Жұма, 29 Наурыз 2024
Ел іші... 3953 1 пікір 11 Қыркүйек, 2018 сағат 11:37

Қазақстанда 35 мың адам Паркинсон ауруына шалдыққан

Адамзат өміріндегі теңдесі жоқ ең құнды сыйлық және баға жетпес зор байлық – денсаулық. Дана халқымыз «Денсаулық – зор байлық» деп, оған жіті назар аударып отыруды үнемі шегелей түсуі міне, осыдан болса керек. Өйткені дені саудың жаны сау болатыны айтпаса да түсінікті. Десек те, бүгінгі таңда аурудың түрлері көбейіп, адамдардың одан зардап шегуі шектен тыс ұлғайып барады. Қазақстанда 35 мыңға жуық науқас Паркинсон диагнозымен өмір сүріп жатыр. Жыл сайын олардың қатары 2,5 мың адамға артып отырады екен.

Сонымен Паркинсон деген қандай ауру? Ол қандай жағдайда пайда болады? Клиникалық белгілері, оны емдеудеудің ем-домдық түрлері қандай? Міне, осы сияқты басқа да өзекті сұрақтарға жауапты көпшіліктің назарына ұсынғанды жөн санадық.

Паркинсон – жүйке жүйесінің ең қауіпті әрі жұмбақ ауруларының бірі. Бұл ауруға шалдыққанда мидағы нейрондар қызметі бұзылады. Әдетте, бұл дерт 55 пен 65 жас аралығындағы адамдарда және көбіне ерлер арасында жиі кездеседі. Бірақ 30-40 жасында, тіпті 20 жасында Паркинсонға шалдыққан науқастар да жоқ емес. Өкінішке орай, қазіргі медицина бұл аурудың неден пайда болатынын дөп басып, дәл анықтай алмай отыр.

Сондықтан Паркинсон ауруы қазіргі таңда Альцгеймер ауруынан кейін әлемде ең кең тараған нейродегенерациялық ауру болып табылады. Нейродегенерация дегеніміз нерв жасушаларының біртіндеп өз қызметін жоғалтып, түбінде өліп қалуы. Нейродегенерация адамды мүгедектікке алып келуі мүмкін. Бүгінгі күнде әлемде паркинсон аурына шалдыққын адамдардың саны 4 миллионға жуық. Паркинсон ауруының орта есеппен таралуы 100 мыңға шаққанда 150-200, алайда бұл көрсеткіш жасы 70-80-нен асқан адамдар арасында 300-ге дейін жетуі әбден мүмкін. Паркинсон ауруына негізінде егде жасқа жеткен адамдар бейім болғанменен, соңғы жылдары бұл ауру 30 бен 60 жас аралығындағы жұмыс істейтін жас адамдар арасында жиілеп кетті. Қазақстанда ПА эпидемиологиясы зерттелмеген. Әлемдік статистиканы сараптағанда біздің елімізде мөлшерменен отыз бес мыңға жуық адам Паркинсон ауруына шалдыққан деп санауға болады. Ғалымдардың болжамы бойынша бұл аурумен алдыңғы он жылдықта екі миллионға жуық адам ауырады. Осы статистикалық болжамды ескере отырып, егемен Қазақстанда Паркинсон ауруының кең таралуы тек әлеуметтік емес, экономикалық ықпалдың да әсерінен туындауы мүмкін деп ойлауға болады.

Паркинсон ауруының себебі мидың жасаушаларында альфа синуклеин деген ақуыздың мөлшерден тыс жиналуы, жиналған ақуыздың токсин бөлуі және сол токсиндердің салдарынан орталық мида орналасқан қара субстанцияның ДОФАМИН деген химиялық затты түзетін нерв жасушаларының өлуі болып табылады. Дофамин жеткіліксіздігі Паркинсон ауруының негізгі белгілеріне алып келеді. Олар қайталмалы қимыл қозғалыс шапшаңдығы баяулауы мен бұлшықеттің қажуы. Бұл белгі медицина тілінде брадикинезия деп аталады. Брадикинезия Паркинсон ауруының негізгі белгісі. Аурудың қосымша белгілері қол мен аяқтың дірілдеуі, қақсап ауруы, бұлшықеттердің тырысып, қатып қалуы. ПА 90% жағдайда спорадикалық түрде пайда болады, яғни аурудың анық себебі болмайды. Он пайыз жағдайда ауру тұқым қуалап жүреді. Мида альфа синуклеин жиналуына спорадикалық жағдайларда бірқатар риск гендер мен қоршаған орта факторларының өзара қарым қатынасы алып келеді.

Паркинсон ауруын әлемде дәрілік және хирургиялық әдістермен емдеу қолға алынған. Дәрілік емнің негізі мидағы дофамин жеткіліксіздігін қайта қалпына келтіретін «Леводопа» дәрілері тағайындалады. Қазақстанда бұл ауруға қарсы тіркелген «Леводопа» дәрілері наком, левокарбисан және мадопар дейтін түрлері бар. «Леводопа» дәрілік препараты Паркинсон ауруы еміндегі алтын стандарт болып саналады. Қазіргі таңда леводопаға қарағанда жұмсақ дәрілер шықты. Олардың ішінде Қазақстанда тіркелгендері «Мирапекс», «Азилект». Алайда, көптеген Паркинсон ауруына қарсы жаңа дәрілер біздің елімізде жоқ.

