Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Алаң 10895 3 пікір 6 Қыркүйек, 2018 сағат 14:10

Құлатылған ескерткіш орнына ешкімге белгісіз Қарабалық батырдың мүсіні қойылады

Қарабалық аулының кіреберісіне Қазақ батырларына халықтың өз бастамасымен қойылған ескерткіш құлатылып (мәдениетті түрде орнынан алу керек еді), оның орнына Қарабалық батырға ескерткіш қойылады екен.

;feature=player_embedded

Рас, бұл ескерткіштің сапасы төмен болды. Халықтың өз қаржысымен салынғандықтан, қаржының мөлшеріне қарай шыққан. Енді билік оны жөндемек. Дұрыс бастама.

Айтпағымыз, Қарабалық деген батыр қазақтың арғы-бергі тарихында жоқ. Ол Қыпшақ тайпасының бір руының атауы. Қарабалық - кеңестік дәуірден кейін көптеп шыққан сансыз батырлардың бірі, мифтік кейіпкер. Бізде ру-тайпа атаулары жөнінде бір жаңсақ ұғым қалыптасқан. Оның мәні мынада: ру атауларын міндетті түрде кісі есімімен байланыстыру. Бұл - тарихи пайымға қайшы. Ру атаулары, көбіне, тайпаның жайлаған жеріне, таңбасына, саяси бірлестіктің құрамына,тотемдік атауларға байланысты болып келеді. Мысалы, тарақты, жалайыр, Жембойылық, Жайық Беріш, Жапалақ Алтын, Қызылқұрт, башқұрт, т.б.

Қазақтың ру шығару дәстүрі жеті аталық танымға негізделген. Жетінші атадан кейінгі ата, яғни сегізінші жаңа ру болып шығып отырған. Мысалы, Шақшақ Жәнібек батыр - ХҮІІІ ғасырдағы даңқты тұлға. Бірақ оған ру атасы болу бұйырмай, оның баласы Тұрлығұл рубасы болған. Мұндай мысалдарды Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шұбыртпалы Ағыбай сынды көптеген батырларға қатысты айтуға болады. Қарабалық сөзінің этимологиясы екі сипатта: біріншісі: қара+ балық - үлкен (көне) + шаһар, екіншісі - қара (сын есім)+балық (мақұлық). Екіншісін қазақ кісі атына қоймасы анық. Мақұлықтың атауын кісі есімі етіп қалай қояды? Біріншісіне келетін болсақ, балық - көне түркі тілінде шаһар дегенді білдіреді. Шығыстағы түркілердің тілінде бұл сөз бар.

Ал қыпшақтардың Алтайдан шыққанын ескерсек, ол этноним сол көне дәуірден келе жатқан сынды. Сондықтан мифтік кейіпкерлерден тарих жасауға сақ болайық. Арғы тарихты былай қойғанның өзінде, бергі ХҮІІІ ғасырдың тарихындағы белгілі тұлғалар туралы көптеген мифтер бар. Мифтердің түбі кешегі кеңестік үкімет уағыздаған коммунизм идеологиясы құлағандай, түбінде омақаса құлайтынын есте ұстайық. Менің ұсынысым: ескерткішті жалпы Қазақ батырларына деп жаңартып, сапалы түрде қою керек. Қарабалық ауданы Ресеймен шекаралас өлке. Осынау ұлан-байтақ жерді Қазақ батырлары қорғап қалды деген рәмізді келіп-кетушілерге білдіріп тұрар еді. Жалқылықтан жалпылыққа көшкенімізде абзал.

Алмасбек Әбсадық

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053