Сенбі, 23 Қараша 2024
Алаң 6154 13 пікір 15 Қазан, 2018 сағат 13:33

Шенділер халықтың алғысын емес, қарғысын алып отыр

Елімізде құзіретті органдардың қызметі көпшіліктің көңілін көншітпей келеді. Әсіресе құқық қорғау органдарының жұмысы мүлде сын көтермейді. Халықтың қауіпсіздігін қорғап, елдің тыныштығын сақтауға міндетті полиция қызметкерлері елдің алғысын емес, қарғысын көп алатын секілді.

Егер біз погондыларға парықсыз тисіп отыр десеңіз ел Президентінің 5 қазандағы жолдауында «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын» қабылдауды тапсырғанын есіңізге алыңыз. Жолдаудың үшінші бөлімінде: «Құқық қорғау органдарының  жұмысына терең және сапалы өзгерістер қажет» деп анық айтылды. Елбасы халықтың санасында полицейлер жазалауыш емес, керісінше қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінік қалыптасуы керек екенін бірінші рет айтып отырған жоқ. Алайда, тақсырлардың табанын жалап, пақырлардың басына әңгіртаяқ ойнататын опасыз сақшылар азаймай тұр.

Жылдан-жылға, күннен-күнге елімізде жақсылық көбейіп, жамандық атаулы жоғалып барады деп қанша ұрандатсақ та қылмыс мүлде азаймай тұр. Әрине, қылмыс азаю үшін сол қылмыстың алдын алатын құқық қорғаушылар мықты болу керек. Ал біздің елде ең көп сынға ұшырайтын дәл осы ішкі істер органдарының қызметкерелрі. Бұларды Елбасы да сынайды, Үкімет басшысы да сынайды, халық та оң бағасын беріп жүрген жоқ. Алайда, сыннан сабақ алған сақшыны біз әлі көрген жоқпыз.

Қыркүйектің соңында Үкімет үйінде өткен мәжілісте сөз алған Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов қызметкерлерінің біліксіз екенін өзі айтты. «Сержанттардың бәрі білімсіз» деген министр енді олардың жұмысын жоғары білмді офицерлерге тапсырмақшы екенін мәлімдеді. Бірақ бұдан не өзгеретіні туралы тұщымды жауапты Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтің өзі ести алмады. Дәл осы жиналыста бас полициейдің сөзін жалғаған өңірлік Ішкі істер департаментерінің басшылары да бірді айтып, бірге кетті. Статистика бойынша, алғашқы жарты жылда Ақтөбе облысында ауыр қылмыстар 48%, адам өлтіру 91%, тонау 25%-ға артса да жергілікті департамент басшысы қылмыстың өсімін әдеттегі табиғи құбылысқа балап айды аспанға бірақ шығарды. Әріптесінен қалысқысы келмеген Атырау облыстық Ішкі істер департаменінің басшысы қылмыстың өсуінің себебі халық санының артуында деп тыңдаушыларды бір таңғалдырып алды.

Бұдан сәл бұрын журналистердің сұрағына жауап берген Ішкі істер министірі:

— Өкінішке қарай, соңғы уақытта ІІД, сондай-ақ полиция қатаң сынға қалып отыр. Көп жағдайда сын орынды айтылады. Расында, полиция қызметінде шешілмеген мәселелер көп. Министрлік БАҚ-тағы сыни материалдарға мониторинг жасап отырады. Әрбір ақпарат бойынша тәртіп пен заңның өрескел бұзылғаны анықталған жағдайда жұмыстан шығаруға дейінгі қатаң шаралар қолданылады. Ағымдағы жылы жағымсыз себептермен ІІО-дан 600 қызметкер жұмыстан шығарылды, - деген еді.

