Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 8065 4 пікір 18 Қыркүйек, 2018 сағат 09:44

Қарнақ атауына қатысты жаңа деректер табылды

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

Түркістанның әлі халық та, зерттеушілер біле бермейтін ішіне бүгіп жатқан тарихы жетерлік. Солардың бірі Түркістан маңындағы көне қалалар мен елді мекендердің атаулары екендігіне ешкім дау тудыра алмаса керек. Мысалы, Қарнақ, Шорнақ, Сығанақ, Ташанақ, Шобанақ деген көне қалалар мен елді мекен атаулары көп құпияны астына бүгіп жатқандығына мән бере бермейміз. Былай қарасаң Қарнақ сөзі, осы сияқты «нақ» жұрнақты жер атауларының қазіргі түркі тілдерінде ешқандай мағынасы жоқ сияқты болып көрінеді. Алайда, бұл жер атауларына байыппен, ғылыми тұрғыдан талдау жасайтын болсақ, онда сөз құрамында «нақ» жұрнағы бар жер атауларының  белгілі мағынаға ие екендігіне көз жеткіземіз.

Ол үшін алдымен көне түркілік шежірелік дерек көздеріне жүгініп, солардағы деректерге талдау жасағанымыз абзал. Сонда ғана біз жоғарыда қойылған сұрақтарға жауап бере аламыз. Біздің қолымызға ондай дереккөзі 2012-2013 жылдары Қазан қаласына барған іс-сапарымызда кезіктірдік. Қолымызға кішкентай ғана кітапша «Летопись Карчи  түсті. Булгаро-Хазарское летопись». Қазақ тілінен аударатын болсақ, «Қарчи жылнамасы. Булғар-Хазар жылнамасы» деп аталады. Шежіре түркі тілінде (хазар тілі болу керек) жазылған. Бұл тарихи шежіреде түркілердің көне дәуірінен ортағасырларға дейінгі тарихы қамтылған.  Шежірені орыс тіліне аударып, жариялаған Алан Глаш атты зерттеуші. Ол бұл тарихи шежірінің азғана бөлігін аударып жариялаған. Қолжазба қарашайлардағы Хасановтар әулетінде екі нұсқада сақталған. Бірі грек алфавитімен, екіншісі араб алфавитімен жазылған.

Грек алфавитімен жазылған шежіре – Ботай жылнамасы деп аталған. Екіншісі Ботайдың ұлы – Барлыу жылнамасы деп аталған. Ботайдың шежіресі, өкінішке орай, Магомед Хасановтың қолжазбаны Ленинградқа мамандарға апарған кезінде, апарушы кісінің өлімімен бірге жоғалып кетеді. Екінші қолжазба-Барлыу жылнамасын 15 ғасырда  араб жазуымен қайта көшірген кісінің аты – Бантау Толгун Чаушегір. Осы қолжазба 1994 жылы Черкесскі қаласында басылып шығады. Міне сол қолжазбадан бірнеше тарауын орыс тіліне аударып бастырған Алан Галаш.[1, 3]  Міне, осы Барлыу жылнамасынан  біз «нақ» жұрнағының мағыналық мәнін ашуға мүмкіндік алдық. Жылнама былай басталады: «Мой отец Ботай, сын Казакгы, знал хазарскую, греческую и арабскую грамоту. Отец научил меня хазарскому и греческому письму. Мы жили в Крыму, на маленькой хазарской земле в крепости Карасуу. Относимся к кыирымманам (крымцам) из племени хазар. Я прочитал летописи моего отца на хазарском языке. Представляю вам хазарскую летопись составленную по записам отца. В древние времена страна тюрков (тинсир) состояла из семи книяжеств со своими вождями:» [1, 9][1] Осы жеті хандықтың бірінің аты – Казманак хандығы. Осы «Казманак» атауындағы «нақ» жұрнағы мен Қарнақ атауындағы «нақтың» ұқсастық, жай ұқсастық па? Әлде мағыналық байланыс бар ма? Міне, осы сұраққа жауап берер болсақ, онда Түркістан өңіріндегі «нақ» жұрнағы бар көне қалалар мен елді мекендер атауының мәнін аша аламыз. Және бұл «нақ» жұрнақты атаулар Карчи жылнамасында бір мағына берумен  шектелмейді. «Нақ» жұрнақты сөздер тек, елді мекеннің, жердің атын білдіріп қоймайды, елдің, жұрттың атауына, ру-тайпалар атауына жалғасатынын көреміз. Мысалы, ақжурт печенегтері (бажанақ) немесе Журанақ хандығы. Қазманақ хандығы.  Ру-тайпа аттарына жалғанған «нақ» жұрнағы бар сөздерге бажанақ (печенег) тайпасының атын мысал ретінде көрсете аламыз. «Нақ» жұрнақты  ру-тайпа аттары тек, Карчи жылнамасында емес, қазақ шежірелерінен де кездестіре аламыз. Мысалы, ұлы жүз қрамындағы жалайыр тайпасы Сырманақ, Шуманақ деген екі бірлестіктен тұрады. [2, 40-41][2]   Ал, арғын тайпасының Сүйіндігінен тарайтын Шоманақты да осы «нақ» жұрнақты сөздер қатарына жатқыза аламыз. Бұл туралы қазақ ақындарының:

