Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Алашорда 10374 3 пікір 25 Қыркүйек, 2018 сағат 09:42

Қарқабат ана

Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген,

Жөргегімде танысқам мұң тілімен...

                                    Жұбан Молдағалиев

Бұдан бір ғасыр бұрын алаш көсемдері ұлт тағдырын ойлап «Оян қазақ!»деп  ұран тастаған екен. Бірақ қараңғы қазақ ояна қоймаған (оянбауы жақсылыққа апармағаны да мәлім...).  Ал, араға ғасыр салып Елбасының «Рухани жаңғыруға» шақыруы да соған үндес, халықтың  көкейіндегісі: Бұл жолы да селт етпес пе  екенбіз деген ой мазалайды кейде... Шүкір, әйтеуір, жер-жерде серпіліс бар.

Таяуда Қарағанды өңірінде болғанымызда Елбасының «Рухани жаңғыруға» шақырған  бастамасына сәйкес, атақты Бұқар Жыраудың, Қаз дауысты Қазыбек бидің, абыз-жырау Шортанбай Қанайұлының мерейтойлары сияқты ел еңсесін тіктер небір игі іс-шаралардың куәсі болып, бір марқайып қалған едік.

Ал, тарих қалтарысында қалып бара жатқан тағы бір айтулы тұлға - Қарқабат ана туралы осы жылдың сәуір айында жергілікті «Орталық Қазақстан» газетінде Ынталы топ атынан  жарияланған зерттеу мақаламыз да көпшілікті бейжай қалдырмаған екен. Оған дәлел биыл мұнда Қарқабат ана есімін ұлықтау жөнінде еліміздің бір топ белгілі  ғалымдары, жазушылары мен  қоғам қайраткерлерінің (олар жөнінде сәл кейінірек тоқталамыз) облыс әкімі Е.Ж. Қошановтың атына жазған Ашық  хаты Әкімдік тарапынан, басқа да жергілікті биліктер мен зиялы қауым тарапынан кең қолдау тауып, ізін суытпай «Қарқабат ана» тарихи-этнографиялық  қоғамдық бірлестігі (қор емес) құрыла бастағаны.

Бұл соны бастаманың алға қойған мақсаты да басқа.  Ол - тек Қарқабат ана есімін есте қалдыру шараларымен шектеліп қалмай, ең бастысы, дәл қазіргі таңда аса өзекті - аналар тақырыбын көтеру. Сол ұлы аналарымыздың рухани болмысын тануға, қыздарымызды олардың талбесік тәрбиесінен тәлім алуға шақыру атқарылар істердің түпқазағы болмақ. «Ел болам десең бесігіңді түзе!» дегенге саяды.

Иә, қазақта ел басына түскен небір қиын-қыстау  кезеңдерде ақыл-парасытымен ұлтты ұйытып, бүкіл ру мен ұлыс өнеге-үлгі тұтқан абзал аналар аз болмағаны  тарихтан мәлім. Зерттеп қарағанымызда,осы өңірлерден шыққан Жұбан ана, Нұрпая ана, Белең ана, Айғаным ханым, Ақтолыс ана, Айпара ана және т.б. көптеген әйгілі аналар шоғырында дара тұрған Қарқабат ана есімі қазақтың ұлы жүзі руларының қалыптасуына ұйытқы болған Домалақ ана тәрізді  ерекше құрметтеуге лайық ұлы тұлға деуге әбден негіз бар екеніне көз жеткіземіз.

Соған қысқа ғана  тарихи дерек-айғақтар. Ән мен жыр дүлділі Біржан сал Қожағұлұлы (1834-1897) ақын Сарамен айтысқанда: «Қарқабат, Қарақожа - ата-бабам,Осындай ерегісте  қолдайтұғын!...» демей ме?! Яғни, бүкіл Арғынның атасы саналатын Қарақожамен қатар атауының өзі-ақ, Қарқабат ананың қазақтың ұлт болып ұйысуына қосқан зор үлесін, тарихи алар орнын айқын аңғартар дәлел болмақ.

Ал, Қарақожа өмірде болған адам. Алаштың білгірі Мәшһүр Жүсіп  Көпейұлы: «Арғын атасы Қарақожа - Ташкенттің аржағында. «Мейрам көлі»  атанған жер» деп жазғаны мәлім (шығармалары 8-том. Павлодар:«Эко» ҒӨФ, 2006. – 261 б.).

