Сенбі, 23 Қараша 2024
Дін мен тін 7020 29 пікір 2 Қазан, 2018 сағат 13:04

ҚМДБ-ның стартегиялық бағыты – Ахл ал-Хадис жолы

Қазіргі күні Ислам дінінің ұлылығына, Жаратушы тарапынан адамзат баласы үшін жіберілген соңғы дін екенін мойындамаған жер бетінде ойшыл жоқ десе болады. Қазіргі күннің өзінде қаншама ғалымдар мен ғұламалар Исламның ұлылығына бас иіп отыр десек артық айтқандық емес. Солай бола тұра әлем халықтарының санасында «Ислам» десе қорқыныш сезімі пайда болып отырғаны да, «террорды» қатар еске алатыны жасырын емес. "Неліктен Ұлы дінді, Исламды соншалықты төмен дәрежеге түсірді? Оның себебі неде?" деген сұрақтарға жауап беру қазіргі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр.

Алайда, бұл сұрақтарға жауап беру оңай емес. Ол үшін Ислам діні тарихындағы алғашқы жіктелушіліктің шығу себептері мен олардың арасындағы ерекшеліктерге талдау жасау қажеттігі туындайды. Біздің осы мақала шеңберінде сараптауымызға түсетін негізгі мәселе Исламдағы алғашқы ахл ал-сунна уа-л жамаʻаның қалыптасуы, осы негізде қалыптасқан Ахл ар-Рай мен Ахл ал-Хадис бағыттарының ерекшеліктері, бұл бағыттардың Исламдағы мазхабтар мен сопылық тариқаттардың қалыптасуына ықпалы туралы мәселелер болмақ. Өйткені, қазіргі кезеңдегі діни-рухани  үдерістерге талдау жасағанымызда, Исламның алғашқы кезеңіндегі үдерістер ықпалына дұрыс талдау жасай алмасақ, онда қазақ халқының дәстүрлі дінінің негізі болған Йасауи жолының қалыптасу ерекшеліктері мен қазіргі кезеңде туындап отырған діни-рухани үдерістегі қайшылықты  мәселелерге дұрыс баға бере алмаймыз.

Ахл-и сүннет пікір рамкасы (діни-танымдық көзқарасының қалыптасуы)  

Ахл-и сүннеттің тарихи қалыптасуында тарихи-саяси тәжрибе мен билеушілер маңызды роль атқарды. Ахл-и сүннеттің саяси шеңберін анықтаған екі маңызды мәселе болды: Біріншісі, Әзіреті Пайғамбардан кейін алғашқы заңды халифалардың  Әзіреті Абу Бәкір, одан кейін Әзіреті Омар, Әзіреті Оспан, Әзіреті Алидің кезегімен болуы бұлардың тарихи дәуірінің  ізгілік кезеңі болғаны туралы пікір еді. Екіншісі, Жамал және Сиффин соғысында өлгендерден  Алла ақыретте есебін алады деген үкім мен сахабалардың мұсылмандармен соғысып, өлтіргені үшін кәпірге шығарылмауы және олар туралы жаман сөз айтуға болмайды деген пікірдің қалыптасуы еді. Мұның артынан кейбір ерекшеліктері болса да, негізінен имам мен халифаларға мүмин де болса, пасық та болса да мойынсыну керектігі туралы пікірдің  қалыптасуы, қоғамның тұрақтылығын сақтау тұрғысынан ақида кітаптарында маңызды орын алды.

Имамат/халифат туралы ең күшті пікірталастар мен қақтығыстар негізінде орталық діни топ пен шиʻалар, кейде харижилер арасында болды. Ахл-и сүннеттің саяси көзқарастары харижилік пен шиʻаларға қарсы, солардың билікке таласына тосқауыл қоятындай мақсатта қалыптастырылды және көбіне олар күнделікті саяси тартысты сөз етпей, оның орнына тарихтағы тарихи оқиғаларды айтқанды дұрыс көрді. Халиф шындық иесі ретінде адамдардың байат етуі мен сайлауда билік басына келуімен қорғалса да, «Имамдардың Құрайш тайпасынан болуы» шартын негіз ретінде қабыл етіп, халифалардың құрайыш тайпасынан болу шарты бекітілді.