Паркинсон ауруын хирургиялық жолмен емдеудің ең ұтымды әдісі – мидың терең стимуляциясы деп аталады (Deep brain stimulation). Бұл әдіс Қазақстанда 2013 жылдан бергі уақытта Шашкин Шыңғыс Сақаұлы деген нейрохирургтің қолымен қолданылып келе жатқаны белгілі.  Осы күнге дәйін ол 200-ден астам Паркинсон ауруымен ауыратын адамға мидың терең стимуляциясын жасап үлгерді. Алайда, бұл операция паркинсон ауруының негізгі себептерін түбегейлі жоя алмайды, бірақ аурудың асқыну белгілерін өте жақсы басады. Операция жасалған адамдар көп дәрі ішпейді. Ұзақ өмір сүреді. Бұл операцияны Қазақстан азаматтары үшін тегін квота алудың кезегіне дер кезінде тұру арқылы жасауға болады.

Қазіргі таңда әлемде паркинсон ауруының белгілерін басатын дәрілер ғана бар. Бірақ аурудың үдеуін баяулататын және себебін жоятын дәрілер мен әдістер әлі ойлап табылмаған. Сол себепті ғалымдар ізденіс үстінде. Алайда көптеген эксперименттік әдістер әлемнің түпкір түпкірінде қолданылып жатыр. Олардың ішінде миға дофамин түзетін бағаналы жасушаларды имплантация жасау, генетикалық әдістермен ауру шақыратын гендердің қызметін қалпына келтіру және тағы басқа заманауи әдістер кіреді. Осы әдістерді қолдану әлі де кең қолданысқа енгізілмегеніне қарамастан, болашақта осы әдістер өзінің ұтымды пайдалылығы мен қауіпсіздігін дәлелдеп, кең дәрежеде қолданылып, Паркинсон ауруын толық емдеуге алып келеді деген үміт ғалымдарда бар.

Қазақстан мен Орталық Азияда Паркинсон ауруымен жүйелі түрде айналысатын Паркинсон орталығы қазіргі таңда әзірге тек Алматы қаласында ғана бар. Бұл орталық «Standardneuro орталығы» деп аталады. Бұл орталық Паркинсон ауруының Қазақстан аймағы бойынша медицинаның жоғары санатындағы білікті дәрігер, ізденімпаз ғалым, бастамашыл мамандар – Қайыржанов Рауан Бағданұлы мен Паркинсон ауруын нейрохирургиялық жолмен емдейтін Шашкин Шыңғыс Сақаұлының тікелей ұйымдастыруымен құрылған. Бүгінгі таңда бұл орталықта бірқатар Паркинсон ауруына қатысты маман-невролог дәрігерлері, паркинсон реабилитологтары, психологтар, сөйлеу мен жұтыну жолдарын емдеу мамандары, миды магнитті стимуляция жасау мамандары, нейрохирургтар жұмыс істейді. Орталық 2018 жылдың наурыз айында ашылып бүгінгі күнге дейін 500-ден астам Паркинсон ауруына шалдыққан сырқаттарды қарап, оларға дәл диагноз қойып, диспансерлі есепке алған. Бірнеше ай бойы орталық Паркинсон ауруының комплексті реабилитациясын жасауды түбегейлі қолға алған. Комплексті реабилитацияға реабилитологтың қарауына қоса оның жеке реабилитациялық программасының құрастырылуы, одан кейінгі жекеше түрде инструктормен жаттығу залында, жүзу бассейнінде жалғастыру, психологпен айналысу, дауысты жақсарту жаттығулары, сонымен қатар өзінің тиімді пайдалылығын клиникалық зерттеулермен дәлелденген топтасымен жасалатын танго биі, Рони Гардинер музықалық әдісі, скандинавиялық таяқпен жүру арқылы бүткіл дене құрылысын серпілту, шынықтыру, кино-йога әдістері кіреді. Standardneuro орталығынан реабилитациядан өткен адамдар оның пайдасын көріп жатыр. Standardneuro Орталығы Паркинсон ауруын емдеудің толыққанды циклын қамтуды жедел түрде қолға алған. Яғни аурудың диагнозын дер кезінде дәл анықтау, диспансерлі есепке алу, паркинсон ауруының ауырлығын анықтайтын халықаралық шкаланы жасақтау, ауруды тиімді дәрілік жолмен емдеу, реабилитация жасау, миды магнитті стимулациялау, ауруды хирургиялық жолмен емдеу тағы сол сияқты емдеу тәсілдері аталмыш циклдің құрамына кіреді. Standardneuro Орталығында ауру адамдар мен олардың туыстары үшін «Паркинсон ауруы мектебі» ұйымдастырылып отыр. Бұл өз кезегінде тегін түрде Паркинсон ауруы жайлы толық ақпарат беру, оның ұтымды ем-домы және диетасы, өмір жасын ұзартуға қатысты түрліше жаттығулардың ұтқырлығын арттыру жөнінде ұтымды ақпарат алып отыру үшін жасалған ең ұтымды таптырмасқа мүмкіндік болып табылады. Өйткені қазақ елінде Паркинсон ауруымен ауыратын адамдар қайда, кімге барарын білмей, аурудың дер кезінде диагнозын анықтай алмай және дер кезінде ұтымды ем-домға қолын жеткізе алмай, өз үйінде шектен тыс зардап шегіп жатқан сырқаттардың саны қаншама... Олай болса, Паркинсон ауруына душар болған адамдардың қамы үшін құрылған аса қажетті «Клиникалық Standardneuro Орталығына» әрдайымда сәттілік тілейміз.

«Клиникалық Standardneuro Орталығының» мекен-жайы: Алматы қаласы, «Қалқаман» ықшам ауданы, Бәйкен Әшімов көшесі, 2, №1 қалалық аурухананың ғимаратында орналасқан. Ұялы тел.: 8 701 550 50 26.

Молдағали Матқан, Әлем халықтары Жазушылары Одағының мүшесі, Халықаралық Мұстафа Кемал Ататүрік атындағы Алтын медалдің иегері, қоғам қайраткері, публицист-жазушы, академик

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2278
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3596