Жәнібек Әлімханұлының қарсыласы анықталды
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының (2-0, 1 КО) АҚШ төрінде өткізетін жекпе-жегіндегі қарсыласы анықталды.
Бұл туралы боксшының баспасөз хатшысы Берік Сұлтан өзінің Facebook-дегі парақшасында мәлімдеді.
Бұған дейін отандасымыздың 28 қыркүйек Оклендтегі (Калифорния штаты, АҚШ) бокс кешінде шаршы алаңға шығатынын хабарлаған едік. Бүгін белгілі болғанындай, аталған бокс кешінде Жәнібек Әлімханұлы 24 жекпе-жек өткізіп, 16-ын жеңген колумбиялық Карлос Галванмен жұдырықтасатын болды. Бұл Жәнібектің Боб Арум басқаратын Top Rank промоутерлік компаниясы қатарына қосылғаннан кейінгі АҚШ-тағы алғашқы жекпе-жегі болмақ.
Естеріңізде болса, Жәнібек Әлімханұлы биыл маусым айында әлемге әйгілі промоутер Боб Аруммен келісімшартқа қол қойған болатын.
АҚШ төрінде өнер көрсетіп жүрген қазақстандық кәсіпқой боксшылар аз емес. Алайда, жанкүйерлер әлі де Геннадий Головкиннің орнын басатын былғары қолғап шеберін байқай алған жоқ. Қанат Исламнан күдер үзген көпшілік жаңа есім іздей бастады. Кәсіпқой бокстағы жолын жаңа бастап жатқан жастарды айтпағанда, әуесқой бокста тәп-тәуір жетістікке жеткен Жәнібек Әлімханұлы қазақ жанкүйерлерінің үмітін ақтауға бір табан жақын деп есептейміз.
Abai.kz