Ахл-и суннеттің қалыптасу ерекшелігіне талдау жасаған түрік ғалымы Сөнмез Құтлы былай дейді: «Бану Хашым, Бану Умаййа, Құрайшилер мен Хабашилер, барлық сахабаның мадақтауға тұрарлық болғандығын қабыл етіп, олардың барлығынан пайдалануға әрекет еткен барлық сопылық бағыттар, фиһқ мектептері, шығармашылық өкілдері ахл-и сүннетке кіреді. Пікірші Ханафилер, сопы керрамилер, шығармашыл ханбалилер, ақылшы муʻтазила да осы таным шеңберіне кіреді. Осылардан тыс шиʻа бидғат өкілі болып, неліктен ахл-и сүннет сыртында қалды? Алланың Елшісінің серіктерінің ішіннен тек әулет өкілдерін алып, соларға сүйеніп, басқаларын «иман нұрынан тыс» деп жариялауы бір шектен шыққандық еді. Бұл Құранның негізгі ұстанымына қайшы болды және шиʻаларды ахл-и сүннет шеңберінен шығарған да осы таным болды.»[1, 12]. Бұл жерде ғалым мәселені дұрыс қойып, шиʻалық пен ахл-и сүннет арасындағы басты айырмашылықты көрсете білгендігін айтуға тиіспіз. Егерде осы мәселеге басқа қырынан қарайтын болсақ, онда, сол кезеңнің ахл-и сүннет өкілдері қабыл еткісі келмеген тағы бір шындық бар болатын. Ол  Али ибн Абу Талиб ұрпақтарында ғана бар «рух әлемімен сабақтастық» еді. Мұхаммет пайғамбар қайтқаннан кейін рух әлемімен сабақтастық үзілді, оны жалғастыру мүмкін емес деген түсінік, сол кезеңдегі Пайғамбар серіктерінің көпшілігінің Алиге, кейіннен оның ұрпақтарына қарсы шығуына ықпал еткен басты себеп болғандығын айтуға тиіспіз. Али ұрпақтарын Хазіреті Пайғамбар әулеті болғандығы үшін сыйлап, құрметтеуге болғанымен, оларды Пайғамбардың рух әлемімен сабақтастығын жалғастырушы-уахи әкелуші ретінде қарастыру дұрыс еместігін қазіргі көптеген зерттеушілер де мойындайды [1, 13]. Әрине, бұл жердегі басты себеп, саяси билік үшін болған талас екендігін мойындалуы тиіс. Осы «рух әлемімен сабақтастық» мәселесі кейінен ахл-и сүннетің іштей Ахл-и Рай, Ахл-Хадис болып жіктелуіне ықпал еткен негізгі фактордың бірі болғандығына әлі күнге көптеген зерттеушілер көңіл аудармай келеді.  Олай дейтініміз Ахл-и Рай көзқарасындағылардың ақылға мән беруінің астарында Али әулеті өкілдерінің ықпалы болғандығын сол кезеңдегі тарихи деректер айғақтайды. Біз оны түрік ғалымы Хулийа Алпердің «Матуридиде ақыл мен нақыл байланысы» атты шығармасындағы мына жолдарға сүйене отырып, көрсете аламыз. Ол былай дейді: «Омейядттар кезеңінде  майданға келген саяси қайшылықтармен қатар тағдыр, қалау, үлкен күнәләр, күпір түсініктері жайлы талас-тартыс жүрді. Бұл тартыс айрықша ислам діні жаңа тарала бастаған аймақтарда басқа дін өкілдеріне қарсы Исламның сенім негіздерін ашық және дінді жаңа қабылдағандарға түсіне алатын деңгейде түсіндіру және оларға татымды пікірмен қарсы шығу қажеттігі туды және бұл күрес Мұхаммед ибн ал-Ханафийа (81/700 қ.б.), Маʻбет ал-Жухани (83/702 қ.б.), Гейлан ад-Димашқи (120/738 ж.қ.б.) т.б. калам білгірерін ортаға шығарды. Нәтижесінде бірінші ғасырдың соңдарында Исламның сенім негіздерін (Құран аяттары мен Пайғамбар хадистерін ақылды пайдалана отырып, талдау жасайтын, аяттардың ішкі мәні мен мазмұнын халыққа терең түсіндіре алатын,) қорғай алатын ықпалды топтың қалыптасу кезеңі болды. Бұл үдеріс мұʻтазила және олардың алғашқы ізашарлары болған қадарийа және жахимийа бағыттарының қалыптасуына ықпал етті.» [2, 21] Бұл ислам дінінің арабтардан тыс жерлерге таралуы тек, діни таным-түсініктердің кеңеюіне ықпал етіп қоймағанын, сонымен қатар,  Құран мен сүннеті түсінуде ақылды кеңінен пайдалануға жол ашқанын көрсетеді. Осы дін негіздерін  тануда ақылдың кеңінен пайдаланылуы діни таным негіздерінің тереңдеуіне тікелей ықпал етті. Осы діни таным негіздерін ақылмен тануды алғаш қолға алған Али ибн Абу Талибтің Хаула атты әйелінен туған ұлы Мұхаммед ибн ал-Ханафийа болатын. Хусейн өлтірілгеннен кейін Али әулеті арасында құпия ілім иесі атанған тұлға осы Мұхаммед ибн ал-Ханафийа еді [3, 131]. Ол алғаш рет Ислам тарихында дінді ақылмен тануды үйрететін оқу орны-медресені ашты [2, 22]. Бұл медресе өкілдерінің Исламдағы ой-пікірдің дамуына, олардың Құран мен сүннетті тануда ақылды қолдану тәжірибесі  кейіннен Ахл-и-Рай  мектебінің қалыптасуына ықпал еткен негізгі қайнар болды. Алайда, бұл топ ахл-и сүннет қабыл еткен шарттар мен ұстанымдарды толығымен қабылдады десе болады. Мұхаммет ибн ал-Ханафийаны жолбасшы ретінде таныған топ, шиʻалар сияқты ахл-и сүннет ұстанымдарына түгелімен қарсы шыққан жоқ. Тек, рух әлемімен сабақтастық мәселесінде өз ұстанымдарында қалды.

