Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңғырық 5895 7 пікір 25 Қыркүйек, 2018 сағат 10:40

Маршалдың өзегін өртеген өкініш

Степан Кашурко, маршал Коневтің арнайы тапсырмалар жөніндегі көмекшісі

Интернетті шарлап отырғанымда мына бір мақала еріксіз назар аудартты. Оның авторы генерал-полковник Степан Кашурко екен.  Кезінде даңқты қолбасшы, маршал Коневтің арнайы тапсырмалар жөніндегі көмекшісі қызметін атқарған. Кейіннен хабарсыз кеткен және қаза тапқан белгісіз отан қорғаушыларды іздестіру және атын қалдыру орталығының Президенті болды.

Мақала сондай-ақ ертеректе мектеп оқушысы кезімде вагонда сапарлас болған  ресейлік екі үлкен кісінің бастарын шайқап күйінішпен  әңгімелесіп отырған сәтін еске түсірген еді. Сонымен бірге интернеттегі мақаланың қазақ тілді оқырмандарға да қолжетімді болуын қаладым. Ендеше генералдың жазбасына ден қоялық.

Женістің 25 жылдығы қарсаңында маршал Конев маған "Комсомольская правда" үшін тапсырысты мақала жазып беруге көмектесуімді сұрады. Әрине, көмектесем. Қажетті әдебиеттерді жинастырып алып "Комсомолкаға" жіберетін сол кезеңге лайықты мақаланың тез арада "қаңқасын" құрастырдым да, ертеңіне қолбасшыға келдім. Бірақ оның жүзінен көңіл-күйі болмай отырғаны байқалып тұрды.

– Оқи бер, – деп өзі кабинет ішінде олай-бұлай жүре бастады. Шамасы оны басқа бір мәселе мазалап тұрғаны анық еді.

Бар ынта-жігеріммен шаттық тебіреністе "Жеңіс – бұл ұлы мереке. Барша халқымыздың шаттыққа бөленіп тойлайтын күні..." деп бастай бергенім сол-ақ еді.

– Жетер! – деп жекіріп жіберген маршал қолын бір сілтеп, – Тыңдағым келмейді, жүрегіңді айнытады.

Іштей мақтау күтіп тұрған мен абдырап қалдым.

– Сен одан да айтшы, туған-туыстарыңда соғысқа кеткендердің бәрі аман-есен оралды ма?

– Жоқ. Тоғыз адам қайтпай қалды. Оның бесеуі хабарсыз кеткендер. Ал үшеуі балдақпен келді, – дедім оның нені айтқысы келгенін түсінбей.

– Ал қанша бала жетім қалды? – деді ол әлі де басылмай.

– Жиырма бес  жетім бала және алты қарт кісі қалды.

– Ия, олар қалай өмір сүрді. Мемлекет оларды қамтамасыз етті ме?

– Итшілеп өмір сүрді ғой әйтеуір, – деп мойындауыма тура келді, – Оларға қазір де оңай емес. Хабарсыз кеткен отбасы иелері үшін көмек берілмейді. Олардың аналары мен жесірлері жылай-жылай көз жасын тауысқан. Сонда да  мүмкін келіп қалар деп үміттенеді. Дегенмен, титықтап бітті.

– Олай болса айтшы, туыстарың осылай қайғымен өмір сүріп жатса, неғылған шаттық! Майданда қаза тапқан 37 млн жауынгер мен 40 млн мүгедек және жарымжан майдангердің отбасылары қуана ала ма? Олар мемлекеттен болар болмас тиын-тебен алатын мүгедектермен бірге қиналып жандары күйзелуде.

