Алматыда 222 мың зейнеткер тұрады
Бүгінде қай өңірге барсам да, мәуелі бәйтеректей болған шежірелі қарттарды іздеп жан-жағыма жалтақтаймын. Қазір шашына ақ кіріп, көп жасаған қариялар баршылық. Бірақ орақ ауызды, шешен тілді ақсақалды көре алмай жүрмін. Қазіргі кезде адамдарда бейнебір қарбаласу, жанталасу басымдырақ.
Жақында Алматыдағы қарттар үйінде болдым. Қарттар үйінде 300-ден астам қарт мекен етеді екен. Зейнеткерлердің қоғамдық өмірден оқшауланып қалуы елдегі барлық қариялардың басындағы жағдай. Байқауымша, мұндағы қарттардың әлі де қоғамға берері бар, жас ұрпаққа өнеге бола алады. Әлбетте, жандары жайсаң қарттардың тағдыры әрқилы. Дегенмен, олардың өмірден алған тәжірбиелері мол. Ертеңгі күнге деген сенімдері биік. Олар әрбір атқан таңға шүкіршілік айтып, айналасына жақсылық пен береке сыйлауға тырысады. Жасы алпыстың орта белінен асса да әлі мығым, өзін ширақ ұстайтын қарттар бар екен. Соларды ұйымдастырып, ауылдарға жіберсе деген ой келеді. Қазір ауылдағы адамдар ағаш отырғызып, бау-бақша егуден қалды. Үйінің іргесіндегі жер бос жатыр. Қол қусырып қарап отыруды жөн көрмейтін қариялар бірлесіп ауылдарға барып, бос жатқан жерді игеріп, бақша баптау ісіне кіріссе. Сөйтіп, табиғи таза өнімнің қызығын да өздері көрер еді. Бұл ұсынысты ауылдағы адамдар да құптап отыр. «Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» демекші, ауыл халқының бау-бақша егіп, несібесін молайтуға ынтасы ауған. Қариялар да олай болса денеміздің, барлығы қозғалып, әрі денсаулыққа пайдалы болар еді деп отыр. Адам баласы еңбек етуі тиіс. Жұмыстан еш уақытта қол үзбеу керек.
Алматыда 222 мың зейнеткер тұрады екен. Жасы келген адамдар зейнетақымен шектелмеуі тиіс. Олар өздерінің қоғамға қажет екенін сезінгені жөн. Бұл ретте Алматыда егде жастағы азаматтарға арналған «Белсенді ұзақ өмір» орталығы ашылды. Зейнеткерлердің бос уақытын тиімді өткізуге арналған мекемеде кітапхана, компьютер кабинеті, йога, аэробикамен айналысу үшін жабдықталған фитнес зал, кино көріп, концерт тамашалайтын, шахмат, тоғызқұмалақ, домино ойнайтын, тоқыма тоқитын арнайы залдар бар. Жаңа орталық егде жастағы азаматтарды қолдауға, белсенді өмір сүруге жағдай жасауға арналған қалалық «Белсенді ұзақ өмір» жол картасының аясында ашылды. Алматыда егде жастағы жандардың саны қала тұрғындарының 12 пайызын құрайды. Белсенді ұзақ өмір орталығында егде жастағы жандарға компьютерлік сауат ашу, смартфонмен жұмыс істеуді меңгеру, ағылшын тілі үйретіледі. Әлеуметтік-қоғамдық бірлестіктердің мамандары апта сайын тегін құқықтық, психологиялық, медициналық кеңестер береді. Зейнеткерлерге мотивациялық семинарлар мен шеберлік сыныптары ұйымдастырылады. Алдағы уақытта Ata-аpa.kz интернет порталы жұмыс істейтін болады. Мұнда егде жандар үшін қажет әлеуметтік және мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттар, арнайы еңбек биржасы туралы мәліметтер беріледі.
Төлеубек Мұқашев
ҚР Парламенті Сенатының депутаты
Abai.kz