Сенбі, 2 Қараша 2024
Алашорда 9643 17 пікір 10 Қыркүйек, 2018 сағат 09:33

Қарабалық батыр өмірде болған адам

Abai.kz ақпараттық порталында "Құлатылған ескерткіш орнына ешкімге белгісіз Қарабалық батырдың мүсіні қойылады" атты Алмасбек Әбсадықтың мақаласы жарияланды. Шындығына келсек, Қарабалық ешкімге белгісіз тұлға емес, өмірде болған батыр адам. Сондықтан да біз өзіміз білетін тарихты назарларыңызға ұсынуды жөн санадық. Рас, қазір ауданда бірнеше айдан бері Қарабалық батырға ескерткіш қою жобасы қолға алынды. Қарабалық – Қобыланды батырдың тікелей ұрпағы.

Қарабалық – шаңырақ иесі, ел киесі      

Қыпшақ шежіресінде Қарабалық Орта жүздегі Қыпшақ тайпасының Қарақыпшақ тармағынан тарайтын ру, бес таңбалы қыпшақтың бірі деп көрсетіледі. Қарабалықтан: Қыдырбай, Қарсақ, Қарта, Жантілес, Шуманақ, Танабұға, тағы басқа рулардың  ұрпақтары тарайды.

«Бұлтың бітті бойыма - билік кірді ойыма;

Торы бітті бойыма - зорлық кірді ойыма;

Ұзын бітті бойыма - ерлік кірді ойыма;

Көлденең бітті бойыма - сауда кірді ойыма;

Қарабалық бітті бойыма - байлық кірді ойыма» деген Алтыншаш ананың айтқан сөзі күні бүгінге дейін ел аузында.

Мәшһүр-Жүсіптің «Жеке бір деректер» деген тарихи-этникалық мақаласында қыпшақ руы туралы деректер келтірілген. Сол мақалада ол: «Қол таңбалы Ұзынқыпшақ атанады, олар – «Бұлтың бітті бойыма, Көптік толды үйіме (ойыма)» – дегенде, Әлиф таңбалы Бұлтың Қыпшақ жағы басады. «Торы бітті бойыма, Кемшілік толды ойыма» – дегенде Мойын таңбалы Торықыпшақ, бұлар таңбасын мойынынан басады. «Балық (дұрысы Қарабалық) бітті бойыма, Байлық толды ойыма» – дегенде Қарын таңбалы Қарабалық атанады. Таңбасын қарыннан басады. Көсеу таңбалы көлденең Қыпшақ бар. Бұлардың бәрін «Бес таңбалы» – дейді. Олардың арғы атасы Қарақыпшақ Қобыланды батыр екен. Біреулер Мүйізді Сарыалыптан – Құлан – Қытай – Қара – Сары. Қарадан – Есімсейіт – Қобылан – Қобыланнан – Тоқтар. Тоқтардың баласы бес таңбалы дейді. Ал енді біреу – Темірқазықтан – Тоқтамыстың биінің бірі – Қарақыпшақ Қобыланды дейді – ол қате жаңылыс сөз» - дейді.

Енді орыс шенеуніктері жазған мына құжатқа назар салайық:«...Все сии  частей или родов Среднейкиргизской орды состоят, кроме подчиненных китайцам, под управлением сибирского пограничного начальства.Они составляют между собою союз, или как бы особую орду, отделяясь через сие от сообщества всех прочих киргизских родов.

Кипчацкий-карабалык - 4 отделения, до 3000 семей. Начальствуют старейшины Мамет и Есбулат.

Кипчацкий-танабуга- 6 отделений, до 2000 семей. Начальники: старейшины Чалпан,Казыбай, и Толеген.

Кипчацкий-кундалян (дұрысы Көлденең)- 4 отделения, до 2000 семей. Главные между ими Тайтемир и Кунакбай.

Сии три особые части кипчацского рода кочуют летом по рекам Тоболу и Аяту, и по источникам сей последней от вершины до самого ее устья; зимою-близ линии, начиная от крепости Степной до города Троицка и против сих мест в степи. Всеми частями управляют султаны Джегангир и Баба Каипхановы.Торг производят в городе Троицке!