 

Ахл ар-Рай бағытының қалыптасуы және оның ерекшеліктері

Осы бағыт өкілдері VIII ғасырдың ортасына қарай Куфада Ахл ар-Райдың негізін қалады. Алдымен Куфа муржиʻилерінің жетекшісі болған Хаммад бин Сүлеймен қасында болғанын, ал 120/737 жылы ол кісі қайтыс болған соң сол жердегі мужиилерге Абу Ханифаның жетекшілік еткенін жазылады.[1, 24] Абу Ханифа Нұғман бин Сәбит хижраның 80 жылы Куфа қаласында дүниеге келген. Оның тегі анық қай халықтан екендігі белгісіз. Бірак, Амударияның шығысындағы Термез қаласынан екендігі, сол себепті оның түрік немесе парсы болуы мүмкін екендігі айтылады. Ата-анасының Ахл ал-Байтпен байланысы болғандығы, ата-анасының дінге ықласы ерекше болып, оның әсері ұлдары Нұғманға да әсер етеді. [4, 8-11]. Сол себепті, Абу Ханифаны муржиʻилар өкілі еді деп айту қиын. Оның үстіне Абу Ханифаның өз шығармасы «Фихқ ал-Акбар» кітабында муржиʻа ағымы туралы теріс пікірде болғандығын көруге болады. [5, 17] Бұл жерде жоғарыда айтылғандарға қарап, нақты тұжырым жасауға болмайды. Сол кездегі қалыптасқан жағдайға қарай, муржиʻилармен бір топта болып, кейіннен көзқарастары келіспей ажыраған болуы да ықтимал. Қалай болғанда да Абу Ханифа Нұғман бин Сәбит ислам дініндегі бар мұсылман мойындаған төрт мазхабтың бірінің негізін салушы болды. Төрт мазхаб негізінен шариғи-хұқықтық мәселелер төңрегінде топтасты деген пікір басым. Алайда, оның рухани мұрасына назар салатын болсақ, Абу Ханифаның тек құқықтық мәселелермен айналысқан жоқ. Алдымен ол діндегі сенім мәселелеріне көңіл бөлгендігін көреміз. Мысалы, «Ал-фихқ ал-Акбар» атты еңбегі Исламның негізгі мәселесі – Иман негіздерін талдауға арналған. Ол кітапта Алла Тағаланың бірлігі мен Алла Тағаланың сипаттарына, Құранның қолдан жаратылмағандығы мен Пайғамбарлардың Алла тарапынан жіберілгендігіне, Пайғамбарлар мұғжизасының шындығы мен Алла Тағаланың бұл жаратылысты жаратпас бұрын да Жаратушы болғандығына, «Иман» мен «Исламның» мәні туралы мәселелерге талдау жасалады. Ал, құқықтық мәселеде Абу Ханифа Құран аяттарына сүйене отырып, ислам дінін қабылдаған  әрбір халық арабтың дәстүрлерін қабылдамай-ақ, Құранға қайшы келмейтін салт-дәстүрлерін сақтап қалуға құқылы деген принципті ұстанды. Оның бұл тұжырымдары оның «Китабу-л Алим уа-л Мутаʻалим» деген кітабында баяндалды. Ең бастысы Абу Ханифа Құран аяттарын талдауда ақылға баса мән берді.  Оның себебін біз жоғарыда атап өттік. Ислам дінінің араб емес халықтарға таралуына байланысты ол халықтарға дінді түсіндірудің жаңа жолдарын қарастырудың қажеттігіне байланысты болды. Енді осы мәселелерге кеңірек тоқталып, Абу Ханифаның ханафи мазхабын қалыптастырудағы ұстанған негізгі ұстанымдарына тоқталып өтейік. Абу Ханифаның құқықтық мәселелердегі негізгі ұстанымдарына талдау жасау үшін, оның «Ал-Алим уа-л Мутааллим» атты шығармасына кезек берелік. Бұл кітапта көтерілген мәселе өте күрделі және ислам дінін қабылдаған халықтардың исламда бола тұрып, өздерінің рухани, мәдени болмысы мен өзіндік ерекшеліктерін сақтап қалу мүмкіндігі барлығын Құран аяттарына сүйене отырып, талдап көрсетіп бергенінің куәсі боламыз. Ол кісі Құранда жазылған діннің бір, шариғаттың көп екендігін алға тарта отырып, әр халықтың өзінің әдет-ғұрып, салт-дәстүрінде қалу қажеттігіне мән береді. Кітап ұстаз бен шәкірт арасындағы сұрақ-жауап формасында жазылған. Ендігі кезекте сол кітапта айтылған Абу Ханифа тұжырымдарына назар салып көрелік: Құранда «Ей, муминдер, әр біріңе бір шариғат, бір жол бердік. Алла қаласа, сендердің барлығыңды бір үммет жасар еді.»(Маида,5/48), Бұл аятта Алла Тағаланың әр ұлтқа өзіне ылайық шариғат және жол бергенін көрсетіп тұр. Және әрбір халыққа жеке-жеке пайғамбар жіберілгендігі бір емес, бірнеше Құран аяттарында көрсетілген. «Әр үмммет үшін бір ескертуші болған еді» [35/24], «Әр қоғамның бір жетекшісі бар еді» [13/7], «Соңыра біз бірінен соң бірін пайғамбарларымызды жібердік» [23/44], «Ол халықтарға өздерінен бір елші жіберілген болатын» [62/2]. Міне осы аяттарда көрсетілген басты мәселе – жер бетіндегі бар халыққа пайғамбарлар жіберіліп, солар арқылы, әр қоғамның өзіне ылайықты тәртібін-шариғатын, салт-дәстүрін Алла Тағаланың Өзі қалыптастырғандығын көруімізге болады. Жалпы бұл мәселе «Хужрат» сүресінің он үшінші аятында да «Ей, адамдар, расында біз сендерді бір еркек (Адам) және бір әйелден (Хауадан) жараттық және де бір-бірлеріңмен танысуларың үшін сендерді халықтар мен ру-тайпалар етіп қойдық». Осы аяттарды негізге ала отырып, Абу Ханифа дін мен шариғатты бөліп қарастырды. Абу Ханифаның бұл еңбегі мұсылман дініндегі халықтардың салт-дәстүрі мен мәдениетінің сақталып қалуына мүмкіндік берді. Абу Ханифаның дін мен шариғатты бөліп қарастыруында үлкен мән бар еді. Өйткені,  Тәңір Тағала адамзат баласына бір ғана дін берді. Ол – Ислам. Ол туралы Құран Кәрімде «Діндеріңе бекем болыңдар! Нухқа тапсырған дінді саған да уахи еткенімізді, Ибрахимге, Мұсаға, Исаға бергендерімізді Алла саған да дін етіп берді[42/13]. Демек, Жаратушы Құдірет әр халықтың өзіне ылайықты шариғатын бергенімен, халықтардың барлығына бір ғана дін беріпті. Ол дін – Ислам. Ол адамның жанына, рухына беріледі. Абу Ханифа осылай дін мен шариғатты бөліп қарастыру арқылы рухты, рух әлемімен сабақтастықты діннің ажырамас бөлшегі деп білді. Абу Ханифаның осылай дін мен шариғатты бөліп қарастыру арқылы рухты, рух әлемімен сабақтастықты исламның сенім негіздерінің бірі ретінде көрсетіп отырғанына куә боламыз. Абу Ханифа осылай дін мен рух арасындағы сабақтастықты аша отырып, иман мен амал арасындағы айырмашылықты да көрскетіп берді. Ол былай дейді: «... Алла Тағаланың дінін өзгерту туралы сөз қозғаудың өзі артық. Дін ешқашан өзгермеді, басқа халге келтірілмеді және өзгертілмеді. Шариғаттар болса, өзгерді. Себебі, қаншама зат кейбір адамдар үшін адал болса, Алла Тағала оларды басқа адамдар үшін арам етті. Сансыз заттар бар, оларды қолдану үшін адамдарға әмір етті. Ал, бағзы адамдарға оларды қолдануға тыйым салды. Демек, шариғаттар көп және бір-бірінен айырмашылықтары бар. Шариғатты орындау парыз. Мұнымен бара-бар мәселе – Алланың әмір еткенін, барлық үкімдерін орындау, қабыл етпегендерінен бас тарту, Алланың қалауына сай келеді. Алла Тағаланың әмір еткендерін тәрік етіп, тыйым салған нәрселерін жасаған адам Алла Тағаланың дінін тәрік еткен болар еді және кәпір болар еді. Алла мүминдерге парыз амалдарын тек дінді қабыл еткеннен кейін ғана парыз етті.

