Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2633 0 пікір 20 Наурыз, 2011 сағат 09:30

Дидахмет Әшiмханұлы. Мен кімге дауыс беремін?

Мен - сөз өнерiнiң адамымын. Әрi айтқанда - жазушы, берi айтқанда - қатардағы баспагермiн. Бiрақ қоғамдық өмiрдiң көрiгi күркiреп, үлкен оқиғалардың қазаны бұрқ-сарқ қайнай түскен тұста, бiр тасадан бәрiн сырттай бақылап, "қай жеңгенiң менiкi" деп, мысық тiлеумен мұртымды сылап қана отыра алмаймын. Мұндай сәтте бұлай отыру - ұлт зиялысын былай қойғанда, кез келген азаматтың азаматтығына сын деп бiлемiн. "Ақын болу - мiндет емес, азамат болу - парыз" дегендi мектепте Некрасовтан, "Азаматтық позиция - айқындаушы күш" дегендi жас жазушы кезiмде Сағат ағамнан құлағыма құйып өскенiм және бар. Яки iс азаматтыққа тiрелгенде, Толстойша айтқанда - "Не могу молчать!"

Екiншiден, азаматтық позиция - жеке адамның өмiрдегi өз ұстаным-көзқарасынан, өз пайым-түсiнiгiнен, өз бағам-бағасынан туындап, сонысымен айқындалатын тұсы тағы бар. Сондықтан мен алдағы Сайлау, қазiргi сайлауалды жағдайлар, содан соң Ел, Елбасы, қоғамдық кейбiр мәселелер туралы ойларым мен түйгендерiмдi "сiз" деп сызылмай, "бiз" деп көптiң атынан көсемсiмей, ыңғайсыз да болса "мен" деп, бiрiншi жақтан айтуды жөн көремiн. Яки Абайша айтқанда - "Өз сөзiм - өзiмдiкi!"

Мен - сөз өнерiнiң адамымын. Әрi айтқанда - жазушы, берi айтқанда - қатардағы баспагермiн. Бiрақ қоғамдық өмiрдiң көрiгi күркiреп, үлкен оқиғалардың қазаны бұрқ-сарқ қайнай түскен тұста, бiр тасадан бәрiн сырттай бақылап, "қай жеңгенiң менiкi" деп, мысық тiлеумен мұртымды сылап қана отыра алмаймын. Мұндай сәтте бұлай отыру - ұлт зиялысын былай қойғанда, кез келген азаматтың азаматтығына сын деп бiлемiн. "Ақын болу - мiндет емес, азамат болу - парыз" дегендi мектепте Некрасовтан, "Азаматтық позиция - айқындаушы күш" дегендi жас жазушы кезiмде Сағат ағамнан құлағыма құйып өскенiм және бар. Яки iс азаматтыққа тiрелгенде, Толстойша айтқанда - "Не могу молчать!"

Екiншiден, азаматтық позиция - жеке адамның өмiрдегi өз ұстаным-көзқарасынан, өз пайым-түсiнiгiнен, өз бағам-бағасынан туындап, сонысымен айқындалатын тұсы тағы бар. Сондықтан мен алдағы Сайлау, қазiргi сайлауалды жағдайлар, содан соң Ел, Елбасы, қоғамдық кейбiр мәселелер туралы ойларым мен түйгендерiмдi "сiз" деп сызылмай, "бiз" деп көптiң атынан көсемсiмей, ыңғайсыз да болса "мен" деп, бiрiншi жақтан айтуды жөн көремiн. Яки Абайша айтқанда - "Өз сөзiм - өзiмдiкi!"