Гавердовский Я.П. Обозрение киргиз-кайсакской степи

1803-1804 годов

Бұл құжатта Танабұға бөлек тайпа ретінде көрсетіліпті. Шын мәнісінде Танабұға да Қарабалықтан тарайды. Ал осында есімі аталған Қазыбай бидің бейіті Қарабалық ауданына қарасты «Өрнек» ауылының қасында орналасқан.

Орыс императорлық географиялық қоғамының Орынбор бөлімшесінің корреспондент-мүшесі Б.Даулбаев Воронежде 1903 жылы орыс тілінде жарық көрген «Рассказ о жизни киргиз Николаевского уезда Тургайской области с 1830 по 1880 годы» деп аталған материалында: «Назад тому 50 лет киргизы кыпчакского рода карабалыкского и кульдененского, около 3000 кибиток, управляемые своими родоначальниками, из которых самымии известными были батыры Карабалык и Жабагы, во время лета кочевали по всем обширным степям,начиная от реки Тобола до озеро Уркач, а к зиме откочевывали к реке Тогузак (по берегам их находятся поселения)» - деп жазыпты.

Кенже бала болған соң Қарабалық шаңырақ иесі болып есептелген. Өз қарауындағы ел-жұртын Қарабалық қазіргі Қостанай облысының  Үй, Тобыл, Әйет, Тоғызақ өзендері бойына қоңыстандырған.Арқаның ақиық ақыны Нұржан Наушабайұлы  кезінде :

«Жанына өлшеп балаған,

Бес қыпшаққа қараған,

Үй, Тоғызақ , Әйет пен

Орман, ағаш, неше көл

Тобылменен арада

Жұртты жаман бүлдірді

Ит абалап қабаған.

Қара қазан, сар баланың

Еш адам жоқ бұл жұртта

Қамын ойлап жылаған.

Ұйықтама, оян, Алашым!..» - деп жырлаған.

Бұл деректерден байқайтынымыз Қарабалық бабамыз өте бай болған. Әрі батырлық көрсеткен. Қарт ақын Өтеміс Қалабаев көзі тірісінде Қарабалықтың бес қаруы сай болған, өзі де талай шайқасқа қатысқан, бірақ ел аузында оның ерліктері туралы деректер жоқтың қасы дегенді айтқан болатын. Қарабалық бабаның белінде қылыш болса, атының қанжығасында шоқпары байлаулы тұрады екен. Ал қалқанының тура ортасында қос әліп – Қыпшақ руының таңбасы болған. Ел есінде сақталған әңгімелерге қарағанда Қарабалықтың өзі ғана емес, кейінгі ұрпақтары да шетінен батыр болған.

Қара қыпшақ Қобыланды батырдың тікелей ұрпақтары Жаңбыршы мен Жиенбай батырлар қазіргі Қостанай қаласынан он бес шақырымдай жерде Талапкер ауылының жанында жұртты жиғызып, қолдан үйгізіп, қарауыл төбе тұрғызған. Бұл төбе «Кенесары көкиығы» деген атпен тарихта қалды.

Қостанай өңірінің  Нұржан ақынның сөзімен айтқанда «бес қыпшаққа қараған қоңысы» бір жағы қазіргі Ресейдің Челябинск облысындағы Қарталы, Троицк шаҺарлары тұрған жерден облыстың Орынбормен шектесетін Жітіқара және Түйемойнақ жеріне дейін созылған. Қыпшақтардың көп қоңыстанған мекені қазіргі Қостанай, Рудный, Лисаков қалалары, Қостанай, Обаған (қазіргі Алтынсарин ауданы), Әйет (қазіргі Таран ауданы), Қарабалық, Жанкелдин, Аманкелді, Сарыкөл, Меңдіқара аудандары, Жаркөл (қазіргі Федоров ауданы). Олардың қоңыстары бір жағы Қызылорда, бір жағы  Ұлытау жеріне дейін созылып жатыр.

Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин ел аралап жүріп, Марабай ақынның аузынан «Қобыланды» қиссасын жазып алып, оның «Тайбурылдың шабысы» деген тарауын 1879 жылы өзі құрастырған «Қырғыз хрестоматиясында» жариялаған. Аталған эпостың толық мәтінін Махмұтсұлтан Тұяқбаев деген кісі  Қарабалық болысында тұрған жыршы Біржан Толымбаевтан жазып алып, 1914 жылы «Қарақыпшақ Қобыланды батыр» деген атпен Қазан қаласында кітап қылып бастырған. Жырдың толық нұсқасының Қостанай өңірінен табылуы тегін емес.

Эпостың тағы бір варианты  Мергенбай жыраудың айтуы бойынша қағазға түскен. Ол қазіргі Қостанай облысына қарасты Қарабалық  ауданының тумасы, руы қарабалық қыпшақ, соның ішінде Қарсақ руынан. Көп жырларды жатқа білген, атақты жырау. 1911 жылы қайтыс болған. Академияға қолжазбаны  Қарабалық ауданынан Шабай Қалмағамбетұлы деген кісі тапсырған.

Көрнекті сөз зергері Бейімбет Майлиннің туып-өскен елі қазіргі Қостанай облысының Таран ауданы талай ақындар мен батырлардың, билердің атамекені. Ел аузында жүрген шежіре деректеріне жүгінсек, қарабалық қыпшақтан Шоманақ, Қарсақ, Танабұға, Жолыншы және Жолжақсы тараса, Жолыншыдан Сопы, Сопыдан Қарта туады. Жантілес Жолжақсының баласы. Қартадан Қошқар, Жауар, Мамажар, Мәметек, Әлеке және Әлігеш туады. Жабағы батырдың ата тегін одан әрі таратсақ, Қошқардан Тәуке, Тәукеден Сыма, Сымадан Тоқмәмбет, Ақжігіт, Ақмәмбет. Абылай ханнан бата алған, ақжолтай батыр атанған Түгел батыр осы Ақжігіттің баласы.

Түгелден Ипан, Ипаннан Жабағы батыр туған. Яғни, батырдың немересі де атаға тартып батыр болған. Батыр болайын деп ойламаған да шығар, айқасы мен шайқасы көп қысылтаяң заманы қанына тартып туған ұланды батыр қылған.

Ақжігіт көркем сөздің зергері Бейімбет Майлиннің  түп атасы. Таратып айтатын болсақ, Ақжігіттен Өтеген, Қожық, Түгел, Атан, Жобал туады. Атаннан Тәукебай, Тәукебайдан Майлы, Майлыдан Жармағамбет, Жармағамбетген Бейімбет. Сүйтіп батыр туғызған ел ақын да туғызған.

Түгелдің тарихының өзі аса қызық. Ақжігіттің келіншегі босанып, ұл тапқанын естіген жұрт сол кезде Хан ордасына жақын болған Ақжігіттің баласына ат тауып қоя алмайды. Сонда ханның өзі: «Ақжігіттің баласы маған да бала болады, ендеше баланың атын өзім қояйын, есімі Түгел болсын! Төрт құбыламызды түгендеп жүрсін!» – деп батасын беріпті. Түгел ер жетіп, жорықтарға қатысып, ерлігімен таныла бастайды. Жас жігіттің қысылтаяңда жау қашырған осындай бір ерлігіне ырза болған Абылай хан оған: «Не қалайсың? Қаласаң, бағымды да, тағымды да берейін» десе керек. Сонда Түгел: «тағыңызды не қылайын, тақсыр, маған бағыңыз да жетеді. Бірақ, Алла-тағаланың берген бағы басыңыздан аумасын!» –  деп жауап беріпті.

Бейімбет Майлин «Бай ермегі» деп аталатын өлеңінде (Б.Майлин.Ел сыры. Алматы: «Жазушы» баспасы, 1994 жыл, 90 бет) осы өлеңнің кейіпкері Жұмағазы ақсақалдың аузымен Түгел батыр туралы кепті тілге тиек қылады.

«Түгел батыр қазақтың серкесі екен,

Алақанға салатын еркесі екен.

Ел қоңысы ол кезде Сыр, қуаңда,

Құмды, шөлді, сонарды қылған мекен.

Түгел десе түп-түгел ақыл-қайрат,

Булыққан жігер-күші бойда қайнап.

