Сәрсенбі, 21 Сәуір 2021
Айқай 3641 30 пікір 5 Қыркүйек, 2018 сағат 09:57

Ережеге бағынбағандар заңмен жазалансын!

Конституция бойынша еліміз "Қазақстан Ислам Республикасы" деп аталмайды. Ата Заңда еліміздің зайырлы екені тайға таңба басқандай жазылған. Соқыр да көре алатындай етіп бейнеленген. Бұл бір.

Екіншіден Құдайға сену һәм сенбеу әркімнің өз еркі. Дінді ұстану мен ұстанбау да дәл солай. Дін - әр адамның ішкі жан дүниесімен қатынасы. Ол біреуге керек, біреуге керек емес. Ал өзіңнің ішкі жан дүниеңе ғана қатысты дүниені сыртқа шығару, яғни "мен дінге сенемін, сенде сенуге тиіссің" немесе "Құдай жоқ, оны сенде жоқ деп мойындауға тиіссің" деу, өзгенің құқығын таптау. Яғни дінге сенетініңді, сенбейтініңді сыртқы ортаға көрсету, жаю дұрыс емес.

Енді заңға қайта оралсақ. Заңда белгілі бір дін мемлекеттік деп бекітілген емес. Яғни елімізде ислам, христиан, будда және т.б діндер бір дәрежеде. Бұл дұрыс. Конституцияда зайырлы деп көрсетілгенін біле тұра, неге ел заңына қарсы шығып, мектепке оқушыларды хиджапқа орап жіберіп жатыр?! Ондай әрекеттер қатаң жазалануы керек. Ол - мектеп, медресе емес. Ал заң бойынша мектепке хиджап киюге болмайды деді ма, кимеу керек. Қазір діни принципті ұстанып заңды бұзғандар, ертең бұл мемлекеттегі "зайырлы" деген пункті өзгертуге барын салатын болады. Оған жол беруге болмайды. Мектеп ережесіне бағынбау - дінді саясиландыру. Ал дінді саясиландырғандардың әуселесін көріп жүрміз. Басынан қайқы, көзінен жас кеткен емес.

Сол себепті де мектепке, жалпы оқу орнына хиджап киме деді ме, киме! Кигендерді заңмен жазала. Ел заңына бағынғысы келмегендер Сирия, Ирак асып кетем десе есік ашық. Кете берсін. Қазақстанда қай дін болсын, ислам, христиан және т.б саясилануына жол бермеу қажет. Бұл барлық дінге қатысты.

Мен өзім дінге сенем, шамам келгенше дұрыс жүруге, ұстануға тырысам. Бірақ өз көзқарасымды өзгеге тықпаламаймын. Өйткені ол тек қана менің көзқарасым мен сенімім, өзгенің өз көзқарасы мен сенімі бар.

Барлық мектепке стандарт бойынша енгізілген форманы барлық оқушылар (діни көзқарасына қарамастан) киюге міндетті. Ережеге бағынбағандар заңмен жазалансын! Тіпті ұнамаса, көнбесе ұнаған еліне көшіп кетсін.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

30 пікір