Бұдан бір ғасыр бұрын Қазақтың біртуар  азаматы, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов «Қарқаралы уезі» кітабының 32-33-беттерінде сол кездегі Қарқаралы өңірінің белгілі ақсақалы, шежірешісі Мақат Ақайұлы  Қаракесек және Қарқабат ана туралы өзіне айтқан  көлемді шежіре-аңызды келтіреді (Мәтіннің толық нұсқасы қолымызда.-Б.Ж.).

Ал «Қазақ энсиклопедиясы» осы айтылған деректерді толықтыра және   түгелдей дерлік растай түседі (ҚСЭ,7-том,  11-бет)

Мейрамсопыдан тарайтын бес ұл: Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Қаракесек (Болатқожа) «Бес Мейрам» деп аталатыны мәлім. Қарқабат Ана өзінен туған Болатқожамен бірге Мейрамның бірінші әйелі Нұрпаямен бірге елінен ере келген жеңгесінің ұлы Қамбарды (Балқожа),  кейінірек туған Шұбыртпалы (Темірқожа) мен Жалықпасты да (соңғы екеуі Мейрамның өз кіндігінен) өз қамқорлығына алып, қоса тәрбиелеп өсірген ана! Олардың бәйбіше балаларымен тату болуына, іргелері сөгілмеуіне ғұмыр бойы күш салғаны ел ішінде әлі де аңыз боп айтылады. Тіпті, бәйбішеден туған Сүйіндіктің де емшек беріп өсірген, сүт анасы болған. Бұл жерде оның бәрін айтып жеткізу мүмкін емес, әрине. Тек қосарымыз, Қарқабат ана тәрбиелеген аталған төрт атаның («Төрт Қаракесектің») тұқымының өзі  қазіргі күнде қаулап өсіп, Сарыарқа бойын ен жайлап, қалың қазақ елінің шаңырағын көтеріскен, іргесін бекемдескен қабырғалы ру Қаракесек атанып  бүгінге жетіп отыр. Демек, Қарқабат анамыз демограф-ғалым Мақаш Тәтімовтің дерегі бойынша ұзын саны бүгінде миллионнан асып отырған барша  Қаракесек руының арғы  ұлы анасы!

Академик-жазушы Ғ.Мүсіреповтің айтуынша, анасының есімін ұран ғып шақыратын қазақтың үш руының бірі осы Қаракесек. Көкбөрі қаркесек сарбаздары атажаумен айқасқа шыққанда «Қарқабат! Қарқабат!» деп анасы есіміне сыйынып шапқан!

Ардақты Анамыздың шыққан тегі жөнінде де түрлі ағат әңгімелер көп. Бұл жөнінде мен осы Қарағанды өңірінің  Шет-Бұғылы төңірегінен  шыққан Сазанбай батыр туралы жазған «Дала дастаны» атты тарихи-деректі  кітабымда (2016 ж.)   және осы жылдың сәуір айында газетте жарияланған мақаламда толығырақ жазғандықтан бұл жерде тек мына бір дерекке ғана тоқталайын. Қазақтың «ормандай қалың» Орта жүзі ішіндегі іргелі ру Қаракесек атауының қалай шығуы туралы тарихи баяндар, аңыз-әңгімелер, жыр-шежірелер бірқатар. Өлеңмен жазылған сондай екі көлемді жыр-шежіре қолымызда тұр. Бұларда Қарқабат анамыздың өмірбаяндық деректері, аналық, даналық бейнесі анық көрініс тапқан.

 «...Кең далада бірліктің отын көсеп,

Іргелі ел болыпты Қаракесек,

Соларды ер жеткізген Қарқабатты,

Бақ дарыған киелі ана десед.

Қасиетті Шадияр Әли екен,

Қарқабат анамыздың арғы тегі..»-  деп келеді ұзақ жыр.

Ұлы анамыздың текті жерден екенін  осы Шет өңірінде ғұмыр кешкен атақты абызкеуде жырау Шортанбай Қанайұлының (1818-1881) жыр-шежіресі де дәлелдей түседі: «.Сыр кызын Мейрамсопы алған екен. Жеңгесі шығарып сап  барған екен. Емшекте жеңгесінің бар баласы. Үш адам келген еді айналасы. Біреуі Арыстанбаб тұқымынан, Бірге өскен бай қызының жан жолдасы..».. Міне осы жолдардағы  «Арыстанбаб тұқымынан» деп отырғаны Қарқабат анамыз.

