Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2171 0 пікір 12 Маусым, 2009 сағат 12:47

Олжас Сүлейменов: Аймақтық диалогты империялық мәдениеттердің монологы бұзады

 

 

Кеше Алматыда Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарының бастауымен «Тарихи-мәдени мұраның өркениеттер диалогындағы рөлі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өз жұмысын бастады. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында өткізіліп жатқан іс-шара түркі және славян мәдениеттерінің өткені мен бүгінін салыстырумен қатар, жалпы, қазақтың ұлттық-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде насихаттауды көздейді.
Айтулы басқосуға Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі, ақын Олжас Сүлейменов, Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Арман Қырықбаев, «М.Әуезов» қорының директоры, қоғам қайраткері Мұрат Әуезов, Мәдени саясат және өнертану институтының директоры Ерлан Саиров, сондай-ақ Ресей Мемдумасының депутаты Сергей Сметанюк, Италияның «LUІSS» халықаралық қатынастар университетінің профессоры Маркетти Рафаэли, т.б. қатысты.
Алматыға Парижден ат терлетіп келген қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов «бісмілләсін» қазақша бастағандай еді, бірақ әлемге танымал азамат уақыт аздығын желеу етіп, орысша дайындалған баяндамасына көшті. «Мен диалог тақырыбының көтерілген кезеңін еске түсіріп тұрмын, – деп сөз бастады Олжас Сүлейменов: «80-ші жылдардың соңында қырғи-қабақ соғыс аяқталып, АҚШ пен Кеңес Одағы арасындағы қарым-қатынастар жыли бастады. Бірақ философтар көптен күткен тыныштықтың орнына көп ұзамай Шығыс пен Батыс өркениетінің теке тіреске түсетінін болжады. 2000 жылы Ислам әлемінің көрнекті көшбасшыларының бірі, Иран президенті Хаттами бұл теке тірестің алдын алу үшін қарама-қайшылықтарды диалог арқылы шешуді ұсынды. Бұл идея ЮНЕСКО-ның бағдарламасына енгізіліп, он жылдан бері жұмыс істеп келеді», – деп мәлімдеді. Бұл арада қоғам қайраткері өркениеттер теке тіресі мен ғаламдастыру заманында мәдени диалогтың мән-маңызына ерекше тоқтала отырып: «Адамзат тарихы – бұл мыңдаған жылдар бойғы жергілікті аймақтық өркениеттердің диалогын империялық мәдениеттердің қатаң монологтармен бұзуы болып келеді» дей келе: «Бізден бүгін мәдениет дегеніміз не деп сұрайды... Мәдениет дегеніміз, ең алдымен, шекті білу және тәубеге келу» деп сөзін түйіндеді. Жиналған жұрт ду қол шапалақтады. Ақынды соңғы жылдары мазалап жүрген мәселелердің бірі – адамзаттың тұтынушылық қабілетінің күн сайын артуының салдарынан биосфераға тигізіліп жатқан зиянды әсер болса керек. Өз кезегінде Олжас Сүлейменов ЮНЕСКО-ның мынандай дерегін келтірді: "Орташа америкалық өнімдерді тұтынып, оларды өндіруге орташа мазамбиялықтан 500 есе көп энергия жұмсаумен қатар, соншама есе өнім тұтынады екен. Бүгінде бір миллиард халқы бар Үндістан мен бір жарым миллиард халқы бар Қытай да бұл жарысқа білек сыбана кірісіп кетті. Олардың шаруашылығы 90 пайызға Батыс технологияларын пайдаланады. Егер де олар өнімді тұтыну деңгейін 500 есе емес, тым құрығанда 50 есеге дейін көтерсе, биосфера жоқ болады! Сондықтан да дағдарыс – еркін тұтынуға бой алдырған адамзатқа ескерту", – деп мәлімдеді. Бұл орайда қоғам қайраткері әлемнің түкпір-түкпірінде Жер тағдырына жауаптылар клубын құруды ұсынды. Бұл ұсыныс жиынның резолюциясына енгізіліп, ЮНЕСКО-ның назарына алынбақ.
Ал Мұрат Әуезов тәуелсіз мемлекеттер мен неоимпериялық Ресеймен арадағы қарым-қатынастарды сөз ете отырып, жалпы, қазіргі қоғам мен ондағы әрбір адамның колониялық психологиядан арылу қажеттігіне баса тоқталды: "Тоталитарлық режим бізге басқа тарихты таңумен келді. Аштық, репрессия, көшпенділер өркениетінің құлдырауы, көптеген адамдардың адасуы сияқты процестердің кесірінен біздің мәдениет те құрдымға кете барды. Мұның арты трагедиямен аяқталды. Біз адамдарға қарсы мемлекеттік құрылымдардың ең қатал түрі – тоталитарлық-империялық режимде өмір сүргенімізді ашып айттық. Ал мұны өз атымен атағанымыздан соң, біз өз-өзімізді іздей бастадық", – деді. Бірақ қоғам қайраткері Орталық Азия елдерінің қайта жаңғырған тарихында, атап айтсақ, қазақ, қырғыз, өзбектің тарихи оқулықтарында өзіндік бұрмалаушылықтардың барын сын тезіне алды. Мұрат Әуезовтің айтуынша, ғаламдастыру заманында Орталық Азия елдері бірлесе қимылдап, ортақ тарихын бірге түгендеудің орнына бір-біріне қарсы бағытталған тарихи бұрмалаушылықтарға жол берген. Осының кесірінен, мәселен, бүгінгі қырғыз тарихын оқып көрсеңіз, олар үшін қазақтан артық жау жоқ көрінеді. Осындай өзекті мәселелерді тілге тиек еткен қоғам қайраткері тарихи бұрмалаушылықтарға жол берілмеу үшін мәдени диалог қажеттігін баса айтты.
Мәдени саясат және өнертану институтының директоры Ерлан Саиров Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып келе жатқан "Мәдени мұра" бағдарламасының бүгінгі нәтижелерін сөз етіп: "Бүгінде Үндістан, Қытай, Швейцария тарапынан бұл бағдарламаға қызығушылық зор. Тіпті олар осы тектес бағдарламаны өз елдерінде қабылдауды ойластырып жатыр. Қарап отырсақ, жаһандану тек қана қазақ мәдениетіне әсер етпейді, сол сияқты өзге мәдениеттер де одан сақтану үшін етек-жеңін жинап жатыр. Осы тұста "Мәдени мұра" бағдарламасы – халықаралық деңгейде резонанс туғызып жатқан біртума жоба" – деді. Ерлан Саировтың айтуынша, енді еліміз "Ромео мен Джульетта", "Тристан мен Изольда" сияқты шетелдік еңбектерден 500 жыл бұрын дүниеге келген "Қозы-Көрпеш-БаянСұлу" эпосын әлемдік мәдени мұра ретінде насихаттауға кіріспек. Түптеп келгенде, орыс этнографы Потаниннің өзі Батыс эпостарының түп тамыры Шығыста жатқанын дәлелдеп-ақ кеткен. Бұл орайда қазақ мәдениетін дүние жүзіне ұлттық бренд ретінде таныту жолдары да қолға алынып жатыр. Айтулы басқосуда тарихшылар мен түркітанушылар, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері шетелдік меймандарға қазақ мәдени мұрасының әлемдік мәдениет қоржынына қосар сүбелі үлесін айшықтап көрсетпек.

 

 

Кәмшат ТАСБОЛАТ
«Айқын» газеті, 10 маусым 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5592