Менiң қырық жыл ғұмырым кеңестiк кезеңде өттi. 18 жасымнан сайлауға "дауыс" бере бастадым. Мұндағы тырнақшада мән бар. Шын мәнiнде мен ол уақытта дауыс бергем жоқ - тек сайлауға қатыстым, қызыл жәшiкке бюллетенiмдi тастадым да кеттiм. Бiттi! Шабаш! Қалған тағдырымды Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланған Қойшы ағам емес, тiптi сол жоғарыдағы Жоғарғы Кеңес те емес, Кремльдегi Орталық Комитеттiң Саяси Бюросы шештi де отырды. Менiң ғана емес, бүкiл ұлттың, тiлдiң, дiлдiң!.. Бiр қызығы... және шындығы сол, мен бұл туралы - сонау Жоғарыдағы "құдiрет" туралы - ол кезде ойлағам жоқ. Ойлауға бас керек едi. Менде бас болғанмен, "басқасы" жоқ едi. Басқасы сона-ау Жоғарыдағылардың қолында едi. "Ендi" деймiн-ау, оны кейiн бiлдiм ғой мен пақыр. Сонда не бiлдi дейсiз? Мен ол кезде қазiргi балалардың пультпен басқарған ойыншығы екенмiн: бiр түймешенi басса - жүрiп кетемiн, екiншiсiн басса - тоқтаймын, үшiншiсiнде - "мама" деп шиқ етемiн. Әрине "апа" деп емес. Сөйтiп жүрiп ес жидық, етек жаптық. Бiрақ сол қырыққа дейiн тек қана ойыншық болдым деп және айта алмаймын. Өмiрдiң, қоғамның тек бiр ғана бетiн көру - көрсоқырлық. Оның түбi - имансыздық. Ал имансыз адам өзiн де, өзi өмiр сүрiп отырған қоғамды да көгертуi екiталай. Гаврийл Троспольский айтқандай, "жазады екенсiң - бәрiн жаз: жақсыны да, жаманды да". Жоқ, өткенге түгел топырақ шашып, өз ғұмырымның қақ жартысын жоққа шығара алмаймын. Ес бiлгеннен естiгенiм - "Оқы, оқы және оқы!" едi. Оқыдым. Оқығанда мектеп, университеттiң ғана бағдарламасына кiретiн кiтаптарды емес, ең кемi 30, әйтпесе 200 мың тиражбен шығатын орыс, әлем әдебиетiнiң аудармасымен, 30-60 мыңмен шығатын қазақ ақын-жазушыларының шығармаларымен, әрқайсысы ең аз дегенде 100 мың таралыммен жарық көретiн қазақ баспасөзiмен сусындадым. Жаз жайлауда әкеме қолқанат боп, қой жайып, қозы қайырып жүргенiмде, "Қызыл отау" жұмысын атқаратын Бөкей ағам (Оралханның әкесi) сол газет-журнал, кiтаптарды атқа артып әкеп тастаушы едi, жарықтық. Бүгiнде, жазушы боп, осы материалды жазып отырғаным да сол кiтаптар мен бума-бума баспасөздiң арқасы да, тәйiрi.
Әрине, әр нәрсенi оқып қана адам болып кеттiм деу артық. Егер бүгiнде менiң бойымда адамгершiлiк, iзгiлiк, отансүйгiштiк деген қасиеттi ұғымдардың мысқалдай ұшқыны болса, мен солардың түпкi негiзiн кеңестiк кезеңде алдым деп батыл айта аламын. Шыр етiп жерге түскеннен бiздi осылай тәрбиелеуге Идеология деген алып машинаның мың-мың аттық күшi бар "моторынан" бастап, титiмдей "болт-гайкасына" дейiн күндiз-түнi тынымсыз жұмыс iстеп тұрды. Оған болмашы жел болып тигендердi екiншi бiр аяусыз машина бұтарлап сындырып, бытырлатып үгiтiп жiберiп отырды. Бүгiнде бұны зорлық деймiз. Дұрыс! Зорлық, жауыздық атаулыға лағнет айтамыз. Дұрыс! Жаманды жаман демей жақсылық жоқ. Бiрақ iргесi берiк, уығы мықты мемлекет орнату жолында әр кезеңдегi кейбiр тәрбиелiк тәсiлдерге, қоғамдық-ұйымдық нұсқаларға, сыннан өткен тәжiрибелерге ойлана қараған жөн болар. Өз басым бала кезiмде "октябрят", "пионер" болғаннан пәлендей жаманшылық көргем жоқ. Бұл ұйымдар бiздi қоғамшыл, көпшiл, мемлекетшiл болуға тәрбиеледi. Темiрдей тәртiптi көрдiк. Бұл бiздi әр қадамымызды аңдап басуға, заң атаулыны сыйлауға үйреттi. Отаншылдық, елдiк сананы күн сайын бойымызға сiңiре бердi. Нәтижесiнде Отан, Ел, Ерлiк деген ұғымдардың қанымыз бен жанымызға берiк ұялағаны сондай, бұл жолда шейiт болып кетуге дайын тұрғандай едiк. Шындығында, Ұлы Отан соғысындағы көзсiз ерлiктер осындайдан туғаны анық қой.