Қарқабат  ер адамға  бергісіз аса қайратты, өте ажарлы, ақылына көркі сай ана болуымен бірге, отбасына ерекше мейірімді жан екен. Әсіресе, күйеуін ерекше құрметтеген. Мейрамсопының етіне суық су, табанына сыз тигізбеген. Дәрет алатын  құманын түнде қойынына алып жатады. Осыны байқай жүріп, әбден риза болған Мейрам: - Өркенің өссін! - деп бата береді екен. Қарқабаттың арты жақсы болып, өркені өскені, рулы елге есімі ұран болып, әруақ дарығаны осыдан, - дейді екен  кешегі көнекөз ақылмандар. Мейрамның бәйбішесі де құт дарыған қасиетті кісі екен. Қарқабаттың мейрімділігі мен аналық қасиеттеріне әбден риза болған Нұрпая оның балаларына: «Көрпең кең болсын, тұқымың қалың ел болсын!», - деп бата беріпті.  Бұл қазақтың жазба шежіресінің ғұламасы атақты МәшҺүр Жүсіп Көпейұлы келтірген деректердің бір парасы ғана.

Зерделеп қарағанымызда, Қарқабат ана туралы біздің жоғарыдағы келтірген деректерімізді толықтыра түсетін оннан астам дереккөз кітаптардан нақты мағлұматтар кездестірдік. Ал, кешегі кеңестік кезеңнің өзінде "Елім-айлап" жүріп ел тарихын тереңдете жазған Софы Сматаев ағамызға Алматыға арнайы барып жолыққанымызда, ол өзінің 2010 ж. жеке кітап болып шыққан «Мейрамсопы-Қарқабат» дастанын жазу барысында «Арыстанбаб» кесенесіне барып зиярат ете жүріп, ондағы көнекөздерден Қарқабат анамыздың шыққан тегі, төркін жұрты жөніндегі құнды деректерді тапқанын айтып бізді бір серпілтіп тастады.

- Арнайы экспедиция жасақтап, Анамыздың туған, қайтыс болған жерлері анықталса, тездетіп  кітаптар шығаруды қолға алсақ, - дейді жазушы ағамыз.

Жергілікті автор Аманолла Шәйбековтің сирек кездесетін деректер  келтіре отырып, құнды танымдық-зерттеу мақаласы жариялануы біз күтпеген қуанышты жаңалық болды. Әрі ел арасында өзге де зерттелмеген тың дүниелер, бағалы тарихи деректер мол сақталуы арада ғасырлар өтсе де ел қамын жеген асылдар есімі өлмейтінін, мәңгі халық жадында екенін көсетіп отыр. Қазір ардақты анамыз туралы ел арасындағы аңыз-әңгімелер, жыр-шежірелер, ғылыми-зерттеу еңбектер жинастырылу ісі басталып та кетті.

Ауылда асық ойнап жүрген кезімізде үлкендерден: «Аналардың анасы-Қарқабат ана» деген сөзді жиірек еститін едік. Оның себебі, ел басына күн туған қилы кезеңдерде ақылымен де, қайратымен де ауылды, ағайынды, қала берді тұтастай руды аузына қаратқан, ағайын іргесі сөгілмеуін, татулығын ойлаған Ана-аруларды өнеге етіп отыратын. Осы жолдардың авторы мен өзім «Сұршақыз» әнінің шығу тарихы, осы өңірде болған «Арап-Күнбөпе» оқиғасын зерттей жүріп, ойыма сол Қарқабат ана  бейнесі жиі орала берген еді. Сұршақызды (шын аты - Күнбөпе) осы арғы Ұлы анасымен ойша салыстырумен болдым. Аталған кітапта (193-197 беттер) мынадай деректер келтіруме себепкер болған да сол: «...қаршадай қыздың  (Күнбөпе Бөдеқызының) үйірлі қасқырдың апанына түскендей күй кешіп, әйгілі «Әндір Жақып» бастаған анау қызыл көрген құзғындай үймелеген қызылкөз төрелер ордасынан,... шынжыр балақ, шұбар төс Мұса-Шорман тұқымынан абройын аяққа бастырмай аман құтылуы, құтылып қана қоймай, өжеттікпен дүйім жұртты мойындатып басына бостандық алып, өзі қалаған адамға тұрмысқа шығуы бұрын қазақ қызы жасамаған ерлік!  Мүмкін, сол кездегі Орыс империясының заңымен бостандық алған тұңғыш қазақ қызы да осы Күнбөпе болар-ау! Рулы елге ұран болған арғы ұлы анасы - Қарқабат аруағын тағы бір еске салар өнеге!» дей келе, былайша түйіндеген едік:

