Жиналыстағы аудиожазбада бас мүфти Усманхан Алимовтың дауысына ұқсайтын адам "Арамызда екіжүзділер бар. Екіжүзді имам, басыңа бәле тілеп алмай тұрғанда, өзіңе кел. Кеш болмай тұрғанда, бізден бас тарт. Біздің арамызда жүріп, халықты, имамдарды, басқарманы мысқылдайсың. Бұл жақсылыққа апармайды", – дейді.
Ол мұны таяуда президент Шавкат Мирзияевқа арызданған имам Фазлиддин Парпиевке қаратып айтып, қызметінен кетуін талап етеді.
Өткен аптада жұма намаз кезінде Ташкенттегі «Омина» мешітінің найыб-имамы, 32 жастағы Фазлиддин Парпиев құқық қорғау органдарының өкілдерін сынға алып, сақал қойған ер азаматтар мен хиджаб киген әйелдерге қысым көрсетеді деген. Осыған дейін Парпиев президентке видео үндеу жазып, елде діни-сенім бостандықты қамтамасыз етуін сұраған.
Видео әлеуметтік желілерде жарияланғаннан кейін, Парпиев Өзбекстанның діни мұсылмандар басқармасы өзіне қысым көрсетіп жатқанын айтқан.
Abai.kz