Мен расында да есеңгіреп қалдым. Коневті бұндай жағдайда бірінші рет көруім. Оның ашу-ызасын келтірген не жайт екенін осыдан кейін барып білдім.  Маршалдың хабарсыз кеткендердің отбасылары үшін мемлекеттен жәрдемақы төленетін болсын деген ұсынысын Брежнев пен Суслов кері қайтарыпты. Ол  болашақта маршал шенін иемденетін, Кеңес Одағының 4 мәрте батыры мен "Жеңіс" орденінің кавалері атанатын адамның және бас идеологтың қайтарған құжаттарын маған ұсынып тұрып:

– Мә танысып көр, біздің майдангерлеріміздің жағдайы қандай, олардың жақындары қалай өмір сүруде екенін біл. Олар тойлайтын шаттанатын жағдайда ма екен?

Сыртында "өте құпия" деген таңбасы бар құжаттар құжынаған цифрларға толы екен. Онымен танысқан сайын жүрегімді ауырта түсті. "Жараланғандар саны – 46 млн 250 мың. Бас сүйегі қирап қайтқан майдангерлер – 775 мың. Бір көзбен қалғандар – 155 мың, мүлдем соқыр болып қалғандар – 54 мың. Бет әлпеті қисайып, жақ сүйектері күйрегендер – 501342. Мойындары қисайып қалғандар – 157565. Ішінен жараланғандар – 444046. Омыртқасы бүлінгендер – 143241. Жамбасынан жараланғандар – 630259. Жыныс мүшесін айырылғандар – 28648. Бір қолмен қалғандар – 3 млн 121 мың. Екі қолынан да айырылғандар –1 млн 10 мың. Бір аяғы жоқтар – 3 млн 255 мың. Екі аяғынан да айырылғандар –1 млн 121 мың. Бір қолы мен бір аяғы жоқтар – 418905. Екі қолы да, екі аяғы да жоқ, халық "самауыр" атап кеткен байғұстар саны – 85942".

– Ал енді мынаны оқы, – деген Иван Степанович келесі қағаздарды ұсынды. "25 маусымға дейін үш күнде жау 250 шақырымға ішкерілеп кірді. 28 маусымда Белоруссияның астанасы Минскіні басып алды. Айналып өту маневрімен Смоленскіге тіпті жақындап келді. Шілденің ортасына дейін 170 кеңестің дивизияның 28-і толықтай қоршауда қалды, ал 70-і өте көп шығынға ұшырады. 1941 жылдың қыркүйегінде Вязьма түбінде 37 дивизия, 9 танк бригадасы, Резервтегі 31 артилерия полкі және үш армияның далалық басқару құрамы қоршауда қалды. 1941 жылы жалпы алғанда 170 кеңес дивизиясының 92-сі, 50 артиллериялық полк, 11 танк бригадасы және 7 армияның далалық басқару құрамы қоршауда қалып одан шыға алған жоқ. Фашистік Германия Кеңес Одағына 22 маусымда шабуыл жасаған күні КСРО Жоғары Кеңесінің президиуымы 1905-1918 жыл арасындағы әскери міндеттілерді мобилизациялау туралы хабарлады. Дем арасында 10 милионнан астам адам мобилизацияланды. Екі жарым миллион еріктілерден 50 халық жасағы дивизиясы мен 200 атқыштар полкі құрылып, олар ешқандай қарусыз және әскери киімсіз ұрысқа кірісіп кетті. Екі жарым миллион адамнан тірі қалғандары 150 мың шамасында болды.

Құжаттарда тұтқындар жайлы да жазылған еді. Атап айтқанда, 1941 жылы Гродно-Минск түбінде 300 мың, Витебск-Могилев-Гомель қазандығында 580 мың, Киев-Уманск қазандығында 768 мың кеңес жауынгері гитлерлік армияның тұтқынына түскен. Сол секілді Чернигов түбінде және Мариуполь маңында тағы да 250 мың адам, Брянск-Вязьма қазандығында 663 мың адам тұтқынға түскен. Егер осының бәрін қосып есептейтін болсақ, Ұлы Отан соғысы кезінде төрт миллионның шамасындағы кеңес жауынгерлері мен командирлері фашистік тұтқында аштан, суықтан және үмітсіздіктен өлген. Ал Сталин оларды жау және дезертир деп санады.