Мәжікпен бір туысқан Ер Шоманақ,

Қойыпты Құлболдыны құдай қалап, - деген өлең жолдары Шоманақтың қазақ шежіресінде орны болғандығын көрсетеді. [3, 21-22][3] Бұл «нақ» жұрнақты ру-тайпа атауларының түркі халықтарына ортақ екендігінен хабар береді.

Ал, елді мекен, қала атауларына келетін болсақ, мұнда да ортақтық барлығын көре аламыз. Карчи жылнама деректерінде «нақ» жұрнағы қала атына да байланысты қолданылатынын көруімізге болады. Мысалы, жылнамада печенегтердің «Базынақ» атты  қаласы барлығы айтылады[1, 31]. Ол жер қазіргі күні Балкарияда Бызынақ деп айтылады екен [1, 31]. Бұдан басқа  карачай жерінде Кармақ атты қорғаны барлығы жазылған [1, 21]. Ал, Азербайжан Республикасының құрамындағы Ван көлі жағасына орналасқан Нахичеван қаласының аты да осы "нақ" жұрнағымен байланысты құрылған қала аты екендігін көреміз. Бұл қаланың аты «Нақтан» басталып тұр. «Нақтан» кейін жалғасып тұрған «че» кішірейткіш жұрнақ екенін көруімізге болады. Ал, «ван» атауы болса, «Ван» көлінің аты. Енді осы Нахичеван қаласының атауын қазіргі біздің тілімізге аударар болсақ, онда «Ван жағасындағы қалашық» болып аударылар еді. Демек, түбір сөздерге жалғанған «нақ» жұрнағы қала-қалашық деген мағыналарды беріп тұрғандығын көреміз. Демек, Қарнақ атауы да қалаға берілген атау екендігін көруімізге болады.   Егерде осы атаулардың барлығын салыстыра қарайтын болсақ, онда кезінде Хазар мемлекеті құрамында болған түркілердің Түркістан түркілерімен байланысты болғандығын, шығу тегі бірекендігін аңғартады.