Егерде түрлі діндердегі бұл парыздар иман болса, бұларды орындамайынша, оларды мұсылман демес еді. Алайда, Алла Тағала иманды бұл амалдардан үстін (жоғары) қылды және оны мына аяттарда баян етті: «Иман етіп, жақсы амалды тапқандар.»[Ниса, 4/122]. «Кім шынымен жүзін бұрып, Аллаға мойын ұсынса, оның Алланың қасында сыйы бар.» [Бақара, 2/112]. «Кім де кім мүмин болған халында ақыретті ойласа, сол үшін амал етсе, әрекеті Алланың әміріне сай болар.» [Исра, 17/19].

Алла Тағала осылай иманды амалдан айырды. Сондықтан мүминдер Аллаға иман келтіргені үшін намаз оқыр, зекет берер, ораза тұтар, хажыға барар, Алланы зікір етер. Олай болмаса, намаздарынан, зекеттерінен, оразаларынан және қажылықтарынан басқасы Аллаға иман ету емес.» [4, 55-57]. Демек, иман діндегі бар амалдың алдында тұр. Иман жоқ жерде дін де жоқ. Бірақ дінде зорлық та жоқ. Адам баласының иман келтіруі, келтірмеуі еркіндегі мәселе. Жалпы Абу Ханифа бұл мәселені «Ал-фихқ ал-Акбар» кітабында да нақтылап көрсеткен болатын. Ол былай дейді: «Ол [Алла Тағалаға] жаратылғандардың ешқайсысын күпірлікке немесе иман келтіруге мәжбүрлемейді. Оларды мүмін немесе кәпір адам етіп жаратқан жоқ. Бірақ оларды адам етіп жаратты. Иман келтіру мен күпірлік – пенделердің ісі. Кім Алла Тағаланы жоққа шығарса, Ол, оны сол қалпында «кәпір» деп біледі. Одан кейін [Алла Тағалаға] иман келтірсе, сол күйінде оны мүмін деп біледі. Мұндай жағдайларға байланысты Алла Тағаланың ілімі де, сипаты да өзгермейді. Пенделердің әрекет үстіндегі немесе тоқтап тұрған халде жасаған істері, [Алла] бағынышты кезінде жасағандары немесе қасарысушылықтары – ақиқатында адамдардың өздері тапқан істері.» [5, 15-16]. Басқаша айтқанда, дінде зорлық жоқ. Қабылдау, қабылдамау адам баласының еркіне берілген нәрсе.