Сонымен бірге Отан үшін жан пида еткендердің жерленбей қалғандары қаншама?! Өйткені Сталин дивизияларда жерлеу командаларының болғанын жақтырмады. Көсем соғыс бола қалған жағдайда даңқты Қызыл армия аз ғана шығынмен жауды өз территориясында толығымен талқандайды деп үнемі мақтанышпен айтатын. Осындай сенімділік өте қымбатқа түсті. Бірақ ол генералиссимус үшін емес, жауынгерлер мен командирлер үшін. Орман мен далаларда, ой мен қыраттарда екі миллионнан астам батырлардың сүйегі көмусіз қалды. Ресми құжаттарда олар хабарсыз кеткендер болып есептелді. Бұл мемлекет қазынасы үшін тиімді экономия еді, соның салдарынан мыңдаған жесірлер мен жетімдер жәрдемақысыз қалды.

Сол күнгі әңгімеде Конев соғыстың бас кезіндегі жеңілмейтін даңқты Қызыл армиядағы орасан зор шығындардың себептерін де қозғады. Әскердің масқара болып шегінуіне және зор шығындарға ұшырауына армияның командалық құрамына соғыс алдында болған сталиндік тазарту үлкен әсерін тигізді. Тәжірибелі кадрлық әскери басшылардан айырылған басқарусыз қалған армиядан не күтуге болады. Тәжірибелі әскери командирлердің барлығы дерлік лагерьлерге жөнелтілді, атылып кеткендері қаншама. Ал олардың орнын оқ-дәрі иісін сезбеген лейтенанттармен политруктер басқан еді...

– Жарайды, жетер, – деп күрсінген маршал деректерін адам басына сиғыза алмайтын қорқынышты құжаттарды менің қолымнан алып жатып, – енді түсіндің бе? Ал қалай мақтанамыз? Газетке не деп жазамыз? Қандай Жеңіс туралы айтамыз, сталиндік жеңіс туралы ма, әлде тым қымбатқа түскен жеңіс туралы ма?  Бірақ айырмашылығы жоқ қой.

– Жолдас маршал, мен тіпті абыржып қалдым. Дегенмен, кеңестік саясатпен, – деп бөгеліп қалған мен, – адал жүрекпен жазған дұрыс болар. Енді сіз айтып тұрыңыз, мен жазып тұрайын.

– Жаз онда, магнитофоныңды қос. Басқа кезде менен ондайды ести алмайсың, – деп қалтыраған қолын уқалап отырып бастап кетті.

"Жеңіс дегеніміз не? Біздің сталиндік жеңіс? Біріншіден, бұл бүкілхалықтық қасірет. Кеңес халқының миллиондаған құрбан болған жақындарын еске алып қайғыратын күн. Бұл көз жасы дариясы мен қанның теңізі. Миллиондаған жарымжан жандар. Миллиондаған жетімдер мен әлжуаз қарттар. Бұл миллиондаған өте ауыр тағдырлар, құрылмай қалған отбасылар, дүниеге келмей қалған сәбилер. Фашистік, одан кейін кеңестік лагерлерде азап шеккен отанымыздың миллиондаған патриоттары".

Осы арада мен, "Жолдас маршал, бірақ мұны ешкім баспайды ғой" дедім амалсыздықтан.

– Сен жазуды біл. Қазір баспағанмен кейін біздің ұрпақтарымыз басады. Олар жеңіс туралы тәтті өтірікті емес, қанды қырғын туралы ащы шындықты білуі тиіс. Болашақта қырағы болу үшін, билік басына адам кейпіндегі зұлымдардың жетуіне жол бермес үшін осының бәрін білуі керек.