Мен кейде тiптi кеңестiк кезеңдегi "орыс ұлтының мәртебесiне" басқаша қараймын. Егер мемлекетте сан жағынан басым бiр ұлттың тiлi ұлық, сол ұлтқа деген құрмет жоғары болмаса, қалай болады?! Егер арам пиғылды қаскөйлер бiр мемлекеттiң шаңырағын шайқалтуды көздесе, ең алдымен сол мемлекеттiң ұйтқысы, ұстыны болып тұрған ұлтты басқаларға жеккөрiнiштi етудiң бар амалын iстей бастайтыны бар. Мысал керек пе? Айтайын.
Мен 1985 жылға дейiн бұқаралық ақпарат құралдарының бiрде-бiрiнен ұлт араздығын қоздыратын материалды оқыған да, көрген де емеспiн. Ақыры сол 85-тiң жазында оны да көрдiм. Көкшетауға поезбен кетiп бара жатқанмын. Жолай бiр стансада сатып алған "Комсомольская правда" газетiн оқып отырып орнымнан қалай атып тұрғанымды байқамай қалдым. Қай номер, қандай мақала екенi қазiр есiмде жоқ, орыс аты-жөндi бiреу бiздiң Қарағанды кондитерлiк фабрикасы туралы жазған болып, сол фабрикадан ылғи да кәмпит ұрлап шығатын бiр "казашка"-ға тоқталады. Ұры қыз - қазақ. Аты - Айгуля. Фамилиясы жоқ. Бiрақ бұл - "қазақ ұры!" деген сөз. Жазған - "орыс". Қаныңды қайната ма? Қайнатады. Мен Көкшетауға бара салып, әлгi материалдың қиындысының бетiне: "Понюхайте! Чем пахнет?" деп айбақ-сайбақ жаздым да, "КП"-ға салып жiбердiм. Жастығым ғой, әйтпесе сол материалдың астарынан қандай иiс шығып тұрғанын ол уақытта өзiм де сезбеген екенмiн. Кейiн бажайласам, газеттегi әлдебiреудiң мақсаты - мен сияқты мың-мыңдарға орыс халқын жек көргiзу екен. Сөйтiп елдi iштей iрiту екен. Айтқандай-ақ, бұдан соң, әсiресе 86-жылдан бастап орыс еместерге тас лақтыру, жөндi-жөнсiз ғайбаттау Орталық бұқаралық ақпарат құралдарында жаппай етек алып кеттi. Бiр қарасаң орыстың сөзiн сөйлеп отырған сияқты, түбiне үңiлсең - ой, пиғыл басқада. Идеологиялық диверсия деген осы.
Жә, ендi сөз басындағы Сайлауға келейiк. Бұны жалаң насихатпен жалықтырмай, бiр оқиғадан бастайын.
1981 жылдың шiлде айының басы. Қазақ КСР-i Жоғарғы Кеңесiнiң сайлауы болғалы жатқан. Ұмытпасам, Орта Азия әскери округiнiң қолбасшысы соған депутаттыққа кандидат ретiнде түскен. Сол күндерi Алматыға әкем келе қалсын. 70 жаста. Өмiр бойы қара шаруаның қамытын киген адам. Ендi зейнеткер. Кешке бiраз әңгiмелесiп отырдақ та, ондар шамасында жатып қалдық.
Таңертең елең-алаңда әкем менi түрткiлеп оятқан. Қабырғадағы сағатқа қарасам, 6-дан ендi ғана асыпты.
- Әй, неге тұрмайсың? - дейдi маған таңырқап.
- Неге тұрам? Жұмыс сағат тоғызда ғой, - деймiн мен ұйқылы-ояу.
- Жұмысың не ей сенiң! Бүгiн сайлау емес пе? - дейдi ол бетiме тiк қарап.
- Кешке дейiн уақыт бар ғой, үлгерем де, - деймiн мен әлi де есiней түсiп.