Қатарын бала күннен басып-озып,

Қайтпайтын болат болып шыққан жайнап.»

Одан әрі Түгелдің пір іздеп шығып, әруақ қонған Абылай ханға жолығып, тілдескені, кәміл пірден екеуі бірге барып бата алғаны айтылады:

Сондағы берген батасы мынандай:

«Саған деген батамды сақтап едім,

Келмесең де бір іздеп таппақ едім.

Шұбар туды найзаңның ұшына іліп,

Тілек тілеп сыртыңнан жатпақ едім.

Нақ кереккен еліңе кезің еді,

Жәбір көріп кәпірден безіп еді.

Сарыарқаны жыбырлап қалмақ қаптап,

Қазақ ұлын быт-шыт қып езіп еді.

Мынау жатқан шұбар ту саған белгі,

«Түгел!» деп шап, соңына ерт қалың елді.

Ықылас таза, батамды мен берейін,

Қолыңды жай, «Әмин!» деп жүгін енді.»

Түгел батырды Би-ағаң жаужүрек батыр ғана емес, елді соңына ерткен ақылы асқан ер есебінде сипаттайды:

«Түгел» деген дауысы жерді жарды,

Ер азамат, бағыланды ертіп алды.

Сарыарқадан бір кәпір қоймаймын деп,

Қалың қалмақ еліне ойран салды.

«Түгел»  десе әруақ қаптап кетті,

Қалың қосын қалмақты таптап кетті.

Қызын күң қып, ұлдарын құл қып айдап,

Қалың қазақ Арқаға қоңыс тепті.

Желбіреген шұбар ту жығылмады,

Үдей берді қалмақтың шұбырғаны.

Сарыарқаға қазақты орнатпақ боп,

Кеудесінде барында шыбын жаны.

Сарыарқаға қазақ кеп қоңыс алды,

Мал жайылып, семіріп, өріс алды.

Ел құтылып егескен қалың жаудан,

Береке орнап, аз уақыт тыныс алды.

Төрт түлік мал қыбырлап сыймай кетті,

Қызық дәурен сүретін мезгіл жетті.

Ас пенен той атаның мұрасы боп,

Алға салды қадірлеп би мен бекті».

Бейімбет Майлиннің бұл өлеңі 1923 жылы наурыз айында ауылда, яғни, Түгел батырдың ел-жұрты тұрып жатқан атамекенде жазылған.

Түгелден Ипан мен Жәнібек туса, Түгелдің Абылай хан өз қолынан берген жорық туы кенже балада қалған. Жәнібектен Қарақұл, Қарақұлдан Күсіп, Күсіптен Мырзағали туады. Мырзағалидың Сақтаған және Хасен есімді екі баласы болған. Хасен бұл күндері арамызда жоқ. Аталған сарыала ту оныңжұбайы, Таран ауданының орталығында тұрып жатқан Ысқақова Зағипа апай күтіп отырған батыр ұрпағының шаңырағында сақтаулы. Көненің көзін апай біздерді танып, дәретін алып, Құран оқытып барып көрсетті. Қобдиша ішінде жатқан ту күн көзіне көрсетіп ұстаса үзіліп кетердей сүзіліп түр. Туды көрген адамның бойында жігер пайда болады, көз алдыңа самсаған қалың қолдың алдында кетіп бара жатқан батырдың өзі келгендей әсер қалады.

ҚарақыпшақҚобыланды батырдың тікелей ұрпағы, ту байлап, жауға шапқан Жабағы батыр. Оныңқалмаққақарсы соғыстарда ерекше көзгетүскені белгілі.

Қыпшақ даласына ат қойып келген қалмақтардың үлкен тобы Жабағы батырдың ауылының дәл іргесінде ажал табады. Жасанып келген жауға қарсы қайрат қылып, қойдай қырса да, бұл шақта шау тартып қалған батырдың астындағы атына оқ тиіп мертігіп, аттан құлап түскен батыр жаяу соғысып, қылыштасып жүргенде ту сыртынан атылған оқтан жаралы болады. Жарадан сау қалмасын білген қолбасшы соғыс біткен соң жұртын жиып: «атаңа нәлет қалмақтың өліктерін сасытпай, үлкен шұңқыр қазып, бәрін бір жерге көміңдер, ал күні ертең мен ол дүниелік болып кетсем, сол шұңқырдың үстіне оба үйіп, төбеге өзімді жерлеңдер, ата жауымыз тіріліп кетіп жүрмесін, үстерінен басып жатайын» – десе керек. Батыр бабаларының өсиетін ұрпақтары бұлжытпай орындаған.