Ендігі кезекте түркілердің Кавказ бен Шығыс Европаға, Дон мен Днепр аралығына қашан және қай кезеңдерде барғандығы туралы мәселелерге тоқталуымыз керек. Олай дейтініміздің басты себебі мынада. Қазірге дейін түркілердің шыққан жері – Моңғол үстірті, Алтай. Түркілер Кавказ, Шығыс Европа жері түгіл Орта Азия жерінде түркілер болған емес, бұл жерлерді иран тілдес халықтар мекендеген деген тұжырым қалыптасып, бізді мойындатып қойған. Өкінішке орай, біздегі тарих ғылымы осы тұжырымды толығымен мойындайды және қазақ халқы автохтонды халық емес, өзгелердің жерінде өмір сүруде деген түсінікте. Шындығында солай ма? Әлде евроцентристік таным негізінде қалыптасқан осы тұжырымды жоққа шығаратын тарихи деректер бар ма? Осы сұрақтарға жауап беру – қазіргі отандық тарих ғылымының алдында тұрған ең өзекті мәселелерінің бірі десек артық айтқандық емес. Егерде осы сұрақтарға бүгінгі күні жауап берілмесе, ертеңгі күні кеш болу ықтималдығы, өз жеріңді, өз Отаныңды менікі деп айта алмай қалу мүкіндігі бар. Олай дейтініміз – Палестина жерін екі мың жылдан кейін келіп, еврейлердің арабтардан тартып алуы – ондай ықтималдықтың барлығын жоққа шығармайды. Осы сұрақтарға жауап беру үшін «Карча жылнамасындағы» деректерге қайта оралайық. Жылнаманың аударылған бұл бөлігінде ондай деректер бар. Олар сызба түрінде берілгендіктен оларды мысал ретінде көрсету қиындығы бар. Есесіне, осы жыланамадағы оқиғаларға берілген түсініктемеде бұл мәселе тереңірек қозғалған. Онда былай делінеді: «В первой главе летописи сообщается, что в очень древние времена страна пратюрков состояла из семи княжеств, которые в свою очередь делились на восточные и западные. ... Страна подрезделялась на западных и восточных тюрков. Однако это не те тюрки Великого кағаната, о которых писали Гумилев и другие историки (VI-IХ вв.). Речь идет о событиях, происходящих еще до нашей эры. Некоторые племена, указанные в летописи, вообще не известны в истории. ... племена именуются по названию рек Грузии. Тюркские племена упоминаются там еще во времена Алексаедра Македонского.» [1, 33-34]. Енді осы деректерге талдау жасайтын болсақ, онда мынаған көзіміз жетеді. Кавказ бен Шығыс Европа жерінде түркілер біздің дәуірімізге дейінгі VI-ғасырда өмір сүрген болса, онда түркілердің Ата жұрты Моңғол үстірті мен Алтай болуы мүмкін емес. Керісінше, түркілер Шығыс Европада да, Моңғол үстірті мен Алтайда да бір мезгілде қатар өмір сүрген деп айтуымызға болады. Кавказ жерінде түркілердің көне дәуірден бері өмір сүретінін өзге жазба деректер де дәлелдейді. «Карча жылнамасын» жарыққа шығарған Алан Галаш мынадай деректерді келтіреді: «В летописи Леонтия Мровели «Жизнь картийских царей» говорится: «И видя этих насельников вокруг реки Куры, жестокие языческие племена, каковых мы называем бунтурками и кипчаками...». В комментариях к летописи  пишется: «Бунтурки – так и древне грузинских источниках именуются древнейшие  жители Картли». «Бун» по-персидски означает коренной». Значит, тюрки жили там еще до вторжения Македонского» [1, 34]. Бұл деректер түркілердің  Кавказ бен Шығыс Европа далаларында біздің дәуірімізге дейінгі замандардан көп бұрын болғандығын дәлелдейді. Демек, бұл түркілердің көне заманнан бері Евразия кеңістігін мекендеген негізгі халық болғандығын дәлелдейді. Сонда түркілердің негізгі шыққан Ата жұрты қайда? - деген заңды сұрақ туындайды. Ендігі кезекте сол сұраққа жауап беріп көрелік.

