Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Анық-қанығы 5774 87 пікір 26 Қазан, 2018 сағат 11:50

Олардың арманы - Совет одағына қайта оралу

Советтік шовнизм идеологиясы «комсомолдық дәуренін» сағына-сарғайған бірқатар шал-шауқан, кемпір-кешектердің ықпалымен Қазақ Елінде қайта жаңғыратын түрі бар. Оған Алматыда, Семейде және Атырауда өткен түрлі жиындар мен іс-шаралар дәлел. Онысы, әлі де жалғаса беретін cекілді.

Тәуелсіздіктің 27 жылында жоғары лауазымдарынан түспесе де, үлде мен бүлдеге оранып, шалқып өмір сүріп, зейнеткерлік жастан әлде қашан асып кетсе де жұмсақ орынтақтары мен жоғары жалақыларын қимай әлі де ілініп-салынып келе жатқан қариялар «жағалауда тұр». Сонда да, комсомолын сағына еске алып қана қоймай, реті келсе жас буынның санасына өз идеологияларын сіңіріп, бодандықтық бұғауына қайтадан байлап беріп  кетуге жанталаса кірісіп жатқандай көріністер көз алдымызда өтіп жатыр. Бұл оқиғаларды осылай түсінбестен өзге амал жоқ. Өйткені, тым науқаншылдықпен қатты етек жайып барады. Оларға әй дейтін әже, қой дейтін қожа да көрінбейді. Тіпті, комсомолдың қан қызыл белгісінің шетіне «Рухани жаңғырудың» рәмізін салып қойып ұрандатып жатса да, ешкім тәйт демеді. Сонда, біздің жаңғырамыз деп жүргеніміз Совет одағына қайта оралу ғана болғаны ма?

Біраз адамдармен пікірлестім. Жастар ғана тегеуірінді қарсыласқаны болмаса, аға буын арасында оны ерсі көретіндері некен саяқ. «Совет кезінде жақсы еді ғой. Талай іс тындырдық, елді дамыттық» деп күрсінетіндер де кездесті.

Жарайды, тындырған екен. Совет қоғамы қалай дамыды? Қысқасы, ұрлық пен тонау арқылы ғана итшілеп 70 жылдан астам ғұмыр кешті. Әу баста, байлардың мал-мүлкін, алтын-жамбысын тартып алып, қазақ даласын қан қақсатты. Қолдан аштық ұйымдастырып аяусыз қырды. Отырықшы елдердегі халықтардың жерін, өндірістерін, кәсіптерін большевиктерге тартып алып берді. Айналасын абақтыға толтырды, жер аударып итжеккенге айдады. Сөйтіп ұрлық пен тонаумен советтік экономиканың негізін қалады.

Дүниежүзілік екінші соғыс аяқталған соң Германияның күллі техникасы мен өндірістерін түгін қалдырмай тонап, пойызға тиеген комсомолдар оны совет жеріне орнатты. Тағы да ұрлау, тонау. Ол техникасы мен технологиясы да әбден тозды, ескірді, артта қалды. Соған қарамастан құр босқа ұрандатып жүріп қалай тоқырауға ұшырағанын Горбачев айтқанда ғана сезді. Бірақ, толық ұққан да жоқ. Ақыры, «қырғи-қабақ соғыс» кезінде жанталаса қаруланған әскери техникаларын от алдырып та, калашниковтарын оқтап та  үлгермей өздері бір-ақ жалп етіп құлап, қирап қалды.

Совет комсомолдарының артында «біз табиғат байлығын күтіп отырмаймыз, оны тартып аламыз» деп ұрандатуларының салдарынан суы тартылып, кеуіп қалған Арал теңізі, бейберекет жыртылып эрозия ұшыраған қазақтың құмды даласы, оталған сексеуіл, қырылып қалған аң құс, киік, алтынын алған соң  үңірейіп қазылып қалған шахтаның орындары, ядролық қару сынағының ажал апаны, орыс әскерінің полигондары, қойшы, қайсыбірін айтасың, жұтаған жұрт қалды.

Комсомолдардың қызыл ұранымен қазақтың талай дарынды, білімдар жастары ауылшаруашылығына лек-легімен ағылып, жаппай мал бақты. Оларды қалаға «прописка» деген желеумен енгізбеді. Қалаға келсе, өркениетке бет бұрып, өзге ұлттармен теңесіп кетеді деп шовнистер өлердей  сақтанып, Алматыны, өзге де облыс орталықтарын қызғыштай қорыды.

Қала демекші, сол комсомолдар «біз қазақтарға қала салып бердік» деп көпірмей-ақ қойсын. Олардың салған хрущевкалары, өзге де панелдік тамдары қазір онсыз да қирап жатыр. Оның орнына тәуелсіз елдің жастары қандай үй кешендерін тұрғызып жатқанын күнде көріп жүрміз.

Ал, сонда кәрі комсомолшылардың әлдеқашан қирап қалған советтің жұтаған жұртын көксегендері  қай сасқандары?!

Қуандық Шамахайұлы

Abai.kz

 

 

87 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052