Жазықтағы жалғыз төбенің қолдан үйілгеніне күмән келтіру қиын. Батыр зираты шынында да қарауыл төбеге ұқсайды. Жабағыбатыр елдің шетінде, желдің өтінде жастыққа жантайып жатқандай. Жастығын алып өлген ерде арман бар ма?! «Жайнаған туың жығылмай, жақсы өліпсің, япырмай!» – деген Абай сөзі осындайда еріксіз ойға оралады.

Бажайлап қараған адамға, жалғыз төбе Жабағы батырдың мысындай, сұғанақ көзін қадаған дұшпанға алыстан көрсетіп жатқан сұсындай.

Жабағы жорықта жалғыз жүрген жоқ, жауға жалғыз шапқан жоқ, дұшпанын жалғыз атқан жоқ. Жанында сенімді серіктері, сайдың тасындай сарбаздары, найзасын жауға тіреген, садағын кезеп шіренгенде аттарын тізерлеткен жаужүрек батырлар болды. Солардың бірі Жаманқара батыр. Ол да қайтыс болар алдында: «Жабағы батырға жақындап барып жатайын, тірлікте дәмді бірге татып едік, жауды бірге шауып едік» –  деген тілек айтқан.

Көнеден қалған екі бірдей жәдігер Түгел батыр мен Жабағы батырдың ұрпағы Рақымберген ақсақалдың үйінде сақтаулы. Жақында көненің көзі болған Рақымберген ақсақал да фәниден бақиға озды. Өтеміс Қалабаев пен Асылбек Тәшбаев ақсақалдар жазып қалдырған шежіреге және Рақымберген ақсақалдың деректеріне сүйенсек, Жабағы батырдың баласы Бердалыдан Кенжебай туған. Рақымберген Кенжебайдың баласы. Жабағы батырдың туы және өзі ұстаған кісесі осы шаңырақта. Түгел батырдың туы үш бұрышты болса, Жабағы батыр туы төрт бұрышты. Шетіне оюлап өрнектер салынған. Тудың ортасында да өрнектер бар. Ал теріден жасалған кісенің ортасына көз қойылған. Басында ол арада асыл тас болған деп жобалаймыз. Бірақ, кейін тасы жоғалып, орнына басқа бір зат салынған тәрізді. Біздің ойымызша, бұл қастерлі бұйымдар облыстық тарихи-өлкетану мұражайына табысталуы керек.

Абылайды хан көтерген ормандай көп Орта жүз, соның ішінде Бұқар жыраудың сөзіне жүгінсек: қара керей Қабанбай, қанжығалы Бөгембай, қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек болғаны белгілі. Хан сарбаздарын басқарған қыпшақ сардарлары да аз болмаған. Бірақ, жоғарыда аттары аталған батырлардың ұрпақтарында олардың ұстаған туы қалмаған. Ал кейінгі ұрпаққа мақтаныш етіп көрсетер осындай қасиетті мұраны ғасырлар бойы жоғалтпай, сандыққа салып, сары алтындай сақтап келген Түгел мен Жабағы батыр ұрпақтарына Жаратқан жар болсын дейміз!

Шежіреге сүйенсек, қарабалық қыпшақтан тарайтын Танабұғаның екінші баласы Қошалақтан Тақсопы, одан Жолжақсы, ал Жолжақсыдан Жантілес туады. Жантілес найза мен қылыш соғатын әйгілі ұста болған. Ұста аталатын ру осы Жантілестен тарайды. Күні бүгінге дейін атадан балаға мирас болып келе жатқан оның төсі мен балғасын Қарабалық өңірін мекен қылған Құрмаш деген кісіден тараған үрім-бұтағы үйінде көздің қарашығындай сақтап отыр. Аталған рудың Жантілес аты айтылмай, ұста атанып кеткен. Шежіре бойынша, Жантілес Жаманқараның бесінші атасы, яғни, түп атасы. Тектіден текті туады деген де рас. Жаманқараның Қарпық, Қараман, Қарман, Тағылшы және Тағылы деген балалары болған.