«Карча» жылнамасындағы деректер Түркістан мен Шығыс Европаға таралған көне түркі тайпалары арасында байланыстың барлығын «нақ» жұрнақты жер мен ру, тайпа, мемлекет атаулары көрсетті. Бұл жұрнақтардан басқа да сабақтастықтың барлығын тіл, дін сияқты факторларды салыстыра отырып та табуға болады. Біз оны сол Солтүстік Кавказ бен Дунай өзеніне дейін таралып жатқан түркі халықтарының тілі мен діни таным негіздерін талдай отырып көз жеркізе аламыз. Мысалы, карачай-малқар халқының  Тәңір дінінде болғандығын олардың діни сеніміндегі Тәңірге қатысты элементтерден көруімізге болады. Сонда Тәңір діні қай дін, негізгі орталығы қайда?-деген заңды сұрақ туындайды. Ол сұраққа біз «Оғыз-нама» дастанын талғанда толық жауап бере аламыз. Енді сол деректерге кезек берейік.

Рашид ад-дин «Жылнамасында» Оғыз қаған туралы мынадай деректер бар: «Абулджа ханның Диб-Бакуй деген ұлы болды. Ол өз әкесінен күшімен де, құдіретімен де, билігімен де жоғары дәрежеге қол жеткізді. Оның төрт ұлы болды: Қара хан, Ор хан, Көз хан, Гур хан. Бұл халықтың барлығы дінсіз болатын. Қара хан әкесінің тағына ие болды... Оның бір ұлы дүниеге келді. Ол үш күнге дейін анасының емшегін ембеді. Осы себептен анасы жылап, ғибадат жасады. Анасының түсіне ұлы келіп, «Егер сен бір шын жаратушыға мойынұсынатын болсаң, мен сенің сүтіңді емемін» - деп аян береді. Анасы Қараханнан да, халықтан да жасырып, бір жаратушыға мойынұсынады... Осылай Оғыздың дүниге келумен шынайы хақ дін де дүниеге келеді.

Оғыз ержеткен соң Қара хан інісі Көз ханның қызын айттырып, құда түседі. Оғыз қызға бір жаратушыға мойынұсынасын деп шарт қойды. Қыз қабыл етпеді. Бірақ үйленді. Баласының әйелін ұнатпайтынын көрген Қара хан Гур ханның қызын айттырып, алып берді. Оғыз ол қызға да осындай шарт қойды. Ол да қабыл етпеді. Ұлының бұған да көңлі толмағанын көрген Қара хан енді Ор ханның қызын айттырды. Оғыз хан ол қызбен үйленбей тұрып, кездесіп, мән-жайды түсіндіреді. Қыз Оғыздың талаптарын толық қабыл етіп, мойынұсынады. Оғыз бұл әйеліне зор ілтипат көрсетіп, құрметтейді. Бірде Оғыз серіктерімен аңға шығып кеткенде, Қара хан үйінде сауық кешін өткізіп, оған келіндерін де шақырады. Сөйтіп, келіндерінен жағдайларын сұрап, үлкен келіндеріне «Сен екеуің кіші келінге қарағанда сұлусыңдар. Бірақ сендерге ұлымның ешқандай ілтипаты жоқ. Оның есесіне кіші келін реңсіз болса да, оны өзіне жақын тартады, құрметтейді. Мұның себебі неде? – деген сұрақ қояды. Сонда келіндері өздеріне Оғыздың қойған талабын, өздерінің ол талапты қабыл етпегенін, кіші келіннің Оғызбен бір екенін айтады. Мұны есіткен Қара хан ағайын-туыстарын шақырып, кеңес құрады. Оғыздың өзге дінді қабылдағанын, оны бүгін тоқтатпаса, ертең елді бүлдіреді. Сол үшін оны оны өлтіру керек деген шешімін айтады. Бұл хабарды есіткен кіші әйелі Оғызға астыртын кісі жіберіп, әкесінің шешімін хабарлайды. Оғыз қасындағы серіктерімен соғысқа дайындалады. Бұл соғыс жетпіс үш жылға созылып, соңында Оғыз хан жеңіп шығады»[4,81-82]. Бұл жерде түсініксіз бір мәселе бар. Қарахан Абулджа ханның тікелей немересі ме, әлде одан көп кейінгі ұрпақтарының бірі мен деген сұрақ. Шындығында Қара хан Абулджа ханның тікелей ұрапғы емес екен. Ол туралы Оғыз қаған туралы басқа аңыздарда Абулджа ханнан Оғыз қағанға дейін қаншама ұрпақ өткендігін көруге болады. Мысалы, «Оғыз қаған» аңызының Марданбайұлы Есқали Қоңырати нұсқасында Оғыздың әкесі Қарахан Яфестің тоғызыншы ұрпағы. Бұл хандардың барлығы мәжусилік дінін ұстанғаны туралы айтылады[5, 276]. Бұл Оғыз қағанның Яфестен тараған халықтарды бір Тәңірге мойынұсынуға шақырып, халықты иләһи дінге бет бұрғызған киелі тұлға болғандығынан хабар береді. Басқаша айтқанда, Оғыз қағанды Түркі даласынан шыққан пайғамбар деп тануға болады. Рашид ад-дин Шыңғыс ханның да осы Оғыз қағаннан келе жатқан Тәңір дініне мойынұсынғанын жазады[4, 83]. Олай болса, бұл түркілердің ұзақ ғасырлар бойына Оғыздан қалған Тәңір дініне мойынұсынып, сол дінде болғандығын көрсетеді.