- Мынау не дейдi ей! Не дейд! Халықтың алдында жүрген сендер бүйтiп жатсаңдар, басқаларға не жорық! Өй, бар болғыр, жат, жат ендеше шалжиып. Шын оқыған-тоқыған адам болсаң, ертерек барып дауыс берiп, елге үлгi көрсетпейсiң бе, түге! - деп ол сыртқа шыға жөнелген. Апыл-ғұпыл киiнiп, соңынан мен де жүгiргем.
Сайлауға бармай қою былай тұрсын, кешiгiп барудың өзiн ұят көрген қайран әкелер! Ел, Отан, Ұят деген ұғымдар олар үшiн қасиеттiнiң қасиеттiсi едi-ау!
Кеше теледидардан бiр азамат сөйлеп тұр. "Алматыда сайлаушылардың 70 пайызы сайлауға қатысады деп күтiлуде" дейдi. Сонда қалай? Қалған 30 пайыздың Отаны жоқ па? Әлде Қазақстанның азаматы емес пе? Немесе азаматтық деген ұғым жоқ па оларда? Бұдан да сорақысы, бiреулер "бiзсiз де өтедi" дегендi айтады. Одан кiм не ұтады? Ештеме.
"Бетеге кетсе бел қалар, бектер кетсе ел қалар, берекең кетсе нең қалар" дейдi Қалағам бiр романында. Рас, берекемiз кетсе немiз қалады?! Ал береке, бiрлiктiң бiрiншi ұйытқысы - ұлттың интелигенциясы - зиялы қауымы болуы керек. Өкiнiшке қарай, осы қауымда ұйытқы болудан гөрi iрiткi болып жүргендер жетерлiк. Осыны көрiп iшi күйдi ме екен, жазушы Дулат Исабеков бiр сөзiнде "бiз әлi ұлт боп қалыптасқамыз жоқ" деп едi, "ойбай, не дейд!" деп аттандап шыға келгендер болды. Бұған да шүкiр! Ұлттық сезiм әлi өлiп бiтпеген екен. Алайда рулық, жүздiк санадан тұтастай мемлекеттiк санаға көтерiлу үшiн бiзге басқа да "ойбайлайтын" мәселе жетерлiк қой.
"Ел боламын десең - бесiгiңдi түзе!" Жақсы сөз. Ал қазiргi жағдайда мен айтар едiм: "Мемлекет боламын десең - бұқаралық ақпарат құралдарыңды түзе!".
Бүгiнгi осы "құралдардың" бетiн ашып қалсаң да, түймесiн басып қалсаң да - "атып кеттi", "асып кеттi", "... деп қойды", "...жеп қойды" дегендердi былай қойдым (ол да керек шығар), басына қалпақ кигiзiп, "басеке, басеке" деп мазақ қылғандарды да қоя тұрайын (ол да "бiреулерге" керек шығар), ал бiрақ мың-мыңдар оқитын газет бетiнде "орыстiлдi", "қазақтiлдi" деген ұғымдарды қайталай берудiң қажетi не? Әдейi қалыптастыру үшiн бе? Әйтпесе, орыстiлдi ағайындарды бауырға тартудың басты жолы осы болғаны ма? Жоқ, ұлтты ұйыстырудың тамаша тәсiлi - жақсы нышандарды көпке үлгi ету. Бұған мысалды алыстан iздемей-ақ қоялық, баршамыздың көз алдымыздағы Қасымжомарт Тоқаевтың, Нұрлан Нығматуллиннiң, Нұрғали Әшiмовтың кешегi қазақшасы қалай едi? Ал бүгiн ше? Соңғысына бiреулер дау айтар, бiрақ мен "дат!" деймiн. Бiрде радиодан Нұрғалидың сөзiн тыңдағаным бар. Журналистiң әрбiр сұрағына асықпай, ойлана жауап берiп отыр. Кейде кiбiртiктеп те қалады. Бiрақ сөзiнiң бәрi түсiнiктi. Мүмкiндiгiнше орысша қоспауға тырысады. Кейде тiптi бiр әдемi сөз тiркестерiн айтып қалады. Байқаймын, кiтаптан жаттап алғандары. Ең қуанарлығы - жақсы ниет бар. Мұндай фактiлер аз ба бiзде!
Амал не, бiздiң бiр журналистер мұндайдан гөрi жаман жақты айтқанда өлшемдi де, мөлшердi де бiлмей кетедi.
