Әйгілі жобаға Қазақстан да жолдама алды
«Junior Eurovision Song Contest» - халықаралық телевизиялық балалар ән байқауы. Бұл байқау алғаш рет 2003 жылы Копенгагенде (Дания) өтіпті. Онда 16 мемлекеттің өкілдері бақ сынаған екен. Бастапқыда жеңімпазды трансляция арқылы анықтаса, 2008 жылдан бастап телекөрермендер мен қазылар алқасы бірлесіп таңдайтын болған.
Осы халықаралық жобаға Қазақстан биыл алғаш рет қатыспақ. Оған «Хабар» Агенттігінің Еуропалық хабар тарату одағына (EBU) мүше болуы ықпал еткен. Сөйтіп, халықаралық келісім шарттар нәтижесінде, ең айтулы жобаға Қазақстан да жолдама алды.
Аталған арна ұйытқы болып отырған бұл шараға, әуелі республика аумағында өтініштер қабылданған. Солардың ішінен 9 бен 14 жас аралығындағы 10 үміткер іріктеліп, финалға шықты.
Олар:
Зере Әмірбекова – (Алматы)
Мейіржан Жидебай – (Ақтөбе)
Мария Затварницкая – (Павлодар)
Сүйкім Қабылбек – (Астана)
Жанеля Қалдыбек – (Астана)
Данэлия Тулешова – (Алматы)
Ержан Максим – (Орал)
Динар Надирбекова – (ШҚО)
Асуат Санат – (Атырау)
Бинура Саудабай - (Астана)
Байқаудың шарты бойынша, үміткер бұрын еш жерде айтылмаған өз әнін жанды дауыста орындайды. Және сол әнге сай сахналық қойылым ұйымдастырады.
Ал, жеңімпазды 50 пайыз көрермендердің дауысы, 50 пайыз әділ қазылар алқасы анықтады. Қазылар алқасында, Роза Рымбаева, Тамара Асар, Бағым Мухитденова, Ринат Гайсин, Ләйлә Сұлтанқызы, Мәдина Садуақасова және Алан Ажибаев болды.
Нәтижесінде халықтың 12, қазылар алқасының тарапынан 10 дауыс жинаған Данэлия Тулешова іріктеу кезеңінің жеңімпазы атанды. Ол финалда өзі соавтор болған “Өзіңе сен” деген шығарманы орындады.(Сөзі: Камила Даирова, Данэлия Тулешова, Артем Кузьменков, әнін жазған – Иван Лопухов)
Сөйтіп, Данэлия 25 қарашада Минскте өтетін ән додасында Қазақстанның атынан шығатын болады.
Биыл байқауға қатысуға 19 ел өтініш білдірген. Олардың қатарында Албания, Армения, Аустралия, Әзербайжан, Беларусь, Франция, Македония, Грузия, Ирландия, Израиль, Италия, Қазақстан, Мальта, Польша, Португалия, Ресей, Сербия, Нидерланды, Уэльс бар.
Ал, бұл жобаны Қазақстандық көрермендер тек «Хабар» телеарнасы арқылы көре алады.
Нұрбике Бексұлтанқызы
Abai.kz