Орыс құжаттарында 56 жастағы Қарпық Жаманқарин туралы мынандай деректер келтірілген: «Лицом моложе, слишком полный, росту среднего, волосы черные, сын простого киргиза. Кипчакского рода, карабалыцкого отделения... Место кочевания: летнее – в разных местах степи за Новой линией, зимнее – в верстах в 8 от Велико-Петровской станицы. Семейство: шесть жен, два сына и две дочери. Состояние: лощадей около 1000 и очень большие деньги, а также ведет торговлю с Бухарией».

Қоңырөзек, Жалқарағай, Құла айғыр, Сарқамыс секілді түгін тартса майы шығатын шұрайлы қоңыстарды мекен қылған Жаманқара балаларының ата қоңысын жоқтауы ешкімді де бей-жай қалдыра алмайды. Ата-бабасынан мұра болып қалған жерден еріксіз көшкен есіл ерлер туралы Сүйірқұл молда «Қара дәптерінде» қара көзден жас шығара отырып жырлаған: Қарман байдың қонысы Қоңырөзек деген жер екен. Жаманқара ұрпағының ата қоңысын жоқтауында сол қиын-қыстау кезең айқын бейнеленген:

Қоңысы Қарман байдың Қоңырөзек,

Табиғат көрік беріп қойған безеп.

Мұраға аталардан қалған жерден

Амалсыз ауатұғын келді кезек.

Сыйлады ерді елдің кәрі-жасы,

Болған соң аса биік дәрежасы.

Үйіне қонақ келсе қайырмаған,

Жалпыға бірдей түсіп ықыласы.

Бұл кезде байқасаңыз елді аралап,

Қасқырдай бірін бірі жүр жағалап.

Құт кетіп, дұға көшіп Сарыарқадан,

Баратын жер қалмады бас паналап.

Біздерге кез болып тұр шұнақ заман,

Залалы салтымызға тиді жаман.

Берілмей кәпірлердің ықпалына,

Сақтайықғұрпымызды жүргенде аман.

Көрінді басқыншылар көзімізге,

Салмайды орыс құлақ сөзімізге.

Ежелгі жерімізді тартып алып,

Бұйыртпай қойды оны да өзімізге.

Қайнады қарашекпен арадай нақ,

Қайғылы көкірекке түсірді дақ.

Қоштастық ата-баба зиратымен,

Зар жылап, кездескен соң осындай шақ.

Жаманқара балаларының жоқтауы тарихтың шындығын айтуымен құнды, айтушыны ақын деп танымасақ та, мысалға келтірілген шумақтардың өзінен  шешендік, айтқыштық  дәстүрді байқаймыз.

«Қазағым, таянды ғой қылта мойын,

Жер, мал кетiп, бос қалды бiздiң қойын» –  деп Мағжан ақын жырлаған, халықты қапа қылған зар заман қазақты қысқы қыстауынан, жазғы жайлауынан айырғаны тарихи шындық.

Қоңырөзек, Жалқарағай, қалдың нағып,

Зорлық күш сенi бiзден алды қағып.

Мың-мыңдап жылқы жайған құнарлы жер,

Қайтарып алар заң жоқ мұңды шағып.

Бiр тұнық су iшпедiк ала жаздай,

Тұра алар босқын халыққалай азбай?!

Кiр жуып, кiндiк кескен жерден кетiп,

Адасқан үйiрiнен болдыққаздай.

Ат мiндiк жал-құйрығын сылаңдатып,

Аң аулап, серi болдық күн-түн қатып.

Зорлықпен сол дәуреннен айырылғандық

Күйзелттi жанымызды қатты батып.

Төгiмнiң орманы едi тұрған жайнап,

Ағаштың бұтағында бұлбұл сайрап.

Ежелден қазақ халқы иеленген,

Отар боп мұжықтарға қалды-ау аймақ.