– Мына мәселені де ұмыт па, – деген Конев соғыстан психикасы бұзылған, мүмкіндігі шектеулі мүгедек жандарды әсіресе әлеуметтік көмек көрсету мекемелерде қалай кемсітетін еске салып. Мінберлерде шешендер "Отанымыз өз ұлдарын ұмытпайды!" деп айқайлап жатса, әлгіндей мекемелерде соғыс салған жарақаттардан бет әлпеті бұзылған жандарды "квазимода" ("Әй, Нина, сенің квазимодаң тағы келіп тұр" деп мекемедегі әйелдер еш қысылмастан айқайлап жатады), бір көзі жоқтарды "камбала", омыртқасы бүлінгендерді "паралитик", жамбасынан жараланғандарды "кривобокий", балдақпен жүретіндерді "кенгуру", қолы жоқтарды "бескрылый", екі аяғы жоқ, қолдан жасап алған роликті арбамен жүретіндерді "самокат" қол-аяғы жоқтарды "тасбақа" деп атады.

– Қандай арсыздық, нақұрыстық! Бұлар кімдерді кемсітіп жатқанын білмейді, – деді маршал күйініп, – қарғыс атқыр соғыс  өмір толқынына мүгедек, жарымжан майдангерлерді лақтырып тастады. Мемлекет оларға аз да болса көңіл бөліп, қандай да бір жағдай жасап, медициналық көмек пен қаржылай қолдау көрсету керек еді. Оның орнына соғыстан кейінгі Сталин басқарған үкімет бақытсыз жандарға тиын тебенді құрайтын жәрдемақы тағайындап, оларды әуре сарсаңы көп өмірге душар етті. Онымен қоймай бюджет ақшасын үнемдеу мақсатында мүгедектерді жыл сайын ВТЭК-терде қайта тіркеуден өтіп тұруға мәжбүр етті. Сонда не, оқ жұлып кеткен аяғы не қолы қайта өсіп шыққан жоқ па, соны тексеру үшін бе? Зардап шегіп жүрген отан қорғаушының мүгедектігін төменгі топқа түсіріп, зейнеткерлік жәрдемақысын азайтса болды, әйтеуір.

Сол күні маршал көп нәрсе айтты. Жоқшылық, құрыған денсаулық, баспана жағдайының нашарлығы, қажыған әйелдерінің жазғыруы, отбасындағы ұрыс-керіс майдангерлерді үмітсіздікке душар етіп, маскүнемдікке салынуына әкеп соқты. Ақыр соңында көшелер мен вокзалдарда, базарда тіленшілікке шығатын болды. Өмірден түңілуге дейін барған кешегі батырлар жүгенсіз қалыпқа түсіп, жағымсыз мінез-құлыққа басатын болды.  Бірақ оларды бұл үшін кінәлауға болмайды.

Қырқыншы жылдардың аяқ жағында әр аймақтан жақсы өмір іздеген бейшаралық халге түскен мүгедектердің толқыны Мәскеуге ағылды. Ел астанасы енді ешкімге қажеті жоқ адамға тола бастады. Олар билікке өздерінің еңбегі туралы еске салып, талап ете бастады. Бұл әрине, шенеуніктерге ұнаған жоқ. Мазаны алған масылдардан қалай құтылуға болады деп бастары ауыра бастады.

Ал бұл уақытта, 1949 жылдың жазында Мәскеу көсемнің мерейтойын атап өтуге дайындалуда еді. Ел астанасы шетелдік қонақтарды күтуге дайын болуы үшін жуылып тазартылып жатты. Сол уақытта коляскамен, балдақпен  жүрген мүгедектер Кремльге жақын жерде демонстрацияға шықты. Бұл халықтар көсемінің қатты жынын келтірді. Ол "Мәскеуді "қоқыстан" тазарту керек" деді. Биліктегілерде нақ осыны күтіп отырған еді. Мәскеудің көркін кетіріп мазаны алғандарды жаппай аулау басталды. Құқық қорғау органдары, конвойлық әскерлер, партия белсенділері азғана күннің  ішінде иесіз иттерді аулағандай етіп, "Қымбатты және сүйікті Сталиннің" мерейтойы қарсаңында астана көшелерінде, базарларында, вокзалдарында, тіптен бейіттерінде қонып жүрген, елін-жерін жаудан қорғаймын деп, мүгедек болған жандарды тарих күресініне лақтырып тастағандай мерекелі Мәскеуден шығарып тастады. Міне, осыдан кейін жеңімпаз армияның шығарып тасталған солдаттары өле бастады.  Жарақаттан емес, ызадан, қаны қарайып, "Не үшін, жолдас Сталин?" деп тістенген күйі өмірден өтіп жатты. Осылайша, "Отан үшін! Сталин үшін!" деп жауып тұрған оққа қарсы шыққан, жеңімпаз солдаттардың шешілуі қиын сияқты болып көрінген мәселесін оп-оңай шешті.

