мүшелері бірлесіп құрып, оған қордағы экспонаттар қойылып, тұрмыстық бұйымдар үйлерінен әкелінді. Айта кету қажет, Ақпанбекова кезекті көрме алдында денсаулығына байланысты емделуге шығып, өзінің еңбегі санайтын мәселелердің барлығын оның орнына әдіскер шешті.
Оның көрмені әзірлеу қағидасы да қызық: «Өтсе болды..»-мен жүре беретін. Ол айтып отырған қордан алынған материалдар жылжымалы көрмеде бірнеше мәрте көрсетілген, талай көпшіліктің назарына ұсынылған заттар еді. Негізінен балалардың қолынан жасалған бұйымдарды қолданады. Дегенмен, бұл жұмысқа шығармашылық тұрғыда ізденіп, ерекше етіп жасауына болатын еді. Мәселен, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» көрмесін әзірлеуде финалға қатысушы жерлестерімізбен хабарласып, олардан қандай да бір экспонатттар сұрауға болатын еді. Оның бірін де жасаған жоқ. Айтпақшы, олардың бірі С.В.Ан көрмеге қатысқаннан кейін, өз бастамасымен қорға бірнеше материалдарын қалдырып кетті.
Оның көрмені сырттан әкелуге ұмтылуы тіпті түсініксіз, өйткені, бұл материалдық шығын әкеледі. Бірақ бізде аз да болса да өзіміздің қорымыз бар. Қолда экспозициялық жұмысты жандандыруға мүмкіндік беретін көптеген техникалық құралдар барлығын естен шығармау керек.
Азаматша Ақпанбекова өз материалында «музей» сөзін жиі қолдануы оның әлі күнге біздің мекемеміздің ерекшелігін түсінбегеніне дәлел. Біз экспозициялық жұмыспен айналысумен қатар, орталығымыздың басты мақсаты - ағартушылық жұмыс, Мемлекет басшысының саясатын насихаттау бірінші кезектегі міндетіміз саналады.
Орталығымыздың үлкен және конференц-залында тұрақты түрде облыс және қала әкімінің қатысуымен қалалық, облыстық шаралар, сондай-ақ , "Нұр-Отан" партиясы, Ішкі саясат бөлімі, Білім беру бөлімі, Теміртау жастар орталығы, Үкіметтік емес ұйымдардың, Жоғары оқу орындары мен т.б ұйымдардың іс-шаралары өткізіліп тұрады.
Біз Президентіміздің "нысандар бос тұрмай ,түрлі шаралар өткізілсін" деген тапсырмасын орындаймыз. Президенттің саясатын қолаймыз. Олардың тегін, не ақылы түрде өткізілетіні Ғ.Ақпанбекованың құзыретіне кірмейді. Қаржылық жоспарды ешкім өзгерткен жоқ!
Азаматша Ақпанбекованы менің өмірбаяным қызықтыруы да тіпті түсініксіз. Оның айтқан өсек-аяңдары бойынша келісім комиссиясына арыз түсіруіме тура келді. Және мені басшылық қызметіне тағайындау туралы шешімді облыстық мәдениет басқармасы менің құзыретім мен кәсіби біліктілігімді бағалап барып қабылдағанын ескерткім келеді.
Мен сізден жуық арада Abai.kz сайтында жоғарыда айтылған «Тұңғыш Президент мұражайының басшысы қызметкерін ұрып, жұмыстан шығарып жіберді» материалына байланысты теріске шығару беруіңізді талап етемін. Олай болмаған жағдайда, өзімнің сотқа жүгіну құқығымды пайдаланатын боламын.
C.Ж.Саргизова
Abai.kz