Абу Ханифаның дін, шариғат, иман туралы тұжырымдары Ислам дінінің қанатын кеңінен жайып, шалғай аймақтарға жайылуына ықпал еткен басты фактор болды десек артық айтқандық емес. Ол ұсынған бұл принцип, кез келген халықтың Исламда бола тұрып өзінің дәстүрлі мәдениетін сақтап қалу мүмкін екендігін көрсетіп берді. Абу Ханифа бастаған Ахл ар-Рай тобының дінді тану, танытудағы бұл бағытын Ахл ал-Хадис өкілдері қабылдай алмады. Өйткені, олар Абу Ханифаны Ахл ал-Байтты жақтаушылардың ұрпағы деп сенімсіздік танытты. [1, 25].

 

Ахл ал-Хадис бағытының қалыптасуы

Осы Ахл ар-Рай қалыптасқан кезеңде Хиджаз өлкесінде Исламның тазалығын сақтап қалу мақсатын көздеген екінщі бір топ қалыптасты. Олар харижилік, шиʻа мен муʻтазилаға қарсылық ретінде пайда болған муржиʻилер мен оның айналасына топтасқандар болатын. Осылардың ішінде ғасыр соңына қарай қарай Ахл ал-Хадис атты топ олардың алдына шықты. Бұлар негізінен нақылшылардың алғашқы қалыптаса бастаған топтары еді.

Ахл ал-Хадис сүннет пен ескіден алған әңгімелерді негізге алған, арабтық дәстүршіл діни түсінікті жоғары қойған топтың аты болатын. Олар Исламның негізі болып табылатын Құран мен Пайғамбар сүннеті және сахабалар мен табииндардың айтқандарын негізге алып, соларды ғана исламдық танымның негізі етті. Бұлардың тысында қалған жеке көзқарас пен ақылмен тапқан дәлелдерді қолдануға қарсы болды. Исламның екінші ғасыры ортасында қалыптасқан бұл таным жүйесі Ахл ал-Хадис, Ахл ас-сунна немесе асхаб ал-хадис деп аталды.

Харижилік, муржиʻиа, шиʻа, муʻтазила сияқты рухани ұстанымдарының бірлігі негізінде ұйымдасқан топтар мен саяси мүдде тұрғысынан топтасқан топтарға қарсы соққы беретін ұйымдасқан күш ретінде ортаға шыққан Ахл-и Хадис өкілдері мұсылмандарды бөлшектеуден сақтау үшін қоғамдық өмірдің идеалы ретінде Пайғамбар заманын алды және қоғамды соған ұқсас формада бірлік пен тұтастық негізінде қалыптастыруды мақсат етті. Бұл себептен оларда Кітапқа сай, шешімін Пайғамбар хадистері мен сахабалар мен табииндердің сөздерін бір жерге жинап, тақырыптарға қарай топтастырып, негізгі көзқарасты хадистерге негіздеп, сол рухани негізге ұластыруды мақсат етті. Кітап пен хадиске негізделмеген көзқарасты (қиасты) қабыл етпеген және ондай көзқарасты қолдайтындарды сынайтын топ ортаға шықты.

Ахл-хадис Исламның иман, ғибадат, ахлақ және басқа ғибадаттарды бір-бірінен айырудың мүмкін еместігін алға тартты. Сол себептен, олардың жазған «Китаб ал-асар» атты еңбектерінде иман, ақида, ахлақ, ғибадат сияқты құлшылық түрлері бір-бірінен ажырамас, бүтін ретінде қарастырылды. Ахл-и хадистің көзқарастары таухид, иман мен үлкен күнә, адамның әректі мен тағдыр, имамат пен саясат, бидғат және басқа тақырыптарда топтастырылды. Оларға көзқарастарында Алла бір және одан басқа Тәңір жоқ. Әзіреті Мұхаммед Оның Елшісі, нәбиі әрі құлы. Алланың бұдан басқа да есімдері бар. Иман ниет және амалдан тұрады. Тағы бір негізгі анықтамада иман – тілмен айтып, мойынұсыну, жүрекпен бекіту, дене мүшелерімен амал ету және үркіндерді соңына жеткізу.  Иман Исламнан басқа нәрсе. Амалдар иманның бөлігі. Бұлардың жиынтығы 70 бөліктен(қалдық) асады. Иман артар және азайар. Иманды «Алла қаласа, мен мүминмын және үміт етермін. Мен мүмимін» деген формада ереже бойынша айтуы керек. Жер жүзінде жасалған жақсылық пен зұлымдықтың барлығы Алладан. Әрбір нәрсе Оның қалауымен болар. Әр жаратылғанның бір ажалы бар. Пайғамбар серіктерінің ең абзалдары кезегімен Әзіреті Абу Бәкір, Әзіреті Омар, Әзіреті Оспан, Әзіреті Али болатын. Әзіреті Пайғамбардан соңғы адамдардың ішіндегі ең жоғарылары де осы төртеуі болатын. Кітап пен сүннете не әмір етілсе, соған мойынұсынып, неге тыйым салса, олардан қашатын. Дін басшылары болған салафтарға мойынұсынатын еді.