Сонымен бірге, Оғыз қаған алғаш рулық, тайпалық жүйелерді топтастырып, мемлекетті басқарудың түркілік жүйесін алғаш қалыптастырған тұлға. Бұл Оғыз қағанның түркі тарихындағы орны қаншалықты маңызды боғандығын көрсетеді.

Қазір біз Оғыз қағанның өмір сүрген кезеңін дәл айта алмаймыз. Алайда, түркі тарихындағы тұлғалардың өмір сүрген дәуірлеріне қарап, Оғыз қағанның өмір сүрген кезеңін шамалап анықтауға мүмкіндік береді. Мысалы, Алпамыс батырдың тарихта өмір сүрген кезеңі біздің дәуірімізге дейінгі XIII-ші ғасыр деген болжам бар. Ал, ирандықтар Афрасияб атап кеткен Алып Ертоңға б.д.д. VIII- VIII ғғ. өмір сүрген. Олай болса, Оғыз қағанның өмір сүрген кезеңі біздің дәуірімізге дейінгі XХ ғасыр шамасы болуы мүмкін. Бірақ қазір тарихшылар айтып жүргендей Мөде қағанның Оғыз қаған еместігі айқын.

Оғыз қаған туралы аңыздарға арнайы тоқталып, талдаудағы мақсатымыз, түркі халықтарының Батысқа да, Шығысқа да таралуы Оғыз қағаннан бастау алатынын және олардың негізгі таралған орталығы Сыр бойы болғандығын көрсету. Бұл аңыздар астарында тарихи шындық жатқандығын қазіргі бізге дейін жеткен түркі халықтары құрамындағы ру, тайпалардың алғашқы топтасу кезеңі осы Оғыз қаған атымен байланысты болғандығынан көреміз. Оның үстіне Оғыз қағанның үш ұлының шығысқа кетуі, үш ұлының батысқа кетуі де құр аңыз емес, негізі бар оқиға. Оғыз қаған ұлдары өздері ғана кетпей, өздерімен бірге Сырдың көне атын өздерімен бірге ала кетті. Оны біздің дәуірімізге дейін жеткен «Канха» атауының түркілер тараған ұлан-ғайыр аймақтың барлығынан кездесуі, бұл халықтардың түп қазығының қайда екендігін анықтауға мүмкіндік береді. Мысалы,  қаңлы, қоңырат, кенгерес, кенегес, Алтын қаңлы, Қаңлы елі, Қанға баба, Канг-дез сияқты ру, тайпа аттары мен жер атауларының Хинган тауларынан Қара теңіздің солтүстік жағалауларына дейінгі аралықты толық алып жатыр. Бұл атаулардың барлығының  «канг» деген бір түбірге байланысты екендігін көре аламыз. Бұл олардың бір кездері бір негізден тарағанын көрсетеді. Бұл атаулардың ішіндегі қаңлы, қоңырат, кенгерес, кенегес сияқты атаулар ру, тайпаларға тиесілі. Қаңлылар қазақ, өзбек, қарақалпақ, ноғай, башқұрт халықтары құрамында бар. Қоңыраттар қазақ, өзбек, ноғай, қарақалпақ т.б. халықтар құрамында бар. Ал кенгерес  яқұт халқы құрамындағы тайпаның аты. Кенегес өзбек, қарақалпақ т.б. түркілер арасында кездеседі. Бұл халықтардың таралу географиясына назар салар болсақ, онда бұл ру, тайпалардың қаншалықты үлкен территорияны алып жатқанын және олардың барлығы бір негізден өрбігенін көреміз.