– Мұндай мәселелерді шешу деген не тұрады біздің көсемге, ол тіпті тұтас халықтарды көшіріп жіберуге үйренген емес пе? – деп Конев сөзін күйінішпен аяқтап.

Мақаланы оқып шыққанда жоғарыда атап өткендей, купеде болған үлкен орыс кісінің замандасына "Соғыстан кейінгі ауыр жылдары жоқшылықтан, ауру-сырқаудан каншама майдангер өліп кеткенін білесің бе сен!?" – күйінішпен бас шайқағаны еске түскен еді.

"Бір адам өлсе трагедия, ал соғыста мыңдап өледі, бұл – статистика" дегендей, жоғарыда келтірілген  мыңдаған цифрлардың әрқайсысында ауыр да аянышты тағдыр жатқаны анық еді.  Соғыстан кейінгі жылдары майдангерлердің ауыр халіне соғыстан күйреп шыққан ел экономикасының қиын жағдайы да себеп болған шығар. Әйтсе де адам өміріне, миллиондардың тағдырына немқұрайлылықпен қарау ештеңе тұрмайтын сталиндік саясаттың жатқаны да шындық еді.

Біздің балалық шағымыз өткен ғасырдың 60-шы жылдардың орта шамасына тура келді. Сол кезеңдері соғыс мүгедектерін, аяқ-қолы кемтар жандарды қазіргіден жиі көретінбіз. Дегенмен, Қазақстан мен Орта Азия республикаларында, Кавказ халықтарында, жалпы мұсылман жұртында тұрған ондай адамдарға деген қамқорлық, қолдау орталықпен салыстырғанда артық болған еді. Ол қамқорлық әрине, халық тарапынан болатын. Ағайынгершілік, мұсылман бауырына, жалпы адам баласына деген көмек қолы үнемі созулы болды.

Ал мемлекет тарапынан қамқорлықтың арта бастауы Жеңістің 25 жылдығына, 30 жылдығына байланысты қолға алынды, Біз мектеп бітіретін 1975 жылы Жеңістің 30 жылдығына өте айрықша дайындық жүргенін білеміз. Сол кезден бастап соғыс мүгедектері мен ардагерлеріне, соғыс жесірлеріне зейнетақы мен көмек көлемі арта түсіп, концлагерь тұтқындарына оң көзқарас қалыптаса бастады. Бірақ оған дейінгі кезеңде ондай қамқорлық пен қолдауларға зар болып өмірден өтіп кеткендері қаншама?!

Өткен нәрсенің бәрі уақыт тұрғысынан алғанда маңызды болса да, солардың қатарында ерекше қастерлейтін құн­дылықтар болады. Ол – әрине, күллі адамзат баласына аждаһадай төнген фашизмді күйреткен әкелеріміз бен аталарымыздың ерлігі. Біз ар­да­герлердің алдында мәңгі қа­рыздар екенімізді ұмытпауға тиіспіз. Әлемде бейбітшіліктің сән-салтанат құруы, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманның орнағаны үшін де  оларға қарыздармыз.

Ыдырыс Тәжіұлы, Қызылорда қаласы

Abai.kz

 

7 пікір