Ахл-и сүннеттің құрылымдық жүйесін қалыптастырған калам ғылымының негізгі шарттары қалыптасқанша ахл-и сүннет  тарапынан иманның бекітілуі мен еркімен іске асырылуы, күпір мен  иманының бір-біріне қарсы болуы, үлкен күнәның күпірге шығарылмайтыны, үлкен күнә істеген жанның діннен шығарылмауы, жақсылық пен зұлымдықтың Алладан болуы сияқты көзқарастар қабылданды. Ерте кезден бастап бұған берік болмаса да «ахл-и қыбла кәпірге шығарылмайды» деген  тұжырым қабылданып, бекітілді. Адам баласының шексіз еркіндігі туралы біршама пікір, негіз ретінде терістелді. Бұл ұстанымдар негізінен харижилердің күпірге шығару және муʻтазиланың «үлкен күнә істеген не кәпір, не мұсылман емес» деген тұжырымына қарсы жасалған еді және ол ахл-и сүннеттің айырылмас бөлшегі ретінде қабылданды.  Хижраның екінші және үшінші  ғасырларында Алланың сипаттарының және оның затының бірдей немесе олай еместігі туралы және Құранның қолдан жазылмағандығы туралы негіздер ахл-и сүннеттің ажырамас бөлшегіне айналды. [1,29-35].

Ахл ас-сунна уа-л жамағаның екі бағыты осылай қалыптасты. Абу Ханифа негізін салған Ханафи мазхабы мен Ахл ал-Хадис мазхабтарының қалыптасу тарихына арналған қысқаша талдаудың өзі екі бағыты арасында өте үлкен айырмашылықтар бар екендігіне көз жеткізуге мүмкіндік берді. Абу Ханифа бастаған Ахл ар-Рай тобының Құран мен Сүннетке ғана сүйенбей, бұл екі қайнарда шешімі табылмаған мәселелерді шешуде ақылды да пайдаланды. Және ақылмен табылған шешімдерді еркін қолданатын еді. Ең бастысы-Али ұрпақтарында рух әлемімен сабақтастық барлығын мойындау болатын. Сонымен қатар, Абу Ханифа бастаған топ, иман-сенім мәселелерін негіздеуде ақылды қолдану арқылы калам ғылымын да дамытты. Жалпы Исламдағы барлық ғылым мен мәдениеттегі жетістік осы Ахл ар-Рай бағытының белсенділігі арқасында дамыды десек, артық айтқандық емес. Қай кезеңде Исламдағы өрлеу, өркендеу осы ханафи мазхабының Ислам әлемінде жетекші орынға шыққа кезеңімен сай келеді. Сопылық жолдың қалыптасып, тариқат деңгейіне көтерілуі де ханафи мазхабының негізгі ұстанымдарына сай қалыптасты.

Ал Хиджаздағы ахл-и сүннет өкілдері Абу Ханифа мен оның серіктерін Құран мен хадис шеңберінен шығып, күрделі мәселелерді шешуде ақылды қолданғаны «бидғат» (жаңалық қосу) және адасқандығы үшін айыптайтын. Мысалы, Малики мазхабының негізін салған Имам Малик: «Кім дінді калам жолымен үйренетін болса, ойына келгенін айтар» деген пікірде болды. Ал, шафиʻи мазхабының негізін салушы Имам Шафи болса, «Ислам діні туралы калам кітаптарынан пайдалануға болмайды. Себебі, калам ілім ретінде қабылданған емес» деген пікірде болды. Ханбали мазхабының негізін қалаған Ахмет Ханбал болса, «Каламмен шұғылданғандардың жүрек пен саналарының азғындағандығы назар аудартады,-деді. [2, 33-38] Олар қалайда Исламдағы араб халқының рухани-мәдени ықпалын сақтап қалғысы келді. Алайда, олардың бұл әрекеті ислам дінінің ішкі қуатын шектейтіндерін ойламады. Олар ойлау, ойлану Исламға кері ықпалын тигізеді деген түсінікте болды. Ал, ислам дінін қабылдаған араб емес халықтарға Ислам мен Құранның ішкі мазмұнын білу қажеттігі барлығын, сол арқылы Исламның ұлылығына бас иерін түсінбеді.

Абу Ханифа болса ислам дінінің тек, араб қоғамы үшін емес, ислам дінін қабылдаған бар халықтарға, жалпы адамзатқа арналғандығына мән берді. Жалпы Ислам қоғамы ішінде туындағын мәселелерді ақылды қолданбай шешу мүмкін емес болатын. Алайда, оның бұл ұстанымын Хиджаздағы Ахл-и хадис, ахл-и сүннет өкілдері қабылдаған жоқ. Олар барынша Абу Ханифа жолын айыптаумен кетті. Бірақ, ислам дініндегі барлық ғылым мен білімдегі жетістік осы Ахл ар-Рай бағытындағы ғалымдары тарапынан жасалды. Ахл ар-Рай өкілдері Ислам әлемінде жетекші орынға шыққан кезеңде Ислам әлемі өрлеу, даму үстінде болды. Қазіргі Батыс елдері қолданып отырған ғылым мен технологияның негізінде осы Ахл ар-Рай бағыты ғалымдарының ашқан жаңалықтары жатқанын Батыс зерттеушілерінің өздері де мойындайды.

Ал, Ахл-и Хадис өкілдері болса, Әзіреті Пайғамбардың бір хадисіндегі «Ең қайырлы, жақсы нәсіл болатындар мұсылмандар ішіндегі «алғашқы салих нәсілдерім» деген болаты Олар осыны негізге ала отырып, сахабалар мен табийндер кезіндегі Ислам қоғамын қалыптастыруды мақсат етті және ол жолды «салафийа» жолы деп атады. Олар халафтардың жолын Құран мен сүннетттен алыстататын жол деп түсінді. Олар сонымен қатар, сопылық, тақуалық жолдарды да бидғат және адасушылық ретінде бағалады. [6, 84-85] Ахл-и Хадис тобына шафийа, маликийа, ханбалийа мазхабтары кіретін еді.