Биылдың өзінде 600 қызметкер жұмыстан шығарылды деп отыр министр. Әрине мақтанатын көрсеткіш емес бұл. Жұмысына жауапкершілігі күшті, білікті маман болса қызметтен қуылмайтыны сөзсіз. Полиция санының көптігі жағынан әлемдегі алдыңғы ондыққа кіретін елімізде құқық қорғаушыларды қызметтен қуып тауыса алмайтын шығармыз. Сондықтан, түйткілдің түйінін шешудің жалғыз жолы Елбасы айтқандай «құқық қорғау органдарының  жұмысына терең және сапалы өзгерістер енгізу».

Жыл басынан бері 600 қызметкердің жұмыстан шығуына ел азаматтарының өз құқығын қорғау үшін камераның көмегіне жүгінуі де себеп болып отыр. Әсіресе, жол патрульдік полициясының бассыздығын бетіне басқан бейнежазбалар әлеуметтік желілерде қаптап жүр. Қазіргі кезде көлік жүргізушілері әртүрлі жол оқиғаларына қатысты бейнежазбаларды YouTube желісіне көптеп жүктейтін болған. Жүргізуші мен полиция қызметкері арасындағы кикілжіңдер түсірілген осы бейнежазбаларда инспекторлар қарапайым ережелердің өзін білмей күмілжіп тұрады. Одан да маңыздысы, кейбір видеоларда көлік жүргізушілері камерасының көмегімен түрме мен ақша бопсалау әрекеттерінен құтылғанын көруге болады.

Заңнан сауатты, өз құқығын қорғай алатын жүргізушілер полиция қызметкерінің орынсыз талабын тойтарып жатады. Ал камераның көмегімен инспекторлардың біліксіздігін, жауапкерсіздігін жалпыға жария етеді. Дәл осы жол сақшыларын ведеоға түсіру Заңмен қудалана ма деген сұраққа Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов 2017 жылы: «Жол полициясы туралы» заңға енгізілген толықтыруға сәйкес сізді тоқтатып, xаттама толтырған жол полицейін видеоға түсіруге болады, бұл заңды, - деп жауап берген болатын.

Минстрдің рұқсатына ие болған жүргізушілер қолына камера алып жол полициясы қызметкерлерінің масқарасын шығарды. Жалпы бұл бұрыннан бері бар жағдай дегенімізбен, әлеуметтік желінің «жұлдызына» айналған сақшылар соңғы екі жылда өте көбейіп кетті. Бұның басты себебі, жол ережесін жақсы білетін жүргізушілер көбейді. Ал жол полициялары әлі білімсіз. Бұны министрдің өзі мойындағанын жоғарыда жаздық. Елбасының өзі полицейлердің халықты жазалауыш емес, қиын жағдайда көмек көрсетуші екенін қайталап айтып отырса да жол-көлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс қызметкерлер қарақшының рөлінде жүр. Бұрынғыдай бәрін баса билегісі келетін полиция қызметкері Заң тармақтарын өзінен әлдеқайда жеттік білетін жүргізушіге кезіккенде үнемі ұятқа қалып жатады.

Енді дәл осындай біліксіз, жалпы полиция қызметкерлерінің бет-беделіне нұқсан келтіріп жүрген сақшылардың әрекетіне назар аударайық.

«Мемлекеттік тіл екі тіл»

2018 жылы 4 қазанда жарияланған мына бейнежазбада полиция қызметкері «елімізде мемлекеттік тіл екі тіл – орысша және қазақша» деп тұр. Конституцияны елдің бәрінен жақсы білуі тиіс құқық қорғау органының қызметкері осылай дейді. Сонда білдей полиция капитанына Қазақстан Республикасында екі бірдей мемлекеттік тіл бар деп кім үйретіп жүр?! Орыс тіліне мемлекеттік тіл статусын ойланбастан беріп жіберген жомарт капитан жүргізушіге өз уәжін дәлелдей алмай бұлқан-талқан болып кетіп қалды. Жай кетпей "сені Құдай жазаласын" деп жүргізушіні қарғап, маған көрсетпеген құжаттарыңды "бір жеріңе қыстырып қой" деп көшенің тіліме тілдеп кетті.

