Тілдерді дамыту басқармалары ай қарап отыр ма?
“Куйылмалы Сусындар Дукені” Тимирязов пен Розыбакиев көшелерінің қиылысындағы сусындар дүкенінің сауатсыз жазбасы әлеуметтік желіде біраз талқыланды. Мұны журналист Жазира Бегалы байқап қалып, әлеуметтік желіге жариялаған.
Жалпы, көшедегі сауатсыз жарнамалар мен жазбалардың көптігінен оларға назар аудармайтын да болғанбыз. Мәселен, Алматыда “Saebiz” атты ресторан бар. Бұл ресторанның аты - біз талқыға салып, артынша мазаққа айналып кеткен латын әліпбиінің алғашқы нұсқасындағы бейәдеп сөзбен тікелей байланысты екенін елдің бәрі біледі. Алайда, ресторанның Алматыдағы директоры Эдгар Давтян мұны “тренд” деп ойлайды екен.
Бұдан бөлек “Мені қайнатуға керегі жоқ”, (Меня не нужно кипятить) немесе “Ұйықтасын дәммен мүмкін” (Спать можно со вкусом), “Салмаққа киім” (Одежда на вес) т.б тікелей аударылған жарнамалар да тілімізді ашықтан-ашық мазақтап отыр. Ал, Заңда “Жарнама мазмұнының аудармасы оның негiзгi мағынасын бұрмаламауға тиiс” деп жазылған. Ең болмаса, сауатсыздар осы бап бойынша тексеріліп, жазалануы керек еді. Бірақ, бұл бассыздықты ысқырығы жер жаратын тіл комитеттері мен тілдерді дамытуға тиіс басқармалар да тыя алмай отыр.
Қорыта айтқанда, сауатсыз жарнама не үшін ілінеді? Қазақ тіліне немқұрайлы қарағаннан ба, әлде сол жарнаманы ілгендердің шынымен сауаты жоқ па? Егер олай болса, барлығымыз қазақ тіліне деңгейі жетпейтін сол сауатсыздарға көмектесейік. Жүрген жеріміздегі қате жазуларды түзеуге, түзеп беруге тырысайық.
Нұрбике Бексұлтанқызы
Abai.kz