Көл, өзен көбiктенiп, қайнап-тасып,

Толқыны төсiн артып, жардан асып,

Зәмзәмдай күмiс сулы бұлақтар да,

Келiмсек көк көздерге болды нәсiп.

Сарқамыс айдынында жатқан шалқып,

Мыңдаған аққу-қаздар жүзген қалқып.

Жауыздар атқан оқтан көбi жайрап,

Қаңқылдап тiрiлерi кеттi қаңғып.

Жаз жайлап, қыс қыстаған Мырзакелдi,

Сирек ед ол маңайда оған тең-дi.

Құлаайғыр, Жалқарағай бұйраттардай

Босқынға кiм бередi ондай жердi?!

Атақты Жамекенiң бес баласы,

Ақылды, терең ойлы, мол санасы,

Қуылып туған жерден ауғандықтан,

Кек қайнап, қан боп ақты көзден жасы.

Қарпық бай үлкен ұлы Жамекенiң,

Өзiне нәсiлдерi артқан сенiм,

Ызасы түкбеттiлер өтсе-дағы,

Қарулы ала алмады күштен кегiн.

Тежедi дәулетiн де қанат жайған,

Айырылып бiтiк шөптi қыр мен сайдан.

Мыңғырған төрт түлiгi арықтады,

Оларға жайылымды алар қайдан?!

Көпке мәлiм Тағылшы ердiң аты,

Өжет және ұнамды парасаты.

Әркiмнiңкөңiлiне қайғы салды,

Жайылып кетiп оның жазған хаты.

Сол едi бүкiл елге болған қорған,

Кәпiрге отарлаушы қарсы тұрған.

«Батыр өлiмi маржадан» деген сөз бар,

Сабаз ер жау қолынан болды құрбан.

Кенжесi Жамекеннiң Тағылы бай,

Мал-мүлкi тұрмысына болды оның сай.

Үйiне қонақ келсе құрмет етiп,

Соятын тоқты орнынасемiрткен тай.

Бiр кезгi Жантiлестiң жiгiттерi,

Өрбiткен Жанқараның түлiктерi,

Ұйымшыл, ынтымақты атанғандар

Тозғындап, бас сауғалап, бүлiп бердi.

Заманныңұшырадық тарлығына,

Қазақтың тидi соққы барлығына.

Қарсылассаққырылып қалатын боп,

Мейiрiмсiз көндiк патша жарлығына.

Өтеміс Қалабаевтың шежіресіне сүйенсек, Қарпық байдың Құрманқұл, Омар, Ахмет, Бекмұхамбет, Дүйсенбай және Уәші деген балалары болған. Бекмұхамбеттен Мірсалық, Әбубәкір, Садық, Жорабек, Әбдібек, Сыздық және Хакім тарайды.

Бекмұхамбет болыстың бәйбішесі – Наурызбай бидің қызы. Бұл туралы орыс құжаттарында мынандай деректер бар: «Имееет двух жен. Первая – дочь зауряд-сотника Наурызбая Казыбаева Мура и вторая  – дочь киргиза Коскадама Тутаева Айтока. От первой имеет сыновей Мир-Салиха, Садика, Абубакира и Хакима и дочь Айхану, от второй – сыновей Журабека и Абдибека, дочь Айканы». Әбдібектің баласы Сейіт Қостанай облыстық газетінің бас редакторы болып қызмет атқарды, елге  қайраткерлігімен танылды.

Торғай облысы әскери губернаторының штаттан тыс кіші шенеунігі болып қызмет атқарған Бекмұхамбет Қарпықов патша үкіметі тарапынан үш алтын, төрт күміс медаль, алтын сағат секілді сый-құрметке ие болған. Шұбар болысының болыстығы қызметіне 1869 жылы кіріскен. Сонымен бірге оқу орындары мен кітапханаларға қайырымдылық көмек көрсеткен. 1880 жылы соғыста жараланғандарға жасаған көмегі үшін Қызыл крест белгісімен марапатталған. Ресей жерінде аштықтан азап шеккен шаруаларға мал жинау үшін ат салысқан.1899 жылы ол Қостанай уезі бойынша құрметті мировой судья болып тағайындалады. 1902 жылы денсаулығына байланысты өз еркімен отставкаға шығады.