«Бірақ қалай десек те, Қарқабат ең алдымен, қазақты қазақ қылған ошақтың үш бұтындай анау атақы үш бидің бірі - Қаз дауысты Қазыбектің арғы ұлы анасы. Яғни, Қазыбектің арғы атасы Қаракесекті  (Болатқожаны) дүниеге әкелген ана!  Ал осындай ұлысты ұйыстырған, руға ұран болған ұлағатты ананы еске салар бір белгі - ескерткіш бар ма, осынау ұланғайыр Ұлы Дала жерінде!?.. Таппайсыз! Ұрпақ алдында ұялар жан болса қанеки?! Өкінішті... » - деп жазылған еді сол кітапта.

Сірә, зиялы қауымның көптен көкейінде жүрген айтар ортақ аталы сөзі де осы болар. Қарқабат ана туралы алғашқы мақала жариялансымен-ақ, бірден жер-жерден көптеген азаматтар, соның ішінде ҚР ҰҒА академиктері Сейіт Қасқабасов пен Диқан Қамзабекұлы, елге танымал жазушы Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Софы Сматаев, белгілі қоғам қайраткері әрі кәсіпкер Амангелді Ермегияев, филолог-ғалым, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Серік Негимов, шежіреші-ғалым Мақсат Алпысбес, ақын, «Алматы облысының құрметті азаматы» Бақытжан Тобаяқов, қазақтың ұлтжанды біртуар азаматы, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров бастаған бірқатар зиялы қауым өкілдері қолдау білдіріп, тіпті Ынталы топ құруға ынталы болғанын ризашылықпен жеткізе кетудің де артықтығы болмас.

Мақаламызды  ақын Жұбан ағамыздың:  «Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген» деп келетін әйгілі өлең жолдарымен бастауыз да тегін емес. Ұлт тағдыры сан мәрте қыл үстінде қалтырап, талай жер бетінен жойылып кету қаупі төнген қиын-қыстау тұстарда ерлермен бірге атқа қонған қаһарман қыздарымыз, ақыл-парасатымен ұлытты ұйытып, ұрулы елге сөзі жүрген абзал Аналарымыз ұланбайтақ қазақ даласының әр өңірінде де аз болмаған.

Өзге түркі халықтарында,тіпті күллі шығыс халықтарында деуге де болар, дәл қазақ қыздарындай жауынгер-батыр қыздар, әлгіндей ірі тарихи тұлғаға айналған аналар аз.Тіпті жоқ десе де болады. Әттең...соларды үлкен экрандардан әлі көрсете алмауымыз, қазіргі жас өскіндерге үлгі-өнеге етіп айта алмауыздың өзі бойдағы бодандық, тоталитарлық, құлдық санадан арыла алмауымыздан, демеске амалымыз жоқ...

Әсіресе, қыздарымыздың әлуметтік желілерден «қазақ қызы» деуге ауыз бармайтын әбес қылықтары әбден асқынған, ұлт қамын сырып қойып, көрінген «көк аттының» етегіне жармасып, шет ел асуы (санын айтудың өзі шошырлық) тым шектен шыққан қазіргі тұста Аналар тақырыбы қай кездегіден де өзекті. Рухани қажеттілік екені даусыз!

Иә, ғасырлар өтсе де ел қамын жеген асылдар өлмейді. Қарқабат ана есімін мәңгі есте қалдыру шараларын жүзеге асыруға (ескерткіш орнату, елді мекендерге атын беру, кітаптар шығару және т.б.) жергілікті билік өкілдері, барша зиялы қауым, кәсіпкер азаматтар белсене  ат салысса, Елбасының «Рухани жаңғыру» бастамасын жүзеге асыруға қосылған лайықты үлес, ал, облыс жұртшылығы, қала берді қазақ зиялы қауымы үшін ерекше ғибратты іс болар еді деп сенеміз.

Болат Жәмкенов, Қазақстанның құрметті журналисі,  Н.Төреқұлов  атындағы Дипломатиялық сыйлықтың, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет қайраткері

Abai.kz

3 пікір