Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Саңлақ 7292 10 пікір 20 Қыркүйек, 2018 сағат 09:53

Головкиннің бокс тарихында алатын орны қандай?

Орта салмақта WBC, WBA (Super), IBF және IBO тұжырымдары бойынша бұрынғы әлем чемпионы Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) бокс әлемінде өзіндік орнын тапқан боксшы саналады.

16 қыркүйек Лас-Вегаста мексикалық Сауль Альварестен (49-1-2, 34 КО) жеңіліп, WBC, WBA (Super) және IBO тұжырымдары бойынша чемпиондық белдіктерінен айырылып қалды. (Бұдан сәл бұрын, маусым айының басында Халықаралық бокс федерациясының (IBF) белдігін қайтарып берген болатын). «Канелодан» жеңілген отандысымызды енді бұрынғы әлем чемпионы деп атауымызға тура келеді. Сонау 2012 жылы алғаш рет әлем чемпионы атанған Головкин араға алты жыл салып бар атағынан мақұрым қалып отыр.

Кәсіпқой аренада Головкин нашар боксшы болған жоқ. Жалпы 40 жекпе-жек өткізіп, 38 мәрте жеңіске жетті. Оның 34-ін нокаутпен ұтты. Бұдан бөлек бір рет тең түсіп, бір мәрте жеңілді. Соңғы екі нәтиже де Сауль Альвареске қарсы кездесулерде тіркелді. Кәсіпқой бокста осындай толағай табысқа жеткен отандасымыздың өз салмағында алар орны қандай? Бұл сұраққа чемпиондық атағын ұзақ жылдар бойы сақтаған бірқатар боксшылармен салыстыра отырып жауап іздеуімізге тура келеді.

Головкиннің салмағында ең ерте атой салған атақты боксшы - Шугар Рэй Робинсон. Өткен ғасырдың 50-ші жылдарында орта салмақтың патшасына баланған америкалық боксшы жайлы аңыз көп. Ал одан кейін орта салмақтың сұлтаны ретінде аргентиналық Карлос Монсон (87-3-9, 58 KO) танылды. Сырт келбеті атақты актер Брюс Лиге ұқсайтын Карлос 1970 жылы қарашадан 1977 жылы шілдеге дейін қатарынан 15 чемпиондық (титулды) жекпе-жекте жеңіске жеткен, оның 11-ін нокаутпен ұтқан.

“carlos monzon autograph”的图片搜索结果

Одан кейін бұл салмақта америкалық Марвин Хаглер (62-3-2, 52 KO) дәуірі басталды. 1980 жылы қыркүйектен 1986 жылы наурызға дейін 13 чемпиондық жекпе-жекте жеңіске жетті. 12 кездесуді мерзімнен бұрын аяқтаған. Чемпиондық атақ үшін өткен жекпе-жекте нокаутпен жеңіске жету көрсеткіші - 92%. Бұл әзірге орта салмақ дәрежесінде ең үздік нәтиже саналады.

Хаглер дәуірінің шымылдығы жабыла бере оның отандасы Бернард Хопкинс (55-8-2, 32 KO) кәсіби сахнаға көтерілді. Хопкинс осы салмақ дәрежесінде чемпиондық атағын ең ұзақ уақыт қорғаған боксшы саналады. 1995 жылы сәуірден 2005 жылы ақпанға дейін 21 чемпиондық жекпе-жекте жеңілген жоқ. 14 кездесуде нокаутпен жеңіске жетті.

“bernard hopkins”的图片搜索结果

Ал Геннадий Головкин 2012 жылы желтоқсаннан бері 20 титулды жекпе-жекте жеңілмеген болатын. Осы аралықта 18 кездесуді нокаутпен аяқтады. Чемпиондық атақ үшін өткен жекпе-жекте нокаутпен жеңіске жету көрсеткіші - 90% болды. Бұл көрсеткіш бойынша біз жоғарыда сөз еткен Марвин Хаглерге ғана жетпей тұр.

Біз атын атаған боксшылардың Головкиннен басқасы орта салмақта абсолют чемпиондар. Айта кетерлігі, ертеректе WBC және WBA тұжырымдары бойынша чемпиондар абсолют чемпион саналған. Себебі, ол кезде IBF пен WBC ұйымдары өз алдына бөлек отау тікпеген еді. Сонымен, біз атап өткен Карлос Монсон (WBC, WBA тұжырымдары), Марвин Хаглер (WBC, WBA және IBF), Бернард Хопкинс (WBC, WBA, IBF және WBO) абсолют чемпиондар. Головкиннің бұлардан кем тұсы да осы.

“golovkin with his belts”的图片搜索结果

WBC, WBA (Super), IBF және IBO тұжырымдарының басын бір жерге қосқан Гена енді WBO белдігін жеңіп алуға үміттеніп жүрген еді. Алайда, Альварестен жеңіліп, бәрінен құр алақан қалып отыр. Демек, оның абсолют чемпион атансам деген үміті желге ұшты деген сөз. Осы сәтсіздік отандасымыздың орта салмақ дәрежесіндегі атақты боксшылар қатарына қосылуына кері әсерін тигізетін болады. Бірақ, Головкин мақтанатын тағы бір көрсеткіш: оның барлық жекпе-жектерінде нокаутпен жеңіске жету салыстырмасы өте жоғары - 85%. Жоғарыда аталған алпауыттардың бірде-бірі бұндай көрсеткішімен мақтана алмайды.

Егер Головкин осы жолы Сауль Альваресті жеңген болса, орта салмақ дәрежесінде әлем бокс тарихындағы атақты боксшылар қатарына қосылуға бір табан жақындайтын еді. Тіпті, Карлос Монсон, Марвин Хаглер секілді боксшылармен терезесі тең деңгейде тарихтан өз бағасын алар еді. Өкінішке орай, бір сәтте барлық чемпиондық атақтарынан айырылып қалды. Енді не чемпиондық белдігі жоқ, оның үстіне қалтасы таяз қазақстандықпен үздік боксшылардың жұдырықтасуы екіталай. Жасы ұлғайып қалғаны тағы бар. Демек, Головкин енді бокс сахнасының биік шыңын бағындыра алады дегенге сену қиын.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1972