[embed]

[/embed]

YouTube желісінде жарияланған бейнежазбаларды көрсеңіз полиция қызметкерлері үшін өзіңіз ұяласыз. Білімсіздіктің де, жауапкерсіздіктің де шегі болу керек ғой. Ал біздің сақшылар Заңды белінен басып, ойына келгенін істеп жүр. Бірде көлікті себепсіз тоқтатып алып, "түнде не істеп жүрсіз, құжатыңызды көрсетіңіз" дейді. Енді бірде жүргізушіден талап етілетін құжаттар тізімін айтып бере алмайды. Тоқтатқан жүргізушісі оңай олжаға айнала қоймайтынын байқаса, тоқтату себебін дәлелдей алмаса қаша жөнелетін сақшылар да жетерлік. Ал кейде жүргізушінің алдында дәрменсіз күйге түскен полицияға қызметкерлерінің әрекеті еріксіз күлкіңізді келтіреді.

[embed]

[/embed]

;t=173s

Әлеуметтік желіде мыңдап саналатын мұндай видеоларды түгел тізіп шығу мүмкін емес. Бірақ, қай-қайсысын алып қарасаңыз да сақшылардың сауатсыздығына көз жеткізіп, көңіліңіз ауырады. Руслан Жанпейісов деген азамат жүктеген бейнежазбалар өте көп. Соның бәрінде полицейлердің Заңнан мүлде хабарсыз екенін көріп жағаңызды ұстайсыз. Тіпті, олардың құқық қорғау саласына қалай қызметке тұрғанына таңғаласыз.

Ал мына бір бейнежазба жол патрульдік полиция қызметкерлерінің жүргізушілермен жең ұшынан жалғасатынын көрсетіп тұр. Тосын жасалған рейд барысында көлік жүргізушілер өздеріне таныс сақшыларға күндегідей еркелеп бағады. Алайда, төбесінен телекамера төніп тұрған полицей амалсыз танысының көңілін қалдырады. Бір жүргізуші тіпті полиция қызметкеріне «менде жүргізуші куәлігі жоқ екенін білесің ғой» деп ашық айтып тұр. Тағы бір полицей өзін танитын жүргізушінің әлденені айтып қоюынан алаңдап, оны жеңінен тартып артық әңгіме айтпаңыз деп қипақтап тұр.

[embed]

[/embed]

Елдің тыныштығын қорғайтын  сақшылар. Елдегі барша полиция қызметкерін кінәлаудан аулақпыз. Адал қызмет атқарып, халықтың амандығы үшін тер төгіп жүрген сақшылардың бар екені сөзсіз. Алайда, Қазақстанда құқық қорғау органының қызметкерлері елдің сүйіктісі емес екені шын. Елімізде көп адам полиция қызметкерлеріне сенбейді. Бұндай түсінікті қалыптастыратын жоғарыда біз сөз еткен жұмысына жауапкершілігі жоқ полиция қызметкерлері. Дәл осы біліксіз полицейлердің кесірінен бүкіл погондылардың бет-беделіне шіркеу келіп отыр.

Сөз соңында айтпағымыз, біздің мақсат полиция қызметкерлерін ел алдында масқаралау емес. Бірақ судың да сұрауы бар. Құқық қорғаушылардың құқық бұзушылығын су бетіне шығарған белсенділердің еңбегі елене ме? Еңбегі еленгені  жүргізушіні жөнсіз тоқтатып, Заң бұзған полиция қызметкерлерінің тиісті жазасын алуы. Әйтпесе біз  өз құқығын Заңмен қорғаған жүргізушілерге Үкіметтен сыйақы сұрап отырған жоқпыз. Құқық қорғау органының қызметкерлері халықтың қанын ішіп қинамай, қамын жесе екен дейміз.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5533