Ахл ар-Рай мен Ахл ал-Хадис арасындағы бұл айырмашылықтар ислам дініндегі халықтардың болашақтағы даму көкжиектерін айқындаған негізгі бағыттар болып қалыптасты. VIII ортасына қарай Ахл ар-Рай тобының жақтастарының Ислам әлемінің шығыс бөлігінде ықпалы күшті болды. Осы Ахл ар-Рай ықпалымен Куфада ал-Мұхтар ибн Қайсанның басшылығымен қалыптасқан қайсанилер тобы өздерін Мұхаммед Ибн ал-Ханафийа имаматын жақтаушылармыз деп атады. VIII ғасырдың ортасында Абу Муслим бастаған қайсанийа-мубаййдийа қозғалысы омейядтарды тақтан кетіріп, олардың орнына Аббасилер әулетін отырғызғаны тарихтан белгілі. [7, 112] Қайсанилердің бір бөлігі өздеріне имам ретінде Аббасилерді таныды. Мұхаммед ибн ал-Ханафийаның ұлы Абу Хашим 716 жылы қайтыс болған соң Пайғамбардан қалған ерекше ілім белгісі «сары орамал» Пайғамбардың ағасы Аббас әулетіне, Мұхаммед ибн Алиге өтті деп айтыла бастады. [8, 30]  Қайсанийлерді шиʻалардың ең жауынгер тобы деп тарихи деректер жазғанымен [9, 31], олардың бағыты шиалардан бөлек болғандығын олар өздерінің имамы ретінде Мұхаммед ибн ал-Ханафийаны танығанына қарап-ақ білуге болады.  Аббасилердің ұстанған саясаты олардың шиʻаға жатпайтындығын дәлелдейді. Аббасилер өздерінің саяси ұстанымы бойынша да, діни-идеологиялық бағыты бойынша да шиʻалық бағытты қолдамағанын, бірақ, ақылшылыққа басымдық бергенін, мұʻтазила сияқты ағымдарға қолдау көрсеткенінен көруімізге болады. Аббасилер, сонымен бірге, Халифаттың шығысындағы қайсанийа-мубаййдийа өкілдеріне қарсы шығып, олардың басшысы Абу Муслимнен бастап өлтірді. Оған наразы болған халықтың көтеріліске шығып, жеңіліп, түркілер арасына кеткенін тарихи деректер айғақтайды. [10]. Исхақ баб бастаған көтерілісшілердің Түркістан жеріне келуі сол 766/767 жыл болатын[11, 88]. Бұл Түркістан жеріне алғаш келген ислам дінін таратушылар Ахл ар-Рай өкілдері болғандығын көрсетеді. «Насаб-нама» деректеріне қарағанда Түркістан жеріне алғаш рух әлемімен сабақтастықты әкелген осы Исхақ баб екендігі жазылады. Ол қолжазбада «суфра, суфрадарлік, суфра тұтмақ» және «илм ал-хикма» деген терминдермен беріледі. Сонымен бірге,  Исхақ бабтың Хзыр, Иляспен сұхбатта болғандығы жазылады. Ол туралы «Насаб-намада» былай делінген: «Одан Исхақ баб Шашқа барды. Шаштан Ка‘баға барды. Ка‘бадан Сариамға келіп, Жуба мешітін салды. 3500 алтын қаржы қылды. Исхақ бабтың 120 жыл өмірі болды. 90 жыл Хзыр ‘алейһи-с-саламмен сұхбаты болды.» [12, 76-83]. Немесе «Ол жерде Исхақ баб 85 жыл падшалық қылды. Хзыр мен Ілияс пайғамбарлармен сұхбатта болу үшін 80 жыл суфрадарлық қылды. Бір күнде 100 қой, 10 соғым (жылқы) соятын еді».[13, 116-118].  Бұл жерде рух әлемімен сабақтастық Хзыр, Иляс арқылы болғандығын көрсетіп тұр. Бұл жерде Исхақ бабтың рух әлемімен сабақтастығы Хзыр, Ілияс пайғамбарлар арқылы болғандығы, ол үшін «суфрадарлық» жасағандығы айтылады. Демек, Түркістан жеріндегі рух әлемімен сабақтастықты Түркістан жеріне әкелуші Исхақ баб екендігін дәлелдейді. Бұл өз кезегінде Тәңір дінідегі рух әлемімен байланысқа қатысты түркілік дүниетаныммен сәйкес болды деп айтуға болады. Осы рух әлемімен сабақтастық Исхақ бабтан Қожа Ахмет Йасауиге дейін жалғасып келді. Йасауи бабамыз ол рух әлемімен сабақтастықты қайтадан күшейтіп, Мұхаммед пайғамбар заманындағы деңгейге қайта көтерді. Ханафи мазхабының негізгі ұстанымдары мен Имам Матуриди ақидасын негізге алған Қожа Ахмет Йасауи ханафи мазхабының басқа формада түлеуіне ықпалын тигізді. Оның Йасайуийа тариқатын қалыптастыруы Абу Ханифаның дін мен шариғатты бөліп қарастыру ұстанымдарын негізге алып, Исламнан рухқа қатысты бес парызды алып, шариғат жолын толығымен түркінің көнеден келе жатқан әдет-ғұрып, салт-дәстүріне берді. Сонымен бірге, сопылық таным негізінде қалыптасқан дәстүрлер де бар еді. Бұл түркі халықтарының дәстүрі мен мәдениетінің қайтадан қалпына келуіне мүмкіндік берді. Йасауидің жолының    ықпалы тек түркі халықтарына емес, бүкіл Ислам әлемі халықтарына тиіді. Әр халық Йасауи үлгісімен тариқаттар қалыптастырып, өздерінің дәстүрлі мәдениетін қайтадан қалпына келтіруге мүмкіндік алды. Қазіргі күнге дейін жетіп келген қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі осы Йасауи жолы негізінде қалыптасқан болатын. Өкінішке орай, бұл жол қазіргі күні қазақ халқының рухани-мәдени болмысынан алшақтатылып жатыр. Оның себебі, қазіргі біздегі ҚМДБ-ның, мешіттердің ұстанған бағыты – Ахл ал-Хадис жолы. ҚМДБ-ға қарасты Қазақстан-Мысыр университеті мен медреселері осы Ахл ал-Хадис бағыты бойынша мамандар дайындауда. Бұл ҚМДБ-ның стартегиялық бағыты – Ахл ал-Хадис жолы екендігін дәлелдейді. Сонда ҚМДБ-ның мақсаты қазақ халқын дәстүрлі дүниетанымы мен рухани-мәдени болмысынан айыру ма? Мақсаты не? Ғасырлар бойы қазақ даласында бар мәселе тариқат жолымен шешіліп, шариғат жолы мүлде қолданыста болмағандағын неге түсінгісі келмейді? Дін халықтың рухани-мәдени болмысын қалыптастыратын, тәрбиелейтін қуатты құрал болатын. Қазір діннің рухани тәрбие құралы ретіндегі қызметі ысырылып тасталды.  ҚМДБ оның орнына арабтың VIII ғасырда қалыптастырылған шариғи (заңдық) нормаларын қазақ санасына сіңіруде. Неліктен? Әлде, кешегі еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін араб елдеріне барып, оқып келген дін мамандарының жетегінде кетіп бара жатырмыз ба? Шындығына келгенде солай сияқты. Бар қазақтың тағдыры шетелде жат діни бағытты оқып келген дін мамандары үшін құрбандыққа шалынады ма? Бұл қазіргі қазақ қоғамының діни таным негізінде бірнеше топқа жіктелуіне ықпал етті. Мешіттерге баратын намазхандар санасында қазақтың дәстүрлі діни таным негіздеріне қарсы көзқарас қалыптасуда және бұлар уаххабилік-салафилік бағыттарды қабылдағандар санатына жатпайды. Бірақ діни таным негіздері бойынша көзқарастары бөлек, қазақтың дәстүрлі діни танымы негіздеріне қайшы. Егерде мешіттер осы бағыттарынан айнымай өз уағыздарын жалғастыратын болса, онда ертеңгі күні қазақ халқының этникалық жіктелуге түсуі немесе толығымен халық ретінде тарихтан кетуі ықтимал.