«Алтын қаңлы», «Қаңлы елі», Қанға баба, Қандөз деген атауларды алар болсақ, бұлардың барлығы жер атауларына қатысты екендігін байқаймыз. «Алтын қаңлы» Қытайдың солтүстігіндегі Манжурия аймағындағы Хинган тауындағы асудың аты. «Қаңлы елі» деген жазу Маңғыстау жеріндегі  «Ерсарының қайрағы» атты тасбағанда көне түркі әліпбиімен жазылған жазу. «Қанға баба» - Маңғыстауда, Каспий теңізі жағасындағы әулиелі жер аты. «Қандөз» Сыр бойындағы жер атауы. Бұл Қандөз атауы Авестадағы Сиявуш салдырған «Канг-дез» қаласымен байланысты екендігіне күмән жоқ. Бұл атаулар арасындағы да ортақ негіз «канх» деген түбір екендігін көреміз. Олай болса, түркі халықтарының түп негізі Сыр бойы деген тұжырымның дұрыс екендігін көрсетеді. Және осы тарихи үдерістер басында Оғыз қаған тұрғандығына да күмән тумаса керек.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Алан Галаш. Летопись Карчи. –Нальчик: «Полиграфия», 2005. с. 3
  2. Сәдібеков З. Қазақ шежіресі. –Ташкент: «Узбекистон», 1994. 40-41 бб.
  3. Алпысбес М. Шежіре ата-тек және рулық одақтар мәселесі турасында//қазақ шежірелері және ұлттық таным мәселелері. –Алматы: Орт.Ғылыми кітапхана. Ғылыми-практикалық конф. материалдары, Алматы, 08 желтоқсан, 2004. 2005. -10-25 бб. 21-22 бб.
  4. Рашид ад-дин. Сборник летописей. Т.І. кн.1. –Москва-Ленинград: Изд. АН СССР, 1952.
  5. Қоңыратбаев Ә. Қазақ эпосы және Түркология. –Алматы: «Ғылым», 1987.

 

[1] Сонда,  9 б.

[2] Сәдібеков З. Қазақ шежіресі. –Ташкент: «Узбекистон», 1994. 40-41 бб.

[3] Алпысбес М. Шежіре ата-тек және рулық одақтар мәселесі турасында//қазақ шежірелері және ұлттық таным мәселелері. –Алматы: Орт.Ғылыми кітапхана. Ғылыми-практикалық конф. материалдары, Алматы, 08 желтоқсан, 2004.  2005. -10-25 бб. 21-22 бб.

Зікірия Жандарбек, т.ғ.к., Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-і, «Ясауи» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5487