Осы кісінің ұрпағы, мемлекет және қоғам қайраткері Шәңгерей Жәнібековтың айтуына қарағанда,  Қарпық Жаманқаринның ауылы Жауқашты деп аталған көлдің маңайында орналасқан екен. Ол Түйемойнақтан (қазіргі Денисов ауданы орталығы) 25 шақырымдай жерде. Жергілікті тұрғындар оны Қарпық ауылы деп атап кеткен.

Атыңнан айналайын, Қарабалық,

Атағың шығып еді дараланып.

Жырына Қайнекейдің арқау болған,

Майданнан кайтқан солдат жараланып.

 

Көгіңде жұлдыз болып жана алатын,

Төсіңде жырын төккен Серәлі ақын.

Өске ақын, би Наурызбай, Сүйірқұлдар

Тигізген дүйім жұртқа шарапатын.

 

Тағдырдың татса-дағы кермегінен,

Серәлин түлеп ұшты Өрнегімнен,

Көк  шалғын, қалың  ағаш, қызыл  гүлің,

Секілді жайып қойған төрге кілем.

 

Көлдерің жарқыраса айнадайын,

Көңілге келіп кірсін қайдан уайым.

Елубай, Серке, Қапан қатар шыққан,

Киелі топырағыңнан айналайын!

 

Бүгінде қара қыпшақҚобыланды,

Әрүйден кітап болып жолығар-ды.

Тараған асыл тектен Қарабалық,

Тарихтыңқақ төрінен орын алды, - деп айтуға енді хақымыз бар.

Қарабалық ұрпақтарының бірінің тарихы Тоғызақ атауына байланысты.Ел аузындағы аңызға қарағанда, Тоғызақөзені жағасын қоңыс қылғанқыпшақ жұртының бір отбасында қазақ-қалмақ соғысында тоғыз бірдей ұлы ерлікпен қаза табады. Сонда ұлдарын жоқтаған әкесі: «Әттең, тоғыз-ақ болғанын қарашы.  Кек алатын оныншы ұл болмады-ау!» – деп бармағын шайнаса керек.

Қажытқанда қиын сапар, жол ұзақ,

Қарсы алдыңнан жел соққанда аңызақ,

Белге ораған белбеудей боп көлбеңдеп

Жолаушыны қарсы алады Тоғызақ.

 

Бір қыпшақтың болған тоғыз баласы,

Жанарының ағы менен қарасы,

Көне заман құпиясын ішіне,

Түйіп жатыр қазағымның даласы.

 

Біреулерге жалғыз перзент арман боп,

Армандары орындалмай қалған көп.

Сол адамның тоғыз ұлы болса да,

Бәрі кетіп, бір-ақ күндей болған жоқ,

 

Қайран, қазақ, ұғар болсаңәр жағын,

Тоғыз ұлдың көтерсе де салмағын,

Оныншыдан үміт күткен әз әке,

«Тоғыз-ақ!» – деп  шайнапты ғой бармағын.

 

Ерлер болса елжіреген елім дер,

Ерттеулі атпен Тоғызаққа келіңдер.

Жар кеткенде жалғыз қалып жүрмеңдер,

Екі-үшеуді көп десетін келіндер.

 

Тоғыз  ұлы болса-дағы бір төбе,

Ер Төстігін көріп өткен мәртебе,

Асыл ана, ардақты әке, абзал жар

Көп болыпты біздің байтақөлкеде...

Қарабалықты Қобыланды батырдан қалған шаңырақ иесі, туып-өскен елдің киесі деп те айтуға болады. Оның  ескерткішінің туған дала төсінде асқақтап тұруы елдің мерейі.

Ақылбек Шаяхмет, жалпытүріктік мәдениет пен әдебиетті дамытуға қосқан үлесі үшін Махмұт Қашқари атындағы халықаралық сыйлықтың, Мұхамед  Дулати атындағыхалықаралық сыйлықтың және халықаралық «Алаш» сыйлығының  лауреаты, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚМУ профессоры

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 291
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 439
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 301