«Нұр Отан» партиясы қолдау көрсеткен веломарафонға қатысушылар Қазақстанға оралды
«Нұр Отан» партиясы қолдау көрсеткен «BLIND RACE ASTANA – PARIS» құрлықаралық веломарафонына қатысушылар Қазақстанға оралды. «Спортта шекара жоқ» деген ұранмен өткен бұл іс-шараға көзі мүлдем көрмейтін және нашар көретін спортшылар қатысты. Олар еріктілермен бірге Астанадан Парижге дейінгі 5 мың шақырым жолды велосипедпен жүріп өтті, - деп хабарлайды Абай-ақпарат "Нұр Отан" партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл жобаның жүзеге асуына «Нұр Отан» партиясы қолдау көрсеткен еді. Соған орай бүгін веломарафон қатысушылары партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевпен кездесті. Бес мың шақырым жол, 6 мемлекет және 30 қала. Осыншама өткелді бағындырған веломарафоншылар Қазақстан, Ресей, Беларусь, Польша, Германия, Франция елдерін басып өтті.
Бұл жоба өзінің қатысушыларымен ерекше. Себебі, олар осындай батыл қадам арқылы қоғамның мүмкіндігі шектеулі жандарға деген көзқарасын өзгертуді және өз бойларындағы күдік пен күмәнді жеңуді алдарына басты мақсат етіп қойған. Веломарафон барысында қатысушылар күніне 100-200 шақырым жол жүріп отырған. Зағип жандар негізінен екікісілік велосипедте стокердің (артқы орындықта отырып, жүргізетін велосипедші) міндетін атқарған. Ал пилоттың рөлін еріктілер атқарды. Соған байланысты оларға негізінен жолды бағдарлау, велосипедті басқару сияқты міндеттер жүктелсе, басты күш стокерлерге түскен. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандардың бұл әрекетін батылдыққа балауға толық негіз бар.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары спортшыларды марафонның сәтті аяқталуымен құтықтап, бұл бастама елімізді әлемге танытуға, Қазақстанда паралимпиадалық спорт түрлерінің дамуына және мүмкіндігі шектеулі жандар арасында саламатты өмір салтын насихаттауға үлкен үлесін қосатын игі іс екенін айтты.
– Қатарынан 3 жыл бойы өткізіліп келе жатқан веломарафонға биыл «Нұр Отан» партиясы да қолдау көрсетіп, оның табысты жүзеге асырылуына атсалысты. Соның нәтижесінде жоба құрлықаралық деңгейге көтеріліп, қатысушылар Еуропаның 6 мемлекеті мен 30 қаласын басып өтті. Осы жолдағы сіздердің қажыр-қайраттарыңыз, өмірге деген құштарлықтарыңыз бен жеңіске деген құлшыныстарыңыз, төзімділіктеріңіз бен табандылықтарыңыз және ерік-жігеріңіз барша халыққа, әсіресе жастарға үлгі болатын өнегелі іс. Халық өздеріңіздей рухы мықты жандарды қашанда құрмет тұтып, мақтан етеді. Алдағы уақытта да партия осындай игі бастамаларға қолдау көрсету ісін жалғастыра береді, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ ол партия қызметін жаңғырту аясында қайта жанданған «Кедергісіз келешек» партиялық жобасына да тоқталып өтті.
– Бүгінде партия мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету мақсатында «Кедергісіз келешек» жобасын жүйелі жүзеге асырып келеді. Бұл жоба партия қызметін жаңғырту аясында жанданып, жаңаша қарқын алды. Соның нәтижесінде нақты басымдықтар анықталды. Яғни, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кедергісіз орта қалыптастыру, олардың инклюзивті білім алуларына ықпал ету, жұмысқа орналасуларына қолдау көрсету және осы салаға қатысты заңнамаларды одан әрі жетілдіруге айрықша көңіл бөліп отырмыз. Сондай-ақ партия еліміздегі саяси өмірге белсене араласып, мәслихат, Мәжіліс сайлауларына қатысқысы келетін мүмкіндігі шектеулі жандарға да қолдау көрсетуге дайын, – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.
Веломарафонның ұйымдастырушысы, «Спортта шекара жоқ» жобасының жетекшісі Бақтияр Базарбековтің айтуынша, бұл шараның мақсаты – саламатты өмір салтын және табиғи таза көлік түрі саналатын велосипедті насихаттау, сондай-ақ экотуризмді дамытып, мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен шұғылдануына жағдай жасау. Осы ретте бұл – аталған топтың үшінші ірі велошеруі екенін атап өткен жөн. Алғашқы екеуі Алматы – Астана және Алматы – Ыстықкөл бағыттары бойынша өткен еді. Веломарафон кезінде команда құрамы 17 адамнан тұрды. Оның ішінде 6 стокер (көзі мүлдем көрмейтін және нашар көретін жандар), 6 пилот (велотандемде жол нұсқаушы еріктілер) және 5 ерікті (оператор, жүргізуші, аспаз, медицина қызметкері) болды. Олар 5 екікісілік және 2 біркісілік велосипедпен жүріп отырды.
Abai.kz