Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Қырдағы әңгіме 5062 4 пікір 21 Қыркүйек, 2018 сағат 10:10

Арғы заман

Қазақ дүниетанымында «заман» - деген ұғым көп кездеседі. Алайда, заман категориясының мәнісіне бара алмайды екенбіз?! Қазақ тіліне қатысты сөздіктерде заманның түрлері көптеп кездеседі. Айталық, ең алдымен зар заман, ақыр заман, қазіргі заман деп жалғастыра береміз. Алайда адам өмірің әр кезеңін заман ұғымымен байланыстырып айтуға әбден болады. Адам жерге аяқ басып жүре бастаған кезеңді «арғы заман» деп атасақ. Лексикамыздағы біздің дәуірімізге дейінгі кезеңді осындай ұғыммен бекітіп тастасақ. Себебі арғы заман деп, қазіргі жыл санауымызға дейінгі кезеңді толықтай осылай атауға негіз бар.

Атам қазақ сонау арғы замандарда деген сөз тіркестерді көп айтқан. Арғы ата-бабаларымыз немесе арғы-бергі тарихымызда деп тарихта айтып жатамыз. Өмірдің арғы жағы немесе бергі жағы деген ұғымдарда кездеседі. Хакім Абайда арғы, есте жоқ, ескі заман деген сөздерді қолданған.  Демек, бертінгі, қазіргі заман болса "арғы заман" болуы заңды. Біздің арғы ата-бабаларымыз сақ, ғұн болған деп жатамыз. Адамның арғы тегі қайдан шыққандығы туралы дискусияға түсіп жатамыз. Арғы тегің қайдан шыққан деген сауалдарға да жауап іздейміз. Демек, біздің өмірімізге дейінгі кезеңді бір сөзбен "арғы заман" деп атасақ, қателеспейміз. Арғы заманның өз ерекшелігімен қатар, тарихы бар үлкен кезең. Бұдан шығатын қорытынды Советтік заманда рухани өмірімізге, лексикамызға, оқулықтарға еніп кеткен «біздің дәуірімізге дейінгі кезең», «көне дәуір» деген ұғымдардан арылып, қазақтың қанында, дүниетанымында сайрап жатқан «арғы заман» ұғымын ендігі шығатын оқулықтарға енгізуді қолға алған жөн.

Кеңестік заманда тарихымыз ең әуелі орыс тілінде, одан кейін қазақшаға аударылғанын ескерсек, қазаққа тән ұғымдардар мен сөздің мәнінен алшақтап қалғанымызды байқауға болады. Аударма сөз бен қолдан жасалған тарихтың құнары, салмағы, дәмі болмайтыны тағы бар. Содан болар, қазіргі заманда кез-келген сөздің тамырына мән беріп, арғы мағынасын іздейтіндігіміз шындық.

Олай болса, күнделікті өмірде «арғы заман» ұғымын қолданысқа енгізіп, аудармасыз төл тарихымыздан жаңғырып, заманнан заманға қадам баса берейік.

Рауан Кемербай

Abai.kz

4 пікір