Құлақтың құрышы жақсылықты естiгенде қанады. Көздiң нұры жақсылықты көргенде от боп жанады. Ендеше алдымен жақсылықты көре бiлгенге не жетсiн. Осы орайда соңғы 20 жылда жеткен жетiстiктерiмiз аз ба! Үлкен саясаттағы үлкен жұмыстар жөнiнде саясаткерлер, басқалар айта жатар, мен жазушы ретiнде сөздi мынадан бастағым келедi.
"Көрмес - түйенi де көрмес" деп, түйе түгiлi соңғы он бес жылда ғана гүл-гүл жайнап шыға келген тұтастай бiр қаланы қалай көрмеуге болады?! Сол қаланың төрiнде асқақтап тұрған Ақорда, оның төбесiнде желбiреп тұрған Көк Ту - ғасырлар бойы жетсек деген ақ арманымыз емес пе едi. Шүкiршiлiк, жеттiк қой мiне!
Мен бұл қаланы тұңғыш рет 1973-тiң жазында көрдiм. Целиноград кезi. Салқындау, сұрғылттау, кiшкентай ғана қала екен! Салқын, сұрғылт дегенде, мен оның климаты мен түр-түсiн айтып тұрғам жоқ. Психологиялық атмосферасын. Бiр автобуста кейде бiр-екi-ақ қазақтың басын көресiң. Саған үдiрейе қараған басқалардың "ешкi көзiн" көресiң. Бұл жай автобуста ғана емес, кез келген жерде байқалып тұрады екен. Көңiлiм ерiксiз пәс болған. Мұндайды бұрын тiптi Мәскеу, Новосiбiр, Ленинградтан да көрген емеспiн. Ол жерлерде мен еуропалық мәдениеттi, орысқа тән кеңдiктi көргенмiн.Ал Целиноградттың жайы мүлде бөлек-тi. Тың игеру кезiнде мұнда тек отаншыл перiштелер ғана келмеген, олардың арасында бұрын iстi болғандар да, қаракүшiн қайда сыйдыра алмай жүрген iшпыстылар да, мәдениеттен жұрдай боскеуделер де болған. "Бiз сендердi адам қылып отырмыз. Қала салдық, тың игердiк, ал сендердiң қолдарыңнан не келедi?" деген астамшылық та болған. Целиноград салқындығын сондайлар тудырған. Әйтпесе, тұтастай орыс халқы емес.
Арада 15 жыл өткенде (1988) Целиноградта тағы болдым. Бұл жолы жазушы, журналист ретiнде. Бiрақ менi менсiнгендердi және аз байқадым. Құдды өз жерiмде өзiм жат секiлдi сезiнгенiм бар.
Ендi қазiр жылына кем дегенде төрт-бес рет боламын Астанада. Өз қалам! Еркiн жүрем. Рухым биiк. Небәрi 10-15 жылда түрi де, түсi де, "мiнезi" де ғажап өзгерген. Бiр сәт иектi көтерiп, көздi Ереймен асырып жiберемiн... Жанарымда - қасиеттi Арқа жерi! Кезiнде ашаршылықтан халқы шыбындай қырылып, тiрi қалғанының көбi жан-жаққа босып кетiп, келiмсектер кеңiнен жайлаған қайран Арқа! Мен ендi сенiң төсiңде алшаңдай басамын.
Жақсылық па? Жақсылық! Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен зиялы қауым өкiлдерiнiң Түркiстан шаһарында өткен кешегi жүздесуiнде осы жақсылықтардың көбi айтылды. Оларды тағы қайталап жатуды артық көремiн. Тек өз тарапымнан, бiр қоғамдық қордың төрағасы ретiнде қосарым: соңғы он шақты жыл көлемiнде үкiметтiк емес ұйымдарға жасалып жатқан қамқорлық пен қолдау аз емес. Нәтижесiнде бұл ұйымдар бүгiнде үкiметтiң сенiмдi серiгiне, үлкен қуатты күшке айналды. Бәрi де ұзағынан сүйiндiрсiн деймiн!
Осы жақсылықтарды көре отырып, ертеңгi Президенттiк Сайлауда мен өз даусымды президенттiкке кандидаттардың бiрi - Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевқа, яғни Елбасыға беретiнiмдi жасырмаймын.
Тiлiм үшiн! Дiнiм үшiн! Ұлтым үшiн!

«Түркістан» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5570