Сенбі, 23 Қараша 2024
3028 0 пікір 14 Қыркүйек, 2018 сағат 10:12

Алматыда қатерлі ісікке шалдыққандарға дәрі жетіспеушілігі түсіндірілді

Алматыда медицина мамандары қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың дәрілік заттар тапшы деген шағымына байланысты түсініктеме берді.

Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінде қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Исабеков,  «Әлеуметтік Медициналық Сақтандыру қорының» Алматыдағы бөлімшесінің директоры Төлеухан Әбілдаев, «СК Фармация» компаниясының өкілі Наталья Зеленская аталған жәйтке байланысты түсініктеме берді.

Нұржан Исабековтың айтуынша, дәрілік заттың уақытша тапшылығы сүт безімен ауыратын әйелдердің санының 5 пайызға артуына байланысты болып отыр.

"Әр салада жыл соңында қалада тіркелген науқастардың санына қарай тапсырыс беріледі. Қазір бұл проблема сүт безі қатерлі ісігімен  ауыратындарға дәрінің бір түрі герциптин бойынша болып тұр. Науқастардың саны көбейгендіктен дәрілік заттар жетпей қалды. Былтырғымен салыстырғанда олардың саны 5 пайызға артып отыр", - деді қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Исабеков.

Мамандардың айтуынша, Алматыда қазір 32 науқас әйел ай сайын герциптин препаратын алып тұруы керек. Әр науқас 18 ампуланы 1,5 жылда қабылдауы тиіс. Бір ампула құны 300000 теңгеге бағаланған. Аталған дәрі дәріханаларда сатылмайды. Тек бірыңғай дистрибьютор «СК Фармация» арқылы ғана жеткізіледі.

"Биыл Алматыда 5426 әйел есепте тұр. 8 айда  тағы 406 әйелден қатерлі ісік анықталды.  Былтырғымен салыстырғанда 5 пайызға артқан. Олардың 32-сі осы дәріге мұқтаж. Бүгінде 50 ампула мұқтаж адамдарға Қызылорда облысынан қарызға алынып берілді. Біздің тапсырыс жеткен соң орнына қайтарылады", - деді Алматы онкологиялық орталығының директоры Нұрсұлтан Ізбағамбетов.

Ал дәрілік заттың уақытында жеткізілмеуін «СК Фармация» өкілі Наталья Зеленская былайша түсіндірді.

«2018 жылға Алматы онкологиялық диспансері 2,2 млрд теңгеге тапсырыс берді. Тапсырысты қарастыру кезінде 1,9 млрд теңгенің өнімі мақұлданды. 1,7 млрд теңгенің дәрілік заттары жеткізілді. Герциптин препараты Қазақстанға қыркүйекте жеткізілген. Қазір сертификация процедурасында тұр», - деді Н.Зеленская.

Енді қала билігі тапшы дәрілерді жеткізуге бюджеттен қосымша қаржы қарастырмақшы.

«Биыл Алматы онкологиялық қызметі 2017 жылғы деңгейде қаржыландырылды. Дәрілік заттармен қамтуда түйткілді мәселе жоқ. Тек бір ауру бойынша дәрілік заттың бір түрі жеткізілмей жатыр. Оған қосымша қажеттілік туындады. Бұл мәселені біздің қордың орталық аппараты мен ҚР ДСМ аппараты жан-жақты қарастыруда», - деді «Әлеуметтік Медициналық Сақтандыру қорының» Алматыдағы бөлімшесінің директоры Төлеухан Әбілдаев.

Оның айтуынша, биыл Алматы онкологиялық қызметіне 3 млрд 222 млн теңге бөлінген.

Айта кету керек, Алматы қалалық онкологиялық орталығының пациенттері дәрілік заттарға уақытында қол жеткізе алмай жатқандарына шағымданған болатын.

Айтуларынша,  тендер ұтып алған "СК-Фармация" компаниясы  дәрілерді уақытында жеткізбеген.

Жалпы биыл Швейцариядан құны 2,5 млрд теңге болатын 55 атаулы дәрілік зат жеткізу жоспарланған.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5525