 

 Пайдаланылған әбебиеттер:

  1. Sönmez Kutlu. Ehl-i sunnet ve’l-Cemaat’in Ankamı, Oluşum Süreci, Siyasi, Toplumsal ve Fikrı Çerçevesi//Ehl-i Sünnet ve’l-Cemaat. –Köln: IGMG, 2014. 12 s.
  2. Hülya Alper. Imam Matürıdı*de Akıl-Vahı İlişkisi. 3 Baskı, Istanbul, 2013. 21 s.
  3. Ал-Хасан ибн Муса ан-Наубахти. Шиитские секты / Перевод с арабского, исследование и комментарий С.М.Прозорова. М., 1973.
  4. Abdüluahap Öztürk. İmam-ı Abu hanife’nın hayatı// İmam-ı Azam Abu Hanife Eserleri. İstanbul: Millat, 8-11 ss.
  5. Абу Ханифа. Ал-фихқ ал-Акбар. Қолжазба кітап/ Аударған С. Моллақанағатұлы. –Түркістан: «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы, 2012. 17 б.
  6. Mehmet Ali Büyükkara. Sunnet Ehli, Rey Ehli, Hadis Ehli, Selefilik, Vehhebılik Kavramları Üzerine Bazı Açıklamalar // Ehl-i sunnet ve’l-Cemaat: Tarihi Seyri, Kapsamı ve Algılanışı. IGMG. Köln, 2014. Ss. 84-85.
  7. Кадырова Т.Т. Из истории крестьянских восстании Мавераннахра и Хоросане в VIII – начале IХ в. –Ташкент: 1965.
  8. Прозоров С.М. Введение // Ан-Наубахти. Шиитские сеты / Перевод с арабского, иссл, комментарийи С.М.Прозорва. М., 1973. 30с.
  9. Али ибн Мұхаммад ал-Фахри. Китаб талхис ал-байан фи зикр фирак ал-адиан. –Москва: Изд. «Наука», 1988.
  10. «Насаб-нама» қолжазбалары.
  11. Исламизация и сакральные родословные в Центральной Азии. Алматы-Берн-Блумингтон. «Дайк-Пресс», 2008.
  12. Аққорғандық қожалар шежіресі, А.Юлдашев қолжазбасы.
  13. Аққорғандық қожалар шежіресі, П.Маменов қолжазбасы.

 

 Зікірия Жандарбек

Abai.kz

 

29 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5341