Сенбі, 23 Қараша 2024
Ел іші... 4447 4 пікір 5 Қыркүйек, 2018 сағат 10:56

Нұрсұлтан Назарбаевқа «Нұрсұлтан Назарбаев» көшесін көрсетті

Кеше Алматыға Президент келді. Өткенде Елбасы Қырғызстанға сапарлап барған еді. Елбасы Түркі тілдес елдері ынтымақтастық кеңесінің VI саммитіне қатысып, Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ашылуында болып қайтқан еді.

Алматыға Астанадан Қырғызстан жақын (географиялық орналасуы жағынан) болғандықтан да Елбасы қырғызға жасаған әр сапарынан соңында Алматыға ат басын бұрып тұрады. Тіпті, Жиенбеков жеңетін сайлаудың додасы долданып тұрған тұста, қырғыз тағына үмітті Бабановты Алматыға шақыртып еді ғой. Есімізде. Бұл жолы да солай болды. Президент келді Алматыға.

Бауыржан Қыдырғалиұлы да қарап қалған жоқ. Ала жаздай әлектеніп жүріп әрін кіргізген көшелерді көрсетті. Жасаған жұмысының есеп-қисабын түгендеп, «әкесінің кластасы», өзінің бастығы – Президентке есеп берді.

Иә, сөйтті. Ақорданың баспасөз қызметі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматыдағы реконструкциядан өткен көшелерді көріп қайтқанын хабарлады.

Сонымен Бауыржан Байбек Президентке қай көшелерді көрсетті? Абай және Фурманов, ой кешіріңіздер, Назарбаев даңғылын көрсеткен екен. Оны да Ақорда айтты.

Иә, реконструкция жасалды. Жаяу және веложүргіншілерге қолайлы етіп жасалды. Инфрақұрылым өзгерді. Қаланың архитектуралық ауыс-түйісі жасалды. Көшелерді жарықтандыру, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Қала әкімі Бауыржан Байбек Мемлекет басшысына шаһар тіршілігін сәулет-құрылыс жүргізу тұрғысынан реттеу үшін пилоттық режімде енгізілген жаңа дизайын-код әдісі жөнінде мәлімдеді. Бұл әдіс мегаполистің бірыңғай стилін қалыптастыруға арналған, әрі бір құжатта нақтыланған ережелер мен ұсынымдарды айқындайды.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев жалпы ұзындығы 8,7 шақырымды қамтитын Тимирязев және Жандосов көшелерінің бойымен тартылған BRT көше-жол желісімен танысты.

Сонымен, Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің атымен аталатын Нұрсұлтан Назарбаев даңғылымен жүріп өтті. Ақпарат осымен тәмам.

Ескерте кетейік, 2017 жылдың 30-қарашасында Алматы қалалық Мәслихаты жиын өткізіп, Фурманов көшесіне Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беруді бір ауыздан мақұлдаған.

Фурманов атауы 1956 жылы беріліпті. Содан міне, 61 жыл дегенде советтік төңкерісшінің аты өшті.

Алматыдағы орталық көше - Қазақстан Президентіне берілген алғашқы көше емес.

2015 жылы Түркияның Адана қаласында Нұрсұлтан Нзаарбаев көшесі ашылды. Одан бөлек Түркияның Қыршехир, Невшехир, Гебзе қалаларында да Назарбаев көшелері бар. Дәл сол жылы Татарстанның Қазан қаласындағы «Эсперанто» көшесі – «Нұрсұлтан Назарбаев» көшесі болып өзгерді. Ал осыдан 10-жылдан астам уақыт бұрын Иорданияның Астанасы Амман қаласы мен Шешенстанның Грозный қалаларында «Нұрсұлтан Назарбаев» көшесі ашылған.

Айтпақшы, Ингушетияның Магас қаласында да Қазақстан Президентінің атында көше бар.

Бұған қоса, Голландия мен Жапонияда Қазақстан президентінің есімі қызғалдақ және хризантема түрлеріне берілген. 2014 жылы «Қазақстан президенті» атты голланд қызғалдағы пайда болды.

Назарбаев есімі берілген алғашқы нысандардың бірі – Нұрсұлтан шыңы. Ол Тянь-Шаньның Іле Алатауы сілемінің солтүстігінде орналасқан. 1998 жылға дейін бұл шың Комсомол шыңы деп аталған болатын.

Қазақстанды Кеңес боданынан шығып, Тәуелсіздік алған жылдардан бері басқарып келе жатқан Президент Нұрсұлтан Назарбаевты (ресми ҚР Тұңғыш) өз елімізде де әжептәуір ұлықтап жүрміз. Өзгелерден кем қалғанымыз жоқ.

2017 жылы Астана күні қарсаңында Үкімет Астана әуежайын «Халықаралық Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы» деп атау туралы қаулы қабылдады. Қазақстанның бірнеше қаласында тұңғыш президент саябақтары бар. Астанада тұңғыш президент мұражайы, Назарбаев Университеті, өзге қалаларда Назарбаев зияткерлік мектептері жұмыс жасайды.

Назарбаевтың өзі атауларды оның құрметіне өзгертуге қарсы екенін талай мәрте айтқан, бірақ президент туралы фильмдер түсіріп, оған ескерткіштер орнату